Көлеңкедегі тамыр

Алматыда күрең күз. Тау бөктерінен ескен ызғарлы жел көше бойындағы сары алтынға боянған ағаштардың жапырағын сыбдырлата сыпырып, асфальт бетіне дедектете ұшырады. Қарбалас қаланың сабылысы артып, шамдар біртіндеп жана бастаған сəт. ІІМ орталық спорт кешенінің залында сағат кешкі сегізден асқанда шамдардың жартысы өшірілген еді. Зал іші тыныш, тек бұрыштағы татами үстінен ауыр демалыс пен сирек аяқ дыбысы естіледі. Полковник Абылай Əзімханұлы Қайсенов кілем үстінде соңғы жаттығуын аяқтап, шалқалай жата кетті. Көзін жұмып, маңдайынан сорғалаған ащы терді шыт орамалымен сүртті. Жасы қырық беске келсе де, денесі əлі де темірдей ширақ. Жас кезінде грек-рим күресінен спорт шеберіне үміткер болған жылдары сүйегіне сіңген тəртіп əлі бар. Бірақ соңғы кезде Астана мен Алматының арасындағы аяқталмайтын іссапарлар, күрделі қылмыстық істер, түн жарымына дейін созылатын жиындар шаршатпай қоймайды. Əсіресе, соңғы үш аптада бел омыртқасы мен оң иығы сыздап, денесі «жұмысты азайт» дегендей сигнал беріп жүрген. «Айша айтып еді-ау, дəрігердің сөзін тыңдамаймыз…» деп іштей жымиды Абылай. Жұбайы Астанадағы үлкен ауруханада кардиолог болып істейді. Екеуі күнде кешкісін телефонмен сөйлеседі. Ол Абылайдың тамағын уақытылы ішпейтінін, ұйқысының қанбай жүргенін дауысынан-ақ біліп қоятын. Алматыға келерінде кіші қызы Еркеназдың «Əке, маған алдыңғы жолғыдай таудың қарақаты мен алма арасанның алмасын əкелші», – деп еркелегені есіне түскенде, полковниктің шаршаңқы жүзіне жылылық жүгірді. Абылай орнынан баяу көтеріліп, сүлгіні иығына тастады. Киім ауыстыратын бөлмеге беттей бергенде, залдың киім шешетін бұрышындағы орындықта отырған бойжеткенге көзі түсті. Залға жаттығуға келетін қыздарға ұқсамайды. Үстінде жұқа күзгі плащ. Жинақы, сұңғақ бойлы, бірақ жүзі солыңқы. Жанарында бір терең азап пен үрей ұялағандай, полковниктің əрбір қимылын сырттай тосып отыр екен. Абылай бойжеткенге жақындады. Үлкен-кішіге құрметпен қарау – оның қанына сіңген қасиет. – Кешіріңіз, бойжеткен… Сіз бір нəрсе сұрайын деп отырсыз ба? – деді Абылай дауысын жұмсартып. Қыз орнынан атып тұрды. Оның сау сақтары кішкентай сөмкесінің бауын умаждай ұстап, дірілдеп кетті. – Абылай Əзімханұлы… Кешіріңізші, сізді мазалағаным үшін. Мен… мен Астанадағы полиция департаментінде істейтін туысқанымнан сұрап білдім. Ол кісі: «Алматыда күрделі істер бойынша полковник Қайсенов бар. Мен ол кісінің мінезін білемін, егер істің артында əділетсіздік тұрса, Абылай аяғына дейін жеткізеді. Сондықтан соған бар», – деді… Абылай сəл тосылып қалды. Өзі туралы мұндай сөздерді естігенде ол əрдайым ыңғайсызданатын. – Сабыр етіңіз. Ертегідегі батыр емеспін, жай ғана өз жұмысымды істейтін полиция қызметкерімін. Есіміңіз кім болады? – Аружан… Менің есімім – Аружан. – Ал, Аружан, мына жерде тұрмай, дəлізге шығайық. Сəл күте тұрсаңыз, мен киініп шығайын. Тыныш жерде сөйлесейік. Он минуттан соң Абылай үстіне пиджагін киіп, Аружанмен бірге спорт кешенінің жанындағы кішігірім кофеханаға беттеді. Күзгі салқын ауа бойды сергіткендей болды. Кофехананың бұрышындағы үстелге жайғасқан соң, Абылай қызға ыстық шəй тапсырыс берді. – Ал, Аружан, енді асықпай айтыңыз. Не болды? – Абылай қыздың көзіне тіке қарады. Аружан алдындағы кесені екі қолымен ұстап, іштегі шерін ақтарды. – Бəрі өткен жылы басталды, Абылай аға… Əкем өмір бойы мемлекет тік қызметте адал еңбек етті. Зейнетке шығуға аз қалғанда, жиған-терген қаржысына Медеу ауданынан, тау бөктерінен үй сатып алды. Екі қабатты, қарағайдан жаңа үлгіде салынған сəулетті өте əдемі саяжай еді. Əкемнің бала күнгі арманы болатын… Бірақ сол үйге көшіп кіргеннен бақытсыздық бірінен соң бірі басталды. Аружан тоқтап, көзіне жас алды. Абылай үнсіз тыңдап отыр. – Алдымен… физикалық қуаты мығым, денсаулығында ешқандай кінəраты жоқ жиырма бес жастағы ағам кенеттен ұйқысынан оянбай қалды. Дəрігерлер «жүрек талмасы» деді. Бірақ оның жүрегі ешқашан ауырмаған! Арада төрт ай өткенде, əкем есін жоғалта бастады. Содан көп ұзамай үйдің баспалдағынан құлап… басы жарылып көз жұмды. Ал өткен аптада анам… анам да аяқ астынан есінен танып, аурухананың психикалық бөліміне түсті! – Сараптама не деді? Полицияға арыз жаздыңыздар ма? – Жаздық! Аудандық полиция бəрін «кездейсоқ бақытсыз жағдай» деп жапты. Баспалдақ тайғақ болған, ал ағаңыз дың жүрегінде туа біткен ақау болуы мүмкін деген жауап айтты. Бірақ мен сенбеймін! Өзім жұмысыма байланысты ата-анамнан бөлек тұрамын. Анда-санда барғанымда түнде үйдің ішінен бір түрлі сыбдырлар естіледі, ағаштың иісі қолқаны қабады. Елдің бəрі «ол үй қарғыс атқан, тылсым күш бар» деп сыбырлайды. Мен де мистикаға сене бастадым. Абылай кеседегі шайын ұрттап, ойланып қалды. Ол мистикаға да, қарғысқа да сенбейтін. Бірақ адам психологиясы мен қылмыстық схемаларды жақсы білетін. – Аружан, қарғыс деген – əлсіз адамдардың жұбанышы. Ал қылмыскерлер кейде дəл осы «мистика» деген ұғымның тасасына жасырынғанды жақсы көреді. Ертең үйлеріңізге барып, көзіммен көрейін. Шынайы себебін таппайынша, қорытынды жасауға ерте. Келесі күні түске таман Абылай Медеу бөктеріндегі Аружан көрсеткен мекенжайға келді. Күн бұлыңғыр еді. Тау ішінен баяу жылжыған қою тұман ағаштан салынған еңселі саяжайдың шатырын бүркеп алыпты. Сырттай қарағанда, бұл үй – нағыз сəулет өнерінің туындысы. Қарағайдан қиып салынған, терезелері үлкен, табиғатпен астасып жатқандай əсер береді. Абылай ауланың темір қақпасын ашып ішке кірді. Есікті сəл бұрын келген Аружанның өзі ашты. Үй іші суық, адам тұрмаған соң сыз тартқан. Полковник баспалдақпен жоғары көтеріліп, əрбір бөлмені асықпай аралай бастады. Ол криминалист ретінде тек көзбен қарап қоймай, түсін де, иісін де сезуге тырысатын. Расымен де, үйдің ішінде ерекше, ауыр, адамның еңсесін басатын атмосфера бар еді. Абылай қалтасынан кішкентай лупасын алып, қабырғаға қапталған ағаш талшықтарына үңілді. Одан соң Аружанның əкесі құлап қаза тапты деген баспалдаққа барды. Баспалдақтың ағашы да дəл сондай материалдан жасалған. Қолмен ұстап көріп еді, ағаш беті өте тегіс, бірақ саусаққа майлы бір зат жұғатындай білінді. Үйдің ішінде жарты сағаттай жүрген соң, Абылайдың өзінің де басы зеңіп, шекесі қысылғандай ауыра бастады. Жүрегі айнып, тынысы тарылды. Абылай ағаш үйден сыртқа шығып, таудың таза ауасын терең жұтты. Басының ауырғаны сəл де болса басылғандай болды. Бұл үйдің ішінде əлдебір жұмбақтың барына күмəні қалмады. Төбеде қарғалар қарқылдап, топ-тобымен ұшып жүрді. Полковник кофеханада Аружанмен қайта кездесті. Қыздың жанарындағы үрей полковниктің көңіліне түрлі ой салды. – Аружан, маған отбасыңыздың төңірегіндегі адамдар туралы туыстуған, көрші-қолаң жайында ашығын айтыңызшы. Араларыңызда өш-қас болған, немесе мал-мүлікке таласқан адамдар болмады ма? – деді Абылай дауысын барынша жұмсартып. Аружан алдындағы кесені саусағымен айналдыра берді. Сəлден соң ауыр күрсініп, шындықтың шетін шығарды. – Бір адам бар… Əкемнің немере інісі Бауыржан деген ағам. Ол кісі ақшаға өте құмар. Əкем Медеуден мына үйді сатып алғанда, Бауыржан ағам сол үйдің құжаттарын кепілдікке қойып, несие алу үшін əкеме талай рет қолқа салған. Əкем келіспеді. Бірақ ол біздің үйден шықпайтын болды. Тіпті, ағам мен əкемнің қазасының қарсаңында ол бізге арнайы келіп, «мынау таудың емдік шөптері, қан қысымын реттейді, жүйкені тыныштандырады» деп, өз қолымен шай демдеп беріп жүрді. Сол шайдан кейін ағамның да, əкемнің де бастары мең-зең болып, бойларынан күш кеткендей болды… Абылай аға, мүмкін… мүмкін сол шайдың ішінде бірдеңе болған шығар? Абылай блокнотына «Бауыржан – шөп тұнбасы – мұра» деп жазып қойды. Кофеханадан шыққан бойда, Абылай түннің салқынына қарамастан, Медеудегі қаралы үйге қайта тартты. Үйдің іші қараңғы, ауасы бұрынғыдай ауыр, танауды жыбырлатардай қоңырсық иіс бардай сезілді. Ол тікелей асүй ге өтті. Шкафтарды ақтарып жүріп, Аружанның айтуы бойынша бұрышта тұрған, ішінде кептірілген ұсақ жапырақтары бар шыны құтыны тапты. Құтының қақпағын ашқанда, кəдімгі жалбыздың иісімен қатар, адамның басын айналдыратын əлдебір қышқылтым иіс бұрқ ете түсті. Абылай құтыны арнайы пакетке салды. Сыртқа шығар алдында ол екінші қабатқа көтеріліп, баспалдақтың ең шеткі, көзге түспейтін тұсынан қалтасынан жиналмалы бəкісін алып, қарағайдың шағын ғана сынығын жонып алды. Келесі күні таңғы сағат тоғызда Абылай қаладағы сот-медициналық сараптама орталығының бас маманы, ескі досы профессор Санжардың зертханасында отырды. Бөлме ішінен центри фуганың баяу гуілі естіліп, түрлі химия лық дəрілердің иісі шығады. Санжар ақ халатын киіп, Абылай əкелген екі түрлі айғақ затты – шөп салынған құты мен ағаш сынығын үстел үстіне қойды. – Сен қашан