Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында заң үстемдігін қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру мемлекеттік саясаттың басты басымдығына айналды. Осы бағыттағы ең өзекті міндеттердің бірі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізу және қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру. Жемқорлыққа қарсы күрес тек құқықтық талап қана емес, әрбір азаматтың ел болашағы алдындағы жауапкершілігін айқындайтын өмірлік қағида болуы тиіс.
Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық тетіктері 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Аталған заңның 4-бабына сәйкес, жемқорлыққа қарсы күрес заңдылық, адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жариялылық және ашықтық қағидаттарына негізделген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін қатаң жаза қарастырылған. Пара алу ғана емес, пара беру мен парақорлыққа делдал болу да заңмен қудаланады. Мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар үшін қаржылық бақылау шаралары күшейтіліп, мүдделер қақтығысын болдырмау талаптары қатаңдатылды.
Заң талаптарын қатайтумен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары шешуші рөл атқарады. Бұл ретте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 9-бабында көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру міндеті ерекше маңызға ие. Ол білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешені арқылы жүзеге асырылады.
Заңнамаға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға мемлекеттік органдар ғана емес, жеке және заңды тұлғалар да белсенді қатысуға құқылы. Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері туралы уәкілетті органдарға хабарлауы заңмен қолдау табады. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де түрде жәрдем көрсететін адамдар мемлекеттің қорғауында болады және оларды көтермелеу тетіктері заңмен бекітілген.
Сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою — заң нормаларының мүлтіксіз орындалуы мен қоғамдық сананың жаңғыруы арқылы ғана мүмкін болатын үдеріс. Әрбір азамат өз құқықтарын біліп, заң бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік танытқан жағдайда ғана елімізде әділеттілік салтанаты құрылады. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар
жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы
Л.И.Ильясова


