Мемлекеттік органдар қызметінің негізгі бағыттарының бірі – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың өтініштеріне уақытылы әрі сапалы жауап беру және халықпен ашық әрі тиімді байланыс орнату. Өйткені мемлекеттік орган жұмысының нәтижесі тек атқарылған қызметпен ғана емес, ең алдымен, азаматтардың сенімімен және олардың мәселелерінің қаншалықты оңтайлы шешілгенімен бағаланады.
Осы тұрғыдан алғанда, азаматтарды жеке қабылдау және олардың өтініштерін қарау – мемлекеттік қызметтің маңызды әрі жауапты бағыттарының бірі.
Азаматтарды жеке қабылдау – халықтың талап-тілегін, ұсыныстары мен мәселелерін тікелей тыңдауға, оларды толғандырған сұрақтарға түсініктеме беруге және заң аясында шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік беретін тиімді тетік. Жеке қабылдау барысында азамат пен мемлекеттік орган өкілі арасында тікелей байланыс орнап, мәселенің мән-жайын жан-жақты зерделеуге жол ашылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынастың құқықтық негіздерін айқындайды. Аталған Кодекс әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру кезінде заңдылықты, әділдікті, ашықтықты және азаматтардың құқықтарын қорғауды басты назарға қояды.
Жеке қабылдаудың басты мақсаты – азаматтың өтінішін тыңдап қана қою емес, көтерілген мәселені мұқият зерделеп, оның шешілуіне ықпал ету. Сондықтан қабылдау барысында әрбір азаматқа құрметпен қарау, оның сөзін бөлмей тыңдау, мәселенің мәнін анықтау және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес нақты түсініктеме беру аса маңызды.
Сот әкімшілігі қызметінде де азаматтармен өзара байланыстың орны ерекше. Себебі соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету, сот жұмысының үздіксіз жүргізілуіне жағдай жасау бағытындағы мәселелер бойынша азаматтардан түрлі өтініштер мен ұсыныстар келіп түседі.
Олардың қатарында, сот отырыстарын ұйымдастыру, ақпарат алу, құжаттарды қабылдау және сот қызметін қамтамасыз етуге қатысты өзге де мәселелер бар. Әрбір өтініш белгіленген құзырет шегінде қаралып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдануы тиіс.
Өтініштерді қарау барысында заңдылық пен мерзімді сақтау – басты талаптардың бірі. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 76-бабына сәйкес, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, өтініш негізінде қозғалған әкімшілік рәсімді қарау мерзімі өтініш келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда, қарау мерзімі уәжді шешіммен ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы өтініш берушіге үш жұмыс күні ішінде хабарлануы тиіс.
Сонымен қатар өтініштерді қарау кезінде олардың мазмұнына, көтерілген мәселенің сипатына және мемлекеттік органның құзыретіне ерекше назар аударылады. Егер өтініште көрсетілген мәселе органның құзыретіне жатпаса, заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті түсініктеме берілуі немесе өтініш тиісті органға үш жұмыс күнінің ішінде жолдануы қажет. Бүгінде азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгіну мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. Қағаз түріндегі өтініштермен қатар, электрондық форматтағы өтініштерді жолдау тетіктері қолданылады. Атап айтқанда, «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы азаматтар өз өтініштерін электрондық түрде жолдап, оның қаралу барысы мен нәтижесін бақылай алады. Бұл мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттырып, өтініштерді қарау үдерісін жүйелеуге мүмкіндік береді. Өтініштермен жұмыс жүргізуде тағы бір маңызды мәселе – азаматтарға берілетін жауаптардың сапасы. Жауап тек формалды түрде жолданған хат болмауы керек. Онда азамат көтерген мәселенің мәні ашылып, тиісті заң нормаларына сүйене отырып, нақты әрі түсінікті жауап берілуі қажет. Әрбір өтініштің артында адамның тағдыры, үміті мен сенімі тұрғанын естен шығармаған жөн. Сондай-ақ сот әкімшілігіне келіп түскен өтініштерді қарау барысында сот төрелігін жүзеге асыруға қатысты мәселелер мен соттардың ұйымдастырушылық қызметіне байланысты мәселелердің аражігін ажырату маңызды. Сот әкімшілігі соттардың тәуелсіздігіне қол сұқпай, өз құзыреті шегінде ғана әрекет етеді. Сот актілерінің заңдылығы мен негізділігіне қатысты мәселелер қолданыстағы процестік заңнамада көзделген апелляциялық, кассациялық және өзге де тәртіптермен шешіледі.
Біздің басты міндетіміз – азаматтардың өтініштерін назардан тыс қалдырмай, әрбір мәселенің заңды әрі әділ шешілуіне ықпал ету. Бұл бағытта қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру, өтініштерді қарау сапасын тұрақты бақылау, азаматтарды қабылдау жұмысын жүйелі ұйымдастыру және кері байланысты нығайту маңызды. Мемлекеттік қызметтің сапасы – халыққа деген құрметтен басталады. Азаматтың өтінішіне бейжай қарамау, оның мәселесін тыңдап, заң шеңберінде көмек көрсету – әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби әрі азаматтық міндеті.
Жыл басынан бері аудандық сот төрағасының жеке қабылдауына 8 азамат болса, аудандық соттың әкімші басшысының жеке қабылдауына 7 азамат болған. Жүгінген тұлғаларға заң аясында түсірме жауаптар берілген.
Сонымен бірге, айта кететін мәселе бүгінгі күні заңды тұлғалар өкілдері, жеке тұлғар «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы сот өндірісінде қаралып жатқан істер бойынша құжаттарды немесе талап қоюларды жолдауда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 3-бабының 4-тармағының 1)-тармақшасында осы Кодексте белгіленген әкімшілік рәсімдердің тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында реттелетін қатынастарға қолданылмайды деп көрсетілген, сол себепті аталған жүйемен сот өндірісіндегі істерге қатысты құжаттар мен талап қоюларды жолдауға болмайтынын назарға салғым келеді.
Қорытындылай келе, азаматтарды жеке қабылдау және өтініштерді қарау тәртібін жетілдіру – мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етудің, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырудың маңызды кепілі. Халықпен тиімді байланыс орнату, азаматтардың талап-тілегіне құлақ асу және олардың құқықтарын құрметтеу – әділетті әрі жауапты мемлекеттік басқарудың басты қағидаты болып қала береді.
Қызылорда облысы,
Жалағаш аудандық сот
әкімшісінің басшысы А.Қ.Алтынбаев


