БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған емес. Он жыл бұрын осы қалада қарапайым тергеуші болып қызмет атқарып жүрген кезі әлі есінде. Ол кезде қала да, қызмет те басқа. Жас тергеуші талай істің соңына түсіп, талай қылмыстың ізін суытпай қуған. Кей түндері үйіне таңға жуық оралатын. Кейде бірнеше тәулік бойы қызмет орнынан аттап шықпайтын кездері де болатын. Уақыт адамды өзгертеді. Бірақ кейбір дүние өзгермейді. Абылайдың жұмысқа деген көзқарасы, іске деген жауапкершілігі, ең бастысы – әділетке деген сенімі сол күйінде қалған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдап, кейін магистратурада білімін жалғастырып, саналы ғұмырының басым бөлігін ішкі істер саласына арнады. Қызмет барысында қарапайым тергеушіден бастап, түрлі жауапты лауазымдарды атқарып, тәжірибесі толысты. Ол кабинетте отырып бұйрық беретін басшы болуды ешқашан ұнатқан емес. Қылмыс болса – оқиға орнына өзі барады. Күрделі операцияда – жедел топтың жанынан табылады. Қауіпті қылмыскерді ұстау керек болса, оперлермен бірге түн қатып, қара нан мен қара шай ішіп, таңды қарсы алатын кездері аз емес. Кейде тіпті ұйықтағанда да, рациясын жанына қойып жататын. Жұбайы Айша мұндай өмірге алғашында үйрене алмай жүрді.

— Адам түнде де жұмыс істей ме екен? – деп ренжитін. Абылай күлімсіреп:

— Қылмыскерлер жұмыс уақытына қарап қылмыс жасамайды ғой – дейтін.

Кейін Айша да күйеуінің кәсібіне үйренді. Себебі, оның дәрігерлік қызмет те осы салаға ұқсайды. Екеуінде де оқиға күтпеген жерден орын алады. Қазір олардың үш баласы бар. Үлкен ұлы Медғат IT саласында еңбек етіп, жеке кәсібін дөңгелетіп жүр. Екінші ұлы Қасым — Еуразия университетінің студенті. Кенже қызы Еркеназ мектептің тоғызыншы сыныбында оқиды. Абылайдың Астанада ата-анасының қасындағы отбасылық өмірі қалыпты арнаға түскен болатын. Алайда, таңдаған мамандығы адамды өзі қалаған жерінде ұстамайды. Осы жолы Өскемен полиция басқармасының басшылығына жаңа қызметке келу туралы ұсыныс түскенде, көп ойланған да жоқ. Бұл қала оған бөтен емес. Мұнда оның жастық шағы, қызмет жолының алғашқы жылдары, талай тергеудің ізі қалған. Сондықтан Өскеменге қайта оралу – ол үшін жаңа бастама ғана емес, өткенмен қайта қауышу секілді. Абылайдың бойы жүз сексен сантиметрге жуық, салмағы сексен үш келі. Кең иығы, мығым денесі, оның жас кезінде спортпен кәсіби айналысқанын аңғартады. Әсіресе құлағының мыжырайғаны бірден көзге түседі. Оны алғаш көрген адам: «Бұл полковник емес, балуан шығар»- деп ойлауы мүмкін. Абылай жас кезінде күреспен айналысқан. Спорт оның мінезін де қалыптастырды. Жеңілісті мойындамау, қиындық алдында шегінбеу, қарсыластың әр қадамын алдын ала болжау – осы қасиеттердің бәрі — кейін оның кәсіби өмірінде де кәдеге жарады. Бірақ тергеу ісінде қарсыласыңның қолында күш емес, өтірік болады. Ал өтіріктің ең қауіпті жері – оның кейде шындыққа ұқсап кететіні. Абылай жаңа қызметіне кіріскен алғашқы күннен-ақ жұмысты асықпай, тиянақты бастады. Ең алдымен ғимаратпен танысты. Одан кейін бөлім басшыларын, орынбасарларын жеке-жеке қабылдады. Әрқайсысының атқаратын жұмысын, аяқталмаған істерін, шешілмей тұрған мәселелерін сұрады. Ол бір істі қолға алса, оның түбіне жетпей тоқтамайтын мінезі әріптестеріне бұрыннан таныс. Сол күні түстен кейін Тергеу бөлімінің қызметкерлері арнайы жиналды. Абылай үстел басында отырған қызметкерлерге бір қарап шықты.

— Әрқайсыңыздың жұмыстарыңызды қайта тексеремін деп келген жоқпын, – деді сабырлы үнмен. – Менің талабым қарапайым. Қандай іс болса да, адам тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек. Қылмыскер жазалануы тиіс. Бірақ жазықсыз адам бір сәттік қателіктің кесірінен жапа шекпеуі керек. Бөлме іші тып-тыныш.

— Тергеушінің ең үлкен қаруы – қару емес, дәлел – деді. Осы сөзден кейін ол сәл кідірді. — Ал дәлел жоқ жерде болжам ғана бар. Қызметкерлердің арасынан бір-екі адам басын изеді. Сол сәтте есік ашылып, кезекші жедел кіріп келді.

— Жолдас полковник, Абылай оған қарады.

— Не болды?

— Бұқтырма жағасынан екі адамның мәйіті табылды.

Бөлме ішіндегі жаңа ғана орнаған тыныштықтың сипаты бірден өзгерді.

Абылай орнынан баяу көтерілді.

— Қай жерде?

— Қала сыртындағы өзен жағалауында.

— Қашан табылған?

— Бір сағат бұрын. Қазір оқиға орнын қоршап жатыр.

Абылай үстел үстіндегі қаламын орнына қойды.

— Көлік дайын ба?

— Дайын. Ол есікке қарай беттеді де, бір сәт артына бұрылды.

— Бүгінгі жиналыс аяқталмады. Бірақ, – деді ол қызметкерлеріне қарап – бұл іс біздің алғашқы сынағымыз болуы мүмкін. Сыртта полиция көлігінің дабылы естілді. Абылай костюмін іле сала, сыртқа шықты. Ол бұл кезде Бұқтырма жағасында өзін қандай құпия күтіп тұрғанын білмеді. Ал өзен болса, түн қойнына алғашқы құпияларын әлдеқашан жасырып қойған. Түнгі Бұқтырма өзгеше. Күндіз жағалауын адам аяғы баспай тұрмайтын өзен түн қараңғылығында мүлде басқа кейіпке енеді. Көк-жасыл түсті суы үнсіз ғана ағып, анда-санда толқыны жағалауға соғылып, қайта шегінеді. Арғы беттегі сирек шамдар су бетіне ұзын жолақ болып түсіп, ағыс қозғалған сайын бөлшектеніп, қайта жалғасып жатты. Түн салқын. Алыстан анда-санда иттің үргені естіледі. Қаланың у-шуынан алыстаған сайын Бұқтырманың өз үні анық сезіледі. Бірақ бұл түні өзеннің тыныштығын көк-қызыл шамдары жарқылдаған полиция көліктері бұзды. Абылайдың көлігі жағалауға келіп тоқтағанда, жедел топ қызметкерлері оны күтіп тұр екен.

— Жолдас полковник, екі мәйітті осы жерден таптық.

Абылай көліктен түсті де, айналасына үнсіз көз жүгіртті. Оқиға орны қоршауға алынған. Криминалистер суретке түсіріп, жағалаудағы іздерді белгілеп жүр. Құтқарушылар қайықтарын суға түсіруге дайындалып қойған.

— Кім тапты?

— Жағада балық аулап жүрген адам көрген. Алғашында ағаштың бір бөлігі деп ойлаған. Жақындағанда мәйіт екенін байқаған. Абылай жауап қатпастан мәйіттер жатқан жерге қарай жүрді. Ақ матамен жабылған екі дене қатар жатты. Ол бірнеше секунд үнсіз тұрды.

— Құжаттары?

— Табылған жоқ.

— Телефондары?

— Жоқ.

— Қалталары ше?

— Екеуінің де қалтасы бос.

Абылай мәйіттерге тағы бір мәрте қарады. Сосын өзенге бұрылды. Жағаға көз жүгіртті. Құмдағы іздерге қарады. Жағада жайқалған қалың шөптердің арасын барлады.

— Мәйіттерді судан шығарған кезде орнын өзгерттіңдер ме?

— Жоқ, жолдас полковник.

— Жақсы.

Ол біраз үнсіз тұрды. Жанындағылар оның не ойлап тұрғанын күткендей. Абылай ақырында:

— Іздеуді жалғастырыңдар – деді.

Құтқарушылардың бірі:

— Екі мәйіт болуы мүмкін ғой. Ағыс алып келген. Абылай оның сөзін бөлмеді. Соңына дейін тыңдады. Содан кейін ғана:

— Егер ағыс алып келсе, екеуінің арақашықтығы мұндай болмас еді – деді. Ол өзенге көз тастады.

— Бұл жерде су бір орында тұрмайды. Ағыс денелерді төмен қарай алып кетуі керек. Ал мына екеуі бір-біріне тым жақын. Криминалистердің бірі Абылайға таңырқай қарады.

— Демек, бір жерден түскен болуы мүмкін бе?

— Мүмкін.

Абылайдың даусы өзгерген жоқ.

— Бірақ әзірге ештеңені болжам деп қабылдамаймыз. Ол рациясын қолына алды.

— Өзеннің осы бөлігін толық тексеріңдер. Жағалауды да, судың ішін де. Прожекторларды қосыңдар. Бірнеше минуттан кейін қараңғы өзенді қуатты жарық сәулелері тіліп өтті. Қайықтар қозғалды. Сүңгуірлер суға түсті. Абылай жағалауда жалғыз қалып, Бұқтырмаға қарап тұрды. Оның түйсігі бір нәрсені сездіргендей. Бұл оқиға екі мәйітпен аяқталмады. Арада біраз уақыт өткенде рациядан кенет дауыс естілді.

— Жолдас полковник, дауыс қобалжулы шықты.

— Тыңдап тұрмын.

— Сүңгуірлер бір нәрсе тапты!

Абылай бірден бұрылды.

— Не тапты?

Рацияның ар жағында бірнеше секунд үнсіздік болды. Сосын:

— Мәйіт.

Жағадағы қызметкерлер бір-біріне қарасты. Абылайдың жүзі өзгерген жоқ.

— Шығарыңдар.

Қайық прожектор жарығымен өзеннің қара суын тіліп, Бұқтырма өзінің үшінші құпиясын ақырын ғана жағаға қарай алып келе жатты. Қайық қараңғылықты қақ жарып, өзеннің арғы иіріміне қарай жылжыды. Жағадағылардың бәрі үнсіз. Прожектор сәулесі су бетін сүзіп өтіп, қамыс арасын бір шолып, қайтадан қара түнекке сіңіп жатты. Бірнеше минуттан кейін сүңгуірлер үшінші мәйітті жағаға алып шықты. Абылай жақындады. Криминалистер жұмысқа кірісіп кеткен.

— Жолдас полковник, бұл да ер адам.

Абылай жауап бермеді.

Мәйіттің киіміне, қолына, аяқ киіміне кезек-кезек көз жүгіртті.

— Құжат жоқ.

— Мұнда да жоқ. Абылай қабағын сәл түйді. Үш мәйіт. Үшеуінде де құжат жоқ. Үшеуінде де телефон жоқ. Бұл енді кездейсоқтыққа ұқсамай бара жатты.

— Іздеуді жалғастырыңдар – деді ол. Қайықтар қайтадан суға түсті. Түн қоюлана түсті. Уақыт сырғып өтіп жатты. Сағат тілі түнгі екіден асып кеткен.

Кей қызметкерлер шаршай бастағанымен, ешкім жұмысын тоқтатпады. Абылай да орнынан қозғалмады. Ол кейде өзенге, кейде жағалаудағы іздерге қарап қояды. Сол сәтте жанындағы жедел уәкіл:

— Жолдас полковник, мүмкін қалған мәйіттерді ағыс алып кеткен шығар? – деді. Абылай:

— Мүмкін – деді. Бір сәт ойланып:

— Бірақ біз іздеуді тоқтатпаймыз. Қайық тағы бір иірімді айналып өтті. Прожектор сәулесі қамыстың арасын шарлап келе жатқан. Кенет қайықтағы қызметкер:

— Тоқта! Ана жаққа бұр! Қозғалтқыштың үні бәсеңдеді. Жарық бір нүктеге қадалды. Қамыс арасында қарауытып бір нәрсе көрінді. Қайық баяу жақындады. Бірнеше секундтан соң рациядан:

— Төртінші мәйіт болуы мүмкін! Абылай көзін сығырайтып, өзенге қарады.

— Алып шығыңдар. Түнгі тыныштық тағы да бұзылды. Бірақ Абылайдың көкейінде бір ғана сұрақ тұрды:

— Төртеуі не үшін дәл осы жерге әкелінді?

