12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанындағы Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі:«КОРРУПЦИЯ КОРОНАВИРУСТАН ҚАУІПТІ»

Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жанындағы Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі:

– Елімізге келген ауыр індеттің зардабы осал болмай тұр. Ел-жұртты əбігерге салған осындай сындарлы кезеңде «Коронавирус коррупциядан қауіпті емес» деуіңіздің өзіндік мəні бар шығар?
– Иə, еліміз үшін коронавирус қандай қауіпті болса, сыбайлас жемқорлықтың келтірер зияны одан да көп. Өйткені, тамырын тереңге жайған жемқорлық елге қауіп төндіріп отырған емі жоқ ауруға айналды. Коронавирусты анықтауға, емдеуге болады. Ал, адамның санасындағы арам пиғылды табу қиын. Іс жүзінде сыбайлас жемқорлық əр ауылда, ауданда, қалада жайылып кеткен. Жерді ақысыз беру, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, жердің шекарасын бөлу, жер құқығын беретін куəландырушы құжатын анықтау барысында сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары. Сондықтан, қандай жағдайда да жемқорлықпен күресті бір сəтке де тоқтатпауымыз керек.
– БекЭйр ұшағы құлаған елді мекендегі жерге қатысты былық-шылықты ашуда Сіздің кəсіби көмегіңіз зор болды. Қандай заңсыздықтар орын алғанын жер қатынастары мәселелері жөніндегі білгір маман ретінде өз аузыңыздан естісек.
– Тергеу тобының кеңесшісі болғандықтан, ақпараттарды жариялауға құқығым жоқ. Сондықтан, БекЭйр апатына қатысты ашып ештеңе айта алмаймын. Дегенмен, жалпылама түсінік беріп кетуіме болады. Өз басым осы қайғылы оқиғаға сыбайлас жемқорлықтың тікелей болмаса да, жанама себебі бар деп есептеймін. Өйткені, Алматы маңындағы Талғар, Қарасай, Іле аудандарында жерді заңсыз беру фактілері орын алған. Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертіп, қосалқы шаруашылық, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін бөлшектеп оңды-солды сата берген. Бұл жерде құқық қорғау органдары тарапынан жергілікті атқару органдарына тағылатын ең үлкен кінə – жерді заңсыз беру. Жер кодексінің 97-бабының талабына сəйкес, қосалқы шаруа қожалығынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жердің нысаналы мақсатын ауыстыру үшін ол жер нақты бір елді мекеннің шегіне кіруі тиіс жəне сол елді мекеннің бас жоспарында болуы керек. Ал, Талғар, Іле аудандық əкімдіктерінде осы талапты орындамай, ауылшаруашылық мақсатындағы жерді бөліп, мемлекеттік акті алған соң, оңды-солды сата берген. Ал, Жер кодексінің 97-бабына сəйкес, қосалқы шаруашылық жəне тауарлы өндірістік қызмет жүргізу үшін берілген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер құнарлы алқап болса, тұрғын үй салуға немесе басқа мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Бірақ, біздің азаматтар не істейді? Алаяқтардан жерді сатып алады, үй салады, оны заңдастыра алмай жүре береді, əкімдікке барады, үкіметке, Президентке хат жазады. Ал, шындығына келгенде құқықтық білімінің жоқтығынан, құқықтық сауатының төмендігінен зардап шегіп отыр. Санитарлық нормаға сəйкес, əуежай аумағында кемінде 500 м көлеміндегі жерге тұрғын үй салуға болмайды, бағбандық жүргізу, жеке қосалқы шаруашылық жұмыстарын ұйымдастыру, қандай да бір құрылыс ғимараттарын тұрғызуға тыйым салынған. Оған қоса авиациялық нормалар бойынша, 3-4 км дейінгі аймақта ғимарат құрылысын жүргізу үшін əуежайдың жəне мемлекеттік авиация саласының өкілетті органының арнайы рұқсаты керек. БэкЭйрдің ісі бойынша тексеру барысында сол аймақтағы жерді беру, үйлерді салу кезінде Талғар аудандық əкімдігі жəне Гүлдала ауылдық округі жерге орналастыру жобасын бекіткен кезде жəне жерлердің нысаналы мақсатын ауыстырар алдында Алматы халықаралық əуежайының, мемлекеттік авиация саласының өкілетті органының келісімін алмаған. Бұл Жер кодексінің жəне құрылыс, санитарлық