Тілді құрметтеу – ұлтты, елді құрметтеу. Қазақ тілі – еліміздің мемлекеттік тілі, ұлттық құндылығымыздың бірі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның қолданыс аясын кеңейту – баршамызға ортақ міндет. Себебі, тіл – елді біріктіреді. Жер бетіндегі кез келген халықтың мәңгілік болып қалуы – ұлттық тілінің сақталып қалуымен байланыс табады.
«Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деп халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы атап өткендей, тіл бірлігі болмаса ұлт бірлігі болмайды. Сондықтан бүгінде тіл мәселесі мемлекет үшін аса маңызды орын алады. Тіл – халықты біріктіретін күш. Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуы қоғамдағы өзара түсіністікті нығайтып, азаматтық бірегейлікті қалыптастырады.
Қазір мемлекеттік тіл барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметтегі қазақ тілінің қолдану үлесін сөз еткенде, сот саласынан аттап өту мүмкін емес. Сот жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік тілде іс жүргізуді дамыту және азаматтардың өз құқықтарын қазақ тілінде қорғауына жағдай жасау. Бүгінде сот жүйесінде ана тіліміздің үлесі көңіл қуантарлық.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында мемлекеттік тілдің қолданылуына ерекше көңіл бөлінеді. Сотта құжаттарды қазақ тілінде дайындау, сот отырыстарын мемлекеттік тілде өткізу, азаматтардың өтініштері мен талап қоюларын мемлекеттік тілде қарау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, ішкі құжаттар айналымы да қазақ тілінде жүргізіледі. Сот қызметкерлері қазақ тілінде сауатты жазу, ресми құжаттарды дұрыс рәсімдеу және мемлекеттік тілді күнделікті қызмет барысында қолдану мәселелеріне мән береді. Бұл көрсеткіштер жыл сайын еселеніп, жасалынып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беруде.
Сот саласында мемлекеттік тілді қолдану – тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы тіл мәдениетін дамытуға қосылған үлес. Судьялар мен сот қызметкерлері үшін мемлекеттік тілді жетік меңгеру – кәсіби талаптардың маңызды бөлігі. Құқықтық құжаттардың дәлдігі, түсініктілігі және сауаттылығы сот төрелігінің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан тіл мәдениетін сақтау мен дамыту – әрбір сот қызметкерінің парызы.
Мемлекеттік тілдің дамуы – елдің дамуы. Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің басымдығы халық пен сот арасындағы сенімді арттыруға да оң ықпал етеді. Сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіруге, сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің нышаны ғана емес, құқықтық мемлекеттің берік негіздерінің бірі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не? Себебі, тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі.
Мемлекеттік тілдің дамуы тек заң талаптарын орындаумен шектелмейді. Ең бастысы – оны күнделікті өмірде және жұмыс барысында еркін қолдану. Қазақ тілін құрметтеу, үйрену және оның дамуына үлес қосу әрқайсымыздан басталады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі тілге құрмет – елге құрмет.
Ақтөбе облысының мамандандырылған
ауданаралық соты әкімшісінің басшысы Д.Т.Ерликова


