Мәмілені жасау мен тоқтатудың заңдық тәртібі

Құқықтық мемлекет – азаматтардың алаңсыз өмір сүріп, қауіпсіздігін мінсіз қорғаудың кепілі. Сондықтан мемлекеттегі күштік құрылымдар мен сот жұмысын жандандыруға, заңдарды біріздендіріп, қоғамда ортақ тәртіпке бағыну мәдениетін нығайтуға басымдық беріліп келеді. Халықтың құқықтық сауаты артқан сайын ел ішіндегі келіспеушіліктердің де азайып, сот дауларының да төмендейтіні ақиқат. Ол үшін заңдарды түсіндіру, сот реформаларынан көпшілікті дер кезінде хабардар ету бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуі керек.

Азаматтық соттарда мәмілені (келісімшартты) жасасу және тоқтатуға байланысты даулар жиі кездеседі. Мұндай құқықтық қатынасты заңдық реттеудің тәртібі азаматтық заңнамаларда толық дәйектелгенімен, қарапайым халық оған мән бере бермейді. Сот тәжірибесінен байқап жүргеніміздей мәмілеге байланысты даулардың көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді.

Ең адымен жеке тұлғалар мәмілелер жасасу кезінде контрагенттерді тексермейді, беймәлім тұлғалармен немесе сенімсіз компаниялармен мәміле жасасу – құқықтық сергелдеңге түсіретін қадам. Бұдан бөлек келісімшарттағы құжаттарға қарамай қол қояды, түбіртектерсіз ақша аударып, келісімдерді ресімдемеу де жиі орын алады. Келісімшарттарды бұзу барысында да кездесетін кемшіліктер аз емес. Соның бастысы азаматтар жазбаша нысанды сақтамайды, тиісті рәсімдерден жалтару жағдайы жиі орын алып, активтердің қайтарылуын бақыламау да қателікке алып келеді.

Осындай құқықтық әурешілікке тап болмас үшін азаматтар мәміле жасар алдында құжаттарды сұратуы, қол қоюшының өкілеттігін тексеруі және жылжымайтын мүлік немесе бизнес жағдайында мемлекеттік тізілімдерден үзінділерге тапсырыс беруі қажет. Келісімдегі шарттарға мән беріп, әр талапты терең зерделеп оқу маңызды.  Себебі күнделікті өмірде жеке тұлғалар мәміледегі ұсақ шрифтпен жазылған шарттарға мән бермейді немесе стандартты шарттарды оқымайды. Осылайша мәміледе ауыр айыппұлдар, жасырын төлем немесе қолайсыз шарттар жазылғанын дау туындағанда бірақ біліп, бармақ тістеп жатады.

Қаржыны қашықтан басқару үрдісі қалыптасқалы бері мәмілеге байланысты орын алатын даулардың ендігі бір парасы ақшаны «шартты түрде» аударуға, түбіртекті алмай және ресми келісімшартсыз қолма-қол ақша немесе банк аударымы арқылы төлеуге байланысты туындап отыр. Мұндай әрекеттер дәлелдемелердің жоғалуына түрткі болады. Сондықтан, қаржыны аударуда сақтық, сауаттылық басты орында тұруы тиіс.

Форс-мажорлық жағдайлардың тәуекелдерін елемеудің соңы да сот әуресіне себеп болады. Ал әр қадамын ойланып жасайтын азаматтар келісімшартта төтенше жағдайлардың алдын алу, кідірістер немесе шарттарды орындау мүмкін болмаған кездегі әрекеттерді жан-жақты дәйектеуі тиіс. Бұл да сотта өз құқығын қорғаудың жақсы мүмкіндігі.

Сонымен қатар соттағы мәмілелерді тоқтатуға қатысты даулардың туындауына бірнеше қателік негіз болып отыр. Біріншіден, азаматтар екіжақты келісімшарттың жасалғанына қарамастан мәмілені ауызша тоқтатады. Ал ауызша келісімнің заңды күші болмайтыны белгілі. Айталық егер тараптар ресми келісімге қол қоймай ажырасса, бастапқы келісім күшінде қалады және тараптардың бірі кез келген уақытта міндеттемелерді орындауды талап ете алады немесе қарызды өндіріп ала алады.

Екіншіден, мәмілені тоқтатуды растайтын құжаттардың болмауы сотта жеңілуге әкеледі. Себебі келісімшарт бұзылған жағдайда, міндеттемелерді тоқтату туралы құжат жасалып, тараптардың бір-біріне талаптары жоқ екендігі анық көрсетілуі керек.

Үшіншіден, мәміледен біржақты бас тарту мүмкін емес. «Мен шартты орындай алмаймын, осымен мәмілені тоқтамын» деу заңсыз. Яғни келісімшартты сотсыз біржақты тоқтату құқығы көзделмесе, онда оның шарттарын орындауды тоқтату мүмкін емес.  

Төртіншіден, қаржылық міндеттемелерді орындамау көбінесе сот дауларының орын алуына әкеледі.

Сонымен бірге Азаматтық кодексте белгіленген процедуралық мерзімдерді өткізіп алу және құжаттарды дайындауда қателіктер жіберудің соңы азаматтардың өз құқығын қорғауына кедергі келтіретінін ұмытпаған жөн.

Келісімшарттарды жасасу, жарамсыз деп тану және бұзу бойынша даулар алдымен сотқа дейінгі рәсімде зерделенеді. Сотқа талап арыз бермес бұрын, азаматтар қарсы тарапқа келісімшартты ерікті түрде бұзу туралы жазбаша ұсыныс жіберуге міндетті. Азаматтық заңнамада көрсетілген мерзім ішінде қарсы тараптан жауап болмаған жағдайда ғана сотқа талап арыз беруге болады. Бұдан кейін талап арыз берген азамат мәміленің өрескел бұзылғанын дәлелдеуі керек. Егер екінші тарап елеулі бұзушылық жасаған болса, келісімшарт сотта бұзылуы мүмкін.

Сот тәжірибесінен белгілі болып отырғандай, мәмілеге байланысты дауларда бірқатар қиындықтар кездеседі. Соның ішінде мәмілелерді жарамсыз деп танудағы қарсылықтар, жалған мәмілелер, тараптардың әрекет қабілеттілігі, қолтаңба нысандарын пайдалану, қолжазбаны визуалды тексерудің қиындығы, дәлелдемелерді бағалаудағы мәселелер істерді таразылауда бірқатар қолайсыдықтар тудырады. Міне, осындай заңдық кедергілерге тап болмас үшін азаматтар заңдық құқықтарын біліп, әр құжатқа жауаптылықпен қарағаны абзал.

Алма Абдухалықова, Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының судьясы

Сотта өкілдік ету жауапкершілігі жоғары

Азаматтық процестегі сот өкілдігі жеке және заңды тұлғаларға заңгерлік...

Қазақстанда кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін

ІІМ елімізде кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін...

Мемлекеттік тіл – мәртебесі биік құндылық

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің айбыны мен елдіктің айғағы. Тіл...

Гендірлік теңдік – демократиялық қоғамның негізі

Қазіргі таңда әлемде гендерлік мәселелерге, яғни ерлер мен әйелдердің...