Тіл – ұлттың рухани өзегі, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи жады мен мәдениетінің айнасы. Ана тілі арқылы ұрпақтан ұрпаққа ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, дүниетаным мен елдік сана беріледі. Сондықтан туған тілдің мәртебесін көтеру – әр азаматтың ел алдындағы маңызды міндеттерінің бірі.
Қазақ халқы үшін ана тілі – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ұлттың тұтастығын сақтайтын, елдің бірлігін нығайтатын қасиетті құндылық. Тілді құрметтеу – туған елді, тарихты, мәдениетті құрметтеумен тең.
Қазақстан Республикасында қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оның қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуы мен дамуына мемлекет тарапынан ерекше мән берілуде. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мемлекеттік органдардың, оның ішінде сот жүйесінің де маңызды бағыттарының бірі.
Сот саласында мемлекеттік тілдің қолданылуының өзіндік ерекшелігі бар. Себебі сот төрелігі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған аса жауапты қызмет. Сот актілерінің мазмұны түсінікті, сауатты әрі заң талаптарына сай болуы – әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында мемлекеттік тілдің қолданылуына, іс жүргізу құжаттарының сауатты рәсімделуіне және азаматтардың құқықтарын тілдік тұрғыдан қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау барысында сотқа әртүрлі әлеуметтік топтарға жататын азаматтар жүгінеді. Олардың арасында мемлекеттік тілді еркін меңгерген, қазақ тілінде өз ойын жеткізетін азаматтар да бар. Мұндай жағдайда адамның өз ана тілінде сөйлеуіне, өтініштер мен түсініктемелер беруіне заңмен көзделген құқықтарының қамтамасыз етілуі аса маңызды.
Сот отырысы барысында процеске қатысушылардың өздері білетін тілде сөйлеуіне, түсініктеме беруіне, өтінішхаттар мен шағымдар келтіруіне мүмкіндік жасалуы – олардың құқықтарын қамтамасыз етудің бір көрінісі. Бұл ретте тіл мәселесі азаматтың сот төрелігіне деген сенімімен де тікелей байланысты.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы тек құжаттарды қазақ тілінде жүргізумен шектелмеуі тиіс. Ол күнделікті кәсіби қарым-қатынаста, сот отырыстарында, азаматтармен жұмыс барысында, құқықтық түсіндіру іс-шараларында және сот актілерін әзірлеуде тұрақты түрде көрініс табуы қажет.
Заң тілі – дәлдікті талап ететін ерекше тіл. Сондықтан сот саласында мемлекеттік тілді қолданатын маманның тілдік сауаттылығы мен кәсіби білімі қатар жүруі тиіс. Заң нормасын дұрыс түсініп қана қоймай, оны азаматқа қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізе білу – сот қызметкерінің кәсіби мәдениетінің көрсеткіші.
Тілдің дамуына үлес қосу үшін ең алдымен оны күнделікті өмірде қолдану қажет. Мемлекеттік тілде сөйлейтін адамның санын көбейту ғана емес, оның қолданылу сапасын арттыру да маңызды. Қазақ тілінде сауатты сөйлеу мен жазу – мемлекеттік тілге деген құрметтің нақты көрінісі.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында мемлекеттік органдарда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қызметкерлердің тілдік біліктілігін арттыруға жағдай жасалуда. Сот жүйесінде де мемлекеттік тілде іс жүргізу мәдениетін жетілдіру, құқықтық терминдерді дұрыс қолдану, ресми құжаттарды сауатты әзірлеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Тіл – бір күнде қалыптасатын немесе бір адамның ғана еңбегімен дамитын құндылық емес. Оның болашағы әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізге байланысты. Өз ана тілінде сөйлеу, мемлекеттік тілде құжат әзірлеу, баланы қазақ тілінде тәрбиелеу, қазақ тіліндегі кітап пен баспасөзді оқу – тілдің өміршеңдігін қамтамасыз ететін қарапайым, бірақ маңызды қадамдар.
Әсіресе мемлекеттік қызметшілер мен құқық саласының мамандарына жүктелер жауапкершілік жоғары. Себебі олар мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданысының нақты үлгісін көрсетеді. Сот қызметкерінің азаматпен қазақ тілінде сауатты әрі мәдениетті қарым-қатынас жасауының өзі мемлекеттік тілге деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді.
Туған тіл – халықтың рухани тұғыры. Тілге деген құрмет елге деген құрметтен басталады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – белгілі бір мекеменің ғана емес, барша қоғамның ортақ ісі.
Ұлттың болашағы – тілдің болашағымен тікелей байланысты. Сондықтан туған тіліміздің тұғырын биіктету, оның қадір-қасиетін ұлықтау және кейінгі ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ парыз.
Тілі тұғырлы елдің – тұғыры да биік.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Г.Искакова


