Әділ сот төрелігін жүзеге асыруда сот әдебінің алатын орны ерекше. Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мінез-құлқы, азаматтармен қарым-қатынасы және қызметтік міндеттерін адал атқаруы сот жүйесіне деген қоғамдық сенімнің қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта әрбір іс заң талаптарына сәйкес, бейтарап әрі объективті қаралады. Іс жүргізу барысында сотқа жүгінген барлық азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына ерекше назар аударылады.
Сот әдебі тек қызметтік әдеп қағидаларын сақтау ғана емес, сонымен қатар әрбір азаматпен сыпайы қарым — қатынас жасау, сот отырысына қатысушыларды құрметтеу, қызмет барысында жауапкершілік таныту және заң талаптарын бұлжытпай орындауды қамтиды.
Сот қызметкерлері азаматтарға қажетті ақпаратты заң аясында түсіндіріп, өтініштерді белгіленген мерзімде қарауға және қызмет көрсету мәдениетін сақтауға міндетті. Бұл азаматтардың сот қызметіне деген сенімін арттырып, сот жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Сот әдебін сақтау — кәсіби міндет қана емес, сот билігінің беделін нығайтатын маңызды қағидат. Әділдік, бейтараптық, әдептілік және жауапкершілік сот қызметінің басты құндылықтары болып қала береді.
Осы тақырып төңірегінде маңызды мәселенің бірі — судьяның соттағы сөйлеу әдебі.Судьяның соттағы сөйлеу әдебі сот әділдігімен тамыр тартып жатқан , соттың шынайлығына тәуелді әрі онымен біте қайнасудан туындаған айқын да жарқын құбылыс. Заңдық тұрғыда тура, этимологиялық мағынасында алғанда «сот әділдігі» деп нақты дәлелдерге, өмірдегі оқиғаларға , адамдардың іс-қылығына құқық нормасын қолдануды айтады. Сот әділдігі заңға дәлме-дәл сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
Сотқа қатысушылардың өзіндік көзқарасын , белгілі бір пікірін білдіретін, бірімен — бірі өзара түсіністіретін негізгі қарым-қатынас құралы — көбіне ресми стильмен көмкерілген соттағы кәсіби тіл. Әсілінде, қылмыстық , азаматтық, әкімшілік істер бойынша өтетін сот процестерінде айыптаушы да, қорғалушы да, заң кеңесшілері де әдептілік нормкалары тұрғысынан кәсіптік сөйлеу мәдениетін меңгеріп сөйлей білулері қажет.Ол үшін соттағы шешендік өнерді меңгеру басты талап.
Соттағы сөйлеу мәдениетінің биік шыңы саналатын сот шешендігі , оның этикасы бүгінгі қоғамымыз, қала берді сот қызметі қажет етіп отырған қазіргі уақыт иініндегі көтерер жүгі ауыр, мәні мен мазмұны терең, күрмеуі қалың күрделі мәселе.
Сонымен қатар, сот төрелігін жүзеге асыруда судьяның азаматтық, адамдық қасиеттерімен бірге арлы болуының үлкен маңызы бар.Оның арлылығы өз іс-әрекетіне толығымен жауап бере алатындығымен, адамдар алдындағы моральдық принциптер жатпаса, оның қоғамға келтірер пайдасы аз, салмағы білінбейтін бір мысқал іспетті болатыны шындық. Ендеше соттың төрелік айту қызметінде мұндай адамгершілік принциптерді берік ұстану соттың алдында қоятын көп міндеттерінің мазмұнды бөлігін жүзеге асыру болып табылады.
Шын мәнінде, өткен дәуірлерден қалған ұлағат: «Бір елдің атасы болма, бар елдің данасы бол. Бір тонның жағасы болма, көп қолдың ағасы бол. Ақты ақ деп бағала,қараны қара деп қарала. Өзіңе-өзің кәміл бол, халқына әділ бол, жауыңа қатал бол, досыңа адал бол» дейтін әйгілі Төле бидің қанатты сөздері бүгінгі судьяларға тікелей арнап қалдырып кеткен өсиет батасындай.
А.Аблаева, Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы


