Қазақстандық сотта жүргізілген реформалардың тиімділігі зор. Әсіресе, сандық технология жетістіктері сот саласының жұмысын жаңа биікке көтерді. Жаңа технологияның көмегімен енгізілген игі бастамалар сот қызметін барынша жедел, неғұрлым ашық, қолжетімді ете түсті. Ал ашықтық пен қолжетімділік өз кезегінде халықтың сотқа деген сенімін нығайтудың тетігі екені даусыз.
Сандық технология өнімдері дегенде ең бірінші ойымызға «Сот кабинеті бірыңғай сервисі оралады. Бұл сервис қарапайым халықты үйден, кеңседен шықпай-ақ ғаламтордың көмегімен сұраныстарын, арыз-шағымдарын, құжаттарын сотқа жолдауға мүмкіндік туғызды. Бұрын арызын тіркету үшін сот ғимаратына бірнеше рет келіп, кезекке тұрып, кезектегі азаматтармен сөзге келіп шаршайтын тұрғындар енді электрондық сандық қолтаңба алса жеткілікті. Осы сиқырлы қолтаңбаның көмегімен қаржысын да шығармай, уақытын да кетірмей, жүйкесіне де салмақ түсірмей сотқа жедел жүгініп, өз құжаттарын жолдап, өзіне қажетті анықтамаларды жедел ала алады. Көпшілікке тиімді екенін, сот қызметкерлеріне ыңғайлы екенін дәлелдеген соң «Сот кабинеті» сервисінің мүмкіндігі кеңейтіліп, оның көмегімен ұсынылатын қызметтер саны айтарлықтай өсті.
Жалпы, сандық технология жетістіктерін қолдануда сот саласы көшбасшы саналады. Жаңашылдыққа жақын болудың пайдасы да аз болмады. Ол әсіресе коронавирус инфекциясы таралып, барша халық әбігерге түскен уақытта анық байқалды. Карантиндік шектеулерге байланысты барлық жұмыс орындары қиындықты бастан кешкен кезде, отандық сотта процесстер қашықтан өткізіліп, азаматтар қауіпсіздігін сақтауға нақты қадам жасалды. Бұрыннан бейнеконференц байланыс арқылы куәгерлерді аудан, ауылдардан сот отырысына қатыстырып, шетелде жергендердің уәжін тыңдау жолға қойылғандықтан, онлайн сот отырыстарын ұйымдастыру аса күрделі болған жоқ. Әрине, интернеттің баяулығы, сот отырысына қатысушы тараптардың заманауи технология тілін түсінбеуі процестердің өз мәнінде өтуіне кедергісін тигізді. Алайда, тараптарға алдын ала хабарласып, сот отырысына қашықтан қатысудың тәртібін жан-жақты түсіндірудің арқасында жұмыс бір жүйеге түсті.
Халық сенген, көзі жеткен бастаманы қолдаусыз қалдырмайды. Карантиндік шектеулер аяқталса да сотқа онлайн қатысуға ынта танытушылардың азаймай отыруы сот кеңсесі қызметкерлерінің жұмысына деген сенімді, құрметті көрсетсе керек.
Дуйсенова Ақерке,
Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хатшысы