Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің құқықтық жүйесінің іргетасы, қоғам мен мемлекеттің дамуының негізгі қағидаларын айқындайтын басты құқықтық құжат. Конституцияда мемлекеттің құрылымы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің негізгі қағидаттары бекітілген.
Конституцияның басты құндылығы – адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі ретінде белгілеуінде. Әрбір азаматтың заң алдында тең болуы, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндігі болуы – құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі.
Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Бұл қағидаттар Конституцияның мазмұнында көрініс тауып, мемлекеттік органдардың қызметі мен қоғамдағы құқықтық қатынастардың негізін қалыптастырады. Мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі олардың өзара тепе-теңдік пен тежемелік қағидаттары негізінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Құқықтық мемлекетті қалыптастыруда Конституцияның үстемдігі ерекше маңызға ие. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституцияға сәйкес келуге тиіс. Мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар және азаматтар Конституция мен заңдардың талаптарын сақтауға міндетті. Осы арқылы қоғамда заңдылық пен құқықтық тәртіптің берік негізі қалыптасады.
Сот жүйесі де Конституциялық қағидаттарды іске асыруда маңызды рөл атқарады. Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң талаптарын сақтау және әділ шешім қабылдау – сот қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Тәуелсіз әрі әділ сот жүйесі азаматтардың мемлекетке және құқықтық институттарға деген сенімін арттырады.
Конституцияның қоғам өміріндегі маңызы тек мемлекеттік органдардың қызметімен шектелмейді. Ол әрбір азаматтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Өз құқықтары мен міндеттерін білу, заң талаптарын құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – құқықтық мәдениеті жоғары мемлекеттің негізгі көрсеткіштері.
Конституция – уақыт талабына сай дамып отыратын құқықтық құндылықтардың негізі. Қоғам өзгерген сайын мемлекеттік басқару, азаматтық қоғам, адам құқықтарын қорғау және құқықтық тәртіп салаларында жаңа міндеттер туындайды. Мұндай жағдайда Конституцияның негізгі қағидаттары мемлекеттің тұрақты дамуы үшін берік бағдар болып қала береді.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің тәуелсіздігін, мемлекеттік құрылысын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін басты құқықтық негіз. Конституцияны құрметтеу және оның нормаларын сақтау – әрбір азаматтың ғана емес, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың да ортақ міндеті. Конституция үстемдігі қамтамасыз етілген жағдайда ғана заңдылық, тұрақтылық және әділеттілік қағидаттарына негізделген мықты құқықтық мемлекет қалыптастыруға болады.
Сот әкімшісінің басшысының орынбасары
Р. Манапов


