ҚазҰУ-да күзгі мектеп қорытындыланды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жасанды интеллект дәуірі: баспа ісі, медиа және дизайн» атты II халықаралық күзгі мектептің жабылу салтанаты өтті. Екі аптаға созылған кәсіби кездесулер мен тәжірибе алмасу алаңының қорытынды жиынына Қазақстан, Қытай, Тәжікстан, Түркия және Өзбекстаннан келген баспа саласының өкілдері қатысты.
19 қарашада әл-Фараби кітапханасында ұйымдастырылған «Шетелдік баспагерлермен кездесу» тақырыбындағы іс-шараға Қытайдың «Илинь» аударма баспасының директоры Хуан Юнцзюнь, Тәжікстан Мәдениет министрлігі Баспа ісі және басылымдар басқармасының бастығы Ибрахим Ахмадов, Түркияның «Kamus» баспасының директоры Айдемир Гүлтекин және Өзбекстан баспагерлері мен кітап саудасы ұйымдарының ұлттық қауымдастығы директорының орынбасары Мурод Ашимов қатысты. Қазақстан атынан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының төрағасы Әділ Қойтанов пен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Байұзақов басқосуға қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – халықаралық баспа саласындағы тәжірибені зерделеу, кітап шығару мен тарату мәселелерін талқылау және шетелдік әріптестермен кәсіби байланыс орнату. Екі апта бойы өткен күзгі мектеп аясында қатысушылар баспа ісінің қазіргі бағыттары, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері мен саланың болашағы жөнінде пікір алмасты.
Жиын барысында Түркияның «Kamus» баспасының директоры Айдемир Гүлтекин шығармашылық еркіндік пен шектеусіз ойлаудың баспа саласындағы маңызына тоқталды. Оның пікірінше, балалардың ойлау жүйесі ересектерге қарағанда әлдеқайда еркін, себебі олар қиялына шектеу қоймайды. Бұл қасиет баспа және медиа саласында еңбек ететін мамандарға да қажет. «Өнер мен қолөнердің айырмашылығы бар. Домбыра жасайтын адам – қолөнер иесі, ал домбыра тартатын адам – өнер иесі. Кішкентай балалар кейде бізден де жақсы ойлайды. Неге? Өйткені олардың шегі жоқ. Баспа және медиа саласында жұмыс істейтін адамның да ойлау шегі болмауы керек», – деп өз ойын жеткізді Айдемир Гүлтекин. Сондай-ақ түркиялық баспагер екі апта ішінде көптеген баспа саласының майталмандары өз тәжірибесімен бөліскенін атап өтіп, халықаралық мектептің болашағына оң бағасын берді.
Халықаралық кездесудің студенттер мен болашақ баспа мамандары үшін маңызын Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Жұмабайқызы да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай басқосулар студенттердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.
«Бүгінгі халықаралық кездесудің студенттеріміз үшін маңызы зор деп ойлаймын. Болашақ баспа мамандары өз саласының әлемде қалай дамып жатқанын көзбен көріп, тәжірибелі мамандармен тікелей сөйлесуге мүмкіндік алды. Оқулықтағы білімнің нақты өндірісте қалай қолданылатынын түсінді. Цифрлық баспа, электронды кітап, авторлық құқық, кітап нарығы және редакторлық жұмыстың жаңа стандарттары туралы алған мағлұматтары олардың кәсіби көкжиегін кеңейтуге көмектеседі. Ең бастысы, мұндай кездесулер студентке өзіне сенім береді. Қазақ кітабын әлемдік деңгейге шығару – болашақта олардың қолында. Сонымен қатар халықаралық байланыс тәжірибеден өтуге, бірлескен жобаларға және академиялық ұтқырлыққа жол ашады», – деп атап өтті Айжан Жұмабайқызы.
Кездесу соңында қонақтар мен ұйымдастырушылар арасында естелік сыйлықтар табысталды. Түркияның «Kamus» баспасының директоры Айдемир Гүлтекин қатысушыларға кітап сыйлап, баспа саласындағы ынтымақтастықтың символдық белгісін көрсетті. Ал Журналистика факультетінің атынан арнайы құрметті қонақтарға қазақы нақыштағы Әл-Фараби кілемі тарту етілді. Бұл – шетелдік әріптестерге көрсетілген құрмет пен қазақ халқының мәдени мұрасын танытудың бір көрінісі.
Осылайша, екі аптаға созылған II халықаралық күзгі мектеп өз мәресіне жетті. Басқосу отандық және шетелдік мамандардың тәжірибе алмасуына, кәсіби байланыстардың нығаюына және болашақ баспа мамандарының халықаралық баспа кеңістігі туралы түсінігін кеңейтуге мүмкіндік берді. Халықаралық ынтымақтастыққа негізделген мұндай бастамалар қазақ баспа ісінің жаңа белестерге көтерілуіне жол ашары сөзсіз.
Аяжан ТОҚТАСЫН


