12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Бермесе де бай жақсы

ҚАЗАҚ ЖЕТІМІН ЖЫЛАТЫП, ЖЕСІРІН ҚАҢҒЫРТҚАНДЫ НАМЫС КӨРГЕН ДЕГЕН СӨЗДІ ҚАЗІР КӨБІМІЗ ӨТКЕН ШАҚТА ҒАНА ҚОЛДАНАТЫН БОЛДЫҚ. ӨЙТКЕНІ, БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНА КӨЗ ЖҮГІРТКЕН ЖАННЫҢ ЖЕТІМ МЕН ЖЕСІРДІҢ МҰҢ-ЗАРЫНАН КӨЗІ СҮРІНІП, ҚҰЛАҒЫ ТҰНАТЫН ЖАҒДАЙҒА ЖЕТТІ.

Меніңше, жетім мен жесірдің көбейгенінің бір ұшығы әділдік пен теңдіктің ұйтқысы болған билер институтының жойылуына келіп тірелетін сияқты. Осындайда Төле би «Елге бай құт емес, би құт» дегенді не үшін айтты екен деген ой еріксіз көкейде қылаң беретіні де рас. Қазіргі таңда қазақтың төбе биінің бұл сөзі күн санап қолданыстан шығып бара жатқандай көрінеді. Өйткені, ел мен елді татуластыруда ғана емес, ағайын арасындағы күнделікті күйбең тіршілікте де бүкіл іс-әрекетімен көпке үлгі-өнеге болып, береке-бірлігіне ұйтқы болып жүретін ақылшы данагөйіне айналған ақсақалдың өзін табу қиынға айналып бара жатыр. Оның
басты себебі «ақтабан шұбырындыдан» кейін басталып, кейінгі патшалық Ресей мен Кеңес Одағы дәуіріндегі отарлық саясатта жатқанын аңғару қиын емес. Қазақтың байы мен орыстың ауқаттысының айырмасын күні бүгінге дейін біреу білсе, біреу білмейді. «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген сөздің
қадір-қасиетін әлі де түсіне алмай жүргендер көп. Мектеп қабырғасындағы оқушыдан кім боласың деп сұрасаң ешкім бай болғым келеді деп жауап бермейді. Өйткені, табыстының бәрі өз еңбегімен емес, халықтың есебінен байыды, билік басына большевиктер келген соң ғана бәрі теңелді деген идеологиямен санасы уланған аға буынның тәлім-тәрбиесін алған жастар әлі күнге дейін қымбат көлік мініп, сәулетті де еңселі жеке үйде тұратындарға халық жауы сияқты қарайды. Бұған 90-жылдардағы өтпелі кезеңде қызметі мен тамыр-танысын пайдаланып, мемлекеттік меншікті өз құнынан арзан бағаға жекешелендіріп, шұрайлы жер мен мүліктің иесі атанып шыға келген ат төбеліндей топтың оп-оңай бай-бағланға айналуы түрткі болғанын да жасыруға болмайды. Себебі, өздерін қанша жерден іскер, кәсіпкер санағанымен олар елге көшбасшы бола алған жоқ. «Ораза-намаз тоқтықта» дегендей дін діңгегінен айырылып, иманы әлсірегендер нарықтың өтпелі кезеңінде тіршілік қамын күйттеп көп уақытқа дейін жақсы мен жаманды айыруға мұршасы да болмады. Сондықтан, «Бас болмақ оңай, бастамақ қиын» дегендей көп жағдайда өзінің қайырымдылық ісін ең алдымен мешіт салудан бастағандардың іс-әрекеті біреуге ұнаса, біреуге ұнай қоймады. Тіпті бұл жағдай
әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Осындайда «Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң елге пайдаң тисін» дегенді әркім өзінше түсінетінін аңғару қиын емес. «Байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес» деп өзімізді жұбатуға да болар еді. Бірақ жаһандық ықпалдастық пен бәсекелестік қарқын алып тұрған ХХІ ғасырда
біреуден ілгері, біреуден кейінбіз деп арқаны кеңге салып жүре беруге болмайды. Өткен ғасырдың басындағы біз қай жолмен жүреміз деп Алаш зиялылары бас ауыртқан жағдай тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде де өз маңызын жойған жоқ. Билік басындағылардың ширек ғасыр бойы Азиядағы «арыстан», «айдаһар», «жолбарыстарға» еліктеп, «барыс» боламыз деп айтқан сөзі мен істеген ісі әлі өз нәтижесін берген жоқ. Бай мен кедейдің арасы жыл өткен сайын алыстамаса жақындайтын түрі жоқ. Әрине «Елде болса ерінге тиеді, ауылда болса ауызға тиеді» дегендей тұрмыстық жағдайын түзеп, ауқаттылардың қатарына қосылған
адамдардың саны көбейген соң сапасы да арта түсетінін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ «Форбс» журналындағы ең ауқатты адамдардың тізіміне енгендерден қарапайым халықтың әлі күнге дейін аты-жөні ғана емес, тілі мен ділінен ажырамаған қазақты іздеуі азаймай тұрғанын да жасыруға болмас. Сондықтан «елдің Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай» дегендей өзге жұрттың байлары ақыл-ойымен
миллиардер болып жүрсе, біздегілер шикізат сатумен ғана көзге түсіп жүргені қалай дегендерге ешкім лайықты жауап бере алмауда. Өндірісті өрге сүйреп, шикізаттан дайын өнім өндіретін жаңа кәсіпорын ашуды емес, біреудің қаңсығын таңсық көріп импортпен елді алдарқатып жүрген кәсіпкерлер арасында «арым малымнан қымбат» дейтін жандарды көбейтудің қандай амалы бар? Әркім өз ісімен айналысып, белгілі бір мамандықтың шыңына жетуі үшін кім қандай ақыл қоса алады? Ел тарихында алғаш рет жарияланып отырған төтенше жағдай режимінен кейін бүкіл ел осы сауалдың жауабын іздеп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатынына Сіз сенесіз бе?

