Гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Қазақстан Республикасында әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктері Конституциямен кепілдендірілген және халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттарына сәйкес қорғалады. Бұл ретте сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, заң үстемдігін қамтамасыз етуде және гендерлік теңдікті ілгерілетуде ерекше орын алатынын атап өткен жөн.
Атазаңымызда заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екендігі бекітілген. Ешкімді жынысына, ұлтына, тіліне, дініне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына немесе өзге де мән-жайларға байланысты кемсітуге жол берілмейді. Аталған конституциялық қағидаттар сот төрелігін жүзеге асыру барысында толық көлемде сақталуға тиіс.
Бұл қағидаттар азаматтардың сотқа жүгіну құқығын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың заңды мүдделерінің әділ қорғалуына да кепілдік береді.
Қазақстан Республикасында әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған берік заңнамалық база қалыптасқан. Отбасы және неке қатынастары, еңбек құқықтары, ана мен баланы әлеуметтік қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәсіпкерлікпен айналысу және мемлекеттік қызметке тең қолжетімділік мәселелері ұлттық заңнамамен реттеліп, сот арқылы қорғалады. Әйелдердің еңбек, мүліктік, тұрғын үй, мұрагерлік және өзге де құқықтары бұзылған жағдайда, олар өз құқықтарын сот тәртібімен қорғауға толық құқылы.
Қазақстан әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны (CEDAW) ратификациялаған мемлекет ретінде халықаралық міндеттемелерді орындауға ерекше назар аударады. Осыған байланысты ұлттық соттар адам құқықтарын қорғаудың халықаралық стандарттарын ескере отырып, заңнаманы қолдану барысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық береді.
Сот билігі гендерлік теңдік қағидатын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Соттар дауларды қарау кезінде заң талаптарын басшылыққа алып, тараптардың жынысына қарамастан әділ әрі бейтарап шешім қабылдайды. Бұл азаматтардың сотқа деген сенімін арттырып, қоғамдағы әділеттілік қағидатын нығайтуға ықпал етеді. Соттардың тәуелсіздігі мен объективтілігі әрбір азаматтың құқықтарының тиімді қорғалуына негіз болады.
Соңғы жылдары Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Мемлекет тарапынан осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Соттар қорғау нұсқамаларын беру, әкімшілік және қылмыстық істерді қарау арқылы жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды функцияны атқаратыны сөзсіз.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін қорғау, алимент өндіру, некені бұзу, балаға қамқоршылық белгілеу және ортақ мүлікті бөлуге қатысты дауларды қарау барысында соттар отбасы институтын нығайтуға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге үлес қосады. Мұндай санаттағы істерді қарау кезінде соттар ең алдымен баланың мүддесін, отбасы мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін басшылыққа алады.
Қазақстанда мамандандырылған соттардың, соның ішінде кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттардың қызметі азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерінің біріне айналды. Бұл соттар отбасылық қатынастарға байланысты дауларды қарау кезінде медиация рәсімдерін қолдануға, тараптарды татуластыруға және әлеуметтік әділеттілікті сақтауға баса назар аударады.
Сот жүйесін цифрландыру да әйелдердің құқықтарын қорғауға қосымша мүмкіндіктер берді. «Сот кабинеті» сервисі арқылы азаматтар талап-арыздар мен өтініштерді электрондық форматта жолдап, сот актілерімен қашықтан таныса алады. Бұл әсіресе жас балалары бар аналарға, шалғай елді мекендерде тұратын азаматтарға және уақыт мүмкіндігі шектеулі адамдарға сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруға ықпал етуде.
Қазақстан сот жүйесінде әйел судьялардың үлесі жылдан-жылға артып келеді. Бұл гендерлік теңдіктің нақты көрінісі болып табылады және әйелдердің құқықтық саладағы кәсіби әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Әйел судьялар сот төрелігін жүзеге асыруға белсенді қатысып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және құқықтық мемлекетті дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде әйелдер сот жүйесінің барлық буындарында, соның ішінде жоғары сот сатыларында да табысты еңбек етуде.
Әйелдердің құқықтық мәдениетін арттыру және олардың құқықтық сауаттылығын дамыту да гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Азаматтардың өз құқықтарын білуі және оларды қорғау тетіктерін тиімді пайдалана алуы құқықтық мемлекеттің дамуына оң әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, соттардың түсіндіру жұмыстары, сот практикасының ашықтығы және құқықтық ақпараттың қолжетімділігі ерекше маңызға ие.
Гендерлік теңдік – тек әйелдердің құқықтарын қорғау мәселесі ғана емес, ол қоғамдағы тұрақтылықтың, әлеуметтік әділеттіліктің және орнықты дамудың маңызды шарты. Әйелдер мен ерлердің тең мүмкіндіктерге ие болуы экономикалық өсудің, қоғамдық келісімнің және адами капиталдың сапалы дамуының маңызды факторларының бірі болып саналады. Сондықтан сот жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау, кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермеу және заң алдындағы теңдік қағидатын мүлтіксіз сақтау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында әділетті Қазақстан құрудың басты шарттарының бірі ретінде адам құқықтарын қорғауға және гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Осы орайда сот жүйесін жетілдіру, сот төрелігінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.
Қорытындылай келе, гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету – Қазақстанның құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Сот жүйесі осы бағыттағы конституциялық кепілдіктердің іске асырылуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың сенімді тетігі ретінде қоғамдағы әділдік пен теңдіктің нығаюына қызмет етеді. Заң үстемдігі мен адам құқықтарын құрметтеу қағидаттары берік орныққан жағдайда ғана гендерлік теңдік толыққанды жүзеге асырылып, әділетті қоғам құру мақсатына қол жеткізуге болады.
Сондықтан әйелдердің құқықтарын қорғау, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау және сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Ақтөбе қаласының мамандандырылған
тергеу сотының Сот әкімшісінің басшысы
Нәбияқызы Зульфия


