Психикалық ауруға шалдыққан ерлер бөлімінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлері жайлы репортаж

Танымал жазушы Әбіш Кекілбаевтың есімі  берілген бұрынғы «Каблуков» көшесімен атауы ел аузында қосылып аталатын  Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында  ауыр халде жеткізілген және  эмоциясын басқаруға дәрменсіз науқастарға  психикалық, медициналық көмек көрсету миссиясын атқарып жүрген медицина қызметкерлерінің жұмысы жайлы көп айтылмайды.

Осы мақаланы жазу үшін орталықтың  «Жалпы психиатриялық  ерлер бөлімінің» ішіне кіруге рұқсат сұрадым. Мұнда науқастар  18 жастан бастап емделеді. Ең үлкен қариясы  65 жаста. Мен келгенде жедел жәрдем көлігімен жеткізілген науқасқа   мейіргер мен дәрігер медициналық көмек көрсетіп жатыр.  

-Диагнозын анықтаймыз. Қазір түсті. Бірнеше аптадан бері  түрлі дауыстар құлағына сыбырлап, маза бермеген екен. Ұйқысыздық, үрей де пайда болыпты. Ішімдік ішпейді. Намаз оқиды. Қазір науқастың жағдайы бақылауда,-деді мейіргер   Айдын Құрманғалиев.

Палатаның маңдайшасына «қатаң режим» деп жазылған. Есік алдында санитар Қайрат Әбуов тәулік бойы науқастардан көз алмай, кірпік қақпай күзетеді. Өзге науқастар дәлізде серуендеп жүр, кейбірі футбол көріп отыр. Ал бір палатада екі ер кісі намаз оқып жатыр.

Бір науқас жаныма келіп , «мені танимын» деді.  Бетіміз ұзақ қарады. Мейіргердің айтуынша 60-тан асқанда инсультке шалдығып, қазір деменциямен ауырады. Яғни ұмытшақ кеселі бар. 

Тәжірибелі психиатр-дәрігер Анаргүл Күлдібаева бөлімнің тәртібі , аурулардың түрлері, емдеу шаралары бойынша  мол мағлұмат берді.  Бұл бөлімде  жұмыс істейтін медицина қызметкерлері науқастар жайлы деректерді ешқашан жарияламайды, суретке түсірмейді.  Ал қыз-келіншектер  сақтауға міндетті талап-ережелер өзгеше екен.

    

— Бұл бөлімде науқастардың басым бөлігі соттың шешімімен мәжбүрлі түрде емделеді. Мұнда жұмыс істейтін әйелдерге қойылатын  шектеулер бар. Шашты жинау керек. Қатты боянуға , ашық -шашық киінуге және   биік өкшелі аяқ киіммен жүруге  болмайды. Етегі , жеңі қысқа киімге де рұқсат жоқ. Мойын ашық, әшекей бұйымдарды жарқыратып келуге тыйым салынады. Сырға түйме тәрізді, елеусіз болу керек.  Өте қарапайым, етек, жеңі жабық болу керек. Оның бәрін біз бұлжытпай орындаймыз. Одан бөлек, дәрілер арнайы темірсандықта сақталады, — дейді Анаргүл Күлдібаева.

Дәрігер психиатрдың айтуынша науқастардың басым бөлігі ауыр халде жеткізіледі. Ақыл -есінен адасу, дегбірсіздік күйге түсуіне  дәрігер тағайындаған дәріні ішпеуінен туындайды.

