ҚАРАДАЛА ӨРIГI ҰЛТТЫҚ БРЕНДКЕ АЙНАЛА МА?

Бота Елеусізова Алматы облысы Ұйғыр ауданының әкімі болып тағайындалғаннан бері өрікті өңірдің брендіне айналдыруға күш салуда. Бұл бағытта 2025–2026 жылдары арнайы «ӨрікFest» фестивалі ұйымдастырылып, ол облыстың ғана емес, республиканың ең ірі туристік іс-шараларының күнтізбесіне енді.

«Бұл шараны енді халықаралық деңгейге көтерсек деген жоспарымыз бар. Оған көршілес елдерді де шақырсақ деп отырмыз. Түркияда өрікті сүйегіне дейін өңдейтін өндіріс орындары бар. Олармен қазір байланысқа шығып жатырмыз. Жиын-терін аяқталғаннан кейін шаруа қожалықтарымен тағы бір кездесу өткізбекпіз. «ӨрікFest» фестивалі аясындағы «Өрік бақтары – өңір байлығы, халық берекесі» деп аталатын ғылыми конференцияда өнім сапасын арттыру, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу, ара шаруашылығының жеміс өнімділігіне əсері талқыланды», – дейді Б.Елеусізова. Бір қарағанда бəрі ретретімен жүзеге асып жатқандай көрінері анық. Өйткені Жетісу өңірі ежелден ауыл шаруашылығының мал жəне бау-бақша мен егіншілік өндірістері қатар дамыған өлке саналады. Оны қазақтың əйгілі саяхатшы ғалымы Шоқан Уəлиханов та «Егіншілік туралы» деген мақаласында ерекше атап өткен. Тіпті Ресейде арық пен тоғандар арқылы суландыру жүйесі жоқ кездің өзінде мұнда оның бəрі толық жұмыс істеп тұрғанын жазады. Сол себепті Бота Серікқызы бұған де йін Арасан ыстық сулары мен Шарын шатқалымен əйгілі боп келген Қарадалының дəмі тіл үйірер өріктерін ұлттық брендке айналдырайық дегенде өңір тұрғындары ерекше қуанған болатын. Өйткені кешегі Кеңес дəуірінде де, бүгінгі тəуелсіздік кезеңінде де бұл жемісті əспеттеп, оны ұлттық байлыққа айналдыруға көңіл бөлінген жоқ. Сондықтан өрік сорттарын сұрыптау, оны жергілікті климаттық жағдайға бейімдеп, аудандастыру ісімен ешбір ғылыми-зерттеу институты айналыспады. Оны биылғы ғылыми конференцияға Алматыдан арнайы келген ғалымдар да мойындады. Осыған қарамастан шаруа қожалықтары ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеуге ынталы екенін білдіріп, олардың түрлі ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу үшін өз бау-бақшасын ұсынуға дайын екенін айтты. Өйткені ғылым мен өндіріс мамандары ынтымақтаса жұмыс істемесе, нарықтық заманында бəсекеге қабілетті өнім өндіру мүмкін емес. Оны статистикадан да байқауға болады.

Елдегі өріктің 62 пайызы Ұйғыр ауданында өсіріледі

«Бүгінгі таңда Ұйғыр ауданында 3 507 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жұмыс істейді. Аудан респуб лика бойынша өрік өндіруден бірінші орында (62%). Биыл орташа өнімділікті 95,0 ц/га дейін арттырып, жалпы өнімді 20 378 тоннаға жеткізу көзделген. Алайда, көктемгі ауа райының күрт өзгеруіне жəне аязға байланысты 634,5 гектар (жалпы бақтың 30%-ы) өрік алқабы үсікке ұшырады. Осыған орай, биылғы болжамды көрсеткіш 1510,5 гектар алқаптан 14 350 тоннаны құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 170 тоннаға аз. Жиналған өнімнің 7823,5 тоннасы (75 %) ішкі нарыққа бағытталса, 2607,5 тоннасы (25 %) Ресей, Өзбекстан жəне Қырғызстанға экспорт талды», – дейді Алматы облысы əкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы. Оның айтуынша, 2025 жылы орташа өнімділік 91 ц/ га құрап, жалпы 19520 тонна өнім жиналды. Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 20 пайызы көрші елдерге экспортталды. Соңғы онжылда ауданда 1 614 гектар жерге жаңа бақ отырғызылды. Оның ішінде өрік, алма, шабдалы секілді жеміс түрлері бар. Ауданның бақша шаруашылығы саласы зор экспорттық əлеуетке ие. Дегенмен, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыру үшін жеміс-жидекті сақтайтын заманауи қоймалар мен өңдеу кəсіпорындарының инфрақұрылымын жетілдіру, тауар өндірушілердің суармалы жерлердегі жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру жəне көпжылдық екпе ағаштарды күтіп-баптау мəдениетін жоғарылатуды жалғастыру маңызды.

