
Кітап – бір елдің мәдениетін екінші елге таныстыратын, тіл мен шекарадан асып, адамзаттың ортақ ойына жол ашатын рухани көпір. Осы көпірдің беріктігі баспагерлердің ізденісі мен шығармашылық еңбегіне байланысты. 19 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Жасанды интеллект дәуірі: баспа ісі, медиа және дизайн» атты II халықаралық күзгі мектептің қорытынды отырысында да осы ой арқау болды.

Бірнеше күн бойы білім мен тәжірибе тоғыстырған күзгі мектептің соңғы кездесуі отандық және шетелдік баспа өкілдерін бір алаңға жинады. Қытай, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан мамандары кітап индустриясының келешегі, аударма ісі, шығармашылық ізденіс пен жас мамандардың мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты. Әртүрлі елден келген қонақтардың сөзінен бір ортақ ой байқалды: баспа саласының болашағы жаңашылдыққа ұмтылумен қатар, адам мен мәдениеттің құндылығын сақтауда.
Қытайдың «Феникс» баспа-медиа корпорациясына қарасты «Илинь» аударма баспасының директоры Хуан Юнцзюнь ҚазҰУ-мен аударма арқылы тілдік кедергілерді еңсеріп, екі ел оқырмандарының арасындағы байланысты нығайтуға болатынын айтты. Баспа өкілі шығарманың құндылығы идеяның қай елден шыққанында емес, автордың күрделі мәселені қаншалықты терең аша алғанында екенін жеткізді.

Тәжікстан Мәдениет министрлігі Баспа ісі және басылымдар басқармасының бастығы Ибрахим Ахмадов қазақстандық әріптестерінің еңбегімен танысып, тәжірибе алмасудың маңызын сөз етті. Мұндай кездесулер кәсіби байланысты нығайтып қана қоймай, болашақтағы ортақ жобаларға да жол ашады. Ал Өзбекстан баспагерлері мен кітап саудасы ұйымдарының ұлттық қауымдастығы директорының орынбасары Мурод Ашимов жас мамандарға таңдаған жолынан таймауға кеңес берді. Оның айтуынша, баспа ісі мен шығармашылық мамандықтар адамның рухани дамуына, қоғамның мәдени деңгейін көтеруге қызмет етеді.
Түркияның «Kamus» баспасының директоры Айдемир Гүлтекин технология мен адам арасындағы байланысты шығармашылық тұрғысынан пайымдады. Технология адамды шектемеуі, керісінше, оның мүмкіндігін кеңейтуі керек. Баспагер өнер мен һүнәр ұғымдарының аражігін ажырата отырып, һүнәрді белгілі бір істі шебер меңгеру, ал өнерді сол шеберлікке шығармашылық сипат беретін қасиет ретінде түсіндірді. Баспа, медиа және дизайн саласында осы екеуі тоғысқанда ғана шынайы әрі құнды туынды дүниеге келеді.
Отандық мамандар да жас баспагерлердің қалыптасуына қолдау білдіріп, саланың келешегіне сенім артты. Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының төрағасы Әділ Қойтанов ұйымдастырушыларға алғысын жеткізсе, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Байұзақов болашақ баспагерлерге сәттілік тілеп, сала дамуына үлес қосуға шақырды.

Шетелдік қонақтар өз елдерінің тарихы мен мәдениетін танытатын кітаптарды, сондай-ақ қазақ әдебиетінің ұлы шығармалары аударылған басылымдарды тарту етті. Өз кезегінде ұйымдастырушылар да халықаралық меймандарға арнайы сыйлықтар ұсынып, қазақы қонақжайлықтың үлгісін көрсетті.
Кездесу соңында халықаралық күзгі мектептің ұйымдастырушысы, кафедра меңгерушісі Айгүл Әмірғалиқызы қонақтарға алғыс білдіріп, күзгі мектеп қатысушыларына сертификаттар, белсенді студенттерге алғыс хаттар табыстады. Салтанатты рәсім бірнеше күндік білім мен тәжірибенің қорытындысын ғана емес, жаңа идеялар мен кәсіби байланыстардың бастауын да айқындады.
Кітаптың жолы кейде бір тілден екінші тілге, бір мәдениеттен өзге мәдениетке жалғасады. Ал сол жолды ашатын – ізденген адам, ортақ мақсат және шығармашылыққа деген сенім. Халықаралық «Күзгі мектеп» жас мамандарға осыны ұғындырып, баспа ісінің келешегі ынтымақтастық пен үздіксіз ізденісте екенін көрсетті.
Дариға ДОСАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 4-курс студенті


