Тіл – әрбір халықтың ең асыл қазынасы, ұлттық болмысы мен рухани дүниесінің айнасы. Әр ұлт өз тілін ғасырлар бойы қалыптастырып, оны келер ұрпаққа аманат етеді. Сондықтан ана тілін құрметтеу – туған жерді, елді, тарих пен мәдениетті құрметтеумен тең.
Қазақ тілі – көне түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататын, тарихы терең, сөздік қоры аса бай тіл. Оның бастауын Орхон-Енисей жазбаларынан, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Ахмет Йүгнеки, Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы ойшылдардың еңбектерінен көруге болады. Мыңжылдықтардан жеткен бұл тіл – халқымыздың рухани мұрасы әрі тәуелсіздігіміздің басты нышаны.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабына сәйкес қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, оны дамыту мен қорғаудың құқықтық негіздерін белгілейді. Мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында, соның ішінде сот жүйесінде кеңінен қолданылуы – мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатының басым бағыттарының бірі.
Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуы заңмен нақты реттелген. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстеріне сәйкес сот ісін жүргізу тілі сотқа ұсынылған талап қоюдың немесе өзге де іс материалдарының тіліне байланысты айқындалады. Яғни, талап қою мемлекеттік тілде берілсе, іс те мемлекеттік тілде қаралады. Бұл қағида азаматтардың сот алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де ықпал етеді.
Осыған байланысты мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесін арттыру ең алдымен азаматтардың, мемлекеттік органдардың және құқық қорғау органдарының сотқа жолдайтын құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеуіне тікелей байланысты. Мемлекеттік тілдегі талап қоюлар мен процестік құжаттардың көбеюі сот өндірісіндегі қазақ тілінің үлесін арттырады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек Республика бойынша аудандық және оған теңестірілген соттарда 2025 жылдың алты айында қаралған 549 676 істің 230 855-і немесе 42 % мемлекеттік тілде қаралған, ал 2026 жылдың осы кезеңінде қаралған 629 578 істің 214 537-сі немесе 34 % мемлекеттік тілде қаралған. Бұл көрсеткіш мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу үлесін арттыру бағытындағы жұмысты одан әрі жандандырудың маңыздылығын көрсетеді.
Осы ретте азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік тілде сотқа жүгінуін ынталандыру, мемлекеттік органдардың құжат айналымын толықтай қазақ тілінде жүргізуі және мемлекеттік тілдің күнделікті қолданыс аясын кеңейту ерекше маңызға ие. Мемлекеттік тілдің беделі заң талаптарын орындаумен ғана емес, оны күнделікті өмірде кеңінен қолданумен де өлшенеді.
Тәжірибеде мемлекеттік тілде сот ісін жүргізудің үлесін арттыруға кедергі келтіретін жағдайлар да кездеседі. Мәселен, кейбір банктер мен микроқаржы ұйымдары талап қоюларын сотқа орыс тілінде жолдайды. Қолданыстағы процестік заңнамаға сәйкес іс жүргізу тілі талап қою тілімен айқындалатындықтан, мұндай істер де орыс тілінде қаралады. Ал жауапкер немесе басқа қатысушылар істі мемлекеттік тілде жүргізу туралы өтініш білдірген жағдайлардың өзінде, талап қоюшы тарап кейде іс жүргізу тілін өзгертуге қарсылық танытады. Соның салдарынан мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесін арттыруға мүмкіндік толық пайдаланылмай келеді.
Мысалы, Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сотында 2026 жылдың алты айында банктер мен микроқаржы ұйымдарынан түскен 90 талап қоюдың 3-і ғана қазақ тілінде берілген.
Осыған байланысты мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданылу аясын кеңейту үшін азаматтардың ғана емес, банктердің, микроқаржы ұйымдарының және өзге де заңды тұлғалардың сотқа жолдайтын талап қоюлары мен процестік құжаттарын мемлекеттік тілде әзірлеуіне ерекше назар аудару қажет. Бұл мемлекеттік тілдің беделін арттыруға және сот ісін жүргізудегі үлесін көбейтуге оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, сот төрелігін жүзеге асыру барысында іске қатысушылардың құқықтарының толық сақталуына ерекше назар аударылады. Іс жүргізу тілін білмейтін немесе жеткілікті меңгермеген тұлғаларға аудармашының қызметі қамтамасыз етіледі. Бұл – әр азаматтың өз ана тілінде немесе өзі меңгерген тілде өз құқықтарын қорғауына берілген заңды кепілдік. Сонымен қатар, сот ісін жүргізу тілін заң талаптарына сәйкес сақтау қабылданатын сот актілерінің заңдылығы мен негізділігінің маңызды кепілі болып табылады.
Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сотында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соттағы іс жүргізу құжаттары заң талаптарына сәйкес мемлекеттік тілде рәсімделіп, азаматтардың қазақ тілінде өтініш беруіне барлық қажетті жағдай жасалған. Судьялар мен сот қызметкерлері мемлекеттік тілді еркін меңгерген және сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыруға өз үлестерін қосуда.
Менің пікірімше, мемлекеттік тілдің дамуы ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің ұстанымына байланысты. Себебі олар мемлекеттік саясатты тікелей жүзеге асыратын негізгі буын болып табылады. Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді күнделікті қызметінде кеңінен қолдануы қоғамға үлгі болып, азаматтардың қазақ тіліне деген құрметін арттырады және оның қолданылу аясын кеңейтуге өз әсерін тигізеді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тек соттардың немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес. Бұл – әрбір азамат пен заңды тұлғалардың жауапкершілігі. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту әрқайсымыздың күнделікті өмірімізден басталады. Азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік тілде талап қоюы, өтініш жасауы және ресми қарым-қатынаста қазақ тілін таңдауы мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нығайтып, оның сот жүйесіндегі қолданылу үлесінің артуына ықпал етеді.
«Тіл – ұлттың жаны» деген қанатты сөздің мәні ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Ана тілін ардақтау – өткенді құрметтеу, бүгінді бағалау және болашаққа сеніммен қадам басу. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның сот жүйесіндегі қолданыс аясын кеңейту және оны келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу – әрбір азаматтың ортақ парызы. Мемлекеттік тілдің мерейі үстем болған елдің еңсесі әрқашан биік болмақ.
Н.М. Алимбеков, Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сотының судьясы