Төртінші мәйітті қайықпен жағаға жеткізгенде, түн әбден қоюланып кеткен. Криминалистер дереу іске кірісті. Жағалауға жарық түсіріліп, әрбір қадам, әрбір із хаттамаға тіркеліп жатты. Криминалист мәйіттердің сыртқы қарауын аяқтап, Абылайға жақындады.

— Жолдас полковник, алдын ала қарау бойынша, төртеуінде де жарақат белгілері бар.

— Қандай жарақат?

— Оқ жарақатына ұқсайды. Нақты қорытындыны сараптама береді.

Абылай бірден сұрады:

— Қару табылды ма?

— Әзірге жоқ.

— Онда ешқандай болжам жасамаймыз. Оқ-дәрі іздерін, киімдегі зақымдарды, жарақаттардың бағытын толық зерттеңдер. Абылай мәйітке жақындады. Бұл жолы ол асықпай, ұзақ қарады. Киімі, аяқ киімі, қолдары… Жеңінің шетіндегі су тамшыларына дейін назар аударды. Содан кейін өзенге көз тастады.

— Мынаны қараңдар, – деді ол.

Жанындағы криминалист бірден қасына келді.

Абылай жағалаудағы лайды нұсқады.

— Мәйіттің жанындағы іздерге қара. Криминалист тізерлей отырып, іздерді мұқият тексерді.

— Адамның аяғының ізі сияқты.

— «Сияқты» емес. Нақтылап айт. Криминалист тағы бір сәт қарап:

— Бірнеше адамның жүрген ізі бар.

Абылай басын изеді.

— Мәйітті судың өзі алып келсе, мұндай іздер қайдан пайда болды?

Криминалист жауап бере алмады.

— Сондықтан әр нәрсені өз орнына қойып зерттеңдер – деді Абылай. – Қазір бізде төрт мәйіт бар. Бірақ төрт адамның өзенге кездейсоқ келгеніне мен сенбеймін. Ол біраз үнсіз тұрды.

— Киімдерінен қандай да бір ортақ белгі бар ма?

— Әзірге анықталған жоқ.

Абылайдың қабағы сәл түйілді.

Төрт адам. Төртеуінің де құжаты жоқ. Бірақ ол өзіне де, өзгелерге де бір нәрсені қатаң ескертті:

— Әзірге ешқандай болжам жасамаймыз. Сараптама қорытындысын күтеміз. Осы кезде жедел уәкілдердің бірі келді.

— Жолдас полковник, өзен жағасындағы көлік жолын тексердік. Бұл жерге бірнеше көлік келген болуы мүмкін.

— Камера бар ма?

— Жақын маңда жоқ.

— Ал ауыл жағында ше?

— Қарастырып жатырмыз.

Абылай қолына рациясын алды.

— Жағаны ғана емес, осы маңға келетін барлық жолды тексеріңдер. Біреу бұл жерге адамдарды әкелсе, із қалуы керек. Дөңгелек ізі, аяқ киім ізі, жанармай құю туралы мәлімет, телефон байланысы – бәрі маңызды. Ол сәл кідірді де:

— Біз қазір мәйіт іздеп жүрген жоқпыз. Біз олардың бұл жерге қалай келгенін іздеп жүрміз – деді. Бұл сөз қызметкерлерге жаңа бағыт бергендей болды. Қайықтар өзен бойымен қайта қозғалды. Прожектор сәулелері қара суды тағы да тіліп өтті. Абылай жағалауда қалып, төртінші мәйіт жатқан жерге қайта қарады. Бір сәт оның көзі мәйіттің аяқ киіміне түсті. Бір аяқ киімнің табанына жабысқан ерекше қара түсті ұсақ түйіршіктер бар екен.

— Сараптамаға жіберіңдер.

— Бұл не болуы мүмкін? Абылай басын шайқады.

— Білмеймін. Сәл кідіріп:

— Сондықтан сараптама бар.

Түн салқын. Ал Бұқтырма әлі де өз құпиясын толық ашқан жоқ. Төрт адамның тағдыры қандай? Оларды мұнда кім әкелді? Ең бастысы – олардың өліміне не себеп болды? Абылай бұл сұрақтардың жауабын әлі білмеді. Бірақ бір нәрсені анық түсінді: Бұл – жай ғана төрт адамның өлімі емес. Таңның алғашқы сәулесі шығыстан білініп, қараңғылық біртіндеп сейіле бастады. Түнде прожектор жарығымен байқалмаған ұсақ-түйек енді анық көріне бастады. Сол кезде жағалаудан тағы бір дауыс естілді.

— Жолдас полковник! Абылай жалт қарады.

— Не болды?

Криминалист жағадағы қамысты нұсқады.

— Мәйіт. Абылай үнсіз жақындады.

Бесінші мәйіт. Криминалистер бірден іске кірісті. Біраз уақыттан кейін олардың бірі Абылайға бұрылды.

— Мәйіттің қалталарын тағы бір қарап шықтық. Құжат жоқ. Абылай жауап бермеді. Оның көзі мәйіттің оң қолына түсті. Сұқ саусағының тырнақ түбінде қызыл түсті өте ұсақ талшық тұр екен.

— Мынаны көрдіңдер ме? Криминалист жақындап келді.

— Иә. Талшық сияқты.

— Алып, бөлек ораңдар. Сараптамаға жіберіңдер.

— Киімнен жұққан шығар.

— Мүмкін. Абылай мәйіттің қолына тағы үңілді. Сол кезде оның назарын жеңінің білегіндегі кішкентай жыртық аударды. Жыртықтың шеті дымқыл емес. Керісінше, құрғақ әрі қатты тартылғандай.

— Мәйітті айналдырып қараңдар. Криминалистер мәйітті абайлап аударды.

Арқасында топырақтың жұқа ізі бар. Абылай еңкейіп, топыраққа мұқият қарады.

— Бұл жағалаудағы топыраққа ұқсамайды.

— Осы жердің топырағымен салыстырайық па?

— Иә. Салыстырыңдар.

Криминалист бірден сынама алды. Абылай үнсіз тұрды. Ол әзірге ешқандай қорытынды шығармады. Бірақ оның көп жылғы тәжірибесі бір нәрсені сездірді. Бұл адам өзенге өздігінен түспеген. Ал ең қызығы – бесінші мәйіттің тырнақ түбінде қалған қызыл талшық. Қызыл талшық қайдан келген? Ол адамның тырнағының астына қалай түсті? Мәйіт өлместен бұрын бір нәрсеге жармасқан ба? Абылай орнынан баяу көтерілді.

— Осы белгілердің бәрін жеке-жеке қарамаңдар. Бір-бірімен байланысын іздеңдер. Полковник өзенге көз тастады. Төрт мәйіт – суда. Бір мәйіт – құрлықта. Бесеуінің де құжаты жоқ. Бұл істің артында бір ғана жауап емес, бірнеше қабат құпия жатқанын Абылай енді сезіне бастады. Таң бозарып атқанда, Бұқтырма жағасына жиналған жұрттың қарасы көбейе түсті. Кеше кешкісін басталған іздеу жұмыстары таң алдында ғана аяқталған. Жағалауда ақ матамен жабылған бес мәйіт қатар жатты. Суық хабар Преображенка ауылына да лезде тарады. Ешкім жылаған жоқ. Ешкім: «Марқұмдардың туыстары қайда?» – деп сұрамады. Бұл оқиға бүкіл Өскеменді дүр сілкіндірді. Шығыс Қазақстанда мұндай сұмдық қылмыс соңғы жылдары болмаған. Оқиға орнына облыстық полиция департаментінің, прокуратураның, төтенше жағдайлар қызметінің және сот-медициналық сараптама орталығының мамандары түгел жұмылдырылды. Өзен жағасына жиналғандардың бәрі бір сұраққа жауап іздеді:

Бұл бес адам кім? Оларды кім және не үшін өлтірді? Бірақ Абылайды басқа сұрақ мазалады. Неге дәл осы жер? Тәжірибелі тергеуші үшін әрбір қылмыстың артында себеп жататын. Қылмыскер мәйітті ешқашан кездейсоқ жерге тастамайды. Абылай үнсіз жағалауды шолып шықты. Жағадағы тапталған шөп, қайықтың жаңа ізі, өзен ағысының бағыты – оның көзі ешбір ұсақ-түйекті назардан тыс қалдырмады. Бірнеше минуттан кейін ғана ол жанындағы криминалистке бұрылды.

— Мәйіттерді тапқан жерді ғана емес, өзеннің жоғарғы ағысын да толық тексеріңдер.

Абылай бірден олардың соңғы жүрген жерлерін зерттеуге кірісті. Барлық дерек бір ауылға – Преображенкаға тірелді. Ауыл шағын болғанымен, тұрғындарының жүзінен үрейдің табы байқалады. Полицейлердің келгенін көрген жұрт үйлерінің есігінен сығалап қарап, бір-біріне сыбырлай сөйлесіп жатты. Бірақ ешкім жақындап, тіл қатуға батылы жетпеді. Абылай мұны бірден байқады.

— Біртүрлі, – деді ол жанындағы жедел уәкілге. – Әдетте мұндай оқиғада халық өздері келіп, көрген-білгенін айтады. Ал мына жерде бәрі үнсіз.

— Жолдас полковник, – деді учаскелік инспектор күрсініп. – Бұл ауылдың адамдары әлгі бесеуден тірісінде үрейленіп қорқатын. Абылай оған бұрылды.

— Неге?

— Олар ауылға келген сайын береке кететін. Арақ ішіп, төбелес шығаратын. Дүкенге басып кіріп, қарызға арақ алып кететін. Қарсы келгендерді соққыға жығатын. Жастарды қорқытып, әйелдерді қорлайтын.

— Полицияға неге шағымданбаған?

Учаскелік инспектор ащы жымиып қойды.

— Шағымданған адамның аты-жөні ертеңіне-ақ олардың құлағына жететін. Содан кейін арыз жазған адамның өзі жапа шегетін. Сондықтан жұрт үнсіз қалуды жөн көрді. Абылай бәрін мұқият тыңдады. Ол ауыл адамдарының жүздеріне кезек-кезек қарап шықты. Бұл үнсіздік – жай ғана үнсіздік емес.

Бұл – қорқыныштың үнсіздігі. Ауыл тұрғындарының әңгімесі біртіндеп қыза түсті. Біреуі айтқанды екіншісі толықтырып, үшіншісі бұрын ешкімге айта алмаған оқиғасын еске түсірді.

— Олар келген күні ауылдың тыныштығы бұзылатын – деді жасы алпысты алқымдаған ер адам. – Әсіресе кешке қарай көрінсе болды, жұрт есігін жабатын.

— Неге полиция шақырмадыңыздар? – деп сұрады Абылай. Ер адам үнсіз қалды. Оның орнына жанындағы әйел жауап берді.

— Шақырдық қой. Бірақ полиция келгенше, олар жоқ болып кететін. Ал ертеңіне кім шақырғанын біліп алатын.

— Сосын?

— Сосын қорқытатын. Әйелдің даусы бәсеңдеді.

— «Арыз жаздың ба?» деп сұрайтын. «Бала-шағаң бар ғой…» деп ескертетін.

Абылайдың қабағы түйілді.

— Нақты кімге қоқан-лоқы жасаған?

— Көп адамға.

Жұрттың арасынан тағы бір қария сөзге араласты.

— Бірде менің немеремді ұрып кеткен.

— Не үшін?

— Өзен жағасында доп ойнап жүрген. Солардың біріне жолығып қалған.

— Қатты жарақат алды ма?

— Жарақатынан бұрын қорқынышы жаман болды. Бірнеше күн үйден шықпай қойды. Қария күрсінді.

— Содан кейін балаларды Бұқтырмаға жібермейтін болдық. Бұқтырма осы ауылдың тіршілігімен біте қайнасқан өзен. Бірақ әлгі бесеудің кесірінен адамдар өзеннен алыстаған. Бір кезде балықшы болған орта жастағы ер адам сөз алды.

— Мен бұрын күнде дерлік өзенге шығатынмын. Қармақпен балық аулап, таңды сонда қарсы алатынмын.

— Қазір ше?

— Қармақ үйдің шатырында жатыр.

— Неге?

— Өзеннің жағасында жалғыз қалуға қорқатын болдық.

Ол сәл кідірді.

— Бір жолы кешкілік балық аулап отырсам, әлгі бесеу келді. Ішіп алған. Біреуі қармағымды суға лақтырып жіберді. Екіншісі қайықты аударып кете жаздады. «Бұл жер сенің әкеңнің меншігі емес» – деді. Абылай балықшыға тіке қарады.

— Мен тағы бір нәрсе айтайын– деді.

— Айта беріңіз.

— Олар полиция көлігін көрсе, бірден тайып тұратын. Абылай оған мұқият қарады.

— Сонда полициядан жасырынған ба?

— Иә, кейде ауылға кіре сала біреу: «Полиция келе жатыр» – десе, жоқ болып кететін. Абылай оның жүзіне біраз қарап тұрды. Осы бір ғана жауап ауылдағы жағдайдың қаншалықты ушыққанын аңғартты. Адамдар өз құқығын қорғауды емес, қорлыққа шыдауды қауіпсіздік деп қабылдай бастаған. Тағы бір әйел сөзге араласты.

— Олар кейде ауылға әдейі қыр көрсету үшін келетіндей.

— Қалай?

— Көлікпен қатты жылдамдықпен көшені айналып өтетін. Айқай-шу шығаратын. Біреудің ауласына кіріп кететін. Жастарды шақырып алып, төбелестіретін. Үлкендер араласса, балағаттайтын. Сол сәтте ауылдың шетінен бір жас жігіт келіп қосылды.

— Мен бір нәрсе айтайын.

Жұрт оған қарады. Жігіт біраз үндемей кідірді де:

— Сол бесеу Володяның дүкеніне жиі баратын – деді. Абылай басын көтерді. Жігіт сөзін жалғастырды:

— Әсіресе кешкісін келетін. Сол кезде әйелін қасына алатын. Абылай бұл жолы да ештеңе демеді. Тек дәптеріне тағы бір жол жазды:

«Володя – ең көп жәбір көргендердің бірі». Ол дәптерін жапты.

Әзірге бұл куәгерлердің сөзі. Ал тергеуші үшін әрбір сөздің маңызы зор. Абылайдың алдында енді бір емес, бірнеше сұрақ тұрды. Бес адам кім? Олар не үшін жылдар бойы осы ауылды мазалады? Ең бастысы – олардың бес тағдырын Бұқтырма жағасында не біріктірді? Тергеуші бұл сұрақтардың жауабын ауыл тұрғындарының арасынан емес, бесеудің өз өткенінен іздеу керек екенін түсінді. Бір ауыл түгелдей осы бес адамның тыныштық бермегенін айтып отыр.

— Бұрын өзенге таңмен шығатынбыз. Қайықпен балық аулайтынбыз. Балаларымыз жағалауда ойнайтын. Кейін олар келе бастағалы бәрі өзгерді. Бірте-бірте жұрт өзенге баруды қойды. Абылай Бұқтырма жаққа қарады. Тірі кезінде осы бесеу адамдарды өзенге жолатпаған. Тағы бір тұрғын олардың ауылға көбіне кешкілік келетінін айтты.

— Бір қызығы, күндіз көрінбейді. Кеш түссе болды, пайда болады.

Ең ауыр әңгімелер Володя туралы болды. Жұрттың айтуынша, әлгі бесеу оның дүкеніне жиі келетін. Кейде біреуі, кейде үшеуі, кейде бесеуі түгел. Володя олардың алыстан көрінгенін байқаса-ақ, дүкен ішіндегі тірлігін тоқтататын. Өйткені не боларын алдын ала білетін. Тауар алады. Ақша төлемейді. Ескерту жасаса, балағаттайды. Қарсы сөйлесе, қорқытады. Ал Володяның ең үлкен қорқынышы – олардың дүкеннен кейін үйіне баруы.

— Әйелін де мазалайтын, – деді бір ауыл тұрғыны.

Абылай оған қарады.

— Қалай?

— Әңгіме айтып, сөз тастайтын. Володя жоқ кезде үйінің маңында жүретін. Абылай осы тұста ғана басын көтерді. Бұл бестік ауылдың бір ғана тұрғынын емес, тұтас елді қажытқан. Бірақ олардың ішінде ең көп қорлық көрген адам – дүкенші Володя. Абылай үшін Володя бесуінің қиянатына ұшыраған жан.

— Демек, полиция олардың кім екенін білді ғой?

Қария баяу жауап берді:

— Білген шығар. Бірақ нақты қайда жүргендерін ешкім білмейтін. Демек, әлгі бесеу кездейсоқ жүрген бұзақылар емес. Олар сақтықты білген. Бақылауды білген. Қай кезде көрініп, қай кезде ғайып болуды да жақсы меңгерген. Абылай енді ауыл тұрғындарының сөзін жай ғана шағым ретінде емес, тергеудің алғашқы куәлік қабаты ретінде қабылдай бастады. Ол бір нәрсе ерекше байқалды. Бесеудің ауылға көрсеткен қорлығы көп болғанымен, Володяның аты қайта-қайта атала берді.

— Дүкеншіге күн көрсетпеді. Володяны әбден қыспаққа алды. Әйелін де тыныш қоймады. Ең көп жәбір көрген – осылар.

— Володяның дүкенінде болған жағдайларды айтсақ, бір күнге жетпейді – деді егде тартқан әйел. Абылай үнсіз тыңдады.

— Алғашында ол бесеуінен қорықпайтын. Ел қатарлы саудасын жасап жүрді. Бір күні әлгі бесеудің екеуі дүкенге кіріп, азық-түлік пен ішімдік алды. Володя ақшасын сұраған.

— Ақша ертең болады – депті біреуі. Қасында тұрған әйелі қатқыл дауыспен:

— «Ертең де төлемей кетесіңдер» – депті.

— Сол сөзден кейін оның дүкеніндегі жағдай өзгерді.

— Бесеуі Володяны сөгіп, балағаттап, сөрелерді аударып кететін. Бір бөтелкені әдейі жерге ұрып сындырған.

— Володя полиция шақырды ма?

— Шақырмақ болған. Бірақ олар: «Шақырсаң, дүкеніңді түк қалдырмаймыз», – деп зәресін алған.  Абылайдың жүзі суық тарта түсті. Әлгі бесеу мұнымен де тоқтамаған. Бір күні дүкенге келген олардың бірі Володяға қарап:

— Әйеліңді қатты күзететін болыпсың ғой – деп мырс еткен. Володя үндемеген.

— Қорқасың ба?

Володя бұл жолы да жауап бермеген.

Сонда әлгі адам:

— Қорқатын болсаң, дұрыс істейсің – деген. Сол жерде тұрған бір адам кейін:

— Сол сәтте Володяның қолы дірілдегенін көрдім – деп еске алды. Володя үшін әр кеш – жаңа қауіп. Ол әйелінің қорқып жүргенін көретін. Өзі де қорқатын. Бірақ сыр бермеуге тырысты. Ешкім олардың қайдан келгенін, нақты немен айналысатынын білмеген. Полициядан жасырынған. Бір-бірінің атын ашық атамаған. Ал сонда да жылдар бойы бірге жүрген. Абылайдың алдында жаңа сұрақ пайда болды: Оларды не біріктірді? Бірақ тергеудің бір ұшы ауылда емес, сол бесеудің өткен өмірінде жатқанын сезді. Жексенбінің кешінде әлгі бесеу тағы да дүкенге келіпті. Ішіндегі ең ұзын бойлысы Володяға жақындап:

— Бұл дүкен сенікі болғанымен, мұнда кімнің қашан кіріп-шығатынын біз шешеміз – деген. Ол сөреге қол созып, бірнеше тауарды алып, ақшасын төлемеген. Володяда үн жоқ. Әлгі адам әдейі кассаға қайта бұрылып:

— Ақша сұрамайсың ба?

Володя үнсіз қалды.

— Дұрыс. Ол алған тауарларын үстелге қойды.

— Енді ақылды болып барасың.

Бір сәттен кейін дүкендегі шыны бөтелкелердің бірі жерге түсіп, быт-шыт болды. Әйелі селк ете қалды. Володя оған жақындамақ болған.

— Орныңда тұр – деді әлгі бесеудің бірі. Володя тоқтады. Сол түні олар дүкеннен шыққанда, Володяның кассасында тұрған ақшаны, бірнеше тауар, шылым, арақ алған. Ал таңертең ауыл адамдары дүкенге келгенде, Володяның бірінші айтқан сөзі:

— Бәрі жақсы. Бірақ оның жүзі өте суық болды. Абылай ертеңіне таңертең жедел топты жинады.

— Енді бәрін басынан емес, соңынан қараймыз – деді ол. – Бесеуінің Бұқтырмаға барғанын білеміз. Дүкенде болған жағдайдан хабардармыз. Бір  адам Володяны қорғауға тырысқан. Енді сол түні кімнің қай жерде болғанын анықтаймыз.Үстел үстіне ауылдың картасы жайылды. Дүкен. Ескі қайық тұрағы. Бұқтырма жағасы. Абылай осы үш нүктенің арасын қызыл қарындашпен сызып шықты.

— Бесеуі дүкеннен бірге шыққан. Бірақ қалайша бәрі бір жерге, бір уақытта Бұқтырмаға түсті? Бірнеше сағаттан кейін сол түні ауылдан Бұқтырмаға қарай кеткен көлік туралы жаңа куәгер табылды. Бұл жолы куәгер – ауыл шетіндегі үйде тұратын қария.

— Сағат түнгі он бірлер шамасында – деді ол. – Бұқтырма жақтан көлік дауысы естілді. Бір көлік емес, екі көлік сияқты. Абылай басын көтерді.

— Екінші көлік қандай?

— Қара түсті.

— Нөмірі?

— Көрмедім.

— Ал бірінші көлік ше? Қария ойланып барып:

— Біреуі әлгі бесеу мінетін көлікке ұқсайды – деді.

Абылай ештеңе демеді. Екі көлік. Бұл бұрынғы болжамдардың бәрін өзгертуі мүмкіндік берді. Көлік іздері қайта зерттелді. Ескі қайық тұрағына баратын жолда екі түрлі дөңгелек ізі болғаны анықталды. Бірі – Володяның көлігі. Екіншісі – басқа көлік. Екінші көліктің дөңгелек өлшемі анықталды. Ауыл көліктерінің тізімін қарап отырып, бір көлікке келгенде, тоқтады. Иесі –  бесеудің біреуі. Абылай әлгі адамның аты-жөнін қайта тексеруді тапсырды. Бірнеше минуттан кейін қызметкер папкасын көтеріп келді.

— Жолдас полковник,

— Не болды? Қызметкер үнсіз ғана папканы оның алдына қойды.

— Бір қызық бар. Ол сөзін аяқтай алмай кідірді. Абылай оған тік қарады.

— Не қызық?

— Көлік соңғы рет басқа адамның атына тіркелген нөмірмен жүрген.

Бұқтырма жағалауындағы ескі қайық қорасынан криминалистер ағаш тақтайлардың арасынан ескі темір қораптың ізін ғана емес, топыраққа сіңіп қалған қағаз қиықтарын да тапты. Қағаздардың бірінде бірнеше фамилия жазылған. Олардың арасында Володяның аты бар. Бірақ оның басында «Жәбірленушілер» деп жазылған. Абылай біраз үнсіз тұрды. Екінші бетте бес адамның аты жазылған. Әрқайсысының қасына күндер қойылыпты. Бұл – олардың ауыл тұрғындарынан ақша талап еткен, қорқытқан, дүкенде жанжал шығарған кездері туралы жазбалар. Енді көп нәрсе түсінікті бола бастады. Олар Бұқтырманы не үшін жағалап жүрген? Өйткені бұл жерде өздерінің қылмыстық әрекеттеріне қатысты ауыл тұрғындары жазған арыздарды  жасырып, ауылда жасаған істерін талқылап, тапқан ақшаларын бөлісіп отырған. Абылайдың қызығушылығы дәл осы тұста оянды. «Володя – ең маңызды куәгер болуы мүмкін» – деп ойлады. Ауыл тұрғындарының айтқан әрбір сөзі оның ойын толықтыра түсті.  Бірі:

— Дүкенші Володяға күн көрсетпеді – десе, екіншісі:

— Байғұс, әйелі екеуі қорлықпен өмір сүрді – деді. Адамдардың әңгімелері бір жерден шықты. Абылай мұны кездейсоқтық деп қабылдамады. Демек, бұл бес адамның өмірімен ең көп қиылысқан адам – Володя. Егер олардың өткен өмірінің шындығын білетін жан болса, ол – осы дүкенші.

— Володя қазір қайда? – деп сұрады Абылай. Жұрт бір-біріне үнсіз қарасты.

— Дүкенінде шығар. Таңертең ашқанын көрген жоқпыз – деді бір ауыл тұрғыны. Володяның дүкені ауылдың шетінде орналасқан екен. Абылай сол жаққа қарай бет алды. Дүкен ішіне кіргенде, Абылай айналасына мұқият қарады. Қарапайым ғана дүкен. Сөрелерде күнделікті тауарлар. Есіктің сыртында ескі орындық тұр. Володя полковникті көріп, абдырап қалды.

— Келіңіз. Абылай оның қолын қысып амандасты.

— Әңгімелесіп алайық.

— Мен сізге айтатын нәрсенің бәрін айттым ғой.

— Білемін.

Абылай дүкен ішін тағы бір шолып өтті. Сосын сыртқа шықты. Дүкеннің жанында тұрған көлікке оның көзі түсті. Көліктің түсі біртүрлі. Есіктің бір бөлігі ғана жаңадан боялғандай көрінді. Абылай тоқтап қалды.

— Володя.

— Иә?

— Көлігіңізді боятып алдың ба?

Володяның жүзі бір сәт өзгеріп кетті.

— Неге сұрадыңыз?

Абылай жауап бермеді. Ол көлікке жақындап, бояудың жаңадан жағылғанын қолмен сипамай-ақ аңғарды.

— Мына жері бұрыннан осындай ма?

Володя үнсіз қалды. Осы үнсіздік Абылайға бұрынғы жауаптардан да көп нәрсе айтты. Бірақ тәжірибелі тергеуші асықпады.

— Жарайды. Кейін сөйлесерміз. Сол күні кешке Абылай көліктің бояуына сараптама тағайындады. Көп ұзамай жауап келді. Бояудың құрамынан жағалаудағы ескі балықшылар күркесінің сырлауынан табылған затқа ұқсас бөлшектер анықталған. Абылай креслосына шалқайды. Енді оқиғадағы бұрынғы ұсақ белгілер бір-біріне жалғана бастады. Қызыл талшық. Бояу. Балықшылар күркесі. Бұқтырма жағасы. Володяның көлігі. Бірақ бұл әлі қылмыстың нақты дәлелі емес. Абылай папканы жауып қойды.

— Енді ең маңыздысы – Володяның сол түні қайда болғанын анықтау – деді ол. Тергеу тобы Володяның жүріп-тұрған жерлерін қайта тексерді. Телефон байланыстары қаралды. Көліктің қозғалысы зерттелді. Дүкенге келген адамдар қайта сұралды. Сөйтіп, күтпеген бір куәгер табылды. Ол Володяның сол түні дүкеннен кеш шыққанын көрген. Бірақ Володя жалғыз шықпаған. Көлігінің артқы орындығында біреу отырған. Абылай сол сәтте істің ең маңызды тұсына жақындағанын түсінді.

— Ол бесеуін жалғыз өлтірмеген – деді ол жай ғана. Жанындағы тергеуші таңғалды.

— Қалай ойлайсыз?

— Мен әзірге ештеңе ойлап тұрған жоқпын. Дәлел іздеп отырмын. Бірнеше күннен кейін сараптаманың қорытындысы келді. Қызыл талшық Володяның көлігінің жүксалғышынан табылған ескі жамылғының талшығымен сәйкес келді. Ал көлікке жағылған жаңа бояудың астынан Бұқтырма жағалауындағы күркеге қатысты тағы бір белгі анықталды. Енді Абылай Володяны қайта шақырды. Бұл жолы оның жүзінде бұрынғы сабыр жоқ.

— Мен сізге бір нәрсені жасырдым – деді ол ақыры. Абылай үнсіз тыңдады.

— Бірақ мен оларды өлтіремін деп барған жоқпын. Бөлмеде ауыр тыныштық орнады. Абылайдың көзі Володядан таймады.

— Онда сол түні не болғанын басынан бастап айтып бер.

Володя басын төмен түсірді.

— Олар менің үйіме тағы келді. Осыдан кейін оның айтқан әңгімесі істің соңғы түйінін шешуге жол ашты. Бесеуі сол түні Володяны қорқытып, дүкеніне келген. Дүкеннен қалағандарын алған. Араққа әбден тойып, мас күйінде Бұқтырма жаққа бет алған. Бұл жолы Володя жалғыз болмаған. Оның жылдар бойы көрген қорлығы, жиналған кегі, сол түні шыңырау шегіне жеткен. Алдын ала бәрін бүге-шүгесіне дейін ойластырып, дайындалған.  Абылай бір нәрсені анық білді: Кек – қылмысты ақтамайды.

Сондықтан Володяға терең тұңғиық көзбен қарады. Бірақ оның неге бұл жолға түскенін де елемей қойған жоқ. Тергеуші үшін адамның қылмысқа баруына себеп болған жағдайды түсіну маңызды. Бірақ түсіну – ақтау емес.

—Сол түні Бұқтырма жағасында тағы кім болды?

— Володя, сізді тергеуге емес, сөйлесуге шақырдым — деді полковник.

Володя басын изеді.

— Бес адамды да танисыз ғой?

Дүкенші біраз үнсіз қалды.

— Танымаймын деуге болмайды. Ауылдың бәрі таниды.

— Сізге жиі келетін бе?

Володяның жүзі өзгеріп кетті.

— Иә.

— Неге қорқатынсыз? Володя жауап бермеді. Абылай асықпады. Үстел үстіндегі кесеге бір сәт көз тастап, қайтадан дүкеншіге қарады.

— Сіз бір нәрсені жасырып отырсыз.

— Жасырып отырғаным жоқ — деді Володя ауыр күрсініп. — Олар мені адам құрлы көрмейтін. Дүкенге келіп, қалағанын алып кеткісі келетін. Ақша сұрайды. Бермесең, қорқытады. Кейде үйге дейін аңдып баратын.

— Әйеліңіз ше? Володяның саусақтары дір ете қалды. Осы сәтте Абылай көп нәрсені түсінді.

— Оған да тиісетін бе? Володя көзін төмен салды.

— Сол себепті әйелімді жалғыз жібермейтін болдым.

— Полицияға неге айтпадыңыз?

— Айтсақ, одан сайын жаман болады деп қорықтық.

— Володя, Бұқтырмадан бес мәйіт табылды. Бәрі сіз айтып отырған адамдар.

Володя полковникке жалт қарады. Бұл жолы оның жүзіндегі қорқыныш анық байқалды. Абылай сол сәтте өзінің ең маңызды сұрағын қойғанын сезді.

— Сіз оларды мылтықпен атқан адамды білесіз бе?

Володя үндемеді. Абылай жауапты күтті.

Бірнеше секундтан кейін дүкенші сыбырлап:

— Білемін — деді.

Абылайдың қабағы түйілді.

— Ол кім?

Володя көзін тайдырып әкетті. Абылай қағазға бірнеше сөз жазып қойды да, қаламын үстелге қойды.

— Маған Дмитрий туралы айтып беріңіз.

Володя басын көтерді.

— Ол менің көптен бергі досым. Менің басымнан өткеннің бәрін білетін жалғыз жанашыр адам.

— Бесеуі сізді қанша уақыт қорқытты?

— Біраз жыл болды. Алғашында арақ сұрап келетін. Кейін бұл әдетке айналды. Ішкен сайын өктем сөйлейтін. Дүкеннен қалағанын алып кетеді. Бермесең, жанжал шығарады.

— Содан Дмитрийден көмек сұрадыңыз?

—Иә,  ол маған талай рет: «Неге шыдап жүрсің?» — деді. Мен үндемедім.

Володя басын төмен түсірді.

— Бір күні олардың тағы келгенін айтып бердім. Сол кезде Дмитрий қатты ашуланды. Абылай сөзін бөлмеді.

— Не деді?

— «Бұлай жалғаса бермейді» — деді.

Абылай үшін бұл жерде ең маңыздысы — Володяның кек туралы ойы қашан пайда болғанын анықтау.

— Сол түні не болды? Володя бірден жауап бере алмады.

— Бесеуі тағы келді. Әдеттегідей арақ сұрады. Мен олардың келетінін алдын ала білген едім.

— Неге?

— Өйткені олар үнемі осылай істейтін.

Абылай басын изеді.

— Ал Дмитрий қайда болды?

Володя жауап бермеді. Осы үнсіздік Абылайдың назарынан тыс қалмады.

— Дмитрий сол түні сіздің қасыңызда болды ма?

Володя ақырын ғана:

— Иә, — деді.

Абылай дәптеріне тағы бір белгі түсірді. Енді істің жалпы көрінісі айқындала бастаған. Бірақ полковник үшін мойындау жеткіліксіз. Оған дәлел керек.

— Володя, мен сізге бір нәрсені анық айтайын. Сіздердің бастарыңыздан өткен қорлықты түсінемін. Бірақ мен эмоциямен емес, фактімен жұмыс істеймін. Сол түні не болғанын минутына дейін анықтаймыз. Володя үндемеді. Абылай орнынан тұрып, дүкеншіге бұрылды.

— Дмитрийдің толық аты-жөнін айтыңыз. Володя жауап берді. Абылай сыртқа шықты. Көліктің жанына келгенде, орынбасары алдынан шықты.

— Жолдас полковник, Дмитрий бойынша алғашқы мәлімет келді.

— Айтыңыз.

— Осы ауылдың тұрғыны. Володямен араласқаны расталды. Абылай біраз ойланып тұрды.

— Оны табыңдар.

— Ұстауға ордер керек пе?

Абылай басын шайқады.

— Әзірге жоқ. Алдымен сөйлесеміз.

Ол Бұқтырма жаққа көз салды. Бес адамның өліміне апарған жол енді біртіндеп кері ашылып келе жатты. Дмитрийді бірнеше сағаттан кейін тапты. Ол ауылдан алыстағы танысының үйінде жүрген. Полиция келгенін көргенде, қашуға әрекет жасаған жоқ. Абылайдың алдына келгенде, Дмитрий біраз үнсіз отырды. Полковник оның жүзіне барлай қарады.

— Бес адамды танисың ба?

— Танимын.

— Соңғы рет қашан көрдің?

Дмитрий жауап бермеді. Абылай үстел үстіне сараптама қорытындысын қойды.

— Бәрін білеміз. Бірақ сенің аузыңнан естігім келеді. Дмитрий басын төмен түсірді.

— Олар Володяны көптен бері қорқытып жүрген.

— Оны білеміз.

— Үйіне кіретін. Арақ сұрайтын. Ақша талап ететін. Әйеліне де тыныштық бермеген.

— Одан кейін?

Дмитрий ауыр күрсінді.

— Володя бір күні маған бәрін айтып берді. Ашуландым. Оған көмектескім келді.

— Қалай?

Дмитрий ұзақ үнсіздіктен кейін:

— Сол бесеу Володяның үйіне тағы келетінін білдім. Екеуміз дайын отырдық. Абылайдың даусы қатқыл шықты.

— Қару кімде болды?

Дмитрий басын көтерді.

— Екеуімізде де.

— Бесеуі келгенде не істедіңдер?

 — Олар үйге келіп, әдеттегідей арақ пен тамақ сұрады. Біз еш қарсылық көрсетпедік. Сұрағандарын түгел бердік. Араққа сылқия тойып алған соң, олар Бұқтырма жаққа бет алды. Біз соңдарынан бардық.

— Неге?

— Сол жерде сөйлесеміз деп ойладық.

Абылай оның сөзін бөлмеді.

— Одан кейін?

— Бұқтырма су қоймасы маңына жеткенде, жанжал шықты. Олар тағы да Володяны қорқытып, балағаттай бастады. Сол сәтте бәрі бақылаудан шықты.

— Қару қолданылды ма?

Дмитрий басын изеді.

— Иә.

— Бесеуі де сол жерде қаза тапты ма?

— Иә.

Бөлме ішін ауыр тыныштық басты. Абылай келесі сұрақты баяу қойды.

— Кейін мәйіттерді суға тастадыңдар ма? Бұл жолы Дмитрий жауап бермеді.

Оның үнсіздігі жауаптың өзі.

— Машина Володяныкі болды ма?

Дмитрий басын изеді.  Қараңғы түнде Володя мен Дмитрий бесеудің соңынан көлікпен еріп отырған. Бұқтырма су қоймасы маңына жеткенде, ұзақ жылдар бойы жиналған ашу мен кек жанжалға ұласқан. Ақыры қару қолданылып, бес адам да сол жерде қаза тапты. Кейін Володя мен Дмитрий мәйіттерді Бұқтырмаға тастаған. Көліктің боялуы. Мәйіттердің орналасуы. Қару. Сараптама қорытындылары. Куәгерлердің сөздері. Володя мен Дмитрийдің жауаптары. Бәрі бір нүктеге келіп түйісті. Абылай орнынан тұрды.

— Кек сендердің бастарыңнан өткен қорлықты түсіндіруі мүмкін. Бірақ адам өлтіруге заң рұқсат бермейді. Олар үнсіз қалды. Ал Абылайдың ойында бір ғана тұжырым қалыптасты:

Бұл қылмыс кездейсоқ ашуға берілуден туған жоқ. Жылдар бойы жиналған қорлық кекке айналып, ақыры алдын ала ойластырылған қылмысқа ұласқан.

Бұқтырма бес адамның қанды оқиғасының куәсі болды.

Ал енді соңғы нүктені заң қояды…

Нұрбақыт Ғалымжан, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті колледжінің 2 курс студенті

Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ...

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Алтын салған жасыл сөмке

Қармағын суға лақтырып, таңғы ауамен кеудесін кере терең тыныстаған...

МҰҒАЛІМ

Мамыр айының 25-і. Абылай бүгін қызы Еркеназдың тоғызыншы сыныпты...

АТЫ БАСҚА, ІЗІ СОЛ

(Психологиялық детектив) Подполковниктің күнделікті отыратын орнына жігіт келіп жайғасты. Подполковниктің...