Мемлекеттік тіл – елдің қоғамдық және мемлекеттік өміріндегі маңызды құндылықтардың бірі. Қазақстан Республикасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Осыған байланысты мемлекеттік басқару салаларымен қатар, сот жүйесінде де қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі.
Сот жүйесі – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік институт. Сондықтан сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің еркін қолданылуы халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта соттарда қазақ тілінде талап арыздар, өтініштер, шағымдар және басқа да процессуалдық құжаттар қабылданып, істер қаралуда. Сонымен бірге сот актілерін мемлекеттік тілде әзірлеу және тараптарға қазақ тілінде құқықтық түсіндірме беру тәжірибесі де қалыптасып келеді.
Дегенмен, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін одан әрі арттыруды қажет ететін мәселелер бар. Кейбір сот процестерінде тараптардың орыс тілін таңдауы, құқықтық құжаттардың екі тілде дайындалуы және кәсіби заң терминологиясының бірізді қолданылмауы қазақ тілінің сот саласындағы үлесін арттыруға белгілі бір деңгейде кедергі келтіреді. Бұл мәселелерді шешу үшін судьялар мен сот қызметкерлерінің мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгеруіне, заңнамалық терминдердің біркелкі қолданылуына және қазақ тіліндегі құқықтық әдебиеттердің көбеюіне көңіл бөлу қажет.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесіндегі қолданысын кеңейту тек құжаттарды қазақ тілінде жүргізумен шектелмеуі тиіс. Оның негізгі мақсаты – азаматтың өз құқығын ана тілінде еркін түсінуіне және сотта өз ойын толық жеткізуіне жағдай жасау. Бұл ретте тіл мәселесі азаматтың сот төрелігіне қолжетімділігімен тікелей байланысты.
Қорытындылай келе, сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңейіп келе жатқанымен, оны одан әрі дамыту үшін жүйелі жұмыстар қажет. Қазақ тілінің сот ісіндегі орнының нығаюы – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырумен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың да маңызды бағыты. Мемлекеттік тілде сапалы әрі түсінікті сот төрелігін қамтамасыз ету – заң үстемдігін нығайтуға және қоғам мен сот арасындағы өзара сенімді арттыруға қызмет етеді.
Мұғалжар ауданыдық сотының
бас маманы сот отырысының
хатшысы Ө.Ж.Өмірбек


