ӘРПК: мақсаты мен қағидаттары

Әкімшілік әділет институтының қолданысқа енгізілгеніне 5 жыл болды. Осы жылдар ішінде жаңа институтты жолға қою бағытында үлкен ізденістер, ауқымды жұмыстар қолға алынды. Алдына биік мақсат қойып, нақты қағидаға негізделген бұл институттың бүгінде халық көңілінен шыққаны талассыз.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің дайындалып, әкімшілік соттардың құрылуы халықтың пікірі мен тілегінен туындағаны белгілі. Қарапайым жұртшылықтың ұсынысына назар аударған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құзырлы органдарға тапсырма беріп, жария-құқықтық дауларды сапалы шешуді заңдық тұрғыда реттеп, оңтайлы механизмін жасауды тапсырған болатын.

Әкімшілік әділет институтының негізін жасауда өркениетті елдердегі өлшемдер бағдар етілді. Заңнамалар сарапталып, басымдықтар белгіленді. Осындай терең ізденіс, тыңғылықты дайындық нәтижесінде әкімшілік соттар қоғамнан лайықты орын алып, өзіне жүктелген мақсат-межеден табыла білді. Мұны бүгінгі сот тәжірибесінен айқын байқауға болады.

Біріншіден, әкімшілік әділеттің негізгі мақсаты жария-құқықтық даулардағы азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы теңгерімді қалыптастырып, халықтың сот төрелігіне деген сенімін нығайту еді. Жаңа институтқа жүгінетіндер санының жыл санап артуы бұл мақсаттың орындалғанының нақты көрінісі.

Екіншіден, бұл институтты енгізуде азаматтардың өз құқығын дәлелдеуін жеңілдету принципі көзделген болатын. «Соттың белсенді рөлі» мен мемлекеттік органдардың кінәлілік презумпциясының енгізілуі жеке және заңды тұлғалардың сотқа қиындықсыз жүгініп қоймай, жеңіске жетуіне айтарлықтай ықпал етті. Соның арқасында судья өзінің белсенді рөлін пайдаланып тараптар ұсынған материалдармен шектеліп қалмады. Егер істі дұрыс шешу үшін мәліметтер жетіспесе, ол өз бастамасымен қосымша құжаттар, сараптамалар және дәлелдемелер сұрату құқығын пайдаланды. Сондай-ақ судья тараптарға өз позициясын қайта қарауға және дауды бітімгершілікпен шешуге көмектеседі.

Үшіншіден, әкімшілік әділет институтының батыл принциптерінің арқасында мемлекеттік органдардың жауаптылығы артты. Себебі бүгінде азаматтар мемлекеттік органның әрекетімен келіспей сотқа жүгінсе, іс «мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» арқылы қаралады. Яғни, жария-құқықтық дауларда қазір жеке тұлғалар емес, өз әрекетінің заңдылығын дәлелдеу міндеті мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлғаға жүктелген.  Осылайша әкімшілік әділеттің арқасында мемлекеттік органдар жұмысының сапасы артып және мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы нығайып келеді.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жаңашылдығы аз емес. Айталық, кодексте соттың заңды талабын орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алу шарасы дәйектелген. Бұл мемлекеттік органдардың тәртібіне және әкімшілік актілердің уақытылы орындалуына ықпал етеді. Тағы бір артықшылық әкімшілік қалау институты болып табылады. Сот оның бар-жоғын тексереді және белсенді рөлі шеңберінде дауды реттеудің жолдарын, оның ішінде талап қоюды кері қайтаруды немесе келісімге қол жеткізуді ұсына алады. Осы маңызды жаңалықтың қатарына татуластыру рәсімдерін қосуға болады.

Бес жылдың ішінде азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтып, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға ықпал еткен әкімшілік әділетті алдағы уақытта жаңғырту, жетілдіру кезек күттірмейді. Әкімшілік әділет мемлекеттік органдармен арадағы дауларда азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді құралы және заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің тетігі ретінде дами берері сөзсіз. Алдағы уақытта сотқа дейінгі рәсімдерді одан әрі ретке келтіру, құқық қолдану практикасын жетілдіру, мемлекеттік органдардың құқықтық мәдениеті мен тәртібін нығайту міндеті тұр.

Әлия Менлибаева,

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Административное правосудие АППК: Цель и принципы

Прошло 5 лет с момента создания института административного правосудия....

Меритократия – мемлекеттік қызметтегі әділ өсу жолы

Бүгінде мемлекеттік қызмет жүйесінде әділ әрі ашық кадрлық саясат...

Талап қоюдың өз тәртібі бар

Жұртшылықтың құқықтық сауаты мен мәдениетін көтеру – әділетті, өркениетті қоғам құрудың, сондай-ақ, азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін айқын түсінуінің басты кепілі саналады.  Құқықтық білімді жетілдіру үшін ең алдымен заң талаптары мен...

Олжас Сүлейменов — әділет пен руханиятты қатар ұстанған тұлға

Олжас Сүлейменов — қазақ әдебиеті мен қоғамдық өмірінде терең...