Қазақстанның тұрақтылығы туралы сөз болғанда ең алдымен қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық аталады. Бұл – тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан мемлекеттің басты жетістіктерінің бірі. Алайда бүгінгі таңда бұл ұғымды тек бейбіт өмір сүрумен ғана өлшеу жеткіліксіз. Геосаяси тұрақсыздық, цифрлық кеңістіктегі ақпараттық текетірес, қоғамдық сананың өзгеруі ұлтаралық келісімге де жаңа мазмұн жүктеп отыр.
Ең бастысы – қоғамдық келісім бүгінде саяси ұран емес, құқықтық мемлекеттің өміршеңдігін айқындайтын маңызды институтқа айналды. Қазақстан Конституциясы əр азаматтың заң алдындағы теңдігін, ар-ождан бостандығын, тілдік жəне мəдени құқықтарын кепілдендіреді. Демек, ұлтаралық келісімнің іргесі алдымен құқықтық теңдікке қаланған. Қазақстанның қоғамдық келісім моделінің өміршеңдігін елдің этникалық жəне конфессиялық əралуандығы да дəлелдейді. Елімізде 130- дан астам этнос өмір сүреді, 17 конфессия қызмет етеді, 3 800-ге жуық діни бірлестік тіркелген. Осындай əралуандық жағдайында тұрақтылықты сақтау құқықтық мемлекеттің, азаматтық жауапкершіліктің жəне өзара құрметтің нəтижесі болып отыр. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезеңде қоғамдық келісімнің мəні бұрынғыдан əлдеқайда кең. Егер кеше біз көбіне этностар арасындағы татулық туралы айтсақ, бүгінде мəселе азаматтық бірегейлікке келіп тіреледі. Қазақстанның əрбір азаматы өзін ортақ тағдырдың иесі ретінде сезінуі қажет. Ортақ жауапкершілік – қоғамдық келісімнің жаңа мазмұны. Бұл ой Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалардың логикасымен де сабақтас. Соңғы жылдары Президент қоғамдық келісімді заң үстемдігімен, əділеттілікпен жəне азаматтық жауапкершілікпен қатар қарастырып келеді. Өйткені қоғамның тұтастығы əлеуметтік əділеттіліксіз, мемлекеттік институттарға деген сенімсіз жəне заңның бəріне бірдей қолданылмай орнықты болмайды. Бүгінде ұлтаралық келісімге төнетін қауіп бұрынғыдай тек тұрмыс тық деңгейдегі жанжалдармен шектелмейді. Ақпараттық кеңістіктегі жалған мəліметтер, өшпенділік тілін насихаттайтын материалдар, сырттан бағытталған арандатушылық əрекеттер қоғамдық тұрақтылыққа əсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда құқықтық мəдениет пен медиасауаттылық қатар жүруі тиіс. Ақпараттық қауіпсіздік тек техникалық мəселе емес. Ол – азаматтың жауапкершілігі. Əр адам таратқан ақпараты үшін жауап беретінін түсінген кезде ғана қоғамның ішкі иммунитеті күшейеді. Бұл – құқықтық мəдениеттің де көрінісі. Тағы бір маңызды мəселе – жастардың азаматтық санасын қалыптастыру. Сарапшылардың айтуынша, жастарға толеранттылықты ғана емес, Конституцияға құрметті, заңға адалдықты жəне ортақ ұлттық мүддені түсіндіру маңызды. Этностық əралуандық – біздің ерекшелігіміз. Бірақ бəрімізді біріктіретін ортақ құндылық – Қазақстан Республикасының азаматы деген мəртебе. Осы ұғым санамызда берік орныққанда ғана қоғамдық келісім ұзақ мерзімді сипат алады. Халықаралық тəжірибе көрсетіп отырғандай, қоғамның ішкі тұтастығы əлсіреген мемлекеттердің сыртқы сын-қатерлерге төтеп беруі де қиындай түседі. Сондықтан қоғамдық келісім – тек əлеуметтік саясаттың бағыты емес, мемлекеттілікті нығайтудың негізгі шарттарының бірі. Қазақстанның таңдаған жолы – құқық арқылы бірлікті нығайту, əр азаматтың қадір-қасиетін қорғау жəне этностық əралуандықты ортақ құндылыққа айналдыру. Бұл қағидаттар өзгермеуі тиіс. Өйткені тұрақтылық кездейсоқ қалыптаспайды. Ол əділетті заңның, жауапты мемлекеттік саясаттың жəне азаматтардың өзара құрметінің нəтижесінде орнығады. Сондықтан ұлтаралық келісім туралы əңгімені өткеннің жетістігі ретінде ғана емес, болашаққа арналған міндет ретінде қарастырған жөн. Құқықтық мемлекет пен əділетті қоғам құру жолында бірлік – ең сенімді тірек, ал заң – сол бірліктің берік кепілі.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


