Қазақ халқында «Елге бай құт емес, би құт» деген сөз бар. Бұл байлығы бір жұттық адамдардың өмірі ешкімге үлгі-өнеге бола алмайтынын, ал елдің сөзін сөйлеп, «Тура биде туған жоқ, туғанды иман жоқ» деп әділдіктің жоқшысы болған адамның жақсы аты өлмейтінін білдірсе керек. Әйтсе де көп адам бір өзі бір рулы елді ғана емес, бүкіл бір ұлысты аузына қаратқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ісін жалғастырып жүрген қазір кімдер бар дегенде күмілжіп қалады. Өйткені, бір кездері өз ішіндегі дау-дамайға төрелік ететін адамды халық өзі таңдап алатын. Патшалық Ресей дәуірінен кейін бұл үрдіс жойылып, халықты биді өзі таңдау құқығынан айырды. Сондықтан билігі ұлттың не ұлыстың емес, шағын ауыл-аймақтың деңгейімен шектелген билердің орнын қазір Президент жарлығымен сайланатын соттар басқанымен, олар бұрынғының билеріндей елдің өз адамы болып кете алған жоқ.
Қазақ тарихында «қара қылды қақ жарған» əділдігімен елге құт болған билер аз емес. Олардың есімін əлі күнге дейін тек ұрпағы ғана емес, бүкіл ел ауыздан-ауызға таратып, ғасырдан ғасырға жеткізуде. Соның бірі – Нақысбек Жалпетекұлы. Алматы облысының Ұйғыр, Нарынқол, Кеген аудандары мен шекараның арғы бетіндегі бір қауым жұрт «Нақысбек шешен», «Нақысбек би», «Нақысбек ақалақшы» деп танитын бұл кісі 1865 жылы əйгілі Шəлкөде жайлауында өмірге келіп, 1936 жылы Қытай елінде көз жұмған екен. Нақысбектің əкесі Жалпыетек ағайын арасындағы ел, жер, жесір дауының түйінін шешудегі əділдігімен би атанған адам екен. «Əке балаға сыншы» дегендей Нақысбектің бойындағы алғырлығын, тапқырлығын байқаған соң ес біліп, етек жапқаннан кейін қасына ертіп жүріп, ел басқару ісіне баулиды. «Əке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей жасынан көргені мен естігенін бойына тоқып өскен Нақысбек қатарынан қара үзіп алға шығып, ерте ел ісіне араласып кетеді. Заманның бет алысын ерте аңғарған көзі ашық, көкірегі ояу Нақысбек айналасындағы елге ұйтқы болып, Кетпен тауының етегіндегі елге арық қаздырып, суармалы егістік алқабын ұлғайтуға күш салады. Осы арада Алматы облысының Ұйғыр ауданында Кетпен ауылдық округіндегі «Нақысбектің терегі» мен ондағы арықтар əлі күнге дейін елге қызмет етіп жатқанын айта кеткен жөн шығар. Қазақты егіншілікке бет бұрып, сауда-саттық жасап, ешкімге тəуелсіз болмауға насихаттап жүрген Н.Жалпетекұлының аспандап бара жатқан беделі патшалық биліктің жергілікті басқару органдарының ұйқысын бұза бастайды. Сөйлесе қара сөзге ғана шешен емес, ел басқару ісінен де ешкімге дес бермейтін, қатарынан озып туған Нақысбектің бет алысынан қауіптенген олар ел арасына іріткі салу үшін түрлі арыз-шағымдарды қолдан ұйымдастыра бастайды. Өзіне жағылған жала мен өтірік-өсек сөздің бəрін əшкерелеп, ел арасында бұрынғыдан да мəртебесі биіктеп бара жатқан Нақысбектен олар тек 1916 жылғы патшаның майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы жарлығы шыққан соң ғана құтылады. Жаркенттегі ояздың қорқытып-үркіткеніне қарамастан елдің мүддесін қара басынан жоғары қойған Нақысбек Жалпетекұлы Қарқара көтерілісіне қатысушыларды қолдап шығады. Оларға қосылу үшін қасына 100 шақты қарулы жасақ алып бара жатқанда Райымбек ауданындағы қазіргі Қисық Ақтас сайының тұсында көтерілісшілерді жазалауға шыққан орыс əскерімен бір күн, бір түн қорғана ұрыс сала жүріп соғысып жеңеді. Енді ары қарай қозғаламыз деген кезде Қарқара көтерілісі көсемдері тұтқындалып, көтерілісшілер жеңіліс тапты жəне елі үркіп Қытайға көшіп жатыр деген хабар жетеді. Сосын бұлар Кетпенге кері қайтып, артына түсіп аңдыған жау алмай қоймайтынын түсініп, соңынан ерген елді бастап түн ішінде Қытай асып кетеді. Ондағы жағдай да оңып тұрмағанын, билік органдарымен ауыз жаласқандардың елді алым-салықпен қысып отырғанын көрген Нақысбек халықты ауызбіршілікке үндейді. Елді сөзімен ұйытып, аз уақытта айналасына қайта топтастырған Нақысбекті халық өзіне ақалақшы (болыс мəртебесіндегі қызмет) етіп сайлап алады. Өз еліндегі шаруалар көтерілісі мен патшалық Ресейдегі жағдайды естіп есі кетіп отырған Іле аймағының Жы Жүй деген басшысы Нақысбекті өзіне шақырып алады да: «сенің ақалақшы болуға шартың толмайды екен. Сондай-ақ Ресейден аз ғана албанмен келіп сен қалай бұл елдегі қалың найманға билік жүргізбексің?» дейді. Сонда: «Сіз де сонау Ханбалықтан бір чемоданмен ғана келіп, бізді билеп отырсыз» ғой деп сөзден тосылтады. «Жүйелі сөз жүйесін табады» дегендей аймақ басшысынан мол тарту-таралғы алып, сый құрметпен оралған Нақысбек содан қайтыс болғанға дейін ел тізгінін қолына ұстайды.
Талғат ЕРМЕКҰЛЫ, 10-сынып оқушысы, Кеген ауданы