Қайрат ИСХАН, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚазҰАУ қауымдастырылған профессоры:
– Бай деген қазақтың ең тамаша сөзі ғой. Біз кеңестік құлдық санадан өзгере алмай қалдық. Әлі бай деген жаман, қатігез, аяушылықты білмейтін, сараң деген көзқараспен ойлаймыз. Қазақ бұрын баласына ат қойғанда ырымдап Сәрсембай, Малдыбай деп байды қосып отыратын еді. Қазақ түсінігінде бай деген – парасатты, адамгершілігі зор, қолынан іс келетін, қанағатшыл, елді ұйымдастырып, болашақты болжай алатын, дәулетті көтере алатын адам. Астына джип мініп, коттедж салған адам емес. Қазіргі түсінік те осы заман талабына сай алмасып кетті. Оны өзгерту үшін уақыт керек. Тәуелсіздіктен кейін әркім қалай болса да тіршілік жасап өмір сүру жолына түсті. Кеңестік жүйе жойылған соң ақшаны қайда тығарын, саларын білмей қалған адамдар пайда болды. Нағыз кәсіпкерді ғана бай деуге болады. Кәсіпкер деген сөздің өзі өндіріс ашып, өз затын өндіріп, сатқан адамға қатысты айтылады. Ал, біздегі қазіргі кәсіпкер аталып жүргендердің көбі алыпсатар. Егер олар тапқан табысына өндіріс ашса басқа мәселе болар еді. Өкінішке орай нағыз кәсіпкер өте аз.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

СИЛА ПОЛИЦИИ – В ДОВЕРИИ НАРОДА

В ЯНВАРЕ ЭТОГО ГОДА ГЛАВА ГОСУДАРСТВА КАСЫМ-ЖОМАРТ ТОКАЕВ ПРОВЕЛ...

КАК ЖИВЕШЬ, СЕЛЬСКАЯ ШКОЛА?

Каждый день директора общеобразовательной школы № 2 села Балкашино...

КОГДА ПРИШЛА БОЛЬШАЯ ВОДА…

ВЕСНА НАСТУПИЛА СТРЕМИТЕЛЬНО. АПРЕЛЬ ПРИНЕС В АКМОЛИНСКИЙ РЕГИОН НЕ...

ИСКОРЕНИТЬ ИЖДИВЕНЧЕСТВО

Глава государства на одном из заседаний Правительства указал, что...

МЕДИКИ В ЗОНЕ РИСКА

ДЕПАРТАМЕНТ ПО ПРОТИВОДЕЙСТВИЮ КОРРУПЦИИ ПО АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ И РЕГИОНАЛЬНОЕ...