Ажырасу – еліміздегі әлеуметтік мәселенің біріне айналды.
Статистика көрсетіп отырғандай, елімізде жыл сайын шаңырақ көтерген
отбасылардың үштен бірі ажырасып кетеді екен. Айтарға оңай болғанымен,
бұл үлкен қасірет. Өйткені, ажырасудың ар жағында бір шаңырақтың бүлінуі,
балалардың тағдыры жатыр. Сондықтан, ажырасудың алдын алуға,
мәселенің салдарымен емес, түпкі себебімен күресуге барынша басымдық
берген абзал.
Мысалы Алматы қаласы Алатау аудандық сотында да неке бұзуға
қатысты арыз-шағымдар саны жыл өткен көбейіп барады.
Арызданушылардың айтар уәждары, себептері ұқсас. Ерлі-зайыптылар
көбінесе тұрмыстық жағдайдың төмендігіне төзбегеніктен, жұмыссыздық,
қызғаныш, өзара түсінбеушілік шаршатқандықтан ажырасуға бел буғандарын
алға тартып жатады. Мінездерінің үйлеспегенін, жары көзіне шөп салғанын,
күйеуінің араққа немесе нашаға үйір болғанын, сондай-ақ, құмар ойындарға
кіріп қарызға батқанын басты себеп ретінде көрсететіндер де бар.
Арыз сотқа түскеннен кейін сот ерлі-зайыптылардың бірден талабын
қанағаттандырып, некені бұзуға шешім қабылдамайтыны белгілі. Себебі,
әрбір отбасын сақтау ерлі-зайыптылардың өзі үшін ғана емес, олар құрған
отбасындағы адамдар үшін, сондай-ақ мемлекет үшін маңызды қадам.
Мемлекеттің мықты болуы ең алдымен отбасындағы тыныштық пен
татулыққа байланысты. Ал ажырасу тек бір шаңырақты шайқалтып қоймай,
ондағы балалардың болашағына айтарлықтай әсерін тигізеді. Соған орай сот
ажырасуға бел буып келген ерлі-зайыптыларды ақылға шақыруға,
татуластыруға күш салады. Некені бұзудың салдарын барынша түсіндіруге
тырысады. Ашумен арыз жазғандардың дауын ақылмен шешуге басымдық
береді. Сот тарапынан жасалған бұл шаралардан нәтиже шығарып, отбасын
сақтап қалғандар да аз емес. Сөзге де, ақыға да көнбей, екі жаққа кеткен
тараптар да баршылық.
Осыған қарап біздің елімізде некеге отыру, отбасын құру мәселесіне
үлкен жауапкершілікпен қарауды насихаттау маңызды деп ойлаймын. Бізде
мысалы әлеуметтік желіде танысып, табысып жатқан жастар көп. Бір-бірін
монитордың ар жағында білетін адамдар қандай жұп құруы мүмкін? Ең
қызығы, осы күні ата-ана, туыстардың өзі жастардың жар таңдауына
немқұрайды қарайтын боп барады. Баласының қандай киім алатынына,
қандай мамандық таңдайтынына, кімдермен араласатынына үнемі көңіл
бөліп, назар аударып жүретін ата-ана жар таңдауда мәселеден сырт қалады.
Бұл дұрыс емес. Баласының болашағын ойлаған жандар оның өз тағдырын
кіммен байланыстыратынына көңіл бөліп қана қоймай, жастардың тіл
табысып, жарасымды шаңырақ болып кетуіне атсалысқандары жөн.
Үлкендер ерлі-зайыптылардың кемшілігін теріп, арасын алшақтатуды емес,
жақсылығын айтып, жарастыруды ойлағанда ғана еліміздегі ажырасу
фактілері азаяры ақиқат.
Сонымен бірге, біздің еліміздегі некені қию, некені тіркеу қызметтері
де жастарға отбасылық өмірдің жауаптылығын түсіндіретін, ажырасудың
себеп-салдарын көрсететін арнайы дәрістер оқып, жол көрсеткендері абзал.
Күміс той, алтын той, гауһар тойға жеткен ата-апаларды шақырып, солардың
бақыты да баянды тірлігінен ақпарат берудің де некені сақтауда маңызы зор.
Кейбір өңірлерде азаматтық қоғам өкілдері мен қоғам белсенділерінің, яғни
қорғаншылық және қамқоршылық органдары, медиаторлар мен билер
кеңесінің қатысуымен отбасылық кеңестер құрылған. Оның қызметі –
азаматтар өз қалауы бойынша ажырасуға жүгінген жағдайда, тараптардың
заңдағы құқықтарын сақтай отырып, неке бұзудағы себептерді анықтау және
дауды сотқа дейін жеткізбеу. Бұл кеңестердің де ажырасуды азайтуда,
жастарға ой салуда ықпалы зор. Сондықтан алдағы уақытта мұнда кеңестерді
барлық өңірлерде құрудан ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Кейбір елдерде ажырасуға арыз жазғандарға қомақты салық салынады.
Осы арқылы ерлі-зайыптыларды ақылға келуге әрекет жасалады. Алайда,
мұндай қаржылық ауыртпалық некені берік етуден бұрын отбасының
материалдық жағдайының төмендеуіне ықпал ететініне де талассыз.
Сондықтан, ажырасудың алдын алуға қам жасап, мәселені бейбіт шешуге
талаптанған пайдалы.
Ғалым Бекбатыр,
Алматы қаласы Алатау аудандық сотының төрағасы