көрсем де бір пəлені тауып əкелесің, Абылай, – деді Санжар көзілдірігінің астынан қуақылана қарап. – Мыналар не? – Біріншісі – тұрмыстық қылмыстың ізі болуы мүмкін. Ал екіншісі… екіншісінің не екенін өзім де білмеймін, достым. Екеуін де ең терең сараптамалық анализден өткізіп берші. Төрт сағатқа созылған күтуден кейін Санжар кабинетіне Абылайды қайта шақырды. Профессордың жүзі байсалды болғанымен, сəл абдырағандай көрінді. Ол алдындағы екі қағазды нұсқады. – Ал, Абылай, сенің түйсігің тағы да алдамапты. Бірақ оқиға сен ойлағаннан əлдеқайда күрделірек, – деп Санжар бірінші қағазды алды. – Мына шөптің құрамында кəдімгі тау жалбызынан бөлек, адамды масайтып, тыныштандыратын синтетикалық тұнба бар. Бұл жүректің жұмысын баяулатып, қан айналымын бұзады. Абылай басын изеді. – Демек, Бауыржан отбасын біртіндеп улап, оларды физикалық тұрғыда əлсіреткен екен ғой. Ал екіншісі ше? Ағаштан не шықты? Санжар терең күрсініп, екінші қағазды қолына алды. Оның дауысында таңғалыс пен үрей араласып жатты. – Міне, нағыз сұмдық осы жерде… Абылай, мына ағаш сынығы, жай ғана құрылыс материалы емес. Мен оның жасушалық құрылымын зерттедім. Бұл қарағайдың діңіне ұқсағанымен, оның бойында табиғатқа жат элемент бар. Ағаш жасушалары қоршаған ортаға өте күшті газ бөледі. Ол ауаға тарағанда адамның орталық жүйке жүйесін зақымдап, мидағы үрейді оятып, күйзеліс тудырады. Мұндай ағаш тек радиоактивті немесе өте улы топырақта, «өлі» аймақтарда ғана өсуі мүмкін. Кім болса да, бұл үйді салған кезде осы ағаштың қасиетін жақсы білген. Абылай Санжарға рақметін айтып, соңыра қайталап соғатынын ескертіп, зертханадан шыққан бойда бірден Бауыржанды іздеп тапты. Полковник сөзбұйдаға салынған жоқ. Келе сала Бауыр жанды тықсыра жөнелді. – Сенің шөптеріңнен не табылғанын білесің бе?! – деді Абылай тістене. – Синтетикалық қоспа! Сен өз туысыңды байлық үшін улауға дайын алаяқсың! Бауыржанның көзі шарасынан шыға жаздады, буыны босап, қалтырап кетті. – Абылай Əзімханұлы… Иə, мен оларға ұйқы шақыратын, бас айналдыратын дəрі қостым. Келісімшартқа ес-түссіз қол қоюын қаладым… Бірақ мен оларды өлтірген жоқпын! Ант етейін! Ол үйде түнде қабырғалар дем алады, қарағайдан өлген адамның иісі шығады! Үйге соңғы барғанымда өзім де есімнен ауа жаздадым… Мен жай ғана пайда іздеген адаммын, маған ол үйдің жұмбағының қатысы жоқ!

Жарты сағаттан соң Бауыржанды полиция бөліміне алып келді. Таңға дейін тергегеннен кейін, Абылайдың көкейіндегі басты жұмбақ одан сайын күрделене түсті. Полковник енді басты назарды қазіргі кезде аты дүркіреп тұрған құрылыс компаниясына аударды. Ол саяжайды соққан «Алатау ЭкоСтрой» фирмасының артында əлдеқайда жойқын, қауіпті құпия жатқанын сезінгендей болды. Абылай Медеудегі қаралы үйге таңғы суықта қайта соқты. Үйдің қабыр ғасын саусағымен ұстап тұрып, Астанада тұратын ұлы Медғатты ойлады. Медғат – жиырма екі жастағы IT-маман. Астанадағы ірі киберқауіпсіздік компаниясында аналитик болып істейді. Əкесі сияқты дене күшіне емес, сандық əлемнің логикасына сенетін, алгоритмдердің тілін кəсіби деңгейде меңгерген жігіт. Абылай ұлының бұл қабілетін əрдайым мақтан тұтатын, бірақ оның жұмысына сирек араласатын. Бұл жолы жағдай мүлдем басқа еді. Абылай телефонын алып, Медғатқа қоңырау шалды. Астанада таң жаңа атып келе жатқан еді. – Ало, папа? Таң атпай аманшылық па? – Тұтқадан Медғаттың ұйқылы, бірақ жылы дауысы естілді. – Балам, айып етпе, ұйқыңды бөлсем. Маған сенің кəсіби көмегің ауадай қажет болып тұр, – деді Абылай байсалды түрде. – Астанада жүріп Алматыдағы бір құрылыс фирмасының цифрлық ізін тексере аласың ба? Серверлері, иелері, офшорлық шоттары… Маған ресми тіркеуде жоқ, тасадағы ақпарат керек. М е д ғ а т т ы ң ұ й қ ы с ы ш а й д а й ашылып кетті. Клавиатураның жылдам басылған сытырлаған дыбысы естілді. – Қандай фирма, папа? Атын айтшы. – «Алатау Эко-Строй». Алматыда элиталық ағаш үйлер салады. – Жақсы, жарты сағат уақыт бер. Базаларды ақтарып көрейін. Абылай телефонды қолына ұстап, саяжайдың ауласында ары-бері жүрді. Ол Медғаттың бұл істі тез арада шешіп беретініне үміт артты. IT саласының мүмкіндігі шексіз ғой. Арада отыз бес минут өтті. Телефонның арғы жағынан дауысынан таңданыс пен реніш қатар байқалды. – Папа… Мұнда бір өте оғаш нəрсе бар, – деді Медғат. – Не таптың, балам? – Ештеңе таба алмадым! Дəл осы – ең