Қазіргі таңда цифрлық технологиялар қоғам өмірінің барлық саласына кеңінен еніп, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тәсілін жаңа деңгейге көтеруде. Соның ішінде сот жүйесін цифрландыру – құқықтық мемлекетті дамытудағы маңызды бағыттардың бірі. Электрондық сот төрелігін енгізу сот жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың сотқа жүгіну мүмкіндігін жеңілдетуге, уақытын үнемдеуге және сот қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге жол ашты.
Электрондық сот төрелігі – сот қызметіне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу арқылы сот процестерін ұйымдастыру мен жүзеге асырудың заманауи нысаны. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау барысында қолжетімді, жедел әрі тиімді сот қызметін қалыптастыру.
Бүгінде Қазақстан Республикасының сот жүйесінде цифрлық технологияларды қолдану аясы айтарлықтай кеңейді. Атап айтқанда, «Сот органдарының бірыңғай порталы» ақпараттық сервисі азаматтарға сотқа талап қою арыздарын, өтініштер мен шағымдарды электрондық түрде жолдауға, сот актілерімен танысуға және өз істерінің қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл жүйенің басты артықшылығы – азаматтардың сот ғимаратына бірнеше рет бармай-ақ, қажетті құжаттарды қашықтан жолдау мүмкіндігі. Сонымен қатар электрондық хабарламалар арқылы сот отырысының уақыты мен орны туралы ақпаратты дер кезінде алуға болады. Мұның барлығы сот пен сотқа қатысушылар арасындағы байланысты жеңілдетіп, уақыт пен материалдық шығындарды азайтады.
Сот отырыстарын бейнеконференцбайланыс арқылы өткізу де электрондық сот төрелігінің маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады. Әсіресе басқа өңірде тұратын азаматтар, жұмыс бабымен іссапарда жүрген тұлғалар немесе сотқа жеке келуі қиын қатысушылар үшін бұл мүмкіндіктің маңызы зор. Қашықтан қатысу сот процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың сотқа қатысу құқығын іске асыруға жағдай жасайды.
Сонымен қатар электрондық құжат айналымы сот қызметкерлерінің күнделікті жұмысын жүйелеуге және құжаттарды өңдеу уақытын қысқартуға ықпал етеді. Құжаттардың электрондық форматта сақталуы олардың жоғалу қаупін азайтып, қажетті ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сот жұмысының ұйымдастырылу сапасын арттырады.
Дегенмен сот жүйесін цифрландыру тек техникалық мүмкіндіктерді енгізумен шектелмеуі тиіс. Электрондық сот төрелігін дамыту барысында азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі, ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі және электрондық сервистердің баршаға бірдей қолжетімді болуы маңызды. Әсіресе цифрлық сауаттылығы төмен немесе интернетке қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделері назардан тыс қалмауы қажет.
Сондай-ақ қандай технология қолданылса да, сот төрелігінің негізі болып табылатын заңдылық, тәуелсіздік, әділдік және тараптардың теңдігі қағидаттары басты орында қалуы тиіс. Өйткені цифрлық технологиялар сот төрелігін жүзеге асырудың құралы болғанымен, әділ сот шешімін қабылдауда адамның кәсіби білімі мен жауапкершілігін алмастыра алмайды.
Қорытындылай келе, электрондық сот төрелігі – Қазақстанның сот жүйесін жаңғыртудың маңызды тетігі. Ол сот қызметінің ашықтығын арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейтуге және сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Цифрлық технологияларды тиімді әрі қауіпсіз пайдалану арқылы ғана заманауи талаптарға сай, халық сеніміне ие сот жүйесін қалыптастыруға болады.
Әділ сот төрелігі – құқықтық мемлекеттің тірегі, ал заманауи технологиялар – сол мақсатқа жетудің тиімді құралы.
Маңғыстау облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маман-сот
отырысының хатшысы
Меңдеш Әсемай Айдынғалиқызы


