Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру: сотқа дейінгі міндетті тәртібі және жеке сот орындаушыларын лицензиядан айырудың жаңа тетігі

А. Жасұзақов, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы

2026 жылғы 24 маусымда Мемлекет басшысымен «Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды. Аталған Заңмен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (бұдан әрі – ӘРПК) және «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – атқарушылық іс жүргізу туралы Заң) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңнамалық жаңашылдықтардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыру және сот орындаушыларының қызметіне мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру.

Енгізілген өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі – сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібін белгілеу.

Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізу туралы Заңның 127-бабы жаңа редакцияда жазылды, атап айтқанда:

Өндіріп алушы немесе борышкер мемлекеттік сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына шағымды уәкілетті органның аумақтық органына не оның бөлімдеріне бере алады.

Жеке сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөніндегі әрекетіне (әрекетсіздігіне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына шағым әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын жеке сот орындаушысына не аумағы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына берілуі мүмкін.

Уәкілетті органның аумақтық органының не жеке сот орындаушысының немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының шешімі алынғаннан кейін мемлекеттік не жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа беріледі.

ӘРПК-нің 136-бап 4-бөлігінің жаңа редакциясына сай, мемлекеттік не жеке сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуға талап қою атқарушылық іс жүргізу туралы Заңына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органының не оның бөлімінің немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының не жеке сот орындаушысының шешімі алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Аталған шара атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың бұзылған құқықтарын сот талқылауынсыз неғұрлым жедел қалпына келтіруге бағытталған. Шағымды уәкілетті органның немесе лауазымды адамның қарауы құқық бұзушылықтарды қысқа мерзімде жоюға, соттарға түсетін жүктемені азайтуға және мемлекеттік әрі жеке сот орындаушылары қызметіне ведомстволық бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша, сотқа жүгіну міндетті әкімшілік шағымдану рәсімінен өткеннен кейін ғана мүмкін болады.

Маңызды жаңашылдық – жеке сот орындаушыларына қатысты жауапкершіліктің ең қатаң шараларының бірін қолдану тәртібінің өзгеруі болып табылады.

Егер бұрын лицензиядан айыру мәселесі тек сот тәртібімен шешілсе, енгізілген өзгерістерге сәйкес заңнамада тікелей көзделген жағдайларда уәкілетті органға (Әділет министрлігіне) жеке сот орындаушысын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдау құқығы берілді.

Аталған заңнамалық жаңашылдық жеке сот орындаушыларының қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейтуге, олардың тәртіптік жауапкершілігін арттыруға және өндіріп алушылар мен борышкерлердің құқықтарын неғұрлым тиімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, уәкілетті органның шешімі түпкілікті болып табылмайды және оған сот тәртібімен дау айтуға болады, бұл жария және жеке мүдделердің теңгерімін қамтамасыз етіп, өздеріне қатысты тиісті шешім қабылданған адамдардың құқықтарын қорғауға кепілдік береді.

Енгізілген өзгерістер атқарушылық іс жүргізу жүйесін дәйекті түрде реформалаудың жүзеге асырылып жатқанын айғақтайды. Сотқа дейінгі міндетті шағымдану тәртібін енгізу дауларды неғұрлым жедел шешуге және соттағы даулардың санын қысқартуға мүмкіндік береді, ал жеке сот орындаушыларын лицензиядан айырудың жаңа тетігі олардың қызметіне бақылауды күшейтіп, атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігін арттырады.

Аталған өзгерістер жоғарыда көрсетілген Заңда белгіленген мерзімдерде қолданысқа енгізіледі және Қазақстан Республикасында сот актілерін мәжбүрлеп орындау жүйесін жаңғыртудың кезекті кезеңі болып табылады.

О новом механизме лишения лицензии частных судебных исполнителей

24 июня 2026 года Главой государства подписан Закон Республики...

ОСМС в Казахстане: что важно знать каждому в 2026 году

Обязательное социальное медицинское страхование (ОСМС) остается одним из ключевых...

ОСМС: новые возможности для здоровья казахстанцев

Система обязательного социального медицинского страхования (ОСМС) является важным элементом...

Споры между государственными органами и субъектами бизнеса

Споры между государственными органами и субъектами бизнеса (хозяйствующие субъекты,...