Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаев пен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр.
Бүгін – 18 қарашада Санжар Боқаев сотқа тісінің ауырып тұрғанын айтып, стоматологтың қабылдауына баруға рұқсат беруін сұрады. Төрағалық етіп жатқан судья айыпталушының өтінішін қанағаттандырды.
Куәгерлер өз айғақтарын беріп болды. Қазіргі уақытта сот отырысында іс материалдары, банктің үзінді көшірмелер мен қаржылық құжаттар зерделеніп жатыр.
Еске сала кетейік, Санжар Боқаевқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, аса ірі мөлшердегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату.
Аталған іс бойынша өзге де айыпталушылардың қатарында оның жиені Мадиар Қалменов пен мобилограф Ұлан Нүсіпқожа бар. Мадиар Қалменовке алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру, ал Ұлан Нүсіпқожаға ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату айыптары тағылып отыр.


