Қазақ әдебиеті мен тарихында есімі ерекше аталатын аса көрнекті тұлғаның бірі – Ақтамберді Сарыұлы. Оның аты көбіне көне жыраулық мектептің белді өкілі, қолбасы, дипломат ретінде көп аталады.
1675 жылы қазіргі Түркістан облысындағы Қаратауда өмірге келген Ақтамберді Сарыұлы ел қорғауға өте ерте араласып, қарапайым сарбаздан қолбасы деңгейіне дейін көтерілген. «Он екімде аттанып, қылыш ілдім білекке» дегендей оның өмірі қазақ халқының тарихындағы ең бір аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келеді. Ақтамберді басқасын былай қойғанда 1738–1752 жылдардағы қазақ-қалмақ шайқасының барлығына дерлік қатысып, майданның алғышебінен табылған қолбасы. Құттыбай, Ақтайлақ билердің немересі Отан қорғау жолында білегінің күшімен ғана əйгілі боп қоймай, қалың елді соңынан ерте алатын көсемдігі мен шешендігі жəне жорық жыршысы қиын қыстау кезеңде жанынан суырып салып жырлайтын жыраулық қасиетімен өзгелерден ерекшеленген. Оның «Күмбір-күмбір кісінетіп», «Уа, қарт Бөгенбай», «Жауға шапты ту байлап», «Менімен ханым ойнаспа», «Заманым менің тар болды» секілді толғау — жырлары əлі күнге дейін көркемдік жəне шығармашылық деңгейімен əдебиет сүйер қауымды таңғалдырумен келе жатыр. Қазақ халқының азаттық, құлдық жөніндегі түсініктерін айқындап, тыныс-тіршілігі мен болашаққа деген сенімін паш ететін Ақтамберді шығармалары «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген дала заңының айқын көрсеткіші ретінде де ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалатын аса құнды мəдени қазына. 1768 жылы Абай облысындағы Жүрекжота деген деген жерде көз жұмған батырдың туғанына 350 жыл толуына орай биыл мерейтойлық танымдық, мəдени, ғылыми, тарихи түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Шара 25 шілде күні Аягөз ауданындағы Құндыз ды ауылындағы Ақтамберді кесенесіне зиярат етуден басталды. Одан кейін Аягөз қаласында «Жауға найза – елге мұра Ақтамберді жыры» атты ғылыми-танымдық конференция мен «Ерлікті-елдікті жырлаған – Ақтамберді» деген республикалық мүшəйраға ұласты. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Тыныштықбек Əбдіəкімұлы бастаған қазылар алқасының шешімімен 119 шығарманың арасынан қарағандылық Жанат Жаңқашұлы бас жүлдені иеленді. 1-3 орынды астаналық Ұларбек Нұрғалым, семейлік Айтмұханбет Бейсембеков, астаналық Жұлдызай Ысқақ бөлісті. Сондай-ақ А.Сарыұлына арналған бірнеше жаңа кітаптың таныстырылымы жасалып, орталық алаңда мергендер садақ атудан, палуандар қазақ күресінен күш сынады. Келесі күні қалалық атшабарда 15 мың халық жиналған ұланасыр тойдың негізгі кезеңі өтті. Онда өнер шеберлерінің дайындаған театрландырылған қойылымдары көрсетіліп, əн əуелеп, күй күмбірлеп, жырдан шашу шашылды. Садақ ату мен қазақ күресінің ақтық сайыстары өтіп, той аударыспақ пен бəйге ойындарына ұласты. Шетелдік қонақтар көшпелі халықтың атадан балаға мұра болып келе жатқан дала мəдениетінің жарқын көрінісінен алған əсерімен бөлісті. Енді Аягөз қаласына келген қонақтар сəулетімен ғана емес айбыны мен рухты бейнесімен көрген жанға ой салатын Ақтамбердінің еңселі ескерткішін көруге асығатын болды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


