Филология ғылымдарының докторы, профессор, журналист, аудармашы, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты Әнуар Сауатұлы Тарақов қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Әр жылдары «Жас Алаш» және «Алматы ақшамы», «Қазақстан-Заман» газеттерінде, «Парасат» журналында түрлі әдеби қызметтер атқарған. Қазіргі кезде Ә.С.Тарақов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіндегі шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры қызметін атқарып келеді.
Ол аударма теориясы мен тәжірбиесіне байланысты жазылған бірнеше монографиялардың, оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулардың авторы.Ғалым «Ауызша аударма», «Аударма психологиясы және мәдениеті», «Аударма әлемі», «Әлем әдебиеті және көркем аударма» т.б. ғылыми еңбектерінде жалпы аударма туралы, аударманың түрлері мен әдістері туралы, ілеспе және синхронды аударманың ерекшеліктері мен шығыс пен батыс әдебиеті өкілдерінің шығармаларының қазақ тіліне аударылу сапасына тоқталады. Сонымен қатар оның республикалық мерзімді баспасөз беттерінде «Қотыр» аударма бас қатырды», «Тіліңді біл, қадірлеп жүр» т.б. ғылыми мақалалары жарияланған. Ә.Тарақов аударма теориясын зерттей жүріп, оны тәжірибеде жүзеге асырған аудармашы ретінде де таныс. Ол қазақ тіліне бірқатар шығармалар аударған. Теориялық білімін ұтымды пайдалана алғандығын көреміз.
Кіріспе бөлімінде жалпы көркем аударма тарихына, оның басқа аудармалардан ерекшеліктері жан-жақты айтылады. Аударма туралы Г. Гейне, В. Жуковский А.Д. Швейцер, В. И. Виноградов, Ж. Мунен, Д. Затонский, А. Сийг, М.Кәрім, т.б. ғалымдардың, әдебиетшілердің, ақын, жазушылардың аударма туралы ойларын саралайды да, өзіндік ой-пікірлерімен дәлелдейді.
«Көркем аударма сипаты» деп аталатын бөлімде көркем аударманың мақсаты мен міндеттеріне тоқталады. Ғалым : «Көркем шығарма аудармасы дегеніміз түпнұсқалық шығарманың көркемдік рухын басқа тілде дәл, сәйкес, шынайы, сапалы жасап шығу. Оны аударылатын ұлт тілінде жазылған туындыдай, соның көркемдік-ой дәрежесіндей жеткізе білу керек»,- деп пайымдауын ұсынады.
Көркем аударма туралы айтылған Г.Р. Гачечиладзе, В.Гумбольдт, А. Шлегель т.б. пікірлеріне тоқталады. Мысалы, М. Әлімбаевтің: “Түпнұсқадағымен салыстырғанда сөз санының кем соғуынан ой ойсырамайды, бояуының нәрі кетпейді” немесе аударма зерттеушісі А. Кашкиннің: “Көркем аударма – бұл сұлулыққа саяхат шегудің бір түрі” деген ұтымды ойларын талдап көрсетеді.
Зерттеуші көркем әдебиет аудармасының қажеттілігі әдебиеттің рөлін, қоғамдағы орнын, мәдени ықпалын сезінуден туындайтындығына баса назар аударды: «Аудармада автордың шығармада нені мазмұндағанын, қандай мақсат көздегенін, нені басты мәселе етіп көтергенін немесе неге басым көңіл аударғанын білу – сыншыға, әдебиетшіге, аудармашыға тікелей қатысты болса, мәтіндегі автор ойын, сөз астарындағы құпия сырды дәл аңғарып, ұғыну аудармашылық сезімталдық пен түйсіктілікті талап етеді. Шығармалардағы автор ұстанымы, мұраты, ой-танымы неге бағытталғанын білу маңызды. Сондықтан көркем туындыны қайталап, асықпай, жайлап түйсініп оқу аудармаға пайдасын тигізеді».
Көркем аударма шеберлері саналатын К. Кемеңгерұлы, Ж.Аймауытұлы т.б. сәтті аударылған мәтіндерінен мысалдар береді.
«Көркем аудармадағы мазмұн мен түр үйлесімділігі» деп аталатын бөлімді аударма зерттеушісі И. Кашкиннің: “Жақсы аударма жаңа болуы тиіс, басқа тілдегі түпнұсқаның екінші сыңары болуы керек” деген ойымен жалғастырады. Т.Момзен, А. С. Бархударов, Э. М. Уленбек, М.Заверин т.б. аудармадағы мазмұн мен түр үйлесімділігіне байланысты жазылған еңбектеріне тоқталады. Өз тұжырымын : «Ұлттық әдеби шығарма ұлттық түр мен мазмұн бірлігінен тұрады. Ұлттық сипаттау даралығы ұлттық түрге тарихилық ұстанымды сақтау қажеттілігін ұсынады. Ұлттық түр бір дәуірге, бір кезеңге тән емес. Қоғамның динамикалық дамуына сай үздіксіз қозғалыста, шындықтың, көркемдік тәжірибенің белгілі дамуына сәйкес үнемі өзгеріп тұрады. Мысалы, Т. Шевченко кейбір шығармасын орыс тілінде жазғанымен, бәрібір украин әдебиетінің классигі О. Сүлейменов өлеңдері түгелдей орыс тілінде жазылғанымен қазақтың ұлттық ақыны ретінде танымал. Ш. Айтматов шығармалары қырғыз, орыс тілінде жазылуы өз алдына, талай туындысы қазақ өміріне арналған, қаншама қазақ кейіпкерлер сомдалған. Бәрібір қырғыз әдебиетінің классигі, ұлттық жазушы»,- деген зерттеушілік ойларымен қорытындылайды.