норма талаптарын өрескел бұзу деп есептеледі. Бұдан бөлек Талғар аудандық əкімдігі əуежай маңындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын ауыстыру кезінде жерді пайдалану мен қорғау саласындағы өкілетті орган – жер инспекциясы ешқандай шара қолданбаған. Өйткені жер инспекциясы – ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді дұрыс қолданбау, жердің нысаналы мақсатын ауыстыру, жерді заңсыз беру, рұқсат етілмеген жерлерді беріп жіберу фактісі бойынша тікелей араласып, сол қаулыны заңсыз деп тану туралы сотқа шағым беруге құқығы бар мекеме. Бірақ, өкінішке орай, 2012–2015 жыл дар аралығында берілген жерлерде үй
салу 2014–2015 жылдары басталған сəтте бұл мекеме тиісті органдарға хат та жолдаған жоқ, шағым да түсірген жоқ, сотқа қаулыларды бұзу туралы талап арыз да берген жоқ, тиісті тексерістер де ұйымдастырмады. Одан басқа бұл жерде прокуратура органдарының да рөлі ерекше. Яғни, осы уақыт аралығында көліктік прокуратура органы заңсыз жерлердің табысталуы, əуежай маңындағы жерлердің нысаналы мақсатын заңсыз ауыстыру фактісін біле отырып, тиісті қаулыларды сəйкестендіру құжаттарын, құрылыс ғимараттарын заңсыз деп тану туралы талап арыздарды немесе ұсыныстарды процессуалдық акт ретінде неліктен шығармады? Не себепті прокурорлық тексеріс ұйымдастырмады? Міне, бұл да үлкен мəселе. Алдағы сот барысында осы мəн-жайлар анықталуы жəне кінəлі субъектілер заң алдында жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бұл жерде мен барлық заң бұзушылықтар Талғар аудандық əкімдігі, жер комиссиясының төрағасы, сəулет, қала құрылысы бөлімінің басшысы, жер қатынастары бөлімінің басшысы, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес ұйымы» АҚ жанындағы жер кадастры департаментінің Талғар ауданы бойынша филиалының басшылары, сол сияқты авиациялық прокурорлар мен жер пайдалану жəне қорғау саласындағы, əділет органдары сияқты кінəлі субъектілердің іс əрекетінің жоқтығы салдарынан орын алып отыр деп есептеймін.
Бас прокуратураның мəлімдеуінше, еліміз бойынша əуежайлар аумағындағы санитарлық-қорғау аймақтарында орналасқан 1500 заңсыз жер учаскесі анықталған. Ал, 11 əуежайдың маңында мұндай аймақтар атымен жоқ болып шықты. Əуежай жанынан құрылған комиссиялардың рұқсатынсыз аталған аймақтарда 100 мыңнан астам нысан тұрғызылған. Мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін, ең алдымен ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді бөлшектеуді доғару керек. Осы мақсатта 2018 жылы Жер туралы кодекстің 110-бабына енгізілген өзгерістерге сəйкес, енді республикалық жəне облыстық маңызы бар қала маңындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді бөлуге тыйым салынған. Алайда облыстарды, аудандарды аралау барысында, тыйым салынғанына қарамастан, жергілікті атқару органдарының ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді бөліп жатқанына көз жеткіздік. Сондықтан, прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесіп, мұндай іс-əрекеттердің алдын алуымыз керек. Бұдан ең алдымен қарапайым халықтың зардап шегетінін естен шығармауымыз тиіс. Яғни, егер ауылшаруашылық мақсатындағы жер жүз бөлікке бөлініп сатылса, жүз үйдің сəйкестендіру
құжаты, қабылдау актісі, қаулысы, сату-­сатып алу шарты сот шешімімен заңсыз деп танылады. Бұл жүз отбасы жерінен айырылып, үйлері заңсыз деп танылып, бұзылуы тиіс деген сөз. Айналып келгенде, жүз отбасы баспанасыз қалады. Міне, Алматы, Нұр-Сұлтан, өзге де облыстық маңызы бар қалалардың маңындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді алып, үй салған мыңдаған адамдар осындай қауіп-қатерге бастарын тігіп отырғаны жасырын емес.
Заңсыз алынған жерін қайтарып бергеніңіз үшін Еңбекшіқазақ ауданындағы Асысаға ауылы тұрғындарының алғыс айтқанын естідік. Жалпы облыстардағы жағдай қалай?
