Қазіргі әлемде дін мәселесі тек сенім еркіндігімен ғана шектелмейді. Ол қоғамдық тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздікке, жастар тәрбиесіне, ақпараттық кеңістіктің тазалығына тікелей ықпал ететін маңызды фактордың біріне айналды. Әсіресе цифрлық дәуірде діни ақпараттың шекарасыз таралуы қоғам алдына жаңа міндеттер қойып отыр.
Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде əр азаматтың ар-ождан жəне діни сенім бостандығына кепілдік береді. Бұл – Конституциямен бекітілген қағидат. Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі ұстанымы діни сенім бостандығын қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық келісім мен конфессияаралық татулықты сақтауға бағытталған. Соның нақты айғағы бүгінде елімізде 18 конфессияның өкілдері қызмет етеді. 4 мыңға жуық тіркелген діни бірлестік бар. Республика бойынша 3 700-ден астам ғибадат орны жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда 14 діни білім беру ұйымында мыңдаған жас ресми діни білім алуда. Мемлекет қоғамдық келісімді, конфессияаралық татулықты жəне азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жауапты. Осы екі ұстанымның арасындағы тепе-теңдікті сақтау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Сарапшылардың айтуынша, зайырлылықты дінге қарсы ұғым ретінде түсіну – ең үлкен қателіктің бірі. Зайырлы мемлекет – дінді жоққа шығаратын мемлекет емес. Керісінше, ол əр азаматтың діни таңдауына құрметпен қарап, заң аясында бəріне бірдей мүмкіндік береді. Сондықтан зайырлылық пен діни сенім еркіндігі бір-біріне қарама-қайшы емес, өзара толықтыратын қағидаттар. Соңғы жылдары діни кеңістік айтарлықтай өзгерді. Егер бұрын адамдар діни білімді негізінен мешіттен немесе арнайы оқу орындарынан алса, қазір ақпараттың басым бөлігі интернет пен əлеу меттік желілер арқылы таралады. Мұның жақсы жағы да, қаупі де бар. Діни мазмұндағы ақпараттың шынайылығын ажырата алмау жастарды радикалды немесе жалған діни ағымдардың ықпалына түсіруі мүмкін. Мемлекеттік органдардың мониторингіне сəйкес, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында интернет кеңістігінде экстремистік сипаттағы 10 мыңнан астам материал анықталып, олардың едəуір бөлігі заң талаптарына сəйкес бұғатталып немесе жойылыпты. Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы діни ахуалды тұрақты екенін ғана емес, цифрлық кеңістіктегі жаңа қауіптерге де жүйелі түрде назар аударылып отырғанын көрсетеді. Сондықтан бүгінгі таңда рухани қауіпсіздік ұғымы діни сауаттылықпен, медиасауатпен жəне азаматтардың құқықтық мəдениетімен тығыз байланыста қарастырылады. Жалпы діни сауаттылықты арттыру – тек дін саласының ғана емес, жалпы қоғамның міндеті. Азамат өзінің діни құқығын да, заң алдындағы жауапкершілігін де қатар түсінуі керек. Дəстүрлі рухани құндылықтар – адамгершілік, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, еңбекқорлық, білімге ұмтылу сияқты қасиеттермен ұштасқанда ғана қоғамның тұтастығын нығайтады. Мұндай жағдайда сенімді дерек пен жалған ақпараттың ара-жігін ажырату оңай емес. Сарапшылардың пікірінше, дəл осы тұста діни сауаттылықтың маңызы арта түседі. Өйткені, радикалды идеялар көбіне діни білімнің тереңдігінен емес, оның үстірттігінен пайда көреді. Адам діни мəселелерді тек əлеуметтік желідегі қысқа бейнероликтер мен белгісіз уағызшылардан үйренсе, қате түсініктің ықпалына түсу қаупі жоғары. Сондықтан діни сауат – рухани қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Дəстүрлі рухани құндылықтарды қазіргі заманның талаптарына бейімдей отырып түсіндіру қажет. Бұл ретте жастарға дінді тек тыйымдар жүйесі ретінде емес, адамгершілікке, еңбекқорлыққа, білімге, отансүйгіштікке үндейтін рухани мектеп ретінде түсіндіру маңызды. Сонда діни құндылықтар қоғамды бөлетін емес, біріктіретін күшке айналады. Рухани иммунитет кездейсоқ қалыптаспайды. Ол дұрыс тəрбие, сапалы білім жəне ашық қоғамдық диалог арқылы нығаяды. Қазіргі кезеңде əлемнің көптеген елдері діни экстремизммен ғана емес, ақпараттық манипуляциямен, жалған діни бедел қалыптастыру əрекеттерімен де күресіп отыр. Қазақстан үшін мұндай сын-қатерлердің алдын алудың ең тиімді жолы – құқықтық мемлекет қағидаттарын сақтау, азаматтардың діни сауатын арттыру жəне дəстүрлі рухани құндылықтарды заман талабына сай түсіндіру.
Тышқан КЕҢШІЛІК, ДІНТАНУШЫ: Дін – қоғамды бөлудің құралы емес, адамды ізгілікке бастайтын рухани негіз. Ал зайырлы мемлекет – осы рухани таңдаудың еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық алаң. Екеуінің арасындағы үйлесім сақталған жағдайда ғана қоғамдық келісім нығайып, елдің тұрақты дамуына берік негіз қаланады. Сондықтан бүгінгі таңда дін туралы əңгімені тек сенім мəселесі ретінде емес, құқықтық мəдениетпен, азаматтық жауапкершілікпен жəне қоғамдық тұрақтылықпен сабақтас құбылыс ретінде қарастырған жөн. Дəл осы ұстаным Қазақстанның зайырлы даму моделінің өміршеңдігін айқындайтын басты өлшемнің бірі болып қала береді.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ «Заң газеті»