Ә.Тарақов өзі ақын болғандықтан ғылыми еңбегінде поэзиялық шығармалардың аудармаларын жақсы талдағаны байқалады. Поэзия аудармасы туралы Б. Пастернак, А.Н. Веселовский, А.Лилова, А. С. Бархударов, И. Левыйдың ой-пікірлеріне тоқталады.
Аударма теориясына байланысты жазылған ғылыми еңбектерде арнайы қарастырылмаған сілтемелер туралы ғалым өзінің «Сілтемелерді қолдану тәсілі» деген тарауда жан-жақты талдайды. Аударма нұсқалардағы сілтемелерге байланысты О.Бальзак пен А. Никольскаялардың айтқандарына жүгіне отырып, ғалым негізінен сілтемелерді орынсыз қолдана бермей, тарихи тұлғалардың аты-жөніне, географиялық атауларға, халықтық тұрмыстық және діни ұғымдарға, реалилерге қолданған дұрыс деген тұжырымды қолдайтынды.
«Аударма құндылығы, көркемдік сапасы» деген тараушада аудармалардың көркемдік сапасына тоқталады. Ал сапалы туынды шығуы аудармашының таланты мен тәжірибесіне тікелей қатысты екендігі ақиқат. Ғалым осы тарауда В. Рождественский, О. Кундзич т.б. пікірлерінен мысалдар келтіре отырып, мынандай қорытындыға келеді: «Аударманың табысты жасалуынан Ш. Руставели, Низами, Науаи және басқа шығыс классиктерінің әдеби мұралары, эпостары тосын да тамаша сұлулығымен, бар даналық тереңдігімен украин халқының құтты қазынасына қосылған».
«Аударма шынайылығы», «Көркем шығарма тақырыбының аудармасы», «Аударма қателіктерінің себептері», «Көркем проза аудармасы және оны редакциялау» т.б. тараушаларда көркем аударманың түрлі қырларына жан-жақты тоқталып өтеді.
Арнайы қарастыруды қажет ететін бөлімнің бірі «Поэзия аудармасы: ақындық талант, дәлдік, көркемдік» деп аталады. Мұнда поэзия аудармасының өзіндік ерекшеліктеріне арнайы талдау жасайды да, Ж.Мунен, Э.Долен, И.Андрич, Х.Э.Сунвига, В.Г.Белинскийдің т.б.пікірлерін нақты мысалдар келтіре отырып зерттеуге тиімді пайдаланады. Ғалым: «Аудармашының кейінгі тәжірибесі көрсеткендей, аудармашы аударылатын тілдің үлкен маманы, филолог болуы тиіс» немесе «Талантты аудармашы шығарманың көркемдік құндылығын жан-жүрегімен ұғынып, түпнұсқаның түрі мен мазмұнының бірлігін әрі тілдік ерекшелігі мен заңдарын сақтап биік дәрежесінде жеткізуге күш салады.»,-деген ойларының дұрыстығын аудармашыларда қолдайды.
Осы еңбегінде зерттеуші поэтикалық шығарма аудармашысының негізгі талаптарына, аудармашыға қажетті шығармашылық қасиет қырларына, өлең аудармасындағы шабыттың маңыздылығына тоқталады. Ғалым әрбір ойын нақты мысалдар арқылы беріп отырады.
«Әр аудармашының ақындық таланты, аудармашылық шеберлігі сезіліп тұр. Кейде тіпті шығарманың екінші өмірі алғашқысына қарағанда анағұрлым бақытты болып қалыптасады, аударманың атақ-даңқы түрлі себептермен түпнұсқаның атақ-даңқынан асып түсетін жайлар да бар. Мұны азербайжан ақыны Мирза-Шафи Вазехтің шығармашылық тағдырына қатысты айтуға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында бастапқыда неміс аудармасының арқасында осынау ақынның есімі Еуропаның барлық оқырманына кеңінен танылды, ал бұл кезде өзінің туған елінде ақынның шығармалары жарық көрмеген еді»,- деп ойын одан әрі өрбітеді де «Гете поэзиясына М.Лермонтов шебер аудармасы арқылы мәңгілік өмір сыйласа, Абай бір ғана өлеңін ұлттық тіл байлығымен, керемет талантымен өміршеңдік рух дарытып, әсерлі ән етіп қалықтатты. Талант пен шабыттың жалынында жасалған керемет поэтикалық аударма-түпнұсқаның басқа ұлт әдебиетіндегі тынымсыз тамыр соғысы, оқырман жандүниесіне бойлаған сезім-сырлардың кәусар ағысы»,-қорытындылайды.
Осы еңбекті оқу барысында біз ғалымның аударма саласындағы теориялық білімінің молдығын байқадық. Жалпы аударматанушылардың еңбектерін саралауы, мысалдар келтіруі ғалымның көп ізденгендігін көрсетеді. Аталған кітаптың стилі тартымды,оқуға жеңіл, ойлары нақты.
Қорыта айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор А.С.Тарақовтың «Аударма әлемі» атты ғылыми еңбегі аудармашыларға таптырмас құнды оқу құралы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, қауымдастырылған профессор Г.Қ.Қазыбек
Тұран университетінің «Медиа және мәдениетаралық коммуникация жоғары мектебі» кафедрасының сениор лекторы Бектурова Э.К