сорақысы! «Алатау Эко-Строй» фирмасының ресми сайты бар, бірақ оның артындағы серверлері Қазақстанда да, тіпті кəдімгі ашық интернетте де орналаспаған. Мен олардың IP-мекенжайларын бақылап көрмек болып едім, сұранысым бірден Еуропадағы шифрланған серверлерге тіреліп, бұғатталып қалды. Мұндай қорғанысты қарапайым құрылыс компаниялары ешқашан қолданбайды! – Яғни, сен ішке кіре алмадың ба? – Кіре алмадым деу аз, папа. Мұнда жоғары деңгейдегі, арнайы дайындалған шифрлау алгоритмдері тұр. Олардың базасына бұзып кіру үшін маған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы серверлік қуаты мен бірнеше күн уақыт керек. Кім болса да, олар өздерінің цифрлық ізін айнадай тазалап отырған. Цифрлық əлемде бұл компания – нонсенс! Абылайдың қабағы түйіліп кетті. Электронды əлемде ізі жоқ компания – бұл кездейсоқ емес. Демек, жау өте сауатты əрі ресурстары шексіз. – Түсіндім, балам. Рақмет саған. Əзірше бұл ізді тоқтата тұр, өзіңе қауіп төндіріп алма. – Папа, абайлашы… Олардың цифрлық қорғанысы соншалықты мықты болса, шынайы өмірде де өте қауіпті деген сөз. Медғатпен сөйлескен соң Абылай терең ойға батты. Сандық технология сыр берген жерде, ескі, дəстүрлі полициялық əдістерге көшу керек. Электронды архивтер өшірілуі мүмкін, бірақ сарғайған қағаздар мен сиямен жазылған архивтік тіркеулерді құрту оңай емес. Полковник бірден Алматы қалалық жəне облыстық Орталық мемлекеттік архивпен байланысып, сұранысын нақтылап, екі күннен кейін баратынын ескертті. Осы аралықта бұл құрылыс фирмасының салған үйлерінен тағы да жұмбақ қазалар мен психикалық ауытқушылыққа ұшыраған бірнеше оқиғаны анықтады. Бұл бақытсыздыққа тап болғандардың дені лауазымды мансаптылар болып шықты. Жауапты қазметкерлерге арнайы ордерін көрсетіп еді, олар архивтің құпия құжаттар тұратын – ғимараттың астыңғы қабатына, дымқыл ескі қағаз иісі аңқыған тыныш бөлемесіне қарай бастады. Онда ондаған жыл бойы жиналған жер телімдерінің, құрылыс рұқсаттарының жəне заңды тұлғалардың тіркеу кітаптары сақталған. Абылайды архивтің сирек кездесетін құжаттар бөлімінің меңгерушісі, өмірінің соңғы қырық жылын осы қағаздар арасында өткізген тəжірибелі архивист Клара Серікқызы қарсы алды. Көзілдірігінің үстінен сынай қарайтын бұл кісі қаланың əрбір көшесінің, əрбір жер телімінің тарихын жатқа білетін маман еді. Оның жанында жас маман, архивтік шифрларды бес саусағындай білетін архивші Нұрлан тұрды. – Абылай Əзімханұлы, сіздің ПДдан жіберілген шұғыл сұранысыңызды алдық, – деді Клара Серікқызы үстел үстіндегі біраз папканы көрсетіп. – Бірақ шынымды айтсам, сіз іздеген «Алатау Эко-Строй» фирмасының Медеу ауданындағы құрылыс рұқсаттары өте жұмбақ түрде жойылып кеткен. – Сонда ешқандай құжат жоқ па? – деп сұрады Абылай. – Компьютерде жоқ, – деді жас архивист Нұрлан əңгімеге араласып. – Мен таңертеңнен бері барлық базаны қарап шықтым. Біреу соңғы екі жылдағы электронды файлдарды əдейі тазалап шыққандай. Бірақ Клара Серікқызы екеуміз 1990 жылдардағы жəне 2000 жылдардың басында қолмен жазған тіркеу кітаптарын көтердік. Сарғайған қағазды хакерлер бұза алмайды ғой! Клара Серікқызы үлкен, қалың түптелген журналды ашты. Оның саусақтары ескі қағаздың беттерін ақырын аударып отырды. – Абылай, міне, қараңыз, – деді ол лупаны беріп. – 2015 жылы Медеу бөктерінен «Алатау Эко-Стройға» бөлінген жер телімінің бастапқы құжаты. Бұл жер бұрын ресми түрде «орман шаруашылығының қоры» деп есептелген. Бірақ осы құрылысқа рұқсат беретін сəтте, архивтік картаға бұрын болмаған бір сілтеме жазылған. Қараңызшы, шетінде сиямен кішкентай шрифтпен: «№37 аймақ, қаралы сай – арнайы статус» деп жазылған. – «Қаралы сай»? – Абылай сұраулы жүзбен қадала қарады. – Иə, – деді Клара Серікқызы байыпты түрде. – Бұл аймақтың тарихы өте ауыр. Нұрлан екеуміз 1930–1945 жылдардағы НКВД мен арнайы объектілердің картасын салыстырып көріп едік. Ол шатқал ресми түрде ешқандай картада аталмайды. Бірақ 1937 жылғы жабық архив папкасында ол жер «Сай37» деген атпен өтеді. Ол жерде кезінде НКВД-ның арнайы тергеу лагері мен репрессияға ұшырағандарды жерлеген орын болған. Нұрлан үстелге ескі, шеті мүжілген əскери картаны жайды. – Полковник мырза, біз тағы бір маңызды нəрсені таптық, – деді Нұрлан картадағы қызыл қарындашпен белгіленген нүктені нұсқап. «Алатау ЭкоСтрой» бұл қарағайларды шет елден тасымалдамаған. Олар