Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Дегенмен елдің тұтастығын сақтап, рухани негізін нығайтатын басты құндылықтардың бірі – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген мемлекеттік тіл ғана емес, ұлттың болмысы мен тәуелсіздігінің айқын белгісі. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – қоғамның барлық саласына ортақ міндет. Бұл жауапкершілік сот жүйесіне де тікелей қатысты.
Сот – әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін маңызды институт. Халық сотқа сенім артуы үшін сот төрелігі ашық, түсінікті әрі қолжетімді болуы қажет. Ал азаматтың өз ана тілінде немесе мемлекеттік тілде құқықтық қорғануға мүмкіндік алуы – конституциялық құқықтардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік тілдің сот өндірісіндегі орны ерекше.
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі – мемлекеттік тіл екені нақты көрсетілген. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңда мемлекеттік тілдің мемлекеттік органдар мен сот жүйесінде қолданылуы міндеттелген. Демек, судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруі – уақыт талабы ғана емес, заң талаптарының орындалуы.
Бүгінде еліміздегі сот жүйесінде мемлекеттік тілдің үлесі артып келеді. Көптеген сот процестері қазақ тілінде жүргізілуде. Бұл – қоғам сұранысына сай қалыптасқан оң үрдіс. Себебі қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны артқан сайын, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге деген қажеттілік те күшейе түсуде. Азамат сот табалдырығын аттағанда өз ойын еркін жеткізіп, құқықтық мәселесін түсінікті тілде баяндай алуы тиіс. Ал судьяның мемлекеттік тілді еркін меңгеруі сот процесінің сапасы мен тиімділігіне оң әсер етеді.
Мемлекеттік тілде жүргізілген сот отырысы халықтың сотқа деген сенімін арттырады. Өйткені тіл – тек қатынас құралы емес, ол – түсіністік пен сенімнің негізі. Егер азамат соттағы әрбір сөзді толық түсініп отырса, қабылданған шешімнің әділдігіне де күмән келтірмейді. Бұл өз кезегінде құқықтық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Судья – заңды ғана емес, мемлекеттік мүддені де қорғайтын тұлға. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеу мен қолдану судья әдебінің де бір бөлігі болуы тиіс. Қазақ тілінде сауатты сөйлеп, құқықтық терминдерді орынды қолдану – судьяның кәсіби деңгейін көрсетеді. Әсіресе жас буын заңгерлер мен судьялар үшін мемлекеттік тілді терең меңгеру маңызды міндеттердің бірі.
Соңғы жылдары сот саласында мемлекеттік тілді дамыту бағытында түрлі шаралар атқарылып келеді. Қазақ тіліндегі құқықтық құжаттар жетілдіріліп, терминологиялық база нығайтылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасуы қажет. Себебі мемлекеттік тілдің мәртебесі тек заңмен емес, нақты қолданыспен биіктейді.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің тұғыры, ал сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің орны – әділдіктің айнасы. Судьялардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруі мен сот өндірісінде кеңінен қолдануы – құқықтық мемлекеттің маңызды көрсеткіші. Мемлекеттік тілдің сот төрелігіндегі беделі артқан сайын, халықтың заңға деген құрметі де күшейе түседі.
Куписова Гульнур Бикетовна, Ақтөбе қалалық соты әкімшісінің бас маманы


