Парламент Мəжілісінің жалпы отырысында палата депутаттарының бастамасымен дайындалған бірқатар маңызды заң жобалары бірінші оқылымда талқыға түсті. Құжаттар топырақты қорғау жəне жол қауіпсіздігі мен цифрландыруға қатысты қоғамдағы өзекті мəселелерді шешуге бағытталған.
Топырақ сапасын төмендеткендерге жауаптылық енгізілмек
«Топырақты қорғау туралы» заң жобасы елімізде алғаш рет топырақты жеке құқықтық реттеу объектісі ретінде қарастыруды көздейді. Құжатты отырыста қорғаған Мəжіліс депутаты, палатаның Аграрлық мəселелер комитетінің мүшесі Нұржан Əшімбетовтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан аумағының 75 пайыздан астамы əртүрлі деңгейде деградацияға ұшырапты. Бұл тек экологиялық проблема ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей əсер ететін фактор. Қолданыстағы жер жəне экологиялық кодекстер топырақты қорғау мəселесінде жүйелі тəсілді толық қамтамасыз ете алмай отыр. Осыған байланысты жаңа заң жобасы топырақ құнарлылығын сақтау, эрозия, сортаңдану, сарқылу сияқты процестердің алдын алу жəне ғылыми негізделген мониторинг жүйесін енгізуді қарастырады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы алқаптарын толық цифрландыру нəтижесінде əрбір жер теліміне топырақ сапасын көрсететін цифрлық паспорт енгізу жоспарланып отыр. Бұл фермерлердің жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік қолдау шараларын нақты деректерге негіздеуге мүмкіндік береді. Маңызды жаңалықтың бірі – топырақ сапасының нашарлауына жол берген жер пайдаланушыларға жауапкершіліктің енгізілуі. Бұған дейін мұндай талап іс жүзінде болмаған. Халықаралық тəжірибеге сүйенсек, Еуропалық Одақ елдерінде жəне Германия, Нидерланды, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттерде топырақты қорғау заңдары əлдеқашан қабылданған. Бұл Қазақстанның да осы бағыттағы саясатты күшейту қажеттігін көрсетеді. Заң жобасы аясында ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу тəртібіне де өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда, жер беру электрондық конкурстар арқылы жүзеге асырылып, жер комиссияларының қызметі тоқтатылуы мүмкін. Бұл шешім адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін төмендету мақсатында қабылданды. Баяндамашының айтуынша, 2021 жылдан бері елді мекендердегі жер телімдерін электронды аукцион арқылы беру тəжірибесі өзінің тиімділігін көрсетіп үлгеріпті.
Автомектептерге талап күшейеді
Мəжілісте қаралған тағы бір маңызды заң жобасы жол қауіпсіздігін арттыру мен жүргізушілерді даярлау жүйесін реформалауға бағытталып отыр. Бұл құжат депутаттардың қызу пікірталасын тудырды. Солардың бірі автомектеп жұмыстарына қатысты болды. Өйткені, олардың жұмысы үлкен сұрақ тудырады. Соның біріне Бақытжан Базарбек назар аудартты. Депутаттың айтуынша, автомектептер тарапынан курстан өтпесе де азаматтарға жалған куəлік беру фактілері орын алып отыр. Жол қозғалысы ережелерін бұзып, апаттар тудыратындардың дені осы «жүргізушілер» екені анықталыпты. Қазіргі таңда елімізде 700-ден астам автомектеп жұмыс істейді, алайда олардың қызметі тек хабарлама тəртібімен реттеледі. Яғни, алдын ала тексеру немесе лицензиялау талап етілмейді. Бұл жағдай оқыту сапасының əркелкі болуымен қатар, аталған келеңсіздіктің де етек алуына ықпал етіп отырғаны анық. Құжат бойынша баяндама жасаған Экономикалық реформа жəне өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляеваның айтуынша, жаңа заң жобасы автомектептер үшін рұқсат беру жүйесін енгізуді ұсынады. Енді оқу орындары материалдық-техникалық базасының талапқа сай екенін, оқу