Өрік қалдықсыз жеміс

Қалдықсыз жеміс саналатын өріктен 30-дан астам өнім түрін шығаруға болады. Мəселен, кептірілген өнімдерден: өрік қағы, өрік пастиласы, өрік ұнтағы дайындалады. Консервациядан – тосап (варенье), джем мен повидло, конфитюр, цукаттар, мармелад пен желе. Сусындардан – тікелей сығылған шырын, шырын концентраттары, компот жəне нектар, өрік шəрбаты (сироп), алкогольді сусындар. Өрік сүйегінен – тұздалған жəне қуырылған дəн, бадам алмастырғыш, белсендірілген көмір. Косметология мен медицинада – өрік майы, скрабтар. Жалпы өрік саудасының бізде үш негізгі бағыты бар. Біріншісі, тез бұзылатын өнім ретінде маусым-тамыз айында сатылатын балғын өрік. Ол Ресей нарығында өте өтімді. Қазақстанда жылына орта есеппен 35-38 мың тонна балғын өрік жиналады. Екіншісі, ұзақ сақтауға болатын кептірілген өрік. Қазақстанда балғын өріктің импорты экспорттан бір емес, бірнеше есе жоғары. Импорттық өнімнің 70 пайызы Өзбекстаннан, 30 пайызы Тəжікстан, Қытай, Қырғызстаннан. Ауарайы ның өзгерісіне байланысты олардың үлесі кейде өзгеріп тұрады. Мəселен, биыл жыл басында Өзбекстан мен Қытайдан əкелінетін өрік былтырмен салыстырғанда 3,6 есе өскен болатын. Жалпы, балғын өріктың импорты жылына 4-6 мың тонна аралығында өзгеріп тұрады. Ал бақша өнімінің басым бөлігі жиналатын Ұйғыр ауданындағы 25-30 мың тоннаға жуық өріктің 2,5-3 мың тоннасы ғана экспортталады. Қазақстан жылына 50-150 тонна кептірілген өрікті экспорттап, сырттан 4-5 мың тонна көлемінде импорттайды. Оның негізгі бөлігі Тəжікстан, Өзбекстан жəне Түркиядан. Үшіншісі, тосап, компот жəн джем түріндегі консервациялар. Өрік концервацияларының 95 пайызы импортталып, тек 5 пайызы өзімізде өндіріледі. Импорттық өнім негізінен Ресей мен Қырғызстаннан əкелінеді. Дегенмен нарықтағы өрік шырынының 60 пайызы отандық өндірісте өндірілсе, 40 пайызы сырттан əкелінеді. Елімізде өндірілген шырынның 2,5-3,5 тоннасы экспортталады. Ал импорттық өрік шырындарының көлемі жылына орта есеппен 50-60 мың тоннаны құрайды. Өрік джемі мен тосаптарының 12-15 мың тоннасы сырттан əкелінеді. Ондағы негізгі жеткізушілер – Ресей, Қырғызстан, Түркия, Франция. Ал еліміздің экспорты 100-300 тонна ғана. Сол себепті нарықтағы өрік шырынының 35-40 пайызы, джем мен тосаптардың 80-85 пайызы импорттың үлесінде. Осы арады балғын өрікті өңдейтін ірі зауыттардың жоқтығынан отандық шырын кəсіпорындары өрік концентраттарын Өзбекстан мен Қытайдан сатып алуға мəжбүр болып отырғанын айта кеткен жөн. Сол себепті Ресей мен Қырғызстаннан келетін джемдерді біздің наубайханалар мен кондитерлік цехтар шикізат ретінде пайдалануда.

Өрік нарығы 20-25 млрд теңгені құрайды

Қазақстанның өрік жəне оның өңделген өнімдері нарығының жылдық айналымы 20-25 млрд теңгені немесе 40- 50 млн АҚШ долларына бағаланады. Мəселен, жылына орта есеппен 35 мың тонна балғын өнім жиналған жағдайда, оның көтерме бағасы 180-350 теңге аралығында деп есептейтін болсақ, 6,5-10 млрд теңгені құрайды. Бөлшек саудадағы жылдық айналымы 600-1600 теңге аралығында болған жағдайда 12-15 млрд теңге болады. Экспорттық балғын өріктің тоннасы халықаралық орташа кедендік бағасы тоннасына 634 доллар болғанда сыртқы саудадан еліміз 1,6-1,9 млн доллар көлемінде табыс табады.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Сыбайлас жемқорлық

Сыбайлас жемқорлық - бұл лаузымды адамның немесе мемлекеттік қызметкердің...

Региональный кадровый резерв города Алматы: путь к профессиональному успеху

Момент зачисления в резерв: что изменилось в вашем восприятии...

Алматыда мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада басталды

2026 жылғы 20 маусымда Алматы қаласында «Адал азамат» тұжырымдамасын...

В Алматы стартовала Спартакиада среди государственных служащих

20 июня 2026 года в Алматы стартовала традиционная спартакиада...

ПРОВЕДЕНО ОЧЕРЕДНОЕ ЗАСЕДАНИЕ СОВЕТА ПО ЭТИКЕ

В соответствии с повесткой дня были заслушаны результаты мониторинга...