Миранда ережесі: Конституциялық деңгейдегі жаңа құқықтық кепілдік

Адамның құқықтары мен бостандықтары – демократиялық және құқықтық мемлекеттің ең жоғары құндылығы. Мемлекеттік билік пен құқық қорғау органдарының басты миссиясы – азаматтардың заңды мүдделерін қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділеттілік қағидаттарын сақтау болып табылады. Елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар нәтижесінде Ата Заңның мазмұны түбегейлі жаңартылып, адам құқықтарын қорғаудың сапалық жаңа деңгейіне көшу жүзеге асырылды.

Осы тұрғыда жаңа Конституцияда ұсталған азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған ең маңызды новеллалардың бірі – «Миранда ережесінің» конституциялық норма ретінде тікелей бекітілуі болып табылады. Бұл ереже адам бостандығы шектелген алғашқы секундтардан бастап оның заңды өзін-өзі қорғау тетіктерін іске қосуға және құқық қорғау органдары тарапынан ықтимал заңсыздықтар мен өкілеттікті асыра пайдаланудың алдын алуға кепілдік береді.

Миранда ережесінің конституциялық-құқықтық мәні және жаңа Ата Заңдағы көрінісіне тоқтала өтсек келесі тұжырымдарға назар аударе кеткен жөн.

Қазақстан Республикасының Конституциясында әркімнің жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына берік кепілдік бекітілген.

Ата Заңның 18-бабының 3-тармағында: «Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі» деп нақты жазылған.

Бұл норма – халықаралық құқықтық практикада «Миранда ережесі» (Miranda rule) ретінде белгілі іргелі құқықтық кепілдіктің конституциялық деңгейде көрініс табуы болып табылады.

Миранда ережесінің конституциялық деңгейде бекітілуінің басты процестік маңызы төмендегідей кепілдіктерді қамтамасыз етеді:

Ақпараттандырылу құқығы: Адам өзінің не себепті ұсталғанын, қандай күдік немесе құқық бұзушылық негізінде бостандығы шектелгенін бірден білуге тиіс.

Қорғану мүмкіндігі: Ұсталған сәттен бастап азамат өз құқықтарын, соның ішінде жауап бермеу немесе өзіне айғақ бермеу құқығын түсініп, құқықтық позициясын саналы түрде айқындай алады.

Заңсыз процестік әрекеттерге бөгет болу: Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ұсталған адамға оның құқықтарын ескертпейінше, кез келген жауап алу немесе процестік әрекеттерді жүргізуге тыйым салынады.

Бұл норма – жалаң декларация емес, бұл азамат пен мемлекет арасындағы билік тепе-теңдігін сақтайтын, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың заңды шегін белгілейтін құқықтық қалқан.

Миранда ережесі жеке дара өмір сүрмейді, ол басқа да конституциялық кепілдіктермен тығыз байланысты. Конституцияның 18-бабының 4-тармағына сәйкес, ұсталған адамның, күдіктінің немесе айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегін пайдалануға құқығы бар.

Сонымен қатар, жаңа Конституцияда сапалы құқықтық қорғауды қамтамасыз ету мақсатында мынадай маңызды қағидаттар шоғырландырылған:

Адвокатураның конституциялық мәртебесі:

Ата Заңның 86-бабында адвокатура алғаш рет дербес конституциялық институт ретінде бекітілді. Бұл сот өндірісіндегі бәсекелестік қағидатын күшейтіп, адвокаттың ұсталған азаматқа алғашқы минуттардан бастап кедергісіз білікті заң көмегін көрсетуіне толық жағдай жасайды.

Кінәсіздік презумпциясы және өзіне қарсы айғақ бермеу:Конституцияның 19-бабында кінәсіздік презумпциясы, өз-өзіне, жұбайына және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған дәлелдемелердің заңды күші болмайтындығы дербес конституциялық қағидат ретінде бекітілген.

Сот шешімінсіз адамды заңда белгіленген мерзімнен артық ұстауға болмайды, ал күзетпен ұстауға тек соттың санкциясымен ғана рұқсат етіледі.

Халықаралық конституциялық тәжірибеде (мысалы, США, Германия, Бразилия, Португалия конституцияларында) Миранда ережесі мен үндемеу құқығы азаматтарды өз-өзіне қарсы куәлік беруден және заңсыз мәжбүрлеуден қорғаудың ең тиімді құралы болып табылады.

«Заң мен Тәртіп» идеологиясы және құқық қорғау органдарының сервистік форматымен ұштастырсақ, Үкімет бекіткен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамада» заң үстемдігі мен адам құқықтарын құрметтеу басты қағидаттар ретінде айқындалған.

Миранда ережесін іс жүзінде қолдану құқық қорғау органдарының қызметін сервистік модельге көшірудің негізгі көрсеткіші болып табылады.

Репрессиялық тәсілден серіктестікке көшу, яғни полиция мен тергеу органдары азаматты ұстаған сәтте оған дөрекілік көрсетпей, заңды негіздер мен құқықтарды сыпайы, анық түсіндіруге міндетті.

Азаматтардың құқық қорғау жүйесіне сенімін арттыру, яғни ұсталған сәттен бастап азаматтың құқықтарының сақталуы мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді нығайтады.

Сот қателіктері мен заңсыздықтарды азайту, яғниұстау хаттамасын толтыру, ұстау уақытын бұрмалау немесе азаматқа құқықтарын түсіндірмеу фактілері қылмыстық жауаптылыққа алып келеді.

Миранда ережесінің жаңа Конституцияда көрініс табуы – бұл Қазақстанның адам құқықтарын қорғау саласындағы ірі тарихи әрі құқықтық қадамы. Ол ұсталған азаматтың адами қадір-қасиеті мен ар-намысын қорғауға, заңсыз тұтқындауларға жол бермеуге және әділетті сот төрелігін жүзеге асыруға берік негіз қалайды.

Миранда ережесін процестік қызметте мүлтіксіз орындау – Әділетті Қазақстанның құқықтық мәдениеті мен «Заң мен Тәртіп» қағидатының өміршеңдігін айғақтайтын басты көрсеткіш болып қала береді.

Шаргынова Динара Дүйсебаевна, Алматы гарнизонының әскери сот судьясы

«Е-қызмет» – мемлекеттік қызметке кірудің жаңа мүмкіндігі

Мемлекеттік қызметке орналасу енді бұрынғыдан да ыңғайлы әрі ашық...

Халық сенімін ақтайтын қызметкер болуымыз қажет

       Ең бастысы әр қызметкер өзінің қарапайымдылығын алға ұстап,...

«Аударма әлемі» — өзекті зерттеу

Филология ғылымдарының докторы, профессор, журналист, аудармашы, Қазақстан журналистер одағы...

Заявление главного исполнительного директора Kazakh Tourism Development Е. Еркинбаева

В социальных сетях распространяется видеозапись с вырубленными деревьями, которая...