Қылмыстық процестегі басты қағидалардың бірі – адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып, сот төрелігінің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Осы міндетті орындауда бұлтартпау шараларының маңызы ерекше. Өйткені қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген адамның әрі қарайғы іс-әрекетін заң шеңберінде бақылауда ұстау, оның тергеу мен соттан жалтаруына жол бермеу, істің объективті қаралуына кедергі келтіретін әрекеттердің алдын алу – қылмыстық процестің маңызды талаптарының бірі.
Бұлтартпау шарасы – қылмыстық процесте күдіктіге, айыпталушыға қатысты қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы. Оның негізгі мақсаты – адамды жазалау емес, қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің қалыпты жүруін қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес, бұлтартпау шарасын қолдану кезінде адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ қылмыстық процестің заңдылығы мен негізділігі қамтамасыз етілуге тиіс.
Бұлтартпау шараларының қатарына ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат, жеке кепілгерлік, әскери қызметшіні әскери бөлім командованиесінің бақылауына беру, кәмелетке толмағанды қарауына беру, кепіл, үйқамақ және күзетпен ұстау сияқты шаралар жатады.
Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, кепіл – адамның бостандықта қалуына мүмкіндік беретін, бірақ оның тиісті мінез-құлқын қамтамасыз етуге бағытталған шара. Ал күзетпен ұстау – адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын едәуір шектейтін ең қатаң бұлтартпау шараларының бірі.
Сондықтан бұлтартпау шарасын таңдау кезінде оның қажеттілігі мен жеткіліктілігіне ерекше мән беріледі. Құқық қорғау органдары мен сот адамның кінәсі әлі дәлелденбегенін ескеруге міндетті. Өйткені қылмыстық процестің негізгі қағидаларының бірі – кінәсіздік презумпциясы.
Бұл жерде маңызды мәселе – бұлтартпау шарасын қолдану мен жазалау ұғымдарын шатастырмау. Сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам кінәлі деп есептелмейді. Демек, бұлтартпау шарасы алдын ала жаза ретінде қарастырылмауы тиіс.
Қатаң шараны қолдануға тек заңда көзделген нақты негіздер болған кезде жол беріледі. Мысалы, адамның тергеу мен соттан жасырынуы, қылмыстық процесті жүзеге асыруға кедергі келтіруі, куәларға немесе өзге де процеске қатысушыларға ықпал етуі, дәлелдемелерді жоюы немесе қылмыстық әрекетін жалғастыруы мүмкін деген негізді қауіптер ескеріледі.
Бұл ретте сот әрбір істің нақты мән-жайын жеке бағалауға тиіс. Адамның жасы, денсаулық жағдайы, отбасы жағдайы, тұрақты тұрғылықты жерінің болуы, жұмысы, әлеуметтік байланыстары және өзге де мән-жайлар назардан тыс қалмауы керек.
Қазіргі таңда қылмыстық сот ісін жүргізуде адам құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән берілуде. Бұлтартпау шараларын қолдану кезінде де негізгі өлшем – заңдылық, негізділік және пропорционалдық болуы қажет.
Заңның күші – оның қатаңдығында ғана емес, әділдігінде. Сондықтан бұлтартпау шарасын дұрыс таңдау – бір жағынан, қылмыстық процестің тиімділігін қамтамасыз етсе, екінші жағынан, адамның заңмен қорғалатын құқықтарының сақталуына кепіл болады.
Бұлтартпау шаралары қылмыстық процестің ажырамас бөлігі болғанымен, оларды қолдану әрдайым заң талаптарына, нақты фактілерге және адам құқықтарын құрметтеу қағидатына негізделуі тиіс. Заң алдындағы жауапкершілік пен азаматтың конституциялық құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау – құқықтық мемлекеттің басты талаптарының бірі.
Қайрат Дунбаев,
Тараз қаласы №2 сотының судьясы