бағдарламаларының сапасын жəне дəріс беретін мамандарының біліктілігін дəлелдеуі тиіс. Расында да бүгінде олар «хабарламалық» тəртіп бойынша жұмыс істейді. Яғни, автомектепке рұқсат алудың қажеті жоқ. Egov порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберу жеткілікті. Мемлекет оларды алдын ала тексермейді. Бақылау жүргізілмейді. Бұл кейбір автомектептердегі оқыту сапасының төмендеуіне əкеліп соғуда. Сондықтан автомектептердің қызметіне рұқсат беру тəртібі енгізіледі. Мұндай рұқсаттарды алу үшін оқу ұйымдарының жылжымайтын мүлкін пайдалану құқығын растайтын, оқу-материалдық базасын айқындайтын құжаттардың, даярлық бағдарламаларының болуы, сондай-ақ оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің тізімдерін ұсыну талап етіледі. Сонымен қатар, автомектептердің тізілімі (реестр) құрылады, оны Ішкі істер министрлігі жүргізеді. Автомектептердің қызметі заң талаптарына сəйкес келмеген жағдайда, олар тізілімге енгізілмейді жəне жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Бұл өз кезегінде, бақылауды күшейтуге, автомектептердегі оқу сапасын арттыруға оң əсер етеді жəне адал бəсекелестікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Көлік жүргізу құқығын шектейтін «диагноз» қандай?
Заң жобасы жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін арнаулы техникалық құралдарды қолдануды көздейді. Мұндай құралдар мемлекеттік органдардың, жедел медициналық жəрдем қызметтерінің көліктеріне, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдайтын көліктерге орнатылады. Бұл норма жол қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасындағы көзделген тағы бір талап медициналық бақылау мен деректер қауіпсіздігіне бағытталған. Мұнда жүргізушілердің денсаулығына қатысты мəліметтерді цифрлық форматта біріктіру де көзделіп отыр. Осы уақытқа дейін көлік құралдарын басқаруға тыйым салатын медициналық қарсы көрсетілімдері бар жүргізушілердің көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату тек сот шешімі бойынша жүзеге асырылып келді. Бұл көп уақытты талап етеді жəне денсаулық жағдайына байланысты көлік басқаруға болмайтын адамдардың көлік жүргізуді жалғастыруына мүмкіндік береді. Ал бұл, өз кезегінде, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сəйкес, елімізде 22 600 адамның көлік құралдарын басқаруға қарсы медициналық көрсетілімдері бар. Оның ішінде 5 500 адамның жүргізуші куəлігінің күші сот шешімімен тоқтатылған. Бұл рəсімге айлар, тіпті жылдар кетуі мүмкін. Осы ретте азаматтардың нақты диагноздары берілмейді, тек денсаулық жағдайына байланысты «көлік жүргізуге болмайды» деген ақпарат қана ұсынылады. Енгізіліп отырған жаңа талап осы үрдісті барынша жолға қояды деген үміт бар. Сонымен қатар, заң жобасы жеке деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік мəселелерін де қамтиды. Бұл орайда деректерді маскалау, шифрлау, сондай-ақ жария болған жеке ақпараттың арнайы тізілімін енгізу көзделіпті. Жалпы алғанда, заң жобасы жүргізушілерді даярлаудың неғұрлым тиімді, ашық жəне басқарылатын жүйесін қалыптастырып, елдегі жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға ықпал етпек. Тұтастай алғанда қаралып жатқан заң жобалары – елдің экологиялық тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі қадам. Мəселе, құжаттарда қамтылған талаптардың толыққанды жүзеге асуында екені даусыз. Парламент депутаттары бұл бастамаларды бірінші оқылымда қолдауға шақырды. Алдағы уақытта құжаттар екінші оқылымға дайындалып, толықтырулармен пысықталатын болады.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


