Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ етіп бастырмалата жөнелді. Басын көтергені сол-ақ еді ішке жедел уәкілдердің бірі кіріп келді. Бұл оның аптыққан түріне жақтырмай қарады да, қолындағы қағазға қайта шұқшиды. Аудандық мемлекеттік тергеу комитеті басшысының орынбасары лауазымына ауысып келгелі мұның жұмыс көбейген. Сондықтан қолы тимей жатқанын осылай аңғартқандай. Анау мұны бірден байқап, жаңа түскен хабарды баяндай бастады.  

— Майор мырза, көп қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы балконнан ер адам өз анасын лақтырып жіберіпті. Әпкесін де анасының соңынан жібермек болған сәтте, қыз жігіттің құрсауынан босап шыққан. Қазір қыз балконда тұрған көрінеді. Ретін тауып есікті жауып алыпты. Байғұс көшені басына көтеріп, көмек сұраған екен. Милиция қызметкерлері қазір оқиға орнында, ­– деді жас офицер.

Бұл уақытта милиция шу шыққан үйге жеткенімен, еш қайран қыла алмай тұрған. Себебі, биіктегі балконда жан ұшыра айқайлаған қызды құтқарып ала қоятын сатының реті болмады. Ал пәтер есігін қолына мұз оюға арналған темір сүймен ұстаған ер адам күзетіп тұрды. Ол ашулы күйде болатын. Ақырған арыстандай айналасына ешкімді жақындатпайды. Оның жоғарыда өткір затпен тұрып алғаны милиция қызметкерлеріне қолайсыз болды. Төменнен қанша ұмтылғанмен нәтиже шығара алмай әлек.

Мұрат секілді мамандарды мұндай оқиғамен таңқалдыру қиын. Сол себепті ол өз бұйрығын жайбарақат жеткізді. Кабинетіне келген жедел уәкілдің өзін оқиға болып жатқан жерге жұмсады. Жарты сағат өтпей әлгінде өзі жіберген жедел уәкіл кабинетке жүгіріп кірді. Мұрат тағы тіксіне қарады.

— Майор мырза, анауың жынды екен! Сәл болмағанда ажал құшар едім. «Смекалкамды» тосып үлгердім, әйтпегенде сүймені кеңірдегімді тесіп өте жаздады, – деп қолындағы резеңке таяқшасын көрсетті.

Мұрат басын шайқап, алдындағы ақ қағаздарды бір бұрышқа ысырды да, ашық тұрған күнделігін жауып тастады. Сол қарқынмен орнынан тұрып сыртқа беттеді.

— Жүріңдер!, — деп бұйырды дәлізде кезіккен екі қаруласына. Жедел уәкіл де соңынан ере шықты.

Жолда Мұрат аудандық прокурордың орынбасарын кезіктіріп қалды. Көлікті тоқтатып, онымен амандасты.

  • Жалғыз қайда кетіп барасыз?
  • Оо, Мәке! Амансыңдар ма? Түскі асқа шыққанмын, — деді ол.
  • Кел, отырыңыз, жеткізіп салайық, – деді қулыққа басқан майор.

Бірін-бірі жақсы танитын әріптестер бір көлікпен ызғыта жөнелді. Аз-маз әңгіме де айтылды. Прокурор еңбек демалысында болған соң, бұл оның міндетін атқарушы болып жүрген көрінеді. Жұмыстың көптігін, уақыттың тығыздығын айтып келе жатқан. Кенет көліктің басқа бағытта жүріп бара жатқанын аңдап, терезеден жан-жағына қарайлады. Мұны байқаған Мұрат мән-жайды түсіндіріп, керек боласыз дегенге келтірді. Анау болса, амалсыз келісті.

           Бұлар көп қабатты үйдің алдына келгенде көздері бадырайған тұрғындар мен абдыраған милиция қызметкерлері жүр. Олардың бірі жерден ірілі-ұсақты тас жинап алған, енді бірінің қолында картоп.

  • Мыналарың не?,  — деп сұрады Мұрат әлгілердің қолындағысын меңзеп.

—  Анау адам балкон есігін сындырып жатыр. Соған лақтырып, назарын басқаға аударғымыз келген ғой, – деді араларынан шыққан бір белсенді.

Мұрат бұларға ештеңе де айтқан жоқ. Анадай жерде беті киіммен жабылған әйелдің мәйіті жатты. Оған көз қиығын салды да, подъездің алдына келді. Есік алдында алюминийден жасалған ақ қалқанын ұстап тұрған милиция сержанты тұр екен. Қолын созып еді, қорғаныс құралын бірден бере салды. Қаруын ала салмағанына өкінді. Қасына өзімен келген жедел уәкілдің бірін ертіп ішке ене бергенде алдынан тағы бірі милиция қызметкері шыға келді. Бұл оның тапаншасын сұрап алды да жоғары көтерілді. Артына бір қарағанда үшінші болып прокуратура қызметкерінің де еріп келе жатқанын көрді. Бесінші қабатқа жақындаған сәтте, ызалы адамның дауысын анық естілді. Бірінші келе жатқан мұны көзі қанталап, құтырынған ер адам қарсы алды. Бұларды көрген ол сүйменін сілтеп-сілтеп жіберді. Мұрат қолындағы қалқанмен қорғанды. Қолпылдап тұрған қалқанды темір тесіп өткенде қорқыныштан жүрегі қаттырақ соғып кетті. Қой-қойлағанынан да пайда болмады. Кабинеттегі маңғаздығынан дым қалған жоқ. Жоғарыдан жұмсалған қай қарудың да қауқары екі есе күшті болатынын бұл жақсы біледі. Сол үшін де екі-үш қадам кері шегінді. Соған қарамастан қаскүнем қолындағысын әлсін-әлсін сілтеумен болды. Мұны көрген прокурор бәлесінен аулақ дегендей сыртқа беттей жөнелді. Осы сәтте қарулы адамның қауіпті екенін әрі жылдам шешім қабылдамаса жағдай ушыға түсетінін түсінген Мұрат прокурорға айғай салды.

— Оқ атуға рұқсат сұраймын! Тәке, прошу санкционировать…, — деді айғайлап. Құзырлы орган өкілі көпке созған жоқ. Астыңғы жақтан оның «Санкционирую» деген сөзі естілді. «Но учтите – стрелять только при прямой угрозе жизни!» дегенді де қосып айтты.

Мұрат беліндегі тапаншасын шығарып, сақтандырғыш тетігін төмен түсірді.

—  Сейчас будет приниматься оружие!

—  Стреляй! Стреляй в меня!, — деп өршелене түсті әлгі адам. Мұнысымен қоймай қолындағы қаруын бірнеше мәрте жұмсап үлгерді. Абырой болғанда бұдан ешкім зардап шеккен жоқ. Амалы таусылған Мұрат жоғарыға қарай ескерту оғын атты. Анау бұған да ығар емес. Екінші, үшінші оқ та ескерту ретінде атылды. Мұны естіген даладағы жұрт демдерін ішіне тартып, тына қалды.

Ол қарулы азаматтың оң жағына бір, сол жақ тұсына бір, төбесінен асыра тағы бір оқ атты. Осы сәтте оның ойына Ленинградтағы өзі оқыған институтта атыс даярлығы пәнінен сабақ берген оқытушысы оралды. «Егер сендер экстремалды жағдайға тап болсаңдар, дереу қару қолдана аласыңдар. Ал тапанша қолданған екенсің, онда бірден қылмыскердің басына атыңдар» деген еді… Мұрат мұндай жағдайға бірінші рет кезігіп тұрған жоқ, бірақ осындай қиын сәтте өз-өзімен арпалысқа түсетіні бар. Оның үстіне қарсы алдында тұрған есерсоқ одан сайын одыраңдап кетті. Оны қазір құрықтамаса, іштегі әпкесіне зияны тиюі әбден мүмкін. Оқ жатарда қалғаны екі-ақ патрон. Ол қаруын анасының ажалына себепші болған адамның дәл басына көздеді. Нысанадан мүлт кетпейтін офицерге алдындағы адамды ата салудан оңай ештеңе жоқ. Алайда соңғы сәтте ол оның аяғынан атты. Жан дауысы шыққан ер адам пәтер есігіне сүйеніп алды. Дегенмен бұл оның агрессиясын одан сайын өршітіп жіберді. Құтырына қаруын бұларға жұмсап, ақсаңдаған күйі артқа қайта шегінумен болды. Амалы таусылған Мұрат тапанша мушкасын оның басына қайта көздеді. Тарс еткен дыбыстан кейін, бетоннан жасалған баспалдақ үстінен салдыр-күлдір етіп темір сүймен төмен құлай бастады. Қасындағы жедел уәкіл осы сәтте жоғары ұмтылып, манадан берілмеген адамды ойбайлаған қалпы жерге етпетімен жатқызып алды. Көп ұзамай оның қолына кісен салынып, дәрігерлерге табысталды. Жігітті аяған Мұрат жеме-жемге келгенде соңғы оқты тізесіне жұмсаған екен. Биіктен еңгезердей болып көрінген есерсоқ жақындап келгенде анау айтқандай алпамса болмай шықты. Кенет Мұраттың ойын уайым торлады. Өзі атқан ескерту оғы көрші пәтерлердің есігіне тиіпті. Түрі бұзылып сала берді… Асығыста бұған аса мән бермеген. Егер есіктен көршілердің бірі сырттағы дыбысты тыңдап тұрса немесе арнайы саңылаудан қараған болса бәрі біткені… Ол қасына жиналғандардың бір-екеуіне көрші пәтерлерді шұғыл тексеруді тапсырды. Дегенмен жазатайым жағдайға душар болған ешкім болмады. Көршілері шу шыққан сәтте-ақ пәтерлерінен сытылып шыққан. Ары-қарайғы мәселенің бәрі өз ретімен өрбіп жатты. Кісі өліміне күдікті адамға ота жасату және оны күндіз-түні күзету секілді жаңа шаруалар шыға бастады. Кейін Мұрат осы үшін басшыларының бірінен сөз естіді. «Осынша машақат қылмай, өлтіре салуға шамаң жетпеді ме?» деген еді жоғарыдағы бір шенді. Бірақ бұл сөзді құлаққа қыстырған жоқ.

«Екі адамның өлімін тіркегеннен гөрі, екіншісін жаралы ұстаған дұрыс қой! Мен оқты тез атуды емес, оқыста дұрыс шешімді жылдам қабылдауды ғана көздедім. Оным сәтті іске асты емес пе? Ендеше бұлардыкі не қысастық? Бізге артық жұмыс болады деп, қарсы жүгірген қаскөйдің бәрін ата берсек, біздің кім болғанымыз? Кәсібилігіміз қайда қалады? Қызық?! Алғыс айтпаса айтпай-ақ қойсын, бірақ адамды осылай тұқыртуға бола ма екен? Одан да кабинетте қағаз парақтап отырғаным артық қой» деп ойлады Мұрат намысын қамшылаған сол сөзден кейін. Бұл өзінің істеген ісін дұрыс санаған пайымы болатын. Бірақ бірнеше аптадан кейін тағы бір оқыс жай болды. Отасы сәтті өткен күдікті, ауруханадан шыққаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеушілер сол жерде оны сұраққа алған. Оған ешқандай күш көрсетілмеді. Өзі де еш қарсылықсыз кінәсін мойындаған. Бірақ көп ұзамай сол жерде Мұрат салған жарақаттың салдарынан көз жұмыпты. Бұл жаңалықты Мұрат өз кабинетінде естіді. Ал оны жеткізген де өткен жолы хабар әкелген жедел уәкіл болатын. 

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

ҚАЛАДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Анадан қалған жалғыз із Күләш пен Әлиханның бар байлығы -...

БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған...

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Алтын салған жасыл сөмке

Қармағын суға лақтырып, таңғы ауамен кеудесін кере терең тыныстаған...

МҰҒАЛІМ

Мамыр айының 25-і. Абылай бүгін қызы Еркеназдың тоғызыншы сыныпты...