Мемлекет басшысы биылғы жолдауында білім беру жүйесінің ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратынын, ал орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін айтты. Сондай-ақ, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс екенін, сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын хабарлады.
Бұған дейін барлық білім беру деңгейлерінде білім сапасын арттыру мақсатында 2021–2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданған болатын. Ол жүзеге асқанда 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамту – 100%, педагог жалақысының экономика бойынша орташа айлық жалақыға арақатынасы 102,9% құрауы тиіс еді. Ал оған қажетті қаражаттың көлемі 1 970 535 267 мың теңге деп белгіленіп, оның 168,2 млн-ы 2021 жылы, 227, 4 млн-ы 2022 жылы, 410,1 млн-ы 2023 жылы, 557,8 млн-ы 2024 жылы, 606,8 млн-ы 2025 жылы бөлінуі тиіс болатын. Президент бұл жолы «мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек» деді. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет. «… Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деген кезде оған біреу үмітпен, біреу күдікпен қарады. Өйткені, балабақша тапшылығын жойып, үшауысымды мектеп мәселесін шешу Мемлекет басшысының жолдауларында жыл сайын қозғалып, үкіметке түрлі тапсырмалар беріледі. Алайда оның нәтижесі ешкімді қанағаттандырып отырған жоқ. Мәселен, Қ.Тоқаев 2019 жылғы алғашқы жолдауын түйіндеген кезде елді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам басқанымызды, енді осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керектігін, еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиістігін және өзінің мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап ететініне сендірген. «Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді. Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс. Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады. Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі» деген онда Қасым-Жомарт Кемелұлы. 2020 жылғы жолдауында «тікелей Президентке бағынышты болатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін құру туралы шешім қабылдадым. Агенттік ұсынған реформалар нақты, іске асатын және ең бастысы, барлық мемлекеттік органдар үшін орындауға міндетті болуға тиіс. Реформалар жөніндегі жоғары президенттік кеңес құрылады. Бұл кеңестің шешімдері түпкілікті болады. Тез өзгеріп жатқан ахуалға шынайы баға беру үшін Статистика комитеті Агенттік құрамына беріледі. Дәстүрге сай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жоспарлау, орындау және бағалау қызметін негізінен мемлекеттік аппарат атқарады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі адам ресурстарын барынша жұмылдыруға тиіс, яғни жеке сектор мен қоғам өкілдерін толыққанды серіктестер ретінде жұмыстың барлық кезеңіне – жоспарлауға, орындауға және бағалауға тартуы керек. Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс» деген Президенттің сөзі қаншалықты жүзеге асып жатқанын бүгінде ешкім білмейді. – 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін. Бұл түйткіл мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейді. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет. Ата-аналар кез келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады. Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Осыған орай, мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады. Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлы біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Бұл құжатта бейресми білім берудің баламалы нұсқаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нәтижелерін мойындау, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қарастыру қажет. … Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесінде балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. – Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар – мемлекетіміздің болашағы! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз, – деген Президент 2020 жылдың қыркүйегі мен 2021 жылдың қыркүйегіндегі «Орта білім беру жүйесіндегі өткір мәселелердің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз» деген сөздерін салыстырған адам мәселенің шешілуінің орнына, одан ары күрделене түскенін аңғарары анық. Енді бұл жағдай биыл тағы қайталанып отыр. Мәселе айқын, ал оны шешу жолы әралуан. Бұл жолы да айтылған сөз, айтылған жерде қалып қоймайтынына ешкім кепіл бола алмайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті


