Абай XIX ғасырдың бірінші жартысының соңында қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағында белгілі бай Құнанбай Өскенбаевтың отбасында дүниеге келген.
2025 жылдың 10 тамызында ұлы қазақ ақыны, философы, сазгері және ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Оның шығармашылығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына негіз болды, ал философиялық идеялары халықтың дамуына терең әсер етті. Абай білімге, прогреске және бірлікке деген сүйіспеншілікті насихаттады. Оның «Қара сөздері» сияқты еңбектері бүгінгі күнге дейін өзекті болып, жаңа буындарды шындық пен үйлесімділікке ұмтылуға шабыттандырады. Абайдың 180 жылдық мерейтойы — тек бір ақынның жылдығы емес, ол бүкіл қазақ халқының рухани мұрасын қайта бағалап, оның терең философиясын бүгінгі күн тұрғысынан түсінуге ерекше мүмкіндік.
Абайдың философиялық, көркемдік, әлеуметтік, гуманистік рухани көзқарастары қара сөздері арқылы да берілген. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде шыққан “Абай” журналында жарық көрді. Кейіннен Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Абай — публицист. Оны публицист еткен өзінің ортасы, Абай дәуірінен көп бұрын басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан сананың мешеулігі, ұлтының талайсыздығы мен ұлтының талапсыздығы еді. Сондықтан да М.Әуезов оның қарасөздері жайлы әңгімелей келіп:
«… Абайдың өз тұсындағы күнделікті өмір шындығына қолма-қол қатынасып, жәрдем етсем деген талабын көрсетеді. Өлеңдік шығармаларында өз заманының шындықтарымен қолма-қол байланысты болып, онны сынау арқылы пайдалы іс етемін деген ақын, жаңағы қарасөзінде сол әлеуметтік, әкімшілік қалпына нақтылап араласқысы келеді»,- дейді.
Белгілі ғалым Т.Қожакеев: «Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да» дұшпаннан да», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Менсінбеуші ем наданды», «Қайғы шығар ілімнен», «Қарашада өмір тұр», «Бойы бұлғаң» деген өлеңдерінде де ел ішінің бұзылуы, ондағы жікшілдік, баққұмарлық, алауыздық, өтірікшілік, өсекшілік, пайда іздеу ұрлық қылу, сұмдық-сұрқиялық істеу сияқты қасиетсіздіктерге қарғыс таңбасы басылған» дейді. Міне, бұлар қоғамға, оның мүшелеріне баға беретін, сын айтатын шығармалар. Олай болса, публицистика дегеніміз осы. Бұл пікірді сәл өзгертіп ұлы Мұхтар да айтқан: «Абай өскенде, ортасынан асқанда осы сияқты тарихтық, қоғамдық қайшылықтарды терең аңғарып танып барып өседі… барлық ақыл ойын мынау ортаны мінеп, шенеп, нәрсіздік, құнсыздығын ашуға жұмсайды». Осыдан кейін Абайдың публицист болмасқа амалы да жоқ еді.
Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын күн тәртібіне қойды. Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты озық мәдениетке сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі — дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты. Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну — Абай даналығының белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді.
Қазақтың маңдайына біткен шоқ жұлдыз, хакім Абайдың мұрасы – сарқылмас қазына. Оның жүрек шерімен жазған өлеңдерінің тағылымы тереңде жатыр. Абай жалғыз қазақ халқының емес, адамзаттың ұлы десек артық айтқандық емес. Дара тұлғаны қай жағынан дәріптесек те біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы Ж.Смагулова