12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

МЕДИЦИНА САУАТТЫ МАМАНДАРҒА ЗӘРУ

Дәл қазіргі таңда елімізде төрт мыңнан астам дәрігер жетіспейді екен. Еуропа елдерінде де осы мәселе алға шығыпты. Дәрігер мамандығының әлемде қат мамандық екенін коронавирус індеті қатты байқатты. Бұл осы салаға мамандандыратын жоғары оқу орындарының алдына жаңа мақсат қойғандай. Ендеше, біздің мемлекет бұл проблемаға қаншалықты көңіл бөліп, жаңа кадрлар даярлау ісінде қандай қарекеттерге барып отыр? Елде дәрігерлер жетіспесе жаңа салынған ауруханалардан, қойма толы дәрі-дәрмектен қайран бар ма?!

Жазда біздің елімізде де вирус кең тарап кеткен кезде, ауруханаларда дәрігер жетпей, қарапайым өкпені желдететін медициналық қондырғыны ауыстырып тұру ісінде еріктілерге күніміз еріксіз түсті. Тіпті шарасыз министрдің шілдеде ауылдық жерлерде науқастарға мал дәрігерлерін де көмекке тарту туралы бастамасы қазір езуімізге күлкі үйіргенімен, сол сәттерде аса қажет шешімдердің біріндей көрінген. Шындығында Цойдың мал дәрігерлеріне күніміз түсетінін меңзеуі бекер емес, республика халқының 46 пайызы ауылда тұрса да әлі күнге ауыл түгілі үлкен қалаларда дәрігер маманы жетіспей жатыр. Тіпті жыл сайын мыңдаған дәрігер елімізді тастап, шекара асады екен. Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаевтың мәлімдеуінше, 2017–2019 жылдар аралығында 3499 медицина қызметкері көшіп кеткен. Нақтырақ айтар болсақ, 2017 жылы 1062 дәрігер елден кетсе, 2018 жылы – 1225, ал 2019 жылы – 1212 маман елден көшкен. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» демекші бұл деректер елде дәрігерлерге қажетті деңгейде жағдай жасалмай отырғанын көрсетеді. Қ. Төсекбаев мырзаның сөзіне қарағанда «Қазіргі уақытта медицина кадрларының тапшылығы 4112 бірлікті құрайды. Ең үлкен тапшылық келесі мамандықтар бойынша байқалады: анестезиолог-реаниматологтар (393 бірлік); терапевтер (346,75 бірлік); ЖТД (319,5 бірлік); зертханалық дәрігерлер (226 бірлік); психиатрлар (213 бірлік); акушер-гинекологтар (203,5 бірлік); педиатрлар (202,75 бірлік); жұқпалы аурулар бойынша мамандар (121,5 бірлік); эпидемиологтар (102,5 бірлік); неонатологтар (85,25 бірлік). Ал медбикелерге арналған тапшылық – 8583 бірлікті құрайды екен. Расында да тұрғылықты жерің бойынша тіркелген емханалардың қай қайсысына болмасын белгілі бір маман қабылдауына жазылар болсаң, кейбіріне кезекті бір апта, енді біріне бір-екі ай күтесің. Мәселен жаңа туған баланы 3-4 айдан соң невропатолог маманға көрсетуге аналар міндетті. Бірақ тіркелген емханасында көп жағдайда бірнеше ай күту керек болғандықтан немесе мүлдем невропатолог маманы жоқ болғандықтан, амал жоқ аналар ақылы невропатолог қызметіне жүгінеді. Онсыз да елімізде маман жетіспей жатқанда 3500-ге жуық дәрігер елді тастап көшсе, пандемия кезінде вирус жұғып қаншама тәжірибелі дәрігерлеріміз қайтыс болды. Тіпті сыйақының өзін алалап, сан түрлі талап қойып, коронавируспен ауырған дәрігерлерге бермеуге тырысқан жағдайлар да көп. Қыркүйек айының басында бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова «Пандемиядан бері Қазақстанда 18 дәрігердің өлімі тіркелді. Дегенмен, олардың бәрі тікелей коронавируспен ауырғандарға көмек көрсеткен дәрігерлер емес», – деді. Ал шілде айында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев: «Біздің санақ бойынша өкінішке орай 51 әріптесіміз көз жұмды. Олардың жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.Өтемақыға қатысты еңбек министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес, арнайы комиссия тексеру жүргізіп, нәтижесінде өтемақы тағайындалады», – деген еді. Қатаң тексеруден соң статистикада айтарлықтай өзгеріс бары байқалады. Ал жалпы елімізде бүкіл ауырған адамдардың 11,5%-ын дәрігерлер құраған. КВИ жұқтырған 1,3 мыңнан астам дәрігер 2 млн теңгеден өтемақы
алған. Төлемақы төлеу кезінде талай дәрігер сыйақыдан қағылып, шырылдап журналистерден көмек сұрағаны да жасырын емес. Әрине сыйақы, өтемақы төлеуде қатаң тексеріс керек шығар, бірақ алдағы болатын вирустың кезекті толқынында жанымызға араша түсер маман таппай қалмасақ болғаны. Ал енді елімізде жұмыс кезінде коронавирус жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төленбейтіні белгілі болды. Осындай кезеңде оларды ынталандырып отырмасақ, қатерге басын тігетін маман таба аламыз ба?! Өйткені Еуропаның есін алып жатқан вирус саны біздің елімізде де қайтадан көбейіп келеді. 7 қараша күні 613 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталса. 8 қараша күні коронавирус инфекциясын жұқтырудың 723 жаңа жағдайы тіркелген. Күн сайын артып келе жатқан статистика тағы да дәрігерлердің жұмысының көбейетінін аңғартады.
Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

СИЛА ПОЛИЦИИ – В ДОВЕРИИ НАРОДА

В ЯНВАРЕ ЭТОГО ГОДА ГЛАВА ГОСУДАРСТВА КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ ПРОВЕЛ...

КАК ЖИВЕШЬ, СЕЛЬСКАЯ ШКОЛА?

Каждый день директора общеобразовательной школы № 2 села Балкашино...

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...