Тәуелсіздік рухын оятқан тұлға

Биыл қазақтан шыққан тұңғыш құқықтану магистрі Жақып Ақбайұлы Ақбаевтың туғанына 150 жыл толады. 1876 жылы 25 қазанда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Тәңіректес деген жерде өмірге келген ол 1934 жылы 4 шілдеде 57 жасында Алматыда көз жұмған.

Алашорда үкіметінің прокуроры болған көрнекті тұлғаның есімін ұлықтау шарасы мемлекеттік деңгейде ұйымдастырылмағанымен, жер-жерде оның 150 жылдығына орай түрлі іс-шаралар белсенділердің ұйтқы болуымен өз жалғасын табуда. Сондай шаралардың бірі мамыр айында Қарағанды қаласында ұйымдастырылды. «Тəуелсіздік рухын оятқан тұлға» атты оқырман конференциясына 50-ге жуық мектеп оқушысы қатысты. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің профессор ассистенті Марат Ыбрайханның айтуынша, мұндай шаралар Жақып Ақбаевтың жəне өзге де заң саласы мамандарының ел үшін атқарған еңбегін кеңінен насихаттауда аса маңызды рөл атқарады. Жақып Ақбайұлы 1886 жылы Қарқаралыдағы қазақ интернатына, ал 1889 жылы Омбы гимназиясына түседі. Омбыда 7 жыл, одан кейін Томск гимназиясында 1 жыл оқып, 1898 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. Оны 1903 жылы 1-дəрежелі дипломмен бітіріп, заң магистрі ғылыми дəрежесіне ие болады. Елге келген соң Омбы қаласындағы сот палатасында палата хатшысы болып қызмет атқарады. Дала өлкесінің генерал-губернаторы Сухотиннің басшылығымен өткен мəжілісте қазақтарды Дума сайлауына қатыстырмау туралы мəселе қозғалғанда, осы шешімге қарсылық ретінде Қарқаралы уезінің өкілетті 42 қазақ қол қойған 22-шілдеде патшаға жіберілген жеделхатты құрас тырған. Тамызда Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітімші судьясы болған Ж.Ақбайұлы 17 қазандағы патша манифесіне қатысты. 19 қазанда өткен митингіде сөйлеген сөзі үшін «Үкіметке тіл тигізді» деген сылтаумен қызметінен қуылады. Ал 15- 16 қарашада Қарқаралыдағы жиында сөйлеген сөзі үшін жергілікті əкімшілік оны 1906 жылдың 11 қаңтарында тұтқындап, Семей түрмесіне жібереді. Ал 1908 жылы əуелі Омбы, кейін Жетісу облысының Қапал қаласында, 1910 жылғы ақпаннан 1912 жылғы ақпанға дейін Троицк қаласында айдауда болады. Патшалық Ресейдің отарлық саясатын батыл əшкерелеп, қоныс аударушыларға қазақтардың ешқашан өз еркімен жер бермейтінін ашық мəлімдеп, тəуелсіздік мəселесін қозғаған ол адвокаттық қызметпен де айналысқан. 1915-1916 жылдары патша үкіметіне қарсы келгені үшін тағы да түрмеге жабылады да, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін босатылады. Үнемі қуғын-сүргін көріп, түрмеге қамалып, жер аударылған ол 27 сəуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезін өткізуге белсене атсалысып, облыстық комитеттің мүшеліне сайланады. Ал шілдеде болған Жалпықазақ съезінде депутаттыққа ұсынылып, желтоқсандағы съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланады. Қазақтың алғашқы заң магистрі кəсіби заңгер ретінде Алаш автономиясының құқықтық негіздерін қалап, оның жергілікті басқару органдарын белгілегенін əлі күнге дейін көпшілік біле бермейді. Оның кеңесімен жəне қатысуымен ежелгі қазақ жерлерінің басым бөлігі Алашорда автономиясына енгізілгенін де тек тарихшылар ғана біледі. Тұрақты əскер құру идеясын алғаш боп ұсынған білікті құқық маманын 1919 жылы қаңтарда Колчак агенттері қолға түсіріп, тұтқынға алып, ату жазасына кесілгенімен, бұл үкім орындалмай қалған. Кеңес өкіметі орнап, Семей азат етілгеннен кейін Жақып Ақбаев 1920 жылғы қыркүйектен бастап Семей губревкомының əділет бөліміне қызметке келді. Губерниялық сот тергеу учаскелері құрылып, сол жылы Ақбаев Семей кеңестік халық сотының мүшесі болып, 1921–1922 жылдары ағарту бөлімінде жұмыс істейді. Қазақтың ауыз əдебиеті шығармаларын жинау жөніндегі комиссиясының төрағасы болған ол Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімінде жəне Семейде əртүрлі қызметтер атқарады. 1925 жылдың наурызында соттың конс трукторлық тексеру бөлімінің меңгерушісі жəне запастағы судья міндетін атқару үшін Губерниялық ішкі істер органына жіберіледі. Алайда Ж.Ақбайұлы денсаулығына байланысты 1927 жылы қазан айында қазақ халқының тарихын зерттеу үшін жəне ауа райы жайлы оңтүстікте тұру үшін Қызылорда қаласына барады. Онда 1928 жылы Сыр дария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болып орналасады. Кейін саяси айыптаулардан аулақ болу үшін қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданындағы қазіргі Төлеби ауылына қоныс аударады. Аңдыған жау алмай қоймайды дегендей 1930 жылы тамыз айында тұтқындалып, бес жыл мерзімге Воронеж облысына жер аударылады. Оның өлім халіне жеткенін байқаған түрме əкімшілігі рақымшылық білдіріп, өтініші бойынша 1934 жылы Алматыда емделуге рұқсатын береді. Алайда мұнда келген соң ауруы асқынған Ж. Ақбаев 4 шілдеде кайтыс болды.

Əсем САТҚЫНОВА

Тіл – халық қазынасы 

Тіл – халықтың жүрегі, ұлттың рухани болмысы мен мәдениетінің...

Тұрғын үйге арналған жаңа құжат – Кадастрлық паспорт

Мемлекет басшысы 05 сәуір 2023 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір...

Мемлекеттік қызметшінің имиджі мен әдебі

Мемлекеттік қызмет-қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды...

АСТАНАДА «COUPE MONDIALE 79» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ ЖАБЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

27 тамыз күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қоолдауымен,...

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттік және құқықтық жүйенің негізі

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің құқықтық жүйесінің іргетасы, қоғам...