осы «Қаралы сайдағы» жабық аймақтың өзінен кесіп алған! Ал ол жердің құжаттарына 1943 жылы қол қойған НКВД бастығының тегі – Мұратов! – Мұратов?.. – Абылайдың көз алдынан бəрі тізбектеліп өте шықты. – Иə, – деді Клара Серікқызы басын изеп. – Ел ішінде «Қара Мұрат» атанған майор Мұратов. Сталиндік террор жылдарында айналасына азап пен озбырлық жасаған қатігез тиран. Ал қазіргі «Алатау Эко-Строй» компаниясының құрылтайшысы болып тіркелген Арман Мұратұлы – сол «Қара Мұраттың» туған немересі! Абылай үстелге сүйеніп, картаға үңілді. Компьютерлік базадан өшірілген, цифрлық əлемде жоқ болып көрінген компанияның тамыры, сарғайған архивтік қағаздардың арасынан, қанды тарихтың түбінен суыртпақтап шыға келді. – Клара Серікқызы, Нұрлан… Сіздерге мың алғыс, – деді Абылай папканы жауып жатып. – Сіздер қаланың ең үлкен құпиясының бетін аштыңыздар. Абылай архивтің салқын астыңғы қабатынан сыртқа шықты. Күзгі Алматының салқын ауасы бетін шарпыды. Абылайдың көкейіндегі басты жұмбақ əлі шешілмеген еді. Түс ауа Абылай Медеудегі қаралы үйге қайта оралды. Айналаға зер сала қарады. Ол үйден бес жүз метрдей жерде, қалың қарағайдың тасасында орналасқан жалғыз байырғы ағаш үйге қарай аяңдады. Аулада ескі сəкіде жасы сексенді алқымдаған, үстіне қалың шекпен киген сақалы аппақ қария жалғыз шай ішіп отыр екен. Кезінде осы тау аңғарында орманшы болып істеген Сəрсен ақсақал Абылайға бастан-аяқ сынай қарап, сабырмен сөз бастады. – Кел, шырағым, отыр, – деді қария. – Көрші үйдегі құпия істердің ізімен жүрсің ғой? – Армысыз, ақсақал? Полиция қызметкерімін. Атым Абылай. Иə… Сол үйдің айналасында не болып жатқанын түсіне алмай жүрмін. Жұрттан бұл жердің бұрынғы тарихын білетін, көнекөз көкірегі даңғыл қария деп естіп арнайы өзіңізді іздеп келдім. Сəрсен ақсақал тостағанын төмен түсіріп, асықпай тау басына көз жіберді. Оның жүзінде ауыр, қараңғы бір естелік жылт етті. – Е, кəрі қойдың жасындай жасым қалғанда, жасырып-жабар ештеңем жоқ. Бұл жердегі қарғыс кеше-бүгін басталған жоқ, балам… – деді ол дауысын бəсеңдетіп. – Өйткені мына шатқалдың арғы түкпірінде, күн түспейтін «Қаралы сай» деген жер бар. Ол жерге кезінде ел аяқ басуға қорқатын. Себебі жұртқа белгілі «Қара Мұрат» деген сонда тұрды. Репрессия жылдарындағы Адамдарды азаптап, денелерін сонда көмгенін көнекөздерден естіп-білдік. Ондағы іздерді өшіру үшін үстіне ағаш еккен. Сондықтан топырақ азап пен уға бөккен. Абылай ден қоя тыңдап отыр. – Ол ағаштардың мына үйге не қатысы бар, ақсақал? – Осыдан он жыл бұрын бір құрылыс компаниясының ауыр техникалары дəл сол «Қаралы сайға» жол салып, ешкім жоламайтын сойқан ормандарды кесе бастады, – деді Сəрсен ақсақал. – Мен сонда компанияның өкілдеріне бардым. «Ол жердің топырағы зауалды, ол ағашты кеспеңдер, ол үй салуға жарамайды!» деп ескерттім. Олар мені ақымақ шал деп ойлап, куып шықты… Абылай Сəрсен ақсақалдың сөздерінен кейін ауыр ойға батты. Қолда бар айғақтар бірін-бірі толықтыра түсті: Бауыржан – бас пайдасын ойлаған тұрмыстық алаяқ. Ал үйдің өзіндегі сұмдық – «Қаралы сайдағы» ағаштардан салынған құрылыста жатыр. Полковник үлкен іске бел шеше кірісті. Тау ішіне түн қорғасындай ауыр түсті. Шатқалдың арғы бетінен соққан салқын жел қарағай бұтақтарын ысылдатып, бейне бір арандай ашылған Қаралы сайдың тынысын сездіргендей. Абылай қызметтік тапаншасының оқтаулы екенін тексеріп, белдігіне бекітті. Қалың бұталардың арасымен ілгері жылжыды. Сайдың аузы биіктігі үш метрлік тікенек сыммен қоршалған, ал іште – ең соңғы үлгідегі қозғалыс датчиктерімен жабдықталған мұздай күзет. Шарбақ бойымен қолында автоматтары бар, қара маска киген екі күзетші баяу өтті. Абылай күзетшілердің бұрылыстағы қараңғы аймаққа өтуін күтіп, сымның астынан сытылып өтті. Мұндағы қарағайлардың діңі бұраңдап, қабықтары қарайып, бейне бір азаптан бұратылған адамның денесі сияқты сорайып тұр. Ауада танауды жаратын, зертханадағы сияқты қышқылтым-ащы иіс мүңкіп тұр. Абылай ағаштардың арасымен ілгерілей отырып, шатқалдың ортасындағы ескі, бетоннан соғылған ангар тəріздес құрылысқа жақындады. Түнгі ай жарығында ангардың кіреберісіндегі тақтадан «Алатау Эко-Строй» деген жазуды байқап қалды. Жасырын желдеткіш тесігіне жақындап, ішке үңілгенде Абылайдың төбе шашы тік тұрды. Арнайы қорғаныс киімін киген қалың жұмысшылар қауырт жұмыс істеп жатқанын көрді.

