Қазақстан Республикасының сот жүйесінде соттылық ұғымы – әрбір азаматтың сотқа жүгіну құқығын жүзеге асырудың, әділ сот төрелігіне қол жеткізудің және істерді дұрыс сот органының қарауына жатқызудың іргелі кепілі.
Қазастан Республикасының Конституциясы әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сотта қорғалуына кепілдік береді. Дұрыс таңдалған соттылық азаматтардың әуре-сарсаңға түспей, өз ісін заңды түрде қарауға қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
Еліміздегі мамандандырылған пікірталас пен заңнамалық реформалар нәтижесінде ювеналды соттардың рөлі мен қаралатын істердің аясы айтарлықтай өзгеріске ұшырады.
2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған (ювеналды) соттар негізінен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты тар шеңбердегі істерді қарады. Олардың қатарында ата-ана құқығынан айыру немесе шектеу, бала асырап алу, алимент мөлшерін азайту сияқты жекелеген отбасылық-құқықтық даулар кірді. Алайда отбасы мен бала тәрбиесіне тікелей немесе жанама қатысты бар мүліктік, алименттік және басқа да көптеген азаматтық даулар жалпы юрисдикциядағы аудандық (қалалық) соттардың қарауына қалдырылған болатын.
Мемлекет басшысының бастамасымен процестік заңнаманы жетілдіру аясында 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап ювеналды соттардың соттылығы мен құқықтық өкілеттіктері кеңейтілді.
Бұл өзгерістің негізгі мақсаты – отбасылық даулардың кешенді түрде қарау. Жаңа өзгерістерге сәйкес ювеналды соттаркелесідей азаматтық істері қарайды және шешеді:
- кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу;
- мүлікті бөлу (кәмелетке толмаған ортақ балалары бар болған кезде) туралы;
- баланың тұрғылықты жерін айқындау, соның ішінде бала ата-аналарының біреуімен республикадан тыс жерлерге тұрақты тұру үшін кеткен кезде айқындау;
- ата-анасының, жақын туыстарының олардан тұратын баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау;
- заңның негізінсіз басқа адамдардың қолындағы баланы алып қою туралы;
- ата-ана құқықтарынан айыру (оларды шектеу) және оларды қалпына келтіру (шектеулерді жою) туралы;
- бала асырап алу және оның күшін жою, бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы;
- кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына жіберу туралы;
- кәмелетке толмағандарға қатысты қорғаншылық пен қамқоршылықтан (патронаттан) туындайтын даулар бойынша;
- әкесін анықтау және алименттер өндіріп алу туралы;
- он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның өз кірістеріне өз бетінше иелік ету құқықтарын шектеу немесе олардан айыру туралы арыздар бойынша;
- кәмелетке толмаған адамды әрекетке толық қабілетті деп жариялау (эмансипация) туралы;
- алименттердің мөлшерін өзгерту туралы, кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент төлеуден, алименттер бойынша берешекті төлеуден босату туралы;
- кәмелетке толмағандардың еңбек, мұрагерлік, тұрғын үй құқықтарын қорғау туралы;
- Қазақстан Республикасына заңсыз алып келген немесе Қазақстан Республикасында ұсталып отырған баланы кері қайтару туралы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың негізінде осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы;
- кәмелетке толмағандар және кәмелетке толғандар бірлесіп, оның ішінде әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттігі шектеулі кәмелетке толмағандардың қатысуымен келтірілге зиянды өтеу туралы азаматтық істер.
Неке-отбасылық қатынастардың арасында көп кездесетін істер – некені бұзу істері болып табылады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 29-бабының 1-бөлігіне сай, талап қоюлар жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
АПК-нің 30-бабының 7-бөлігіне сай, некені бұзу туралы талап қоюлар өзімен бірге кәмелетке толмаған балалары бірге тұратын талап қоюшылардың тұрғылықты жері бойынша берілуі мүмкін.
Демек, некені бұзу туралы істер талап қоюшының да, жауапкердің де тұратын жеріндегі сотқа берілуі мүмкін.
Талап қоюшыларға осындай соттылықты таңдау құқығы әкелікті анықтау және алиментті өндіру туралы талап қоюларда да берілген.
Ал өзге талап қоюлар тек жауапкердің тұрғылықты жерінде орналасқан ювеналды сотқа берілуі тиіс.
Осы тұста АПК-нің 27-бабының 3-бөлігінде көзделген мына шартты айтпай кетуге болмас.
«Ювеналды соттың соттылығына жатқызылған істер кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша баланың тұрғылықты жеріндегі аудандық (қалалық) сотта (Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталығындағы орналасқан соттарды қоспағанда) қаралуы мүмкін немесе оған берілуі мүмкін».
Бұл дегеніміз кәмелетке толмағанның заңды өкілдерінің қалауы бойынша ювеналды соттар қарайтын істер аудандық соттарда да қаралуы мүмкін. Ол өз кезегінде шалғай аудандарда орналасқан адамдар үшін өте маңызды, сот процестеріне қатысу үшін өздерінің тұрғылықты жерінен облыс орталығында орналасқан ювеналды сотқа қатынаудың қажеттілігі болмайды. Сот отырысына қатысушы азаматтардың уақыты да, қаражаты да үнемделеді және жолда болуы мүмкін келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік болады.
Неке қатынастарынан туындайтын жиі кездесетін істердің бірі – жұбайын немесе бұрынғы жұбайын күтіп-бағуға арналған алимент өндіру туралы талап қоюлар.
Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексінің 147-бабының талабына сай, ерлі-зайыптылар бірін-бірі материалдық жағынан қолдауға міндетті. Мұндай қолдаудан бас тартқан және ерлі-зайыптылардың арасында алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда, алимент төлеуге қажетті қаражаты бар екінші жұбайдан:
- еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайының;
- жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы зайыбының;
- мүгедектігі бар ортақ баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң мүгедектігі бар ортақ балаға бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж жұбайының сот тәртібімен алимент беруді талап етуге құқығы бар.
Бала үш жасқа толғанға дейін жұбайын (бұрынғы жұбайын) күтіп-бағуға алимент өндіру туралы талап қоюлар, егер олар балаларға алимент өндіру туралы талаптардан дербес қойылған болса, жалпы юрисдикция соттарында қаралуға жатады, себебі жұбайын (бұрынғы жұбайын) асырап-бағуға арналған алименттік төлемдер тікелей баланың мүдделерін қозғамайды және тек баланың ата-аналары арасындағы құқықтық қатынастарға қатысты.
Сондықтан, аталған санаттағы істер талап қоюшының не жауапкердің тұрғылықты жеріндегі аудандық не қалалық соттарда қаралуы тиіс.
21 жасқа дейінгі білім алушы балаларды күтіп-бағуға өндіріп алу туралы істер бойынша соттылықты айқындау практикада қиындық туғызбауға тиіс, өйткені оларға аумақтық соттылықтың жалпы ережелері қолданылады: АПК-нің 29-бабының 1-бөлігіне сәйкес талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша қойылады.
АПК-нің 27-бабының үшінші бөлігі бойынша әке болуды анықтау және алименттерді өндіріп алу туралы істер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жатқызылған. Осы қағида әке болуды анықтау туралы дербес талап қойылған жағдайда да қолданылады.
Әке болуды анықтау және алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюлар кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша (Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталығындағы орналасқан соттарды қоспағанда) баланың тұрғылықты (болатын) жеріндегі аудандық (қалалық) сотта қаралуы мүмкін немесе оған берілуі мүмкін.
Осылайша істің заңды түрде қарау үшін соттылықты дұрыс таңдаудың маңыздылығы ерекше. Әр азамат өзінің соттылықты таңдау құқығын білуі қажет және олардың аталған құқықтарын шектеуге жол берілмеуі тиіс.
Ақтөбе облысының кәмелетке
толмағандарың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданарылық соттың судьясы Е.М.Әмребеков


