Қоңыр қайысқа түскен таңба

Мына ыстықтың қайтатын түрі жоқ ə. Қыркүйек жақындаса да даланың жанып тұрғанын қарашы. Осындай кезде балаларын алып, Іленің жағасында балық аулап отырса ғой, шіркін… Тұнық судың бетінде ойнаған қалтқыны қас қақпай күзететін сəті елестеген Абылайдың тəтті қиялын кезекшінің тықылы бұзды. – Абылай Əзімханұлы, рұқсат па? – Кір, Қанатбек! – Сұлусай саяжайынан бірнеше адам қатар қоңырау шалды. Айтуларынша жарды жағалай салынған жалғызаяқ жолдан жаңа ғана бір көлік құлап, еңіске қарай бірнеше рет аунап барып судың үстіне тоқтапты. Түтін шығып жатқан соң, тұрғындардың ешқайсысы көлікке жақындай алмай тұрса керек. Қазір төтенше жағдай мен жедел жəрдем қызметкерлері жолға шықты. – Сұлусай Демеу ауданына қарамай ма? – Иə, ондағы тергеу бөлімінің басшысы Сұлтан Ахметов хабарласты. Жедел уəкіл Əнуар Олжа мен Сұлусайдың учаскелік инспекторын оқиға орнына жібердім дейді. Криминалистерді алып өзі артынан бара жатыр екен. – Дұрыс! Не болғанын анықтап, хабарын берсін! – Құп болады! Абылай Қайсеновтің Алматыға қызмет ауыстыр ғанына көп бола қоймаған. Маңғыстаудың маңғаз тірлігіне еті үйрене бастаған полковникке Алматының қарбалас өмірі жақсы таныс. Өйткені, Алматы – тергеудегі еңбек жолы басталған қала. Тергеу ісінің саңлағы саналатын талай майталмандардан осы жерде жүріп тəлім алды, шыңдалды. Бірі жылы сөйлей отырып, жинақылыққа үйретсе, екіншісі қатаң қабақ танытқанымен, қолдауын аяған жоқ. Енді міне сол тəлімгерлер мектебінен көргенін өзі де жастарға үйрететін жасқа келіпті. Уақыт-ай десеңші… Алдында жатқан тізімді шолып өткен Абылай қалалық департаменттегі өзіне таныс біраз фамилияны көзі шалды. Бірқатарымен өзге өңірлерде жолы түйіскен. Біразы қылмысты ашу барысында қасында қатар жүрді. Демеу ауданының тергеу бөлімін басқарып отырған Сұлтанды да жақсы біледі. Қарағандыдағы кəсіпкердің өліміне қатысты істе бірге жұмыс атқарған. Жас тергеушінің ізденгіштігіне, тапқырлығына таңданып еді сол тұста. Телефон шыр ете қалғанға қараса Сұлтан екен. – Абылай Əзімханұлы, Сұлусайдағы жағдайды естіген шығарсыз. Сайдан құлаған көлік – əкімнің қызметтік көлігі екен. – Қай əкімнің? – Іргедегі Талап ауданының əкімі Жігер Есболовтың аты таныс шығар? – Иə, иə… – Көліктің ішінде əкімнің өзі ғана болған. Қазір криминалисті алып оқиға орнына жеттік. Жігіттер көліктің айналасын қоршап тұр. – Сұлтан, мен де қазір шығамын. Генералға жағдайды баяндап бірден қатарларыңа қосылармын. Əкімнің өлімі біраз шу тудыратыны белгілі ғой. Сондықтан айналаны дұрыстап қараңдар! – деген Абылай генерал Өтеғұл Оспановтың кабинетін бетке алды. * * * Алматыға тиіп тұрғанымен Сұлусайдың табиғаты бөлек. Тау беткейіне жақындаған сайын тынысың ашылып, салқын ауа жаныңды сергіте түседі. Жарды жағалай салынған жолмен жоғары көтеріліп келе жатқан Абылайдың санасында сан сауал. Өзі қаланың екінші басында қызмет ететін əкім бұл жерге не үшін келген? Қызметтік көлікпен жалғыз жүргені қалай? Əлде соңғы жылдары көпшілік ықыласына бөленіп, қызметі өсіп келе жатқан мықты маманға қастандық жасалуы мүмкін бе? Сайдың түбіндегі топ адамды Абылай алыстан байқады. Көлік төменге құлдилаған жерден бастап қызыл лентамен қоршап тастаған аймаққа əрібері өткендер қызығушылықпен көз тастайды. Ол түсінікті ғой. Ал егер апатқа ұшыраған адамның кім екенін білсе қызығушылық одан сайын артары анық. Адамның табиғаты солай. Бұл көлігін ыңғайлы жерге қойып, төменге қарай беттегенде зембілге салынған денені көтергендер жоғарыға ентіге өрлеп келе жатты. Мұны алыстан байқаған Сұлтан қарсы жүрді. – Абылай Əзімханұлы, былай қарасаңыз кəдімгі жол апаты. Төбедегі жолдың қандай тар екенін көрдіңіз. Тек… – Бірдеңеден күдіктеніп тұрсың ба? – Иə, сарапшы көлікті сырттай қарап, ақаудың бар-жоғын тексеріп шықты. Нақты қорытындыны алдағы уақытта айтады ғой, дегенмен… Менің ойымнан шықпай тұрғаны – рөл мен қол тежегішін жалғап тұрған қайыс. – Қолы терлемеу үшін рөлді неше түрлі материалмен қаптап жүрген жоқ па? Одан неге күдіктеніп тұрсың? – Əбеке, рөл қайыспен қапталып тұрған жоқ. Қоңыр қайысты рөлден алып қол тежегішіне орап тастапты. Оны əкімнің өзі орады ма? Ораса не үшін? Жоқ əлде көлікті сайға бағыттау үшін біреулер əдейі ораған ба? Сол жағына көзім жетпей тұр. Көлік суға жартылай кіріп кеткендіктен, ішінен саусақ іздерін алу мүмкін болмады. Сонда да қайысты алып сараптамаға беріп жібердім. Онда саусақ таңбалары сақталса, мына іске бір саңылау болар еді… – Солай де… Жақын жерде бейнекамера жоқ па екен? Саяжай тұрғындарымен сөйлесіп көріңдер. Күдікті дүние болса, біреу-міреудің көзі түскен шығар. – Жедел уəкілдердің бəрі осы маңда. Учаскелік инспекторлар да тұрғындарға барып, куəгерлерді іздеп жатыр. – Дұрыс, марқұмның жақындарына қаралы хабарды жеткізді ме? Əлеуметтік желіден бұрын үлгерсе жақсы болар еді. Қанша дегенмен жап-жас жігіт… Сұлтан, мына жердегі жедел оперативтік шараларды аяқтаған соң, басқармаға жиналыңдар! Ертеңгі сараптаманың не дейтінін кім білсін! Егер əкім өз кінəсінен апатқа ұшыраса, əңгіме басқа. Ал өзің күдіктенгендей қастандық жасалса, қылмыскерді таппай тыныштық болмайтынын түсініп тұрған шығарсың. Сараптаманың жігіттеріне де жылдамдат деп айт! Менің жеке өтінішім де! Айтпақшы баяғы Бердібек əлі сонда ма? – Иə, Əбеке! Бекең қазір сараптама бөлімінің басшысы. – Əə, онда өзім де хабарласып, асықтырып қоярмын. * * * Келісілгендей кешкі