Ангар ішінде өндірістік аралармен қоса, химиялық контейнерлер мен арнайы бактар тұр еді. Жуан қарағай діңдерін кескеннен кейін, оларды белгісіз химиялық сұйықтыққа батырып, кейін арнайы кептіргіш пештерге орналастырады екен. Абылай бұл сұйықтықтың ағаш діңіне сіңіп, тұрғын үй қабырғасы болып орнатылған соң, жылдар бойы баяу газ бөліп, адам ағзасын улайтынын сезімтал түйсікпен бірден аңғарды. Бірақ Абылайды шошытқан бұл емес, ангар ішінде сəнді костюм киген Арман Мұратұлының жанында тұрған екінші адам еді. Ол – ІІМ саласындағы ықпалды шенеуніктердің бірі, полковниктің өз басшылығына жақын генерал-майор Өмірбек Нұрғалиев болатын! – Астана бойынша төртінші партия дайын, Арман, – деді генерал сабырлы үнмен, қағаздарға көз жүгіртіп. – Үкіметтік резиденциялар мен жаңадан салынатын элиталық қалашықтың тендерін сіздің компания жеңіп алды. Құжаттарға министрлік арқылы өзім қол қойғыздым. Ол жерге кімдер көшіп келетінін білесің – шенеуніктер, судьялар, ірі бизнесмендер. – Өте жақсы, Өмірбек Нұрғалиұлы, – деп мысқылдады Арман Мұратұлы. – Үйлердің қабырғасы «сөйлей» бастағанда, ол адамдардың біреуі де өздігінен шешім қабылдай алмайтын, созылмалы апатияға ұшыраған ырқымыздағы тобырға айналады. Бұл – билікті заңсыз жолмен қолда ұстап тұрудың ең мінсіз механизмі. Абылай телефонын алып, бұл сұмдық диалогты суретке де, видеоға да таспалап үлгермей жатып, артынан тапаншаның суық ұңғысы желкесіне тірелді. – Телефонды жерге тастаңыз, полковник, – деді суық үн. Бұл Арманның ең сенімді жеке оққағары болатын. Абылай сəл де болса қарсылық көрсетуге мүмкіндік болмай қалғанын ұқты. Абылайдың қаруын, телефонын тəркілеп, оны ангардың астындағы мұздай бетон бункерге алып түсті. Тас еденге лақтырылған полковник тез арада есін жинап, айналасын барлады. Бункер іші ауыр иіске толы, бұрышта бұрынғы азаптаулардан қалған ескі темір орындықтар тұр. Аздан соң есік ашылып, ішке Арман Мұратұлы мен генерал Нұрғалиев кірді. Арман полковниктің қызметтік куəлігін қолында айналдыра қарап, келемеждей жымиды. – Абылай Əзімханұлы… Астанада сізді «сатылмайтын, бұзылмайтын, қылмыстың ізін қазбалап табатын офицер» дейді екен. Бірақ сіз ойынның қандай деңгейде жүріп жатқанын түсінбейсіз. Сен ашқан бұл «құпияны» жоғарыдағы біраз көкелерің əлдеқашан біледі жəне содан орасан зор үлес алып отыр. Сіз біздің алып жүйенің кішкентай ғана бұрандасын ұстап алдым деп ойладыңыз ба? – Сендер ақша мен билік үшін өз еліңнің, өз халқыңның санасын улап жатқан залымсыңдар! – деді Абылай орнынан баяу көтеріліп, тістене сөйлеп. Бұл геноцид! Бұл халыққа қарсы жасалған астыртын қылмыс! – Ақша? – Арман қатты күліп жіберді, оның көзінде есі ауысқан адамның ұшқыны көрінді. – Ақша бұл тек құрал. Атам «Қара Мұрат» НКВД жүйесінде адамдардың қорқынышын, миын басқаруды үйренген. Ол соғыс жылдары осы шатқалда адамдарға тəжірибе жасап, мына маңдағы қарағайлардың қасиетін тапқан. Бұл қарағайлар жай ағаш емес, бұл адамның ерік-жігерін жасырын түрде басуға арналған биохимиялық қару! Менің үйлерімде тұратын адамдар біртіндеп жуасиды, агрессиясын жұтады, қарсыласу қабілетінен айырылады. Біз жаңа əлемнің, тыныш əрі момақан қоғамның сəулетшілеріміз! Генерал Нұрғалиев сағатына қарап, мысқылдай сөз бастады: – Абылай, сені қазір осы жерде атып тастау – біз үшін ешқандай қиындық тудырмайды. Бірақ сенің «жоғалып кетуің» Астанада артық күдік туғызуы мүмкін. Сондықтан біз саған басқа жол ұсынамыз. Сол сəтте Арман телефонын алып, видеобайланысты қосты. Экраннан Абылайдың əйелі Айша мен кішкентай қызы Еркеназдың Астанадағы өз пəтерлерінде байлаулы отырғаны көрінді. Олардың қасында қаруланған қара маскалы екі адам тұр. Қызының қорқыныштан жылаған үні телефоннан анық естілді. – Əкешім! – деген Еркеназдың дауы сы Абылайдың жүрегін тіліп түскендей болды. – Қызың Еркеназдың