Кітап тілі – ортақ тіл: жасанды интеллект дәуірінде баспагерлер Алматыда тоғысты

«Жасанды интеллект дәуірі: баспа ісі, медиа және дизайн» атты ІІ халықаралық күзгі мектеп шетелдік баспагерлер кездесуімен қорытындыланды»

Кітап – халықтар арасындағы көпір. Осы ойды Алматыда өткен халықаралық басқосуда шетелдік қонақтар да қайталады. 19 қарашада әл-Фараби атындағы кітапхананың 308-залында «Жасанды интеллект дәуірі: баспа ісі, медиа және дизайн» атты ІІ халықаралық баспа ісі, медиа және дизайн күзгі мектебінің қорытынды отырысы – «Шетелдік баспагерлермен кездесу» өтті.

Екі апталық білім марафоны

     Күзгі мектеп 5 қарашада басталған еді. Осы уақыт ішінде университетке көптеген спикер келіп, дәріс оқыды. Шара тек оффлайн емес, онлайн форматта да өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен студенттер мен оқытушылар белсенді қатысты. Спикерлердің басты тақырыбы – жасанды интеллект, оның пайдасы мен зияны және болашақта болуы мүмкін жайттар. Күн сайын жаңа спикер келіп, дәріс оқып, сұрақ-жауап арқылы тыңдаушылармен кері байланыс орнатты. Дәрістерде ChatGPT, Claude, Gemini секілді жасанды интеллект жүйелері таныстырылды. Бұл мүмкіндік студенттер үшін өте пайдалы болды.

Қорытынды кездесу

     Жабылу салтанатын Журналистика факультетінің деканы Ысқақ Дүйсенбайұлы ашып, қонақтарға құттықтау сөз сөйледі. Кездесуге Қытай, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстаннан келген баспа саласының өкілдері қатысты. Олардың қатарында Феникс баспа-медиа корпорациясына қарасты «Илинь» аударма баспасының директоры Хуан Юнцзюнь, Тәжікстан Мәдениет министрлігі Баспа ісі және басылымдар басқармасының бастығы Ибрахим Ахмадов, «Kamus» баспасының директоры Айдемир Гүлтекин және Өзбекстан баспагерлер мен кітап саудасы ұйымдарының ұлттық қауымдастығы директорының орынбасары Мурод Ашимов бар. Сондай-ақ Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының төрағасы Әділ Қойтанов пен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Байұзақов отандық қонақ ретінде қатысты.

           Қытайдан келген қонақ Хуан Юнцзюнь өз сөзінде халықтардың тілі әртүрлі болғанымен, бір-бірін кітап арқылы түсінетінін айтты. Оның ойынша, тіл арқылы түсіне алмасақ та, кітап біздің жүрегімізге жол табады.

       Түркиялық баспагер Айдемир Гүлтекиннің сөзі залдағылардың ерекше назарын аударды. Ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи университетінің түлегі екен. Сондықтан ойын аудармашының көмегінсіз, таза қазақ тілінде жеткізді. Баспагер шығармашыл жандардың, яғни өнер адамдарының қиялы шексіз болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, нағыз өнер біреудің айтқанынан емес, адамның өз қиялынан туады. Бұл ой жасанды интеллект кең таралған заманда ерекше мәнді естілді.

     Жабылу салтанаты сағат 15:00-17:00 аралығында өтті. Алғашқы сағатта спикерлер баспа ісінің бүгіні мен болашағы туралы пікірлерімен бөлісті. Екінші сағатта қатысушыларға 72 сағаттық сертификаттар табыс етілді. Кездесудің соңында декан Ысқақ Дүйсенбайұлы барлық келген қонақтарға университеттің символы – Әл-Фараби бейнеленген қабырға кілемшесін өз қолымен сыйға тартты.

       Екі апта бойы жалғасқан күзгі мектеп жасанды интеллекттің баспа ісі мен медиаға әсері туралы ой бөлісетін кең алаңға айналды. Ең бастысы, қонақтардың бәрі бір ойға тоқтады: технология қаншалықты дамыса да, кітап пен адам қиялының орнын ештеңе баспайды.

Балауса ТҰРҒАЛИ

Халықаралық тәжірибе тоғысқан алаң

ҚазҰУ-да күзгі мектеп қорытындыланды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде...

Кітаптың шекарасы жоқ: халықаралық «Күзгі мектеп» өз жұмысын қорытындылады

Кітап – бір елдің мәдениетін екінші елге таныстыратын, тіл...

Заң үстемдігі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты кепілі

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында заң үстемдігін қамтамасыз ету және...

Ортақ мүлікті бөлу бойынша қаралатын азаматтық істерде туындайтың сұрақтар

Бірлескен меншікті бөлуге байланысты даулар дәстүрлі түрде Қазақстанның азаматтық...