— Бұл жерге науқастар дерті  асқынған жағдайда жеткізіледі. Оларға дәрігер амбулаториялық түрде дәрі тағайындайды.  Оны  тұрақты   ішпеуі салдарынан ауруы меңдеп, ұйқысыздық мазалап, сандырақтап, психикалық мінез-құлқының бұзылуы өршиді. Туыстары жедел жәрдем шақырады.  Біздің бөлімге келгенде науқастың жағдайы өте  күрделі, психомоторлық   қозу (адамда қатты ішкі шиеленіс пен эмоциялық күйзеліс салдарынан пайда болатын сананың бұзылуы. Науқас  ебедейсіз қозғалыс жасап, оғаш қылықпен өзіне немесе басқаларға қауіп төндіруі мүмкін) сананың бұзылуы, ашулану, агрессиялық әрекеті құбылмалы болғандықтан ол ортасына және өзіне қауіпті болады. Қатаң бақылауда болатын палатаға жатқызамыз. Емдеу үшін алдымен оны тынышталдыру керек,- дәрігер психиатр.

«Жалпы психиатриялық  ерлер бөлімде » шизофрения, орталық мидың бұзылуы, мінез-құлқының өзгерістері , психикалық ауытқу, органикалық  бастың , мидың бұзылыстары, көңіл-күйдің құбылуы кеселі анықталған науқастар емделеді.

Анаргүл Күлдібаева көбінесе деменцияға шалдыққан ауруларды туысқандары үйіне әкетуге асықпайды дейді. Олар телефонына жауап бермейді екен. Мұндай кеселдің ауыр түріне шалдыққан    адамдар дәретін қадағалауға қауқарсыз.  Сондықтан  санитарлар науқастарды жуындырып,  тазалығын сақтап, балаша күтеді.

Бөлімнің мейіргері Айдын Құрманғалиев әскери бөлімде фельдшер қызметін атқарған. Психиатриялық  бөлімде «жұмыс істеу жер мен көктей» деп күледі.  Ол әрбір науқастың жанын түсінеді.

-Бұл жерге емделушілердің кейбірінің психикасы бұзылған, кейбірі тұқым қуалайтын ауруы асқынған.  Күйзеліс діңкелетіп, өзіне қол жұмсауға оқталғандар, ауруы меңдегендер де бар. Олардың бәрі «мен саумын» деп сендіруге тырысады. Бірақ өзімен өзі сөйлейді, көзіне түрлі елес көрінеді. Мұның бәрі сырттай бақылау кезінде байқалады. Сол көрген жәйтті өзінен сұрағанда «бір нәрсені есіме түсірмек болдым» деп мойындамайды,- мейіргер.

Психиатр-дәрігер Анаргүл Күлдібаева әрбір маманды  жұмысқа қабылданатын кезде барлық нұсқау, ережемен таныстырып, соны сақтауға уәде береді дейді. Оның айтуынша   науқастардың ауру асқынғанда адам төзгісіз әрекетіне түсіністікпен қарап,  қызмет көрсету , төзімділік, сабырлықты сақтау, өзінің және науқастың өзіне жасайтын қауіп-қатерге шыдап жүрген бөлімнің барлық  қызметкерлері «өз кәсібін шын сүйген азаматтар» дейді.

Әрине  бөлімдегі науқастардың жүрісі, көзқарасынан кейін  бойымды үрей биледі. Оның себебін түсіндіруге сөзім жетпейді. Дәрігерлермен сұхбаттасып болғаннан кейін ол жерден тезірек кетуге асықтым.  Ерекше жандардың жанын түсіну үшін ерекше мейірімділік, үлкен жүрек және өз кәсібін шын сүйген медицина қызметкерлерін  бүгінгі күннің батырларына  теңедім.   

Қауіпсіздік күзетіндегі бір күн

Созақ ауданы полиция бөлімінің патрульдік полиция инспекторы Байжігіт Жұмаш...

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТАЛАПКЕРЛЕРДІ ҚАБЫЛДАУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ

Абай университетінде 2026-2027 оқу жылына арналған қабылдау науқаны басталды....

«Алтын алқа» иегері: нәзік жанды тергеушінің қызмет жолы

Қылмыстың мән-жайын анықтау, дәлелдерді жинау, азаматтардан жауап алу, заң...

Нысанаға дәл тигізгендер жеңіс тұғырынан көрінді

23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Түркістан облысы...