Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі

Қазіргі таңда заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту мәселелері айрықша маңызға ие. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына  жасаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» аттыжолдауында (2.09.2024 ж.) әділетті әрі тұрақты қоғам қалыптастырудағы заң мен тәртіптің маңызына тоқталған болатын. Осыған орай, елімізде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы дайындалып, онда құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды дер уақытында анықтап-ашу, азаматтардың құқықтық білім-біліктерін арттыру шаралары нақтыланды.   

Ал ҚР Судьяларының IХ съезінде Президент «Сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды. Ал заң мен тәртіп болмаса, басқа реформаның табысты болуы екіталай» деді. Бұл сот билігіне үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында да Президенттің заң мен тәртіп тақырыбын кеңінен қозғап, қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет екенін, еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиістігін айтуы  бекер емес. Өйткені, заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Сол себепті, бұл мәселе әрқашан да өзекті болып қала береді.

Конституциямен нақтыланғандай, еліміздің әрбір азаматы шыққан тегіне, әлеуметтік, мүліктік жағдайына қарамастан заң мен сот алдында тең. Сонымен қатар, олар өз құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін сот арқылы қорғай алады. 

Осы  тұрғыда соттар заң талаптарын бұзып, құқықбұзушылық жасағандарға әділ шешімдері арқылы жауапкершілік жүктейді. Бұл өз кезегінде заңның үстемдік құруына, сондай-ақ, қоғамдық  тәртіптің барынша нығаюына  ықпал етеді.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында соңғы жылдары сот саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бастысы ретінде дербес кассациялық соттарды атауға болады. Олай дейтініміз, кассациялық соттар төменгі саты соттары шығарған сот актілерінде заңдылықтың сақталуын тексеріп, сот тәжірибесінің бірізділігін қалыптастырады. Әрі жеке және заңды тұлғалардың сот төрелігіне қолжеткізуіне, құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің әділ қорғалуына мол мүмкіндік береді.

Бұған қоса апеллияциялық сатының рөлі күшейтілді. Бұл өз кезегінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді жеделдетіп, қағазбастылықтан арылтуда. Мысалы, бірінші сатыдағы сотта іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс анықталмаған жағдайда, апелляциялық сот оны бұрынғыдай кері қайтармай,  істі мәні бойынша қарайды.

Азаматтардың ҚР Жоғарғы Сотының порталы арқылы сот процестерінің барысын бақылап, сот шешімдерімен танысуын жүйе жұмысындағы ашықтықтың жарқын көрінісіне балауға болады.

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпке бас иген құл  болмайды». Ал заңның әрбір бабын құрметтеген адам тәртіп бұзбайды. Яғни, осындай әрекеті арқылы әр адам мемлекеттің тұрақты дамуына үлес қосады. Бұл үшін,  әрине, отбасындағы, өскен ортасындағы тәрбие мықты болуы керек.

Заңға құрмет көрсетіп, оның талаптарына бағыну, өмір салтына айналдыру тәртіп сақтаудың басты шарты. Сондықтан, заңы үстемдік құрған азаматтық және мәдени орта қалыптастыру баршаға ортақ міндет саналады.

Айгерім Бурашева,

ҚР Сот Әкімшілігінің кассациялық соттар

департаменті ұйымдастыру-талдау

бөлімінің меңгерушісі

Кассациялық сот – әділ сот төрелігінің жаңа кезеңі

Құқықтық мемлекет құру жолында сот жүйесінің әділдігі мен ашықтығы...

Халықаралық құжат айналымындағы апостиль рөлі

Көпшілік үшін «апостиль» сөзі тек құжат рәсімдеумен байланысты қарапайым...

Аумақтан тыс соттылық – маңызды құқықтық қадам

Қазіргі қоғамда сот жүйесіне деген сенім – құқықтық мемлекетттің...

С начала года государственные театры Казахстана посетили свыше 600 тысяч зрителей

Сегодня в Казахстане функционирует более 70 театров, из которых...

Жыл басынан бері мемлекеттік театрларға 600 мыңнан астам көрермен барды

Бүгінде Қазақстанда 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның 59-ы...