Юрий Григорьевич Басин (1923-2004) — көрнекті қазақстандық заңгер, заң ғылымының докторы, профессор, Қазақ ССР еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қазақстанның азаматтық құқығының, заң білімінің және заңшығарушылығының дамуына оның қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол ақиқатында ұлттық цивилистиканың негізін қалаушылардың бірі.

Юрий Григорьевич 1923 жылғы 28 наурызда Артёмовск қаласында туды (қазіргі Бахмут, Украина). Ұлы Отан соғысына қатысушы, әскери училище курсантынан бастап капитанғадейінгі әскери жолдан өтті, үш рет жараланды. Әскерден босағаннан кейін бухгалтер болып істеді, одан кейін заңгер оқуына түсті. 1954 жылы кандидаттық диссертация қорғады.
1955 жылдан бастап оның өмірі Қазақ мемлекеттік университетімен (қазіргі әл-Фарабиатындағы ҚазҰУ) тығыз байланысты болды, мұнда ол доценттен бастап азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі және заң факультетінің деканына дейінгі жолдан өтті. 1965 жылы тұрғын үй құқығы бойынша докторлық диссертация қорғап, Қазақстандағы азаматтық-құқық мамандығы бойынша алғашқы заң ғылымының докторы болды.
Профессор Басин — монографияларды, оқулықтарды, заңнамаға түсініктемелерді қоса алғанда, 300-ден астам ғылыми жұмыстың авторы.Оның ғылыми қызығушылығының негізгі тақырыптары азаматтық, тұрғын үй, отбасылық құқық, сондай-ақ халықаралық жеке құқық болды. Оның еңбектері оқу бағдарламаларын, нормативтік актілерді және әдістемелік құралдарды даярлау кезінде негіз ретінде пайдаланылды.
Ол 50-ден астам заң ғылымының кандидаттары мен 5 докторларын даярлап, қазақстандық заң мектебінің дамуы үшін берік іргетас қалады. Басин жоғары жалпыадамдық педагогикалық мәдениетпен, биік ой-өрісімен, студенттер мен әріптестеріне деген кішіпейіл және сыйластық қатынастарымен айрықшаланды.
1990-шы жылдардан бастап Юрий Григорьевич егеменді Қазақстанның нормативтік базасын қалыптастыру үдерісіне құлшына кірісті. Ол 1995 жылғы Конституцияны, сондай-ақ Азаматтық кодексті, Жер кодексін, «Жеке меншік туралы», «Шет ел инвестициялары туралы» заңдардың және өзге де көкейкесті актілердің әзірлеу кезінде сараптама топтарының мүшесі әрі жетекшісі болды.
Оның қатысуымен 40-тан астам заң жобасы әзірленіп, оның 38-ін Парламент қабылдады. Ол сондай-ақ Жоғарғы Сот, Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жанындағы әртүрлі консультативтік және сараптама органдарының мүшесі болды.
Ғылым мен білім саласындағы ерен еңбегі үшін Юрий Басин «Құрмет» орденімен, құрмет грамоталарымен және өзге мемлекеттік наградалармен марапатталды. 1984 жылы оған Қазақ ССР еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Ұлағатты ғалым сондай-ақ Қазақстандағы «Әділет» құқық академиясын қоса алғанда, алғашқы заңи жеке білім беру мекемелерін құруға алғашқылардың бірі болып атсалысты.
2004 жылы ол қайтыс болғаннан кейін Юрий Григорьевич Басиннің есімі кәсібиліктің, ғылыми адалдықтың және азаматтық жауапкершіліктің символына айналды. Оның еңбектерінен дәйексөздер келтірілуде, ал оның шәкірттері заңғар ғалымның бастаған істерін іждахаттылықпен жалғастыруда.
Юрий Григорьевич Басин қазақстандық құқық ғылымының тарихында ерекше орын алады. Оның азаматтық құқықтың қазақстандық үлгісін қалыптастыру мен дамытуға қосқан сүбелі үлесі, педагогикалық және қоғамдық қызметі, сондай-ақ заңнаманы реформалауға қатысуы оны еліміздің құқықтық мәдениетінің тарихындағы алдыңғы саптағы сардар ретінде санауға мүмкіндік береді.
Юрия Григорьевича Басин тұлғасының маңыздылығы заманауи Қазақстанның қоғамдық және ғылыми санасында көкейкесті болып қала береді. 2025 жылғы 24 маусымда Алматыда, Ю.Г. Басин соңғы 50 жыл бойында тұрған үйде салтанатты түрде ескерткіш тақта ашылды. Айтулы жиынға ғылыми жұртшылық өкілдері, шәкірттері, мемлекеттік қызметшілер мен заңгер-практиктер қатысты. Бұл оқиға отандық құқықтық мәдениеттің дамуына оның қосқан зор үлесін мойындаудың маңызды белгісі болды.
Юрий Григорьевич Басин ғалым мен заңгер болумен қатар, өз уақытының озық мәдени, азаматтық тұлғасы болды. Оның есімі адалдықтың зияткерлік көшбасшылықтың және құқыққа шынайы берілгендіктің символы ретінде жұртшылық жадында қалды. 2025 жылы қойылған ескерткіш тақтасы — тек есте қалдыру белгісі ғана емес, сонымен қатар болашақ заңлерлер буынына ғылым мен қоғам алдындағы жауапкершілік туралы ескерту болып табылады.
Тыныбеков С., з.ғ.д., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының профессоры
Нұрахметова Г.Г., з.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасыныңқауымдастырылған профессоры