сені тым жақсы көретіні байқалып тұр, – деді Арман сыбырлап, Абылайдың құлағына тақалып. – Ал енді шарт: саған дəл үш сағат уақыт беріледі. Сен Медеудегі ағаш үйге қатысты барлық қылмыстық істі жабасың. Өлген адамдардың қазасын «кездейсоқ бақытсыз жағдай» деп тіркеп, Аружанның үстінен «жалған арыз беріп, беделге нұқсан келтіргені үшін» іс қозғайсың. Сенің бұл істі жапқаның туралы рапортың Бас прокуратураға түсуі тиіс. Егер бас тартсаң немесе біреуге тіс жарсаң, əйелің де, қызың да осы Қаралы сайдың топырағында мəңгіге қалады. Арман сақшыларға ишара жасап, Абылайды босатты. Олар полковниктің ештеңе істей алмайтынына, отбасы үшін кез келген шартқа көнетініне, жүйенің алдында бас иетініне толық сенімді еді. Абылай Қаралы сайдан шыққан бойда өзінің жан-жақтан тығырыққа тірелгенін сезді. Арманның оққағарлары оны босатқанымен, саяжайдан шыға берісте артынан мемлекеттік нөмірі жоқ екі қара «Тойота» көлігі аңдып түсті. Олар полковниктің əрбір қадамын, əрбір бұрылысын қашықтан бақылап, өздері берген үш сағаттық бопсалы уақытының қалай өтіп жатқанын жіті қадағалап отыр еді. Абылайдың Алматыдан Астанаға ұшып кетуге де, қалалық полиция департаментіне баруға да мүмкіндігі болмады. Кез келген күдікті қимыл немесе полиция ғимаратына бұрылу Астанадағы əйелі мен қызының өліміне соқтыратыны анық еді. Жау тарапы оның қорқыныштан есі шығып, отбасын құтқару үшін істі тез арада жабуға асығатынына күмəні болмады. Абылай қызметтік көлігінің рөлінде отырып, бойын кернеген ашуды басып, кəсіби суық ақылға көшті. «Олар менің қорқынышыма бəс тікті. Бұл олардың ең басты қателігі», – деп ойлады полковник. Ол тоқтаусыз жүріп отырып, қаланың орталығындағы ескі полиция архивінің ғимаратына қарай бұрылды. Бұл соғыс жылдарында салынған, қалың бетон қабырғалары байланыс толқындарын өткізбейтін, астында қаланың ескі коммуналдық жүйесіне қосылатын жасырын шығу жолы бар стратегиялық нысан еді. Абылайдың көлігі аулаға кіргенде, артындағы аңшылар да ғимараттың сыртқы көшесіне тоқтады. Абылай ғимаратқа кіре сала, бақылау камералары түспейтін «соқыр аймаққа» өтті. Қалтасынан өзінің қызметтік емес, тек төтенше жағдайларға арналған, шифрланған құпия спутниктік телефонын шығарды. Ол Астанадағы Əскери қарсы барлау қызметінің арнайы офицері, кезін де бірге талай қауіпті операцияларды бастан кешкен ескі досы, подполковник Ерланға хабарласты. – Ерлан, сөзді тыңда, сұрақ қойма, – деді Абылай дауысын бəсеңдетіп. – Астанадағы пəтерімде əйелім мен қызым кепілде отыр. Жау жағы екі қарулы адам қойған. Сен арнайы шұғыл топты жібер. Есікті бұзбай, көршінің балконы арқылы үнсіз кірсін. Қылмыскерлерді дыбыссыз жою керек. Маған тура жарты сағаттан соң нəтижесін хабарла. Бұл – мемлекеттік қауіпсіздік мəселесі. Сондай-ақ Абылай уақыт ұтып, сырт тағы аңшыларды алдау үшін жедел айла ойлап тапты. Ол архивтің түнгі күзетшісіне мəн-жайды қысқаша түсіндіріп, өзінің курткасы мен кепкісін кигізді де, екінші қабаттағы терезе алдында қағаз қарап, рапорт жазып отырғандай етіп отырғызып қойды. Сырттағы бақылаушылар полковник істі жабу бойынша құжат дайындап жатыр деп ойлап, еш күдіктенген жоқ. Жиырма бес минуттан соң спутниктік телефонға Ерланнан қысқа кодты хабарлама келді: «Нысан тазартылды. Кепілдегілер аман-есен, қауіпсі з аймаққа көшірілді. Нұсқау күтудеміз». Абылай терең дем алды. Кеудесін басқан ауыр жүк түскендей болды. Енді оның қолы толық босады. Ол архивтің астыңғы жасырын шығу жолы арқылы параллель көшеге шығып, Ерланның Алматыдағы резервтегі «Арыстан» арнайы тобымен кездесетін нүктеге беттеді. Енді аңшының өзі залымдардың соңына түсетін сəт жеткен еді. Медеудегі «Алатау Эко-Строй» компаниясының зəулім бас офисінде Арман Мұратұлы мен генерал Өмірбек Нұрғалиев құжаттарды шұғыл түрде жойып, елден дайындалған жеке ұшақпен шекара асып қашуға дайындалып жатқан еді. Абылайдың Астанадағы пəтеріндегі күзетшілердің байланысқа шықпай қалуы олардың күдігін туғызған болатын. Сейфтегі халықаралық шоттардың кілттерін, шифрланған флешкалар мен құпия дискілерді сөмкеге салып жатқанда, кабинеттің темір есігі талқан болып ыршып кетті! Залға шұғыл кірген Абылай мен арнайы топтың сарбаздары генерал мен Арманды қару кезеніп үлгергенше жерге сұлатып түсірді. Төбеден түскен «Арыстан» сарбаздары ғимаратты толық бақылауға алды. – Бүгін емес, Арман, – деді Абылай сабырлы, бірақ темірдей суық үнмен, еденде жатқан Арманның басына тапаншасын тақап. Бірақ Арман жерде кісендеулі жатып, беті қан-жоса болса да, мысқылдай күлді. Оның жанарында жеңілісті мойындамаған сұмдық жиіркенішті кеспір бар еді. – Сен мені ұстадым деп ойлайсың ба, полковник? – деді ол сыбырлап. – Мені қазір қамағанмен, таңертең Бас прокуратурадағы, Жоғарғы Соттағы менің адамдарым бұл ордердің күшін жойғызады! Сен мына жүйені жеңе алмайсың! Мен – тек осы елдегі орындаушымын! Сондай-ақ біздің компания салған үйлер бұл қаламен шектелмейді. Абылай оның қасына еңкейіп, арнайы флешканы көз алдына алып келді. – Мен бұл видеоны, ангардағы жазбаларды, генерал Нұрғалиевтің сөздерін жəне сот-медициналық сараптаманың қорытындысын тек полицияға емес… Президенттің Қауіпсіздік кеңесіне, ҰҚК төрағасына, Интерполдың Лиондағы штабына жəне халықаралық БАҚ өкілдеріне тікелей трансляция арқылы жіберіп қойдым. Қазір сендердің барлық шоттарың бұғатталды, ал ғимаратты Астанадан келген арнайы комиссия қоршауға алды. Арманның жүзі сұп-сұр болып, көзінде тұңғыш рет шынайы үрей пайда болды. Ол жасаған империяның қирағанын түсінді. Арада екі апта өтті. Алматыдағы «Алатау Эко-Строй» компаниясының зауыттары толығымен жабылып, Медеу дегі «Қаралы сай» əскери карантинге алынды. Топырақ пен ағаштарды залалсыздандыру, оларды өртеу операциясы басталды. Генерал Нұрғалиев пен Арман Мұратұлы мемлекеттік сатқындық, заңсыз химиялық-биохимиялық қару өндіру жəне терроризм баптары бойынша сотқа тартылып, тергеу изоляторына жабылды. Аружанның анасы білікті дəрігерлердің қарауынан өтіп, емін алды. Алайда, бұл жеңіс Абылайға тыныштық сыйламады. Полковник ІІМ-дегі кабинетінде жалғыз отырғанда, үстелдегі ресми емес, өте құпия папканы ашты. Астанадағы қарсы барлау қызметінен келген жедел мəліметтер бойынша, «Алатау Эко-Строй» – бұл тек Орталық Азиядағы бір ғана кішкентай филиал болып шықты. Кабинеттің есігі ашылып, ішке подполковник Ерлан кірді. Ол үстелге жаңадан келген шифрланған телеграмманы қойды. – Абылай… Интерполдан жедел хабарлама келді. Венадағы халықаралық экологиялық саммитте «Green Heritage» корпорациясының өкілі болып тіркелген адамның ДНҚ-сы «Қара Мұраттың» шетелде жасырынып жүрген екінші немересіне сəйкес келіп отыр. Олар келесі аптада Еуропаның бірнеше қаласында жаңа «экологиялық тұрғын үй» жобасын бастағалы жатыр. Олардың астыртын желісі біз ойлағаннан əлдеқайда тереңге кеткен. Абылай орнынан баяу көтерілді. Ол терезеден сұрғылт күзгі Алматыға, алыста мұнартып тұрған Алатау шыңдарына қарады. Ол Медеудегі бір отбасының трагедиясынан басталған бұл істің – бүкіл адамзат санасы үшін жүріп жатқан глобалды көлеңкелі соғыстың басы ғана екенін енді толық түсінді. Ол тапаншасын белдігіне бекітіп, қалың курткасын киді. «Нағыз күрес енді басталды» дегендей жұдырығын түйді.

Аршын НҰРБАҚЫТ

Оянбаған әке

Көздері қанталаған күннің қызыл өткір сəулесі бөлме ішіне ентелей...

ҚАЛАДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Анадан қалған жалғыз із Күләш пен Әлиханның бар байлығы -...

Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ...

БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған...

Қоңыр қайысқа түскен таңба

Мына ыстықтың қайтатын түрі жоқ ə. Қыркүйек жақындаса да...