12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қанат ДОСПАЕВ, Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы: «ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАУ ТІЛСІЗ ЖАУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ »

Төтенше жағдайлар қызметінде райы ыситын жазғы уақыт өрт мәселесі үшін аса қауіпті кезең саналады. Орман өртіне себеп далада кеуіп қалған құрғақ шөптің әп-сәтте тұтанып кетуі түрткі болғандықтан, өрт сөндірушілер үшін жаз мезгілі нағыз қауырт шақ. Биылғы жазда да ауа райын болжаушылардың мәліметі бойынша, қара қарғаның миы қайнайтын қуаңшылық болатыны күні бұрын хабарланғандықтан, құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жауапкершілік жүгін еселей түсті десек, қателеспейміз. Былтыр орманға келтірілген шығын көлемі орасан көп болған. Алапат өрттің салдарынан Семей мен Қостанайда мыңдаған гектар жасыл желекті алқаптар тып-типыл болып, қалың елдің қабырғасын қайыстырып кеткен еді. Шоқшоқ қайыңдары мен қарағайлары мол Ақмола облысында да қызыл жалын шарпыған орман мен даланың көлемі аса үлкен. Сондықтан биылғы жылы аймақтың төтенше жағдай қызметі өрттің қауіпті маусымы кезеңіне тастүйін дайындыққа ерте бастан қамданған. Аймақтағы өрт маусымындағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қаншалықты әзірлігін білу мақсатында Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қанат Доспаев мырзаны әңгімеге тартқан едік.

– Еліміздегі табиғаты сұлу, орман-тоғайы мол аймақ болғандықтан әрі елорданың тап іргесінде орналасқан елді мекендерде халық саны жылдам өсіп жатыр. Соған орай, өрт қаупі де көбірек болатыны түсінікті. Жалпы, Ақмола облысының өрт қаупіне қарсы дайындығы жөнінде айта кетсеңіз.

– Иә, сөзіңіз орынды. Ақмола облысы жасыл желекті орманды алқаптардың аса мол қоры бар аймақтардың бірі болып табылады. Сондай-ақ Бурабай, Зеренді сияқты табиғаты ерекше сұлу жерлерге туристер көп келетіндіктен, өрт оқиғалары жиі болып жататыны ақиқат. Мәселен, былтыр облыс аумағында 107 орман өрті мен 6 бірдей ірі дала өрті тіркелген. Бұл, әрине, табиғаты сұлу аумақтағы жасыл желек үшін аса зор шығын. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамындағы сарбаздар мен құтқарушылар, сондай-ақ арнайы техникалар мен құрал-жабдықтардың әзірлігіне барынша назар аударылған. Құрлықтағы бақылаудан бөлек, әуеден бақылау жұмыстары да жолға қойылғанын атап өткен жөн. Биыл Ақкөл, Зеренді және Бурабай аудандарында «Қазавиаорманқорғау» акционерлік қоғамының қарамағындағы үш бірдей авиакомпания осы аймақта өрт қаупінің алдын алу үшін әуеден шолу жұмыстарын жүргізетін болды. Мұнымен қоса, жер үстінде де бақылау бекеттері мен шолу жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Облыс аумағында жерде бақылап, орман өртін дер кезінде анықтау міндеті қойылған 400 адамнан тұратын мобильді топ құрылған. Бұл топ орман мен далада тұтана бастаған өртті басталған сәттен-ақ анықтап, төтенше жағдайлар қызметіне уақытында хабарлауға әрі өздері де оны сөндіруге күш салады. Сонымен қатар, олар тұрақты түрдеөңірдің табиғаты көрікті демалыс орындары мен қала маңындағы демалыс аймақтарында демалып жатқан азаматтарға қауіпсіздік жөнінде жадынамалар таратып, кеңестерін беріп, рейдтік тексеріс шараларын ұйымдастырады. Аталған шолу тобы мұнымен қоса орманды және далалы массивтерде облыс аумағында өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларының сақталуына баса назар аударады.

– Тілсіз жаудың тұтану мүмкіндігі аса үлкен болғандықтан, өртке қарсы арнайы техникалардың да сақадай сай болуы маңызды. Бұл орайда техниканың жеткіліксіздігі көп жағдайда тиісті құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы орындар үшін үлкен кедергілер туындататыны да рас. Өрт маусымына өңірдегі төтенше жағдай қызметі техникасының ахуалы қалай?

– Қазіргі уақытта арнайы техниканың көмегінсіз жалаң қолмен алапат өрттерді дер уақытында сөндіріп алу мүмкін емес. Сондықтан жыл санап аймақтағы өрт сөндіруге арналған арнайы техникалардың қоры толықтырылып келеді. Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар мен сол аймақтағы жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен орман шаруашылықтарының да елеулі көмегі тиетінін атап өткен жөн. Биыл өрттерді сөндіру және жою мақсатында Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінде 160 техника бірлігі сақадай сай әзір. Сондай-ақ, өңірдің елді мекендерінде өрт қаупі жоғары кезеңге 44 өрт сөндіру бекеттері мен саны 1022 адамнан тұратын ерікті өртке қарсы сөндіру құрамы әзірленді. Бұл ерікті азаматтар кәнігі өрт сөндірушілермен қатар арнайы дайындықтан өткізіліп, өрт сөндіру жұмыстарына белсене араласатын болады.

– Көп жағдайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрт қауіпсіздігінің сақталмайтын тиісті әзірлік шараларының орындалмай қалуының салдарынан өрт оқиғалары тіркеліп жататыны рас. Бұл орайда төтенше жағдайлар қызметімен тексеріс шаралары қалай жүргізіледі? Өңірде өрт қаупі маусымына әзір болмай қалған елді мекендер болды ма?

– Иә, атқарылуы тиіс әрі қауіпсіздік үшін аса маңызды шаралар бірқатар жергілікті атқарушы органдар тарапынан дер уақытында атқарылмай қалып жататыны шындық. Өрттің қауіпті маусымы басталған кезден бастап төтенше жағдайлар қызметінің мобильді топтарымен 991 рейд шаралары ұйымдастырылып, оның нәтижесінде 50 жеке тұлға өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 33-не ескерту берілсе, 17 адамға 1 миллион 181 мың 440 теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Мұнымен қоса жергілікті атқарушы органдар да өз міндеттеріне салдыр-салақ қарап, өрт қауіпсіздігіне аса мән бермейтін жағдайлар кездесіп жатады. Маусым басталғалы бері ғана өңірдің аудандары мен қалаларының әкімдеріне өрттің қауіпті кезеңіне әзір болмағаны үшін 280 ескерту қағазы табысталды.

– Өрттің алдын алуда өрт қауіпсіздігіне әзірлік пен профилактикалық шаралар аса маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл орайда өңірдің төтенше жағдайлар қызметі қандай жұмыстар жүргізуде?

– Расында да, қандай қауіптің де салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу аса маңызды. Сондықтан өрттің қауіпті кезеңі маусымында профилактикалық мақсатта орманды және далалы аймақтарда төтенше жағдайлар қызметімен арнайы шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өткен жөн. Биыл жаз маусымы басталғалы өрт қауіпсіздігі жөнінде 30 мыңнан астам адам қамтылған 14 мың нұсқаулар берілді. Ауылшаруашылық тауар өндірушілері, шаруа қожалықтары және елді мекен тұрғындарының қатысуымен 300-ге жуық жиын мен 105 дөңгелек үстелдер өткізілді. Қауіптің алдын алуда халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да насихат және түсіндіру жұмыстарына баса назар аударылады. Аймақтық және республикалық БАҚта орманды және далалы массивтерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде 1299 ақпараттық материалдар шығарылып, мерзімді басылымдарда 125 және интернет ресурстарда 761 материал жарияланды. Сол сияқты елді мекендерде қатты дауысты арнайы байланыс құрылғыларымен мыңнан астам өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы сөз сөйленді. Өрт – тілсіз жау. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әрбір азаматтың жауапкершілігі аса маңызды. Сондықтан жерлестеріміз өрт қаупі жоғары маусым кезеңінде аса сақтық танытып, қарапайым қауіпсіздік қағидаларын жадынан шығармаса екен деймін.

– Әңгімеңізге рақмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Медиация маңызды қадам!

Соңғы жылдары елімізде медиация жүйесі кең қолданысқа ене бастады....

АЙМАҚ ХАЛҚЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУҒА ДӘН РИЗА

Сарыарқаның сұлу өңірлерінің бірі – Ақмолада жаңа баспаналы болғандардың...

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШАДЫ

Елдің экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерін көтеруде инвестиция тартудың...