Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында бекітілген және ол еліміздің қоғамдық-саяси, құқықтық және мәдени өмірінің барлық салаларында қолданылуға тиіс. Мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданылуын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолданудың маңызы ерекше, себебі сот төрелігін жүзеге асыру барысында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалады. Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі орны Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңымен және процессуалдық заңнамамен айқындалған. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 4-бабына сәйкес мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады. Бұл норма мемлекеттік тілдің сот өндірісіндегі рөлін нақты көрсетеді.
Сот жүйесі – мемлекеттік биліктің маңызды тармағы. Сондықтан сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асырудың маңызды кепілі болып табылады. Азаматтар өздерінің арыздарын, өтініштерін, шағымдарын және басқа да процессуалдық құжаттарын мемлекеттік тілде беруге құқылы. Өз кезегінде соттар мұндай құжаттарды қабылдап, заң талаптарына сәйкес қарауға міндетті.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сот ісін жүргізу тілі талап қою арызы қай тілде берілгеніне қарай белгіленеді. Сонымен қатар, Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте де сот ісін жүргізу тілін қолдану тәртібі нақты көрсетілген. Егер іске қатысушы тұлғалар сот ісі жүргізілетін тілді білмесе, оларға аудармашының көмегі тегін қамтамасыз етіледі. Бұл – сот төрелігінің қолжетімділігі мен әділдігін қамтамасыз ететін маңызды қағида. Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы бірнеше маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біріншіден, азаматтардың сотқа жүгіну құқықтарын толық жүзеге асыруына жағдай жасалады. Екіншіден, мемлекеттік тілдің құқықтық саладағы қолданыс аясы кеңейеді. Үшіншіден, заң терминологиясының дамуына және құқықтық мәдениеттің қалыптасуына оң әсер етеді. Сонымен қатар, сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану барысында құқықтық терминдердің бірізділігін қамтамасыз ету мәселесі де маңызды болып табылады. Заң мәтіндерін, сот актілерін және өзге де процессуалдық құжаттарды әзірлеу кезінде мемлекеттік тіл нормаларын сақтау, құқықтық терминдерді дұрыс пайдалану сот төрелігінің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгеруі ерекше маңызға ие.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарының бірі. Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану заң талаптарын орындаудың ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғаудың, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырудың маңызды құралы болып табылады. Сондықтан мемлекеттік тілдің сот өндірісіндегі қолданыс аясын кеңейту, оның сапалы әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету алдағы уақытта да өзекті міндет болып қала береді.
Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы Т.О.Алтынбекова.


