Елде орын алып жатқан соңғы кездердегі өрт мәселелері біраз түйткілдің шетін шығарды. Өңірлердегі орманшылар санының аздығы, олардың жалақыларының төмендігі, өрт сөндіру техникаларының жетіспеушілігі, орман тазалығы мен оны бақылау мекемелерінің еш заңдық құзыретінің жоқтығы, орман шаруашылығы мен өрт қауіпсіздігіне қатысты маусымдық жұмыстардың жүргізілмеуі – саладағы сансыз мәселелерді қылтитты. Бұл тек өрт орын алған аймақтардағы машақаттар емес, республика көлеміндегі жедел шешілуі тиіс шаралар екені де дәлелденді.
Қазақстан әлем алдында жер көлемінің көптігімен, сұлу да тұмса табиғатымен мақтанады. Туризм бағытын осы басымдықтар арқылы алдыңғы қатарға шығаруға да ниетті. Бірақ, бүгінгідей дәрменсіз ахуал, шарасыз әрекеттері арқылы жабайы табиғаттың жағдайын жасап, сәні мен салтанатын кіргізе ала ма? Бұған дейін орман шаруашылықтары ҚР Ауыл шаруашылығының қарамағында болып, тек соңғы жылдары ғана жергілікті әкімдіктердің қарамағына өтіпті. Бүгін орман шаруашылығының мамандары тарапынан осы шешімнің дұрыс болмағанын айтып жатқандар бар. Мәселен, informburo.kz сайтына берген пікірінде экобелсенді Сәкен Ділдахмет орман шаруашылықтарын министрлікке қайтару керектігін айтады. «Сол кезде министрлердің тарапынан шешім қабылданып, 120 орман шаруашылық мекемесі облыстық әкімдіктердің балансына берілген болатын. Оның қаншалықты қате шешім болғанын тек бүгінгі орман өрттері, орман отырғызумен білуге болады. Экология министрлігінің мәліметінше, көптеген орман өрттері әкімдіктерге қарасты шаруашылықтарда болады. Әкімдіктер өрт сөндіруде өте үлкен қиындықтарға тап болып жатады. Біріншіден, материалдық-техникалық база ескірген, жаңа техникалар жоқ. Екіншіден, маман жоқ. Орман шаруашылығы мамандарының айлығы өте аз, әлеуметтік қолдаулар мүлдем жоқ. Үшіншіден, орман шаруашылықтарының орман отырғызу мәселесінде өз қиындықтары бар», – дейді. Сарапшы пікірінше, шаруашылықтар облыс әкімдіктеріне өткен 20 жылдың ішінде жақсы көрсеткішке қол жеткізген жоқ. Керісінше, еліміздің әрбір облыстарындағы орман қорын басқарып отырған шаруашылықтар әкімдіктердің балансына өтіп, тоналып кеткен. «Орман шаруашылықтары өз қызметін атқара алмай отыр. Сондықтан бұл мәселені қайта қарастырып, Экология министрлігіне қайтаруды бастама ретінде көтеру керек. Кезінде 2017–2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрі болған Асқар Мырзахметов осыны көтерген. Бірақ іс соңына дейін жетпеді, себебі министр басқа қызметке ауысып кетті» – дейді тағы бір тұста. Сәкен Ділдахмет орман шаруашылықтарын қаржыландырудағы проблемаларды да жан жақты таратады. Оған мына пікірі дәлел. «Облыс әкімдіктері орман шаруашылықтарына өгей балалары сияқты қарайды. Бірінші кезекте әлеуметтік мәселелер, мектеп, жол, қала құрылысы деп келіп, ең соңында орман шаруашылығына аз ғана қаражат бөледі. Бұл дұрыс емес. Соның салдарынан орман шаруашылығы артта қалып жатыр. Еліміздің жалпы аумағының 4 пайызын орман алқаптары құрайды. Қазақстан үшін бұл өте аз көрсеткіш. Оның жартысынан көбі сексеуілді орман алқаптары. Қостанайдағы қарағаш сияқты ағаштардың үлесі елде тіпті аз. Бізде Ресей, Аустралия, Финляндия мен Амазониядағыдай орман жоқ. Бар орманымызды реттеп, бақшада қызанақты қалай егеміз, солай қарап отыратын жағдайымыз бар. Сондықтан, меніңше, осы салада көптеген жұмыс істелуі керек». Белсенді орманшылардың жалақысы мен шаруашылықтардың метериалдық техникалық жағдайына назар аударылуы тиіс екендігін алға тартады. Мәселен, қазір Қостанай облысына көмекке жиналған қаржыға жаңа техника алып берілсе дейді. «Қазақстанда мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы аз дейді. Негізі олардың жалақысы аз емес, жалақыны ең аз алатын – орманшылар. Орманшылардың ең төмен айлығы 35-45 мың теңгеге дейін барады. Олар орман өртімен, браконьермен, тіпті жабайы жануарлармен де алысады. Елдің тынысы саналатын орманды сақтауда өте көп жұмыс істейді. Қазір Қостанайдағы жағдайға байланысты әлеуметтік көмек көрсетіліп, үй салуға талай қорлар құрылып жатыр. Меніңше, осы жұмыстың аясында ең басты нәрсе ұмытылып бара жатыр, ол – табиғатты қалыпқа келтіру. Көмекке деп жиналған ақшадан орманды қалыпқа келтіруге бағыттау керек. Не Үкіметтен, не әкімдіктен техникалық қамтамасыз ету мәселесі шешілмей тұр ғой. Қорға түскен қаражатқа орман шаруашылығына техника алып беру керек» – дейді ол. Шындығында, орман шаруашылығы мен табиғат, мемлекеттік қорықтарды қорғау, оларды айырықша қамқорлыққа алу кезек күттірмейтін мәселе. Қазақстанның қай өңіріндегі көрікті мекендерге жол түссе қараусыз қалған табиғатты қорлаған, ластаған жағдайларға кезігесіз. Қала маңындағы Есік көлі, Марал сай, Талғар шатқалдарын араласаңыз жетіп жатыр. Қоқыстан көз сүрінеді. Сынған әйнек бөтелкелер мен пласмасса бөтелке, тамақ қалдықтары мен сасыған салафан пакеттер көңіліңді түсіреді. Есесіне сол «ерекше қамқорлықта» делінетін табиғи қорықтардың кіре берісіндегі экопосттардың міндетті төлем есебіндегі ақшаны жинауға деген шабыты айрықша. Мұндай келеңсіздіктер бізде тек трагедиялар аясында ғана ашылып, айтылатыны өкінішті. Себебімен емес салдарымен ғана күресудің уақыты өтті. ҚР Үкіметіне табиғатты қорғауға арналған кешенді, шынайы бағдарламаларды қарастыру маңызды.
Мақпал ҚҰДАЙБЕРГЕН


