Бір ауылда отырған қарт әже ақ жаулықты басына орап отырып: «Біздің заманымызда барлығы қара термен келген екен –ау, қазір тіпті бір әйел адамның кір жуып жатқанын көрмеппін» деп сөзін бастап: «Телефон да жоқ, басқада жоқ, бірақ жанымыз тыныш болыпты ғой» деп көңілі солып қалды. Күрсініп отырып: «Зымыраған заманмен құшақтасқан телефондарымен де зымырап уақыт өтіп жатыр, тіпті дастархан басында да сол экранға үңілген күйінде тамақтанып, жатқанда да сол экранмен ұйықтайтын болды» деп, сөзін жалғастырды: «Ал енді сол телефонда жеңіл ақшалы боламын деп алаяқтарға алданып отыр, ал маған уайымымның үстіне уайым қосылды» деді.
Зымырап жатқан заманның көрінісіне көңіл бөлсек адамдардың интернетке тәуелділігін көруге болады. Қазір тіпті барлық тауарларды желіде отырып, кез-келген затты сатып алады. Төлемдерді де телефонмен төлеп, барлық ақша желі арқылы айналымда жүретін заман.
Алайда заманмен бірге айласын асырып жүрген алаяқтар да адамдарды аяр емес. Сол алаяқтықты жасап отырған адамдардың адамгершіліктен жұрдай болғаны ма? Бұл да бір ең өзекті және күрделі мәселелердің біріне айналды.
Интернет алаяқтарынан қорғану үшін ұялы телефондағы белгісіз сілтемелерге кірмеу керек, әр түрлі белгісіз сайттардан зат сатып алмау керек, телефон арқылы жеке ақпараттарды бермеу керек.
Ең бастысы алаяқтыққа жол бермеу және алаяқтыққа түсіп қалмау барысын да алдын алу қажет. Ол үшін баланы тәрбиелеу кезінде оңай жолмен тапқан ақшаның берекесі жоқ екенін жеткізген дұрыс.
Бұрында әжемнің айтқан бір әңгімесінде: «Бір отбасындағы әкесі жұмыс жасамаған баласына көңілі толмапты. Оны көрген анасы баласын аяп, оның қолына ақша ұстатып: «Бар, мынаны жұмыс жасап, ақша таптым деп, әкеңе апарып бер» деген екен. Баласы ақшаны алып әкесіне апарып: «Әке, мен жұмыс жасап, ақша таптым» деп, қолындағы ақшаны әкесіне ұстатады. Әкесі берген ақшасын алып, оны жанып жатқан отқа тастайды. Ақша күлге айналып, жанып кетеді. Сонда да анасы әкесі мен баласының арасын жақындату үшін ай сайын баласының қолына ақша беріп: «Бар, мынаны жұмыс жасап, ақша таптым деп, әкеңе апарып бер, мүмкін жұмыс жасап жүргеніңе күмәнданып алмаған шығар» дейді. Бірақ әкесі барлық әкелген ақшасын отқа тастап жібереді. Сөйтіп баласы анасының берген ақшасынан бас тартып, өзі жұмысқа орналасып, жұмыс жасап, тапқан ақшасын әкесіне береді. Ал, әкесі ол ақшаны да алып, отқа лақтырып жіберген кезде, баласы жанып жатқан отқа қолын тығып, ақшаны алады. Соны көрген әкесі: «Көрдің бе балам, өз тапқан ақшаның маңыздылығын?! Сен өзің таппаған ақшаны отқа тастағанда ешқандай әрекет жасаған жоқсың» деп, баласын құшақтап, көңілі көтерілген екен.
Бұл жерде айтқым келіп отырғаны, алаяқтық жасап жүргендерге де жетіп қалар деген ой. Олар да алаяқтық жолмен табыс табуын тоқтатып, адал ақша табуға талпып, дұрыс жолға түсер.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың жетекші маманы Г. Ходжабекова