жетіде Демеу ауданының тергеу бөліміне тергеуші, жедел уəкіл, учаскелік инспекторлардың бəрі жиналды. Бұған дейін генерал да, министрліктің жауапты өкілі де хабарласып, əкімнің өліміне қатысты нақты түйінді таңғы 9-да баяндауды тапсырып үлгерген. Расында, ел алдында жүрген азаматтың өліміне қатысты сауал көп. Оқиға орын алғалы айналдырған бір сағат өтсе де, бірқатар сайттар мен əлеуметтік желілер қайғылы хабарды таратып, түрлі болжамдарын айтып үлгеріпті. – Сұлтан, əкімнің өліміне байланысты жұмыс тобын өзің басқарасың. Алдымен ол топқа кімдерді қосатыныңды шеш. Дəл қазір қолымызда не бар? Тұрғындар арасында апаттың орын алған сəтін көргендерді таба алдыңдар ма? – Абылай Əзімханұлы, учаскелік инспекторлар екі сағаттың ішінде саяжай тұрғындарының біразымен сөйлесіп шықты. Мына жерде 21 адамның түсінігі тұр, – деді алдында жиналған бір топ қағазды қолына ұстаған Сұлтан, – барлығының жазғаны бірдей. Дəл апат болған сəтті ешкім байқамаған. Бəрі жардан құлдилаған көлікті көрген, – деп жиналғандарды бір шолып өткен Сұлтан: – Сұлусайға кірер тұстағы бейнекамералардың жазбасын сұраттық. Қазір ахуалдық орталықтағы мамандар камераның толық жазбасын жігіттерге дайындап жатыр. Таспаны көрген соң күдікті дүние болса таңертең білерміз, – дей келе, таспаны алу үшін екі жігітті жиналыстан босатсақ деп Абылайдан рұқсат сұрады. – Рұқсат, рұқсат! Бара берсін! – Жаңа ғана көлікті судан шығарып, сараптама бөлімінің мамандарына тапсырдық. Олар да əрбір детальды жан-жақты тексеріп, нəтижесін неғұрлым тезірек айтуға тырысамыз деді. – Дұрыс, ал енді топқа іріктелгендерді қалдырып, қалған жігіттерді босата бер. Бəріміз əкім өлімін тексеріп жүргенде, басқа жақ қараусыз қалмасын, – деген Абылай Сұлтан қарауына қалатындарды іріктеп жатқанда негізгі тапсырмаларды тізе бастады.

Əкімнің қызметтестерімен, араласатын ортасымен, отбасымен кездесіп, соңғы күндері қандай өзгеріс байқағанын білуі керек. Жүргізушісіз жалғыз жүру себебін анықтаған дұрыс. Əкімнің сөзге келген, келіспей жүрген, қастандық ойлауы мүмкін адамдары бар ма? Мұны да сұрастырған абзал. Айтпақшы, ұялы телефоны қайда? Неге айғақ заттардың арасында телефон болмады? Əлде суға түсіп кетті ме екен? Не де болса байланыс операторына хабарласып, соңғы кіріс-шығыс қоңыраулардың тізімін алған орынды. Жасы кіші болса да, əкімнің артық салмақ жинағаны бірден байқалып тұр. Осы жігіттің денсаулығында кінəрат жоқ па екен? Тауға көтерілгенде қысымы жоғарылап жүрегі сыр беруі мүмкін ғой. Жұбайы мен қаралып жүрген дəрігері болса сөйлесу керек. Ақ қағазға түртіп алғандарын Сұлтанның қолына ұстатқан Абылай жедел топтың кеңесіне кедергі келтірмей сыртқа беттеді. * * * Таңғы асын ішіп отырғанда ғаламтордағы өзі күнделікті қадағалайтын бірнеше сайтқа көз салып өтті. «Əкімнің өлі денесі табылды», «Жас əкім кімге кедергі келтіруі мүмкін?», «Бұл тапсырыс емес пе?», «Сұлусайдағы жұмбақ өлім» деп жарыса жазған журналистер «мұндай қылмысты ашуға полиция дəрменсіз», «біздің полиция тек айыппұл салып, шеруге шыққандарды қамауға шебер» деген сыңайлы сенімсіз болжамын жасырып қалмапты. Қабағының шытылып кеткенін байқаса керек, əйелі Айша: – Отағасы, кешегі əкімнің өлімі туралы оқып отырсың ба? Сол жігіт бұрын біздің емханада есепте тұратын еді. Бала күнінде жүрегіне ота жасалып, бір клапанын ауыстырған екен. Кейінгі уақытта сыр берген соң, бізге жиі келетін. Бірақ қызметі өскелі қабылдауға келгенін көрмеппін. – Ауырмаса дəрігерге бармайтын халықпыз ғой. Мүмкін жазылған шығар? – Жооқ, меніңше былтырдан бері ақылы орталыққа тіркелген сияқты. Бұрынғы отаның тарихын сұратқандарына қарағанда, осы жігіт жаңа отаға дайындалып жүрді-ау. – Солай де… Абылай ойланып қалды. Кешелі бері сонша жұртты дүрліктірген өлімге жүректің əлсіздігі себеп болып жүрмесін. Тіпті солай болған күннің өзінде, мына дүрліккен жұрт оған сене қояр ма екен? Асығыс киінген Абылай полиция департаментін бетке алды. Шулы іс бойынша генералға айтар сөзін жолай қорытқан полковник кезекші бөлімнен өте бергенде Сұлтан хабарласты. – Абылай Əзімханұлы, саулығыңызды тілеймін! Алғашқы сараптама қорытындысы дайын. Жігіттер түнімен бейнекамераларды қарап, оның да таспасын əкеліп отыр. Генералға кіргенге дейін бəріміз сізге барып, қолдағы деректерді бір сараптап алсақ қайтеді? – Жақсы, Сұлтан. Тура 9.00-де күтем сендерді, – деген Абылай жігіттердің жеделдігіне риза боп қалды. Тергеуші, жедел уəкілдер мен криминалист, сарапшылар өздеріне жүктелген істі тез орындау үшін түнімен кірпік ілмегендері анық. Ал саусақтарын сорып отырып бал ашқан жұртшылықтың таң атпай жазып жатқандары анау. Күні-түні қызмет деп шапқылап жүріп үй көрмейтін сақшылардың қауіп-қатерге толы жұмысын олар қайдан түсінсін! Басына іс түскенде ғана полицияның қажеттілігін мойындайтындар ойсыз айтқан пікірлері тыныштық күзетіндегі жандарды жасытатынын білерме екен?! Əй, қайдам… Жедел топ жиналам дегенше генерал да қоңырау шалып, асықтырып қойды. – Абылай Əзімханұлы, ширақ қимылдап мына өлімнің неден екенін тезірек анықтаңыздар! Əзірдің өзінде журналистер баспасөз қызметіне жан-жақтан сауал жолдап, алқымнан алып жатыр. Оларды да түсінесің. Шашылып жатқан əкім жоқ! – деп сөзін қысқа қайырды. * * * Сағат тоғызға он минут қалғанда Сұлтанмен бірге жедел уəкіл Əнуар Олжа, Роман Беспаев, Қасиет Қамбарұлы да кірді. Көздері жанып, не тапсырма берсең де алақанын ысқылып тұрған жастардың жүзіне ризашылықпен қараған полковник əлеуметтік желідегі жаңсақ пікірлердің жастарға əсер етпейтініне қуанды. – Полковник жолдас, сарапшылар жаңа ғана қорытындыны берді. Міне, – қолындағы қағазды Абылайға ұстатқан Сұлтан, – сараптамада көрсетілгендей Жігер Есболовтың өліміне қан қысымының көтеріліп, жүрегінің тоқтауы себеп болған. Бірақ… – Иə, неге бөгелдің? – Сарапшылар қандағы калийдің мөлшерінен күдіктеніп отыр. Негізі əр адамдағы қалыпты мөлшер 5,1 ммоль болуы керек. Ал мұнда 12,3-ті көрсеткен. – Қандай болжам бар? – Сарапшылар иықтан 20 см төмен инъекция ізін тауыпты. Қалай болғанда да жүрегі əлсіз əкімнің калийі бар дəріні өз еркімен қабылдауы мүмкін емес. Осының өзі əкімнің өлімі қасақана жасалған деп қорытындылауға негіз болып тұрғандай. Сарапшы қорытындысын қолына алған Абылай соңғы сөйлемді қайтара оқып шықты. Ал Сұлтан күдіктенген қайыстан ешқандай саусақ ізі табылмапты. – Мм, таспаларды толық қарай алдыңдар ма? Мұның осы сауалын күтіп тұрғандай Əнуар мен Роман орындарынан ұшып тұрды. – Кеше Рома екеуміз Сұлусайға көтерілер жолдағы бағдаршамға орналасқан бейнекамераның жазбасын түгел қарап шықтық. Бір қызығы, əкімнің көлігі бұрылғанға дейін де, одан кейін де бірнеше көлік өткен. Иелеріне қоңырау шалсақ, барлығы əкімнің көлігін көрмеген. Бұл қалай деп ойландық. Оның жайын кейін аудидің иесі Болат Нұрбергенов айтты. Сөйтсе, саяжайға көтерілер тұста ескі москвич тұрып қалған екен. Жолды тегіс жауып тұрған соң ешбір көлік əрі-бері өте алмаған, – деді Əнуар. – Бұзылған көлік жақын арада қозғалмайтын болған соң жүргізушілер көрші ауылды айналып саяжайға барыпты. Ең қызығы саяжайдан қалаға шығатын тұста да бір көлік жолды жауып тастаған. Келген жүргізушілерге бір жігіт бұзылған машинасына эвакуатор күтіп отырғанын айтыпты, екінші жолмен жүруге кеңес берген. Москвичті төтенше жағдайдың жігіттері жол шетіне шығарып қойыпты. Мына түсініктерден кейін криминалистерге айтып, көлікті тексеруге жібердік. – Яғни, қылмыс алдын ала ұйымдастырылған болып тұр ғой. Ал жаңағы екі көліктің иесін таба алдыңдар ма? – Іздеп жатырмыз, – деді Əнуар. – Куəгерлерден көрдім-білдім деген адам бар ма? Участковыйлар не дейді? – Абылай Əзімханұлы, жігіттер кеше түнге дейін бірталай адамды сөйлетіпті. Бірақ бəлендей ештеңе жоқ. Бүгін тұрғындармен қайта сөйлесіп, жолды жапқан көліктер мен жүргізушілеріне қатысты деректерді білуді тапсырдым. Екі участковый қазір сол жақта жүр. – Басқа не бар қолымызда? – Əкімнің телефоны табылмады. Түнде байланыс операторына сұраныс тастағанбыз. Мəліметтер сəлден кейін дайын боп қалады. Ал Қасиетті кеше əкімнің көмекшісіне жібергенмін. Бірталай нəрсе айтыпты. Қасиет, басынан бастап айтшы өзің, – деген Сұлтан қарауындағы жігітке сөз берді. – Əкімнің көмекшісі Бекарыс деген иненің көзінен өткен пысық жігіт екен. Мемлекеттік қызметке келгелі осы кісінің жанында жүрдім дейді. Не ішеді, не киеді, кімдерге қандай сыйлық алады, қай жерде қандай сөз айту керек дегеннің бəрін өзім ұйымдастырып, реттеп отыратынмын деп мақтанып қалды. Басында ашыла қоймағанмен, əкімнің өлімін ашуға керек деген соң біраз жайға қанық етті. Сөйтсек Жігер Есболов сырт көзге жайма-шуақ, кең пішілген, маңғаз адам көрінгенімен, жұмысына тастай, бəріне үлгеруге тырысатын, тіпті махаббат интригаларының бел ортасында жүрген жан екен. – Солай де… – Көмекшінің сөзінен түйгенім күдікті бірнешеу. Біріншіден, Есболов жақында өндірісті аудан əкімі болуға талаптанып, сайлау уақытын күтіп жүрген. Ол қызығып отырған аймақта табыс та, тұрғын саны да көп. Жасаған жұмыс бірден көзге көрінеді. 45-тегі жас əкімнің қалауы да халық пен жоғары басшылыққа тез танылу.

Бірақ «бір қыз тұрмысқа шығам десе, қырық қыз түс көреді» дегендей, сол орын босағалы əкімнің креслосын армандайтындар саны өсе түскен. Басты қарсылас – кəсіпкер Жанат Мыңбай. Есболов та мемлекеттік қызметке кəсіпкерліктен келген ғой. Мына жігіт те кəсібі дүрілдеп тұрған соң, кейінгі жылдары «ел игілігіне қызмет етсем» дегенді жиі айтып, əкім болуға бірнеше рет талап жасапты. Соңғы кезде Есболовты жиі сынатып, блогерлерге ауданның кемшіліктерін көрсетуге тапсырыс беріп, қара пиарға кірісіп кеткен дейді көмекші. Бұдан бөлек Есболов пен танысы Жағалбек Сиқымовтың арасы да жақсы емес. Жерге байланысты талай текетіреске түскен Есболов қазір Сиқымовтың əр салада табысты еңбек етіп жүрген соқталдай төрт ұлынан аяқ тартатынын жасырмапты. Сиқымовтың өзі жетпістен асса да, айналасына сөзі өтетін қария. Өмір бойы малдың соңында жүргенімен, кенжесін ғана ата кəсіпке баулып, қалған үш ұлын оқытқан, мəнсабының өсуіне жағдай жасаған. Айтпақшы, Астанадағы Алматау ауданының қазіргі прокуроры Сиқымов – Жағалбек атамыздың үлкен ұлы. Көмекші жерге таластың соңы осындай қайғылы жағдайға əкелді ме деп күдіктенеді. Махаббат демекші, Есболовтың екі əйелі барын жақындарының бəрі білетін боп шықты. Көмекшісі екі əйел өте тату дегенмен, бұл да тексеруді қажет ететін сияқты, – деген Қасиет қолындағы қағазды Абылайға ұсынды. – Иə, бір əйелдің айласы қырық есекке жүк дейтін бе еді, – деп жылы жымиған Абылайдан жаңа тапсырма алған соң, жігіттер жан-жаққа тарады да, бұл генералға апаратын қағаздарды жинастырып, төртінші қабатты бетке алды. * * * Генералдың не дейтінін Абылай жатқан біледі. Министрлік пен журналистер сұрақтың астына алған соң, оның да жаны қысылып отырғаны түсінікті. «Тездетіңдер, ширақ қимылдаңдар!» – деген басшы кабинетінен көңілсіз шыққан Абылай əкімнің үйін бетке алды. Қаралы отбасына көңіл айтып, реті келсе жақындарын тілге тартып көрмек. Əкімнің қазіргі үйі Талап ауданының жоғары жағындағы тау бөктерінде орналасыпты. Аумағының өзі ат шаптырым жерді алып жатыр. Түкпірдегі үй мен сарайлар да сəн-салтанаттан хабар бергендей. Қазан-ошақ асып сабылып жатқан жұрт та қарақұрым. Үйге жақындағанда байқады, туысын жоқтап тізіліп тұрған үлкен-кіші ер азаматтардың қатары қалың. Ең басында тұрған екі ақсақалдың бірі Есболовтың əкесі деп болжады. Одан кейінгісі ағайыны болар. Қыл аяғы 5-6 жастағы балаға дейін шынтағына ақ байлап тұрғызып қойыпты. Өскен-өнген əулетте тəртіп пен тəрбие осылай болса керек. Салтқа да сергек қарайтын əулеттер əлі күнге дейін кісіні осылай кірпияздықпен атқарады. Азаматтармен бақұлдасқан Абылай ішке қарай өткенде байқады, тізілген əйелдер саны сырттағылардан көп екен. Қанша дегенмен жас өлім, ел алдында жүрген азамат. Келіп-кетіп жатқан жұртта да есеп жоқ. Əлекейдей жаланған жігіттер үйден шыққандарды бірден дастарқанға жетелеп, дəмнен ауыз тигізіп жатыр. – Айнала таныстарға айта жүріңіздер, бүгін кешке қонақасы, жаназасы ертең 10-да. Құран аудан орталығындағы «Алтын алқа» мейрамханасында оқылады. Қырқын 7 тамызға белгілеп отырмыз, – деген азаматтар жөн-жосықты жұртқа түсіндіріп жүр. Ағайынның бірлігі осындайда. «Жыласуға ағайын жақсы, сыйласуға жат жақсы» дегенді данышпан қазақ қалай тауып айтқан десеңші. Көппен бірге Абылай да дастарқанға жайғасқан. – Жақынырақ жиналып отырыңыздар. Табақ тартқанға ыңғайлы болсын, – деген пысықай жігіттер келгендерді іліп əкеліп отырғызып, бəрін жайғастырып жатыр. Арқа тұсындағы əйелдің: – Екі əйелі де бала-шағасымен жылап отыр ғой. Сандуғаш келмейтін шығар деп едім, – деген сөзін құлағы шалған соң Абылай əңгімеге құлақ түре түсті. – Ата мықты ғой. Үйдегі келіні қыңқылдап қарсы болған екен, шал бір айқайлағанда жым бопты. Сөйтіп кеше түнде Сандуғашты бала-шағасымен өзі алдырыпты деп естідім ғой, – деді екіншісі таңданыспен. Бұдан кейін ет тарту басталды да, əңгімені доғара қойған əйелдер алғашында ас жеуден ауызы босамаса, кейіннен шытырлақ пакетке анау-мынау толтырумен əбігерге түсіп кетті… Əəə, екі əйелі де осында болды ғой. Мына нөпірмен бүгін босай қоймас. Ертең жерлеу өткен соң, əкімнің əйелдерін тілге тартып көру керек болды. Аруақ жөнелтуге құрметпен қарайтын қазақ емес пе? Осыдан кейін Абылай да көп бөгелмеді. * * * Есіктен кірген мұны көрісімен Қанатбек орнынан ұшып тұрып: – Жолдас полковник, Сұлтан Ахметов сізге бірнеше құжатты қалдырып кетті, – деді де папканы қолына ұстата қойды. Бөлмеге кіре салып папкадағы қағаздарды қарай бастады. Біріншісі Есболовтың медициналық картасы. Ондағы соңғы бетте кезекті отаға жолдама, тапсырылған медициналық талдама қорытындысы жинақталыпты. Кейбір компьютерге басылғаны болмаса, қолмен жазылғанын түсіне қоймады. Сосын «дəрігердің тілін дəрігер біледі» деп анықтаманың бəрін шетінен суретке түсіріп, Айшаға жолдады. Кешке талдамалардың мəн-жайын содан білер. Ал мынаусы – байланыс операторының кіріс-шығыс қоңыраулар тізімі. Сұлтан тиянақтылықпен əкімнің соңғы күні хабарласқан қоңыраулар тұсына нөмір иелерін жазып қойыпты. Бұл күні ең көп хабарласқан – əкмінің заңды некедегі əйелі Мəриям екен. 6 қоңыраудың төртеуінде қысқа сөйлескен. Əкім қайтыс болған уақыттан кейін де екі рет хабарласқан. Одан кейін көмекшісі, бауыры, Айдар деген досы, Хантөре деген ұлымен сөйлесіпті. Жиырма шақты қоңырау шалушының аты-жөні жазылғанмен, олардың əкімге қандай қатысы бары, не шаруа туралы сөйлескені белгісіз. Байланыс операторы əкім телефонының локациясы əлі Сұлусай етегін көрсетіп тұрғанын растаған. Демек, телефон суға түскен болды… Сұлтан тек бір нөмірдің тұсына сұрақ белгісін қойып, жақшаның ішіне «Секен Білəлов, екі жыл бұрын қайтыс болған» деп жазып қойыпты. Бұл кім сонда? Қайтыс болған адамның нөмірін кім пайдалануы мүмкін? Дереу Сұлтанның телефонын терді. Мұның қоңырауын күткендей Сұлтан бірден жауап берді. – Сіз əкімнің үйіне кетті деген соң мазаламадым. Құжаттарды Қанатбек ағаға қалдырған едім, алдыңыз ба? – деді. – Алуын алдым. Медициналық көрсетілімдерді тексерерміз. Ал қайтыс болған адам қалай əкімге хабарласып жүр? – Əбеке, бағана байланыс операторының бас кеңсесіне барғам. Олардың айтуынша, егер телефонға ай сайын тұтынушы ақысы түсіп отырса, абонентті ешкім бұғаттап, нөмірді алмайды екен. Кейде қайтқан адамның туыстары əркім мазаламас үшін нөмірді өздері келіп бұғаттатып, ол қайта сатылымға шығады. – Секен Білəлов деген кім? Біле алдың ба? – Базадағы мəліметтерге сай 56 жастағы, жалғыз басты азамат. Кезінде Қытайдан көшіп келген. Ол жақта жақындары бар ма белгісіз. Ал мұнда келген соң отбасын құрмапты. Осы жаққа келген 8 жыл бойы Байтақ Хасановтың жылқысын баққан. Байтақ Хасановқа хабарласып едім, жылқышысы адал, еңбекқор болғанын, бірақ бала күнінен дімкəс болған жан бауыр обасынан қайтыс болғанын айтты. Телефонды нөмірімен қосып өзі алып берген. Тек қазір оны кімнің ұстап жүргенінен хабарсыз. – Қызық екен. Бұл нөмірден кімдерге қоңырау шалғанын білген жөн. – Иə, оны да байланыс орталығы жедел анықтап берді. Марқұм жылқышы айналдырған 6 абонентпен ара-тұра сөйлесіп тұрған. Ең жиі қоңырау шалатын, əрине, мал иесі. Одан кейінгі бесеу сол маңдағы малшылар екен. Бəрімен сөйлестім, «Момын, қақ-соқпен ісі жоқ адам еді, қайтқан соң телефонын кім алғанын білмейміз, иесінен сұраңыздар» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Ал бұл нөмірден Есболовқа соңғы аптада 4 рет қоңырау түскен. Қазір өшірулі тұр. Ең қызығы, байланыс операторы бұл нөмірдің локациясын тексеріп, оқиға болған күні Сұлусайға жақын маңда болғанын, кейіннен мүлде өшірілгенін жеткізіп отыр. Тау беткейінде байланыс жоғалып кететіндіктен, оператор күмəнді нөмірлердің сол аймаққа жақын жүрген, жүрмегенін ғана анықтайтын болып шықты. – Сұлтан, бұл тегін емес… – Əбеке, жігіттер Есболовтың қызметтес те рімен, қарауындағы адамдармен сөйлесіп жатыр. Кешкі 6-да тағы жиналып, алдағы жұмыстарды бір пысықтап алармыз, – деген Сұлтан өзінің саяжайға барар жолды жапқан ескі көлік иесіне кетіп бара жатқанын айтты. Көлік туралы деректің шеті шыққан соң Абылай учаскелік инспекторлар жинаған куəгерлер жауабын қолына алды. Кешеден бері саяжайдағы 43 тұрғынның түсінігі жиналыпты. Бəрінің жауабы бір-біріне ұқсас. Шетінен парақтап көрді, жылт еткен дерек болсашы. «Қалаға шығар жолды жауып тұрған көліктің иесімен сөйлесіп…». Оппа! Бар екен-ау біреу. Əрі қарай мұқият қарады. «Өзім асығып келе жатыр едім, жолдың аузында тұрған ескі пикап қозғалар болмады. Сигнал басып едім, төбеде тұрған жігіт: бұзылып қалды, қазір қаладан эвакуатор шақырып қойдым» деді. «Кел, сүйреп шетке қояйық, елдің бəріне кедергі келтіресің ғой» деп едім, «Сырт жолмен жүре берші, қазір мастер келеді» деп қолды бір сілтеді» депті. Абылай бірден түсінік иесінің телефонына хабарласты. – Участковыйға да, қазір хабарласқан тергеушіге де бəрін айттым ғой, көліктің нөміріне қарамаппын. Ал төбеде көмек күтіп тұрған жас жігітті саяжайдан көрген сияқтымын. Бірақ қайдан көрдім, кімнің жанынан көрдім… есіме түспей тұр, – деді. Абылайдың фоторобот көмегімен беймəлім жігіттің суретін салуға көмектесіңіз дегеніне бірден келісті. «Қазір іссапармен Астанада жүр едім. Екі күнде келемін. Сосын бірден бөлімге барайын» деді Қайсар Дастыбайұлы. Бұл да болса көңілге медет. Жедел топ жігіттері келгенше қол қусырып қарап отырғысы келмеген Абылай қалған куəгерлер жауабын шолып, сараптама, байланыс операторы ұсынған ақпараттарды қарады. Айтпақшы, саяжайға кірер тұстағы ескі көлік қайдан пайда болған? Жедел уəкілдер «көлік иесі Бақыт Сатыш, оған тиесілі 8707… нөмірі өшірулі тұр» деп жазған екен. Абылай нөмірді теріп еді, қоңырау барып тұр. – Алло, бұл кім? – деді қарлығыңқы дауыс. Кəнігі тергеуші телефонның ар жағындағы адамды 70-80-нің айналасындағы адам деп пайымдап үлгерген. Қағаздарды сапырылыстырып анықтаманы қараса: «Жамбыл облысының тұрғыны, 1949 жылы туған» деп жазылыпты. Жылдар өте сақшылар ренгенге айналады деген рас-ау. Дауысына қарап-ақ дəл тапқанын қарамайсың ба? – Бақыт аға, полициядан хабарласып тұр едім. Атым – Абылай. – Осы əзір ғана Əнуар деген баламен сөйлесіп едім ғой. Неге бəрің мені іздегіш боп кеттіңдер? – Əнуар – жедел уəкіл ғой. – Сен де сол көк мəсківіштің жағдайын білгің кеп тұр ма? Сол тот басқан темірдің есік алдында жатқанына бəленбай жыл болған. Алдыңғы күні бір пикаптың сүйреп əкеткенін балалардан естідім. Неге маған айтпаған, қайда алып кеткен? Көшенің көркін бұзады деп əкеткен болар деп қолды сілтеп едім. Бүгін жан-жақтан сұрап жатсыңдар. – Пикаптың нөмірін, жүргізушінің түр-түсін көргендер бар ма, ақсақал? – Жоға, мына қу сирақтар соған назар салды дейсің бе? Телефонға жабысса, өздерін көтеріп əкетсе де қарамайды ғой бұлар, – деп ашуланды қария. – Сіздің көлікті Сұлусайдың кіре берісінен таптық. – Ее тиіп тұрған жер ғой. – Қалай, сіз Жамбыл облысында тұрмайтын ба едіңіз? – Жамбылда тіркелгенмен, баламның қолына көшіп келгенімізге төрт жыл болды. Біз сол Сұлусайға шекаралас Аюлыда тұрамыз, – дегенде ғана Абылай ескі көлікті пайдалану идеясы күдіктілерге бекер келмегенін түсінді. Яғни, олар бөтен нөмірден хабарласып, əкімді осы жерге шақырған. Сосын оның төбеге көтерілгенін аңдып тұрып, екі көлікпен жолды екі жақтан жапқан. Ешкім кедергі келтірмесін, куəгер болмасын дегенінің өзі бұл қылмысқа əлдекімдердің алдын ала дайындалып барып кіріскенін көрсетеді. Иə, иə! Қылмыскер жалғыз емес! Кемі үш-төрт адамнан тұратын топ. Не деген жүрек жұтқан десеңші. Ал топтың басында кім тұр? * * * Кешкі алтыда Сұлтан бастаған жедел топ біртіндеп жинала бастады. – Ал, қандай жаңалықтарың бар? Қылмыстың шеті көрінетін сияқты ма? – Қасиет, сен басташы, – деді Сұлтан иек қағып. – Сұлтекең маған əкімнің əріптестерін тілге тартып, қызметтегі ахуалды білуді тапсырған. Алдымен хатшысынан бастадым. Əкім қарауындағыларға қатал, талапшыл болғанмен, тұрғындардың көңілін таба білді дейді. Ақсақалдармен жиі кездесіп, аудандағы іс-шараларды үлкендермен ақылдаса отырып атқарған. Жұмысы күйіп тұрса да, əр сенбіде үлкендерді жинап, пікір-ұсыныстарын тыңдайды екен. Өздеріне сенім артқан соң, зейнеттегі ақсақалдар аудандағы кемшіліктерді елеусіз қалдырмай, əкімге дер кезінде айтып, шетінен реттеп отырған. «Бұрынғы əкім кезінде күнде айғай, күнде жанжал болатын. Ал мына кісінің мысы баса ма, əлде көпшіліктің тілін табуды жақсы біле ме, бəле қуған блогерлердің өзі бір сөйлескеннен кейін сабасына түсіп, достасып шығатын еді» дейді хатшысы. Ақсақалдар алқасындағы бірталай белсенді қарттың мекенжайын алып, үйлеріне барып қайттым. Бəрі де бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай «Қандай мықты азаматтан ажырап қалдық» деп аһ ұрып отыр. Əбілда деген атаның айтуынша, Есболов қолға алған істердің нəтижелі болатынына халықтың да көзі үйренген. Қария əкімнің өлімі қызметте аяқтан шалғысы келгендердің ісі ме деп пайымдайды. Сосын соңғы уақытта екі колледж студентінің түрмеге түскенін естіп, «Бұл əлгі оңбағанның ісі, соларға не жетпейді екен. Жер десе жері, мал десе малы бар. Саудасы ол қызып жатыр. Енді мына балаларды қылмысқа итермелеп жүргенін қарашы» деп кіжінгенін айтты. – Атын атамап па? – Жоқ! Ақсақалды əрі-бері тартқылап көріп едім, ойына ештеңе түсіре алмады. – Түсінікті… Сұлтан, жазып алшы! Талап ауданынан сотталған колледж студенттерінің дерегін табыңдар! Кім, не үшін сотталды? Осы жағдай бойынша көмекшісін де сөйлетіңдер. Оның бұл жағдайдан хабардар болмауы мүмкін емес. Əнуар, сен не білдің? – Мен жолды жапқан көліктердің дерегін іздестірдім. Екеуімен де хабарласып, түсініктерін жазып алдым. Одан кейін Сұлусайға қайта барғанмын. Таудың төбесіне шығып, куəгер көрсеткен жерді шолып шықтым. Пикаптың жүргізушісі тұрды деген маңнан оншақты «Парламент» темекісінің тұқылын тауып, сараптамаға өткіздім. – Жарайды. Сұлтан, москвичке қатысты сарапшылар қорытынды бермеді ме? – Əбеке, криминалистер кеш барып қалды. Біз басында тек əкім мінген көлікті ғана тексертіп, жол шетіндегі ескі москвичке мəн бермеппіз. Кешелі бері ол көлік суға түсіп, балық аулап, каникулда демалып жүрген балалардың ермегіне айналыпты. Сарапшылар баттасқан балалардың саусағынан басқа ештеңе таба алмадық дейді. – Қап, сол жағын ескермегенімізді қарашы. Ал пикаптан дерек жоқ па? – Фермерлердің бəрі соңғы уақытта пикапқа əуес. Бір қызығы, сол күнгі бейнекамераға бұл көлік мүлде түспеген. Сонысына қарап иесі осы екі ауылдың бірінде тұра ма деп күдіктеніп отырмыз. – Сұлтан, əрі қарай қаза түсіңдер! Егер камераға түспесе, пикап сол екі ауылдың бірінде жасырылып тұруы мүмкін. Қылмыскер иегіміздің астында болып, əуреге түсіп жүрмейік. – Құп болады! – Ал Роман, сен қайда бардың, не таптың? – Мен Сұлтан Қазтайұлының тапсыруымен əкімнің екінші əйелінің туыстарына, достарына бардым. Сандуғаш ханымның жеке сұлулық салоны бар екен. Əкімші етіп туған сіңлісі Дəрияны қойыпты. Қызметтік куəлігімді көрсеткеннен самбырлап бар білетінін жайып салды. Сөйтсек, Сандуғаш пен əкім Есболов бір мектепте қатар оқыпты. Екеуі сөз байласып жүргенде алдырмай қойған Есболовтың əкесі екен. Анасы ажырасқан қыз да алысқа бармайды, тағдырын қайталайды деп баласының таңдауын құптамапты. Сол жолы екеуі екі жаққа кетіп, университет бітіргенде Есболов бірінші курсқа енді барған қаланың қызына үйленеді. Қазір төрт баласының үлкені 16-да екен. Ал Сандуғашпен осыдан он жыл бұрын жолдары қайта түйіскен.

Алғашында жасырын кездесіп жүріп, ұлдары дүниеге келген соң, Есболов ажырасуға бел буады. Бірақ, қатал əкесі тағы да араға түсіп, некені сақтап қалыпты. Дəрияның айтуынша, əкім жездесі үнемі əпкесінің үйіне келеді. Соны қызғанған əйелі бір жолы Сандуғашты адам жалдап ұрғызыпты да. Сұлулық салонын да өртетпек болыпты. Мұның бəрін əпкесінен кінəні алыстату үшін айтып жатыр ма, ол жағын білмедім. Бірақ Дəрияның сөзінен бір күмəннің шетін шығарғандай болдым. Қыздың сөзіне сенсек, əкімнің некелі əйелі өзіне қатысы жоқ істерге көп мұрын тығатын сияқты. Өзінше кəсіпкерлердің əйелдеріне қосылып, жабық жиындарға барып тіпті кейбірі қымбат сыйлықтар беретінді шығарған. Соны көрген əкім неше рет ескерту жасапты. Бірақ, əйел аяғын тартпаған. – Əйелі болмайтын жерге араласып, таныс-туғандарын əр жерге тықпалайтын дегенді ардагерлердің де бірі айтып қалды, – деп сөзге Қасиет араласты. – Енді күндес əйелдердің кемшілік теретін əдеті ғой. Оның үстіне, некелі жарын өлтіруге тапсырыс бере қоймаған шығар? – деген Абылай əріптестеріне сұраулы жүзбен қарады. – Əбеке, бұл вариантты да толық жоққа шығаруға болмас. Туысқан інісінің айтуынша Есболовтың екінші əйелге баратыны, одан баласы бар екенін туысқандары əлдеқашан білген. Бірақ, некелі жарынан барынша жасырып жүрген. Алғашында айқай-шу болып, əңгіме ажырасуға жеткенімен, мəселеге атасы араласқаннан кейін келін тоқтапты. Тіпті, əулеттің үлкен тойларына да Сандуғаш баласымен еркін келіп-кетіп жүрген. Дегенмен, күндесіне сұлулық салонын ашып беріп, қаланың орталығынан үш бөлмелі үй алып бергеніне əйел өкпелі сияқты. Ал өкпелі əйелдің неге болсын баратынын білетін шығарсыз, – деген Сұлтан сөзінің соңын Абылайға салмақ сала қорытты. – Кешелі бері əкімнің жүрген-тұрғанын, жиған-тергенін жан-жақтан зерделеп жатырмыз ғой. Екінші əйеліне үй алып, салон ашып беретіндей əкімде қайдағы ақша? Əкімнің айлығы ондайға жетеді деп ойламаймын, – деген Абылай жігіттерге қарсы сұрақ қойды. – Есболов мемлекеттік қызметке бизнестен келген. Оқу бітірмей тұрып мал шаруашылығымен айналысқан, жүйрік баптаған. Оның «Қарлығаш», «Құйын» деген сəйгүліктері жыл сайын бəйге бермей жүр. Қазіргі жүлде қорын білесіз, кемі 7-8 миллиондық қытай көлігі. Ақшалай ұтыстар да баршылық. Одан бөлек, екі інісі көліктің қосалқы бөлшектерін сатса, əйелінің інісіне көлік жөндейтін бірнеше шеберхана ашып берген. Айтпақшы, соңғы кездері осы жігіт əпкесінің қолдауымен қытай көліктеріне қосалқы бөлшектер əкелуді бастады деп естідім. Сол үшін əкімнің туыстары арасында кішкене түсінбестік орын алған сияқты. Бұл бизнестің де мəн-жайын білу үшін салық органына сауал жолдап қойдық, – деді Əнуар. – Тəəк, сонымен əзірге күдікті бірнешеу. Біріншісі – пикаппен жол торыған жігіт. Екіншісі – əкімнің əйелі мен інісі. Ардагер айтқан кəсіпкерді де ұмытпауымыз керек, – деген Абылайға Сұлтан «əкімнің креслосына таласып жүрген үміткерлер де осал жау емес» дегенді қосып қойды. – Иə, ондай болса бұл қылмыс саяси сипат алады. – Абылай Əзімханұлы, біз əкімнің қауіпті инъекциядан көз жұмғанын ұмытпайық. Ал Мəриям – дəрігер. Қанша мөлшерде калий салғанда жүрегі нашар адамның бірден жан тапсыратынын дəрігерден артық ешкім білмейді, – деді Роман да талқыдан сырт қалмай. Былай қарасаң бұл да қисынды. – Иə, əкімнің өлімі шырмауықтай ширатылып барады. Бірақ, сендер сияқты мықты ізкесушілер тұрғанда, ол жұмбақ бəрібір шешіледі. Солай емес пе, жігіттер! – деп қарауындағыларды бір желпінтіп алған полковник, – Бүгін өте жақсы жұмыс істепсіңдер! Ертең əкімді ақтық сапарға шығарып салады. Сұлтан екеуміз сонда барып, халықтың ауанын бір байқармыз. Ал Əнуар, сен байланыс операторынан əкімнің əйелі, інісінің телефон қоңырауларын, оқиға болған кездегі қозғалысын сұрат. Сосын пикапты іздеуді бастаңдар! Іске учаскелік инспекторларды тартыңдар. Əкімдіктің есеп-қисабын, соңғы уақыттағы тендерлер мен онда жеңілгендер туралы мəліметті табу да маңызды. Аа, əлгі жас балалардың кім екені, не үшін сотталғанын да тезірек анықтаған жөн! – деген Абылай жігіттермен жылы қоштасты. * * * «Екі əйел алғанның дауы үйінде» деген рас-ау. Абылайдың бүгінгі ізденістен түйгені осы. Отбасы бүтін азамат көз жұмса, əйелге қатысты күмəн туындай қоймайды. Неге екенін кейінгі жылдары қалтасы тоқ кəсіпкерлердің екі, үш əйелдің ортасында жүруі əдетке айналып барады. Онысын өздері қазақ қыздары жалғыз жүрмесін, демографияны көбейтпесек болмайды деп ақтап алатын болыпты. Бірақ, бұл əрекеттің түбінде баршылық пен қу нəпсінің жатқаны анық қой. Əйелдер қауымы өз таңдауы болған соң, азаматтың анда-санда төбе көрсетіп, шала көңіл бөлгеніне көндігер. Ал бала ше? Екінші, үшінші əйелдің баласы екенін білген ұрпақ ер жеткенде қандай сезімде болмақ? Соны ойлағанда күндесімен қатар отырып бір күйеуді жоқтауға кеңдік танытқан Елдосовтың əйелінің парасатына бас иесің. Кешкі асқа отырған Абылайға Айшасы «Жаңа жұмысқа үйреніп қалдың ба? Ұжым қалай екен?» деп бəйек болып жатыр. «Тура сен қызметке кіріскенде мына қылмыстың орын ала қалғанын қарашы» дейді күйініп. Бүтін махаббатқа шомылған əйел ғана осындай қамқор болатын шығар, сірə? Əлде олай емес пе? Ішкі ойын əйеліне білдірмеген Абылай өзі таңдажіберген медициналық анықтаманың мəн-жайын сұрады. – Қазір медицина дамыған. Ол жігіттің денсаулығы соншалықты жаман емес сияқты. Ондай мықты жігіт отаны еш қиындықсыз көтерер еді, – деді жекеменшік дəрігері. Төсекке қисайған соң Абылай соңғы жаңалықтарды тағы бір шолып өтті. Ақпараттар айнасы өзгермепті. Жұрт əлі де əкімнің өліміне қатысты болжам айтып, полицияны қаралауын тоқтатпаған екен… * * * Таңертең Абылай Сұлтанды ертіп қаралы үйді бетке алды. Сағат сегіздің кезі болса да жиналған жұрт қара-құрым. Сыртта сыр тартып тұрған екеуіне назар салып жатқан ешкім жоқ. Бұлар əдейі біресе ет тартып жүргендердің, енді бірде қазан көтеріп жатқандардың маңына барып тың тыңдап көрді. Күдіктенетіндей ештеңе жоқ. Үлкендердің арасында əңгіме тыңдағансып отырған Абылай қалтасындағы телефоны шырылдағанда, орнынан ыршып тұра жаздады. Телефон дауысын жүре бəсеңдеткен ол оңашалау жаққа шыққанда жанына Сұлтан да жетті. Бұл телефонды алып үлгерем дегенше, бейтаныс нөмірден түскен қоңырау сөне қалды да, жаңа хабарлама жылт етті. «Сараптама дұрыс жасалған жоқ. Қайыстағы саусақ іздері анық. Бəрін почтаңызға жібердім» депті. Абылай мен Сұлтан бір-біріне таңдана қарады. Егер мынау рас болса, тезірек жұмыс орнына жетіп, хабарламаны оқу керек. Ең бастысы, сарапшылар құпияның бұларға жеткенін білмегені абзал. Жылдамдата басқан Абылай мен Сұлтан Полиция департаментіне барып, ортақ базадағы хабарламаны ашқанша асыққан. «Жанашыр жан» бір емес, екі сараптаманың қорытындысын жіберіпті. Оның біріншісінде «Рөлден алынған қайыста оң жақ қолдың бас бармақ бедері анық түскен. Бұл саусақ іздері базада бар. Ол Байтақ Хасановқа тиесілі», – делінген. «Жедел уəкіл Ə.Олжа тапсырған темекі тұқылдарында оң, сол қолдағы сұқ саусақ, бас бармақ пен ортаңғы саусақтың іздері анық түскен. Бұл саусақ іздері базадан табылған жоқ». – Абылай Əзімханұлы, Хасановты дереу ұстауымыз керек қой, – деді дегбірі кеткен Сұлтан бұйрық күтіп. Сараптаманы əрлі-берлі аударыстырған Абылай: – Асықпа, інім, асықпа. Хасановқа қайыстан басқа қандай айғақ көрсете аламыз? Қайысты əкім сатып алды, сыйладым десе не дейміз? Малшысының телефонын пайдаланғанын да дəлелдеу қиын. Бізге қалайда темекі тартқан жігітті табу керек. Саусақ ізінің базадан табылмағанына қарағанда ол криминалға əлі араласа қоймаған. Оның үстіне, енді зейнетке жақындағанда Бердібектің де қисық сараптама бергенін түсіне алмай отырмын. Əлде бір қысым болды ма екен? Қане, жедел топты 11-ге жинашы. Олар келгенше өзің байланыс операторына барып, Хасановтың соңғы үш күнгі қоңырауларын алып кел. – Құп болады! – деген Сұлтан асығыс жүріп кетті. * * * Сағат 11.00. Бұл кезде жігіттердің бəрі Абылайдың бөлмесіне қайта жиналған. Сұлтан келгенше үш уəкілдің уəждарын тыңдады. – Пикапты кешелі бері іздеп жатырмыз. Əлі табылмады, – деді Əнуар ұнжырғасы түсіп. Ал Қасиет жаңа күдіктің ұштығын шығарды: – Талап ауданында 3 колледж бар екен. Жақында есірткі жасырғаны үшін екі бала сотталыпты. Екеуі де кəмелетке толмаған. Одан бөлек колледждегілер есірткі заттарынан уланып, тəуелділіктен арылу үшін емделіп жатқандардың көбейгеніне алаңдаулы. Директорлары полицияға неше рет айтқан. Əкімнің де назарына салыпты. Есболов соңғы бір жиында есірткі саудасын толық жоямыз дегенді сенімді айтыпты. «Егер осы бизнестің басында тұрғандардың кім екенін тапсаңдар, əкім өлімінің де түйіні тарқатылар еді» дейді медицина колледжінің басшысы. Директор бұл оқыс оқиғаны əкімнің отбасы, мəнсабына емес, есірткі саудасына байланысты деп отыр, – деді Қасиет Абылайға сұраулы жүзбен қарап. – Екі бала кəмелетке толмағандар колониясында отыр ма? Олармен кездесіп, Байтақ Хасанов туралы сұрауымыз керек. – Жолдас полковник, əкімнің кəсіпкер деп айтып жүргені осы Хасанов емес пе? Жаңа колледждің бір оқушысы да курьердің бəрі Хасанның астында деп қалды, – деді Қасиет сөзді бөліп. – Мүмкін, бəрі мүмкін. Қасиет, Роман екеуің колониядан рұқсат алып, балалармен сөйлесіп қайтыңдар. Сот кезінде шындықты айтпағанмен, енді шындықты жасырып қалмас. Жігіттер орнынан тұра бергенде серейген бір жігітті сүйрелеп Сұлтан да ішке кірді. – Жолдас полковник, енді ол бұлтара алмайды! – Кім? Кім? – деген жедел уəкілдер бейтаныс жігітке тесіле қараған. – Сөйле! – деген Сұлтан жігітті орындыққа отырғызды да, өзі Абылайдың алдына байланыс операторы ұсынған анықтаманы қойды. – Оператор 5 минутта Хасановтың қоңырауларын шығарып берді. Қарасам, таныс нөмір. Телефонымды тексере қалсам, Талғат деп сақтап қойыппын. Жыл басында ғана анаша шекті деп анасы көмек сұрағанда, ақылымызды айтып, телефонын сақтап қойғам ғой. Анасы өтінген соң бірнеше рет арнайы хабарласқам да. Сосын ойыма күдік кіріп мынаның əлеуметтік желідегі суретін «Пикап иесін көрдім» деген іссапардағы ағаға жібермеймін бе? «Дəл өзі! Тек көзінде көзілдірік болды» дейді. Бəрі Талғат деп таныстырған жігітке таңданыспен қарап отыр. Мына ұзынтұраны əкімнің өліміне қатысы бар дегенге ешқайсысы сенбейтіндей. – Үш күннен бері Хасановтың ең көп қоңырау шалғаны да осы екен. Ал əкімге қастандық жасалған сəтте тіпті жиі хабарласқан. Анықтаманы ала салып, Сұлусайдағы үйіне барсам шолжиып жатыр. Үстелдің үсті толған «Парламенттің» тұқылы. «Пикап» тұр гараждың ішінде. Қане, айт не болғанын. Бастан-аяқ баянда! – Мен əкімді өлтіргем жоқ. Маған доза керек болды. – Оңбаған, анасының шырылдап жүргені анау. Ал бұл есірткі үшін адам өлтіруге қатысқан, – деді Сұлтан ашуланып. – Сұлтан, қоя тұршы. Талғаттың өзі айтсын не болғанын, – деген Абылай жағдайды өз қолына алды, – сонымен… – Хасан, яғни, Байтақ Хасанов былтырдан бері Талаптағы колледждерді бақылауына алды. Басында бізге аз-аздан мефедрон, анашаны тегін беріп жүрді. Кейіннен арзан бағаға сататын болды. Біреулер дəмін бір көрген соң жоламай кетті, ал мен бірте-бірте осы бəлеге байландым. Анам жыласа да, ұрысса да, емдетсе де қоя алмадым. Доза қажет болғанда Хасанның айтуымен закладчик болып, есірткіні əр жерге қойып кетіп жүрдім. Құдай сақтап қолға түспедім. Ал екі бала сотталғанда ата-аналар шу көтерді. Іске əкім араласты. Полицияға есірткі саудасына тыйым салуды тапсырды. Бірақ, бұл кезде тұтынатындар көбейген еді. Колледжді қойып, жоғары сыныптың балаларын тарта бастағанбыз. Əкімді ашындырған – баласының есірткі дəмін татуы болды. Ол Хасанды бүкіл тобымен құртуды тапсырды. Əкімнің бір істі бастаса, соңына жетпей тоқтамайтынын білген полиция бас тығы Хасанға өзің амалын тап, мен енді мынаны тоқтата алмаймын деді. Ал Хасан əкімді Сұлусайға кездесіп, ақылдасуға шақырды. Оның сөйлесетін, келісетін ойы жоқ болатын. Əкім жоғарыға көтерілгенде Самат екеумізге жолды жауып, ешкімді өткізбеуді тапсырды. Москвичті жол аузына қойысымен Самат үйіне қашып кетті. Мен пикаптың нөмірін шешіп алып, төбеде жасырынып тұрған едім. Жүргізушінің бірі байқап қалды. – Сонда еңгезердей əкімді Хасанов жалғыз өзі өлтірді демексің бе? – Иə, əкім өте салысымен Самат Москвичтің дөңгелегіндегі тастарды алып, көлікті жолдың ортасына жылжытты. Ал мен кішкентай дүрбімді салып жағдайды бақылап тұрғам. Ағаштың тасасынан шыға келген Хасанды көрдім əкім көлігін бірден тоқтатты. Бірақ толық адам сыртқа шығып үлгерем дегенше, Хасан шприцті иыққа бар күшімен салып үлгерді. Шамасы есірткі шығар деп ойладым. Содан кейін əкім иығындағы тартпаны тартып сыртқа ұмтылам деп жанталасты да, бір сəт жүрек тұсын ұстап басы салбырады да қалды. Одан кейін Хасан əкімнің басын көтеріп, рөлді түзеді де, көлікті төмен қарай итеріп жіберді. Өзі жер бауырлап жата қалған ол «пикапқа» жеткенше бұқпантайлап еңбектеп жетті. Хасан келген соң, көлікті гаражға тығып, маған ешкімге көрінбей жат деп қолыма біраз дозаны берді. Өзі сол күні кешкі автобуспен қалаға кетті. – Одан кейін кездесіп сөйлескен жоқсыңдар ма? – Жоқ, Хасан жол бойы «көлік өртенбеді ə? Қайысты дұрыс байламаппын. Неге қатты байламадым» деп өкінумен болды. – Оңбаған неме, адамды өлтіргеніне емес, көліктің өртенбегеніне өкінгенін қарашы, – деді Роман күйіп-пісіп. – Сұлтан, мен мынаның түсінігін бейнетаспаға түсіріп, хаттамаға қолын қойғызып алғанша сендер Хасановты алып келіңдер! Жəне оның заңсыз ісіне қолдау көрсеткен полиция қызметкерлері де, жалған сараптама ұсