Астанада Жанұзақ Тұрсынбаевтың жаңа кітабы таныстырылды
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада жазушы Жанұзақ Тұрсынбаевтың «Тида» атты романының салтанатты тұсаукесері өтті.

Іс-шараны қоғам белсендісі, «Pro bono» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы әрі әлеуметтік жобалар үйлестірушісі Инабат Кәриқұллаева жүргізіп отырды. Ол алдымен автор мен арнайы шақырылған қонақтарды таныстырып, романның маңыздылығы туралы қысқаша сөз сөйледі.
Тұсаукесердің ашылуында Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары Қожабекова Әлия Мамбаевна жылы лебіз білдіріп, қазақ әдебиетіне жаңа леп әкелген туындыға сәттілік тіледі.
Кештің негізгі қонағы, роман авторы Жанұзақ Тұрсынбаев өз сөзінде «Тида» романының жазылу тарихы, көтерілген тақырыптар мен кейіпкерлер тағдыры жайлы кеңінен баяндап берді. «Бұл шығарма – тек көркем туынды ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосу», – деді жазушы.
Кейін салтанатты сәт ретінде кітаптың лентасы қиылып, жаңа туындының ресми өмірі басталды.
Романға ғылыми баға берген филология ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Құралай Бибітәлиевна Оразаева:
– «Тида» – тілдік кестесі көркем, философиялық астары терең роман. Автор қазақ әдебиетін жаңа формалық, мазмұндық деңгейге көтеріп отыр, – деп атап өтті.
Автордың жары, Қызылорда қаласындағы №101 мектептің физика пәні мұғалімі Ләззат Сапиоллақызы Жүсіпбекова да жиында сөз алып, –атаулы роман – мұғалім үшін де, оқушы үшін де тәрбие құралына айнала алатын шығарма, – деді.
Сонымен қатар, ерекше балалардың ата-аналарын біріктіретін республикалық қоғамдық бірлестік филиалының Астана қаласындағы жетекшісі Гүлсән Мейрамқызы Мауина да:
– Роман ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде маған өте жақын. Қоғамға бейімделу, шеттелу, түсіністік – бұл тек әдебиетте емес, өмірде де маңызды, – деп пікірін білдірді.
Кеш соңында аудиториямен ашық пікір алмасу өтіп, оқырмандар өз ойларын ортаға салды. Көпшілік романнан алған әсерімен бөлісіп, авторға сұрақтар қойды. Іс-шара модераторы қатысушыларға алғыс айтып, тұсаукесерді түйіндеді.
Тұсаукесер кітап авторының қолтаңба сессиясымен жалғасты. Жанұзақ Тұрсынбаев шараға келген қонақтарға кітапқа қолтаңба қойып, естелік суретке түсті.
Жанұзақ Тұрсынбаев – заманауи қазақстандық жазушы, төрт романның авторы: «Ұмыту құмдары», «Тида», «Тұңғиықтың үстіндегі жіптер» және «Упойение». Жазушының туындылары Litres (litres.ru) және КазНЭБ (kazneb.kz), порталдарында қолжетімді, ал «Ұмыту құмдары» мен «Тида» романдары ағылшын тіліне аударылып, Amazon (amazon.com) платформасында жарық көрген.
«Тида» романы — жоғалту, эмпатия және рухани өзгеріс тақырыптарын терең зерттейтін көркем шығарма. Шығармадағы бас кейіпкер — Мұхит есімді дәрігер, ұлының қайғылы қазасынан кейін өмірі мен кәсіби жолын қайта қарауға мәжбүр болады. Жұмыс барысында ол аутист балаға тап болып, оның Тида деп аталатын қиял әлемі арқылы Мұхит өмірге жаңа қырынан қарап, рухани кемелденуге қадам басады.
Роман реализм мен фантастика элементтерін үйлестіре отырып, оқырманды эмоционалды әрі философиялық терең мазмұнға жетелейді. Кітап оқырманды қабылдау, түсіністік және адам рухының беріктігі туралы ойлануға шақырады.