Ойынқұмарлық – отбасы тыныштығына қатер

Ойынға құмарлық, лудомания отбасылық құндылықты әлсіретіп, ажырасудың көбеюіне түрткі болып отырған кеселдің бірі. Қазақстанда ажырасу көрсеткіші кемімей келеді. Некенің бұзылуына түрткі болып отырған кеселдің үлкені де осы ойынқұмарлық.

Ресми статистикалық деректер растағандай еліміздегі ерлі-зайыптылардың 40 пайызы осы лудоманияның кесірінен екі жаққа кетуде. Бұл ішімдікке тəуелділіктен кейін ең жиі кездесетін себеп саналады. Араққа, нашаға тəуелділіктен емдеудің тəртібі мен механизмі əлдеқашан жасалған. Мұндай азаматтар сауықтыру орталықтарында қажетті ем алғаннан кейін қалыпты өмірге оралып, отбасын сақтап жатады. Ал құмар ойынға берілгендерге қателігін ұқтырып, қоғамнан өз орнын табуына көмектесу өте қиын. Бұл мəселені шешу мақсатында ел Үкіметі тарапынан да аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Айталық Үкімет құмар ойындарға тəуелділікпен күресу үшін букмекерлерге, ставка тігіп ойнайтын арнайы сайттарға жəне онлайн казиноларға жарнама беруге тыйым салуды қолға алды. Сонымен қатар құмар ойынмен ойнау жасы жоғарылап, 25 жасқа дейінгілердің теріс əдетке үйір болуына заңмен тоқтам салынды. Сондай-ақ, енді борышкер ретінде, алимент төлемеген азамат ретінде жəне банк несиелерінің мерзімі өткен тұлға ретінде бірыңғай тізілімде тұрғандардың құмар ойынмен ойнауына тыйым салынған. Мұндай пəрменді шаралардың қолға алынуы тегін емес. Себебі лудоманияның əсері де, салдары да ауқымды. Құмар ойынға тəуелділік азаматтардың жүйке жүйесін бұзады. Əлеуметтік жақтан залалы да айқын. Айталық тапқанын құмар ойынға салғандар толық деградацияға ұшырап, ауыр психологиялық соққыны бастан кешіреді. Санасында осындай тəуелділік орныққан жандардың материалдық байлығынан айырылып, қаржылық қиындыққа тап болары талассыз. Ал қаржысын отбасына емес, ойынға құртқан адамның жанұясында береке болмайтыны тағы белгілі. Осылайша күнделікті жанжал мен материалдық жетіспеушіліктің соңы шаңырақтың шайқалуына түрткі болып жатады. Өзінің бірте-бірте былыққа батып, отбасынан ажырап, жақындарынан алыстағанын сезген ойынқұмарлардың өмірден түңіліп, өзіне-өзі қол жұмсауға бейім тұратыны да қалыпты жағдай. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мəліметіне қарағанда Қазақстанда шамамен 440 000 адам құмар ойындарға тəуелділіктен зардап шегеді. Бұл, əрине, ресми статистика. Халықтың үш пайызының құмар ойындарға тəуелділіктен зардап шегетіні де жаныңды жаралайтын көрсеткіш. Сондықтан ойынға құмартуға бей-жай қарауға болмайды. Мəселен, көпшілік көп жиналатын орындарда ойыншық, əшекей, телефон аксессуарларын темір ілгішпен тартып алуға көмектесетін əйнек қораптардың тұратыны белгілі. Осы шыны қораптардың жанынан баладан бастап, үлкендерге дейін үйіріліп шықпайды. 200-500 теңгеге бір мүмкіндік берілетін бұл ойындарға қызығып қалтасындағы теңгесі таусылғанша өз бағын сынап тұратындар жеткілікті. Міне, ойынқұмарлықтың, тəуекелге бас тігудің алғашқы қадамдары осындай елеусіз дүниелерден басталады. «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» Бас директорының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Дəулет Байпейісовтің айтуынша, «Қазақстан бойынша ойынға тəуелді 12 науқас динамикалық бақылауда. Өткен жылы 11 науқас болса, 2022 жылы 10 науқас ем алған. Аймақтық психикалық денсаулық орталықтары жыл сайын 20-30 науқасқа медициналық, психологиялық көмек береді. Стационарлық емдеудің уақыты науқастың жағдайына қарай 22- ден 31 күнге дейінгі аралықты құрайды. Жалпы адамды қоғамға толықтай қайта бейімдеу үшін тоғыз ай қажет». Бұл аз уақыт емес. Дегенмен, соншама емдом алғаннан кейін де баяғы сүрлеуіне қайта түсетіндер баршылық. Жағдай ушықпасын десек, əрқайсысымыз жақындарымыздың немен айналысып, кімдермен араласып жүргеніне мəн беруіміз керек. Ойынға құмарлықты ерте бастан анықтаған жағдайда жақынымызды теріс əрекеттен сақтауымыз жеңіл болады.

Т.СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»

Сот приставының негізгі құқықтары мен міндеттері

Сот жүйесінің тиімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін...

Судья әдебі – кәсіби жауапкершіліктің маңызды бөлігі.

Судья – заң үстемдігін қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен...

Апостильдің халықаралық құқықтағы маңызы

Жаһандану дәуірінде азаматтардың шетелде білім алуы, жұмысқа орналасуы, некеге...

Кассациялық сатыдағы іс жүргізудің ерекшеліктері

Кассациялық саты – сот төрелігі жүйесіндегі заңдылықтың сақталуын қамтамасыз...

Конституция – әділетті қоғамның негізі

Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық жүйесінің өзегі және...