– Əр өңірде жергілікті əкімдіктің шенеуніктері, прокурорлар мен жер инспекциясы басқармаларының қызметкерлерінен құралған ұйымдасқан сыбайлас топ бар деп айтсам, қателеспеймін. Мысалы, БҚО-да Шыңғырлау аудандық жер комиссиясының мүшесі тендер жеңімпазы болып танылған. Осы өңірдегі Бəйтерек ауданында өткізілген лоттың жеңімпазы аудан əкімінің орынбасары жер комиссиясы төрағасының туған ағасы болып шыққан. Бұл «Сыбайлас жемқорлық туралы» заң талаптарының өрескел бұзылуы деп білемін. Ал Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Асысаға ауылының маңындағы 10 мың 500 гектар жер, соның ішінде жайылымдық жерлер де бар, бір отбасының – əкесі, қызы, екі қарындасы, əйелі, інісі, күйеу баласының меншігіне өтіп, малмен күн көріп отырған жергілікті халықтың наразылығын тудырған. Нəтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарының араласуымен Алматы облысы бойынша жерді қорғау жəне пайдалануды бақылау басқармасы аудан əкімінің бірнеше қаулысын заңсыз деп танып, 6500 га жер Асысаға халқының игілігіне қайтарылды.
Нұр-Сұлтан қаласындағы нүктесі қойылған үлкен жер дауы халықаралық жанжалдың алдын алды. Сөйтіп, оңтүстіккореялық «Megagen» компаниясының инвестициясына бес жұлдызды кешенді қонақ үй салуды көздеген астаналық кəсіпкердің жер телімі игерілмеуіне байланысты мемлекет мұқтажы үшін алып қою мақсатында Жер кодексінің 92, 93-баптары бойынша сотқа шағым түсірген жергілікті шенеуніктердің заңсыз іс-əрекеті жүзеге аспады.
– Меркедегі Кенесары ескерткіші тұрған жер телімінің төңірегіндегі дау-дамай да көптің назарын аударуда.
– Жергілікті белсенділердің игі ойларының соттағы дауға айналғаны, əрине, өкінішті. Бұл жерде екі жақтан да ағаттық кеткен. Əу баста жол бойындағы сервис ұйымдастыру үшін алынған жердің нысаналы мақсатын өзгертіп, ескерткіш тұрғызбақ болып шешкен. Алайда, ескерткіш эстетикалық талаптарға сай болуы керек, жобасы тиісті органдармен келісілуі, қабылдау актісінде мəдени мұра, тарихи ескерткіштер басқармасы өкілінің қолы қойылуы, есепке алынуы тиіс. Белсенділер тарапынан бұл əрекеттер жасалмаған. Бұл олардың ағаттығы. Бірақ, Мерке аудандық жер қатынастары бөлімі, сəулет, қала құрылысы бөлімі, ауылдық округ əкімдігі халықтың құқықтық білімінің таяздығын біле отырып, құрылыс жүргізу кезінде халықты жинап, түсінік
жұмыстарын жүргізбеген, заңдастыру құжаттарын реттеуге көмек бермеген. Қазіргі таңда сотқа шағым беріп, қазақ халқының тарихында өзіндік орны бар рухани тұлғаның ескерткішін сүріп тастау, бұзу туралы талап қойып отыр. Егер мəселе оңымен шешілмесе, мемлекет пен белсенділер арасында үлкен текетірес болғалы тұр, аяғы қоғамды дүрліктіруге əкеліп соқтыруы мүмкін. Өйткені бұған жеке адамдардың қыруар қаражаты кетті, ескерткіштің айналасын көгалдандырып, суға дейін өткізіп қойған. Расын айтсақ, мемлекет атқаратын шаруаны жеке адамдар жасап отыр. Сол себепті жергілікті атқарушы органдар келісімге келеді деп ойлаймын. Азаматтар менімен байланыста, оларға құқықтық кеңесімді, көмегімді беріп, бағыттарын түсіндіріп отырмын.
– Сыбайлас жемқорлықтың құрбаны болып, зардап шекпес үшін қарапайым халық нені білуі тиіс? «Заң газетінің» оқырмандарына жер мəселелеріне қатысты қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Ең алдымен жерді сатып алар алдында нотариусқа сенудің қажеті жоқ. Ол тек қана жердің заңдастырылғанын жəне нақты бір шектеудің, қамаудың қойылмағанын, тазалығын тексереді. Ал, бұл жерге үй салуға бола ма, санитарлық қорғау аймағына, су қорғау аймағына, қызыл белдеуге кірген бе, ертең мемлекет қажеттіліктері үшін алып қоймай ма, əуежай аймағындағы немесе мұнай-газ құбырының маңындағы жер ме деген сұрақтарға нотариус жауап бермейді, ондай мəселелерді тексермейді де. Нотариус тек бұл мəмілені растап, куəландырып жібереді. Ертеңгі зардабын сатып алған адам тартады. «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» заңның 9, 12-баптарына сəйкес, жер сатып алатын азамат əртүрлі ақпаратты адвокат жалдап немесе өзі тікелей сататын адам арқылы алдыртуға құқығы бар. Ақпаратты алып, көзі жетіп, растағаннан кейін ғана жерді емін-еркін сатып алуға болады. Егер азаматтар нотариусқа сеніп, тексермей, сатып ала берсе, ертең оның қауіп-қатер тəуекелін өз мойнына алады. Заңгерлерге, адвокаттарға, зардап шеккен азаматтарға тағы бір айтарым – заң бұзушылық орын алса, құқығы бұзылса, сотқа бармас бұрын дəлелдемелерді жинап алу керек. Жинап болған соң оны сараптау қажет. Қай құжатты ұсынуға болады, қайсысын болмайды, соны анықтап алу керек. Сот отырысына құрқол келуге болмайды, қарсы тараптың кінəсін тек қана құжаттармен, заңмен нақты дəлелдеп қана əділдікке қол жеткізе аласыздар. Ал, сотта, прокуратура жүйесінде
əділдік жоқ деп айқайлап, бос сөзбен ештеңені дəлелдей алмайсыз. Себебі сот, прокуратура, адвокаттар, заң шығару жүйесі, үкімет барлығының ортақ мақсаты – азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет құру. Құқықтық мемлекетте барлығымыз үлкен қала
тұрғызып жатқандаймыз, əрқайсысымыздың қолымызда бір-бір кірпіш бар. Сондықтан, бұл кірпішті қалаған кезде, əрбір адам өзінің ойын салмақтап, саралап жеткізе білу керек. Ал, қоғамның шырқын бұзу, бос дүрліктіру жағымсыз іс деп есептеймін. Егер бір прокурор немесе əкімнің заңсыз іс-əрекеті орын алса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне, Президентке, прокуратураға хат жазуға, БАҚ-қа шығаруға, сотқа шағым беруге болады.
– «Тура айтқан туғанына жақпайды» деген сөз бар. Сіздің батыл əрекеттеріңіздің кейбір адамдарға ұнамайтыны анық. Əлеуметтік желілердегі жазбаларыңызға қарасақ, қорқытып-үркіту де болып жатқан сияқты?
– Жер дауын тексеру барысында сыбайлас жемқорлық фактілерін əшкерелеп, кінəлі тұлғалардың аты-жөндерін ашық айтып жатамыз. Əрине, бұл көп адамға ұнамайды. Кейде телефон шалады, хабарлама жібереді, араға таныстарды салады, «аулақ
жүр, бұл істе мынадай кісілер бар» деген сəлем жолдайды. Түтіннің иісі қай жақтан шығып жатқанын біліп отырамын. Менің бар ойым – халыққа, елге, мемлекетке қызмет ету. Тəуекелге бел буып қызмет жасап отырмыз. Заңсыздықты болдырмау үшін мен сияқты өзінің кəсіби көзқарасын шынайы, ашық, батыл білдіретін тəуекелшіл азаматтар бар, алайда олардың қатары қазіргіден де көбейсе, қоғам дами түсер еді. Сыбайлас жемқорлық туралы көзқарас шенеуніктердің санасында, əсіресе, аудандық деңгейде тамыр жайып тұр. Егер əр ауданда бір-бір Базарбек болса, онда жер қатынастарындағы бассыздықтар азаяр еді. Батыл сөйлеп, ашық айтып, сотқа дейін қаймықпай баратын азаматтар көп болса, əрбір жемқордың санасында үрей пайда болады. Сол кезде олар қазіргідей еркін қимылдамай, жан-жағына жалтақтап, аяғын аңдап басар еді. Менің сарапшы, адвокат ретіндегі ісім көп азаматқа, жастарға үлгі болар деп ойлаймын.
Мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет!
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

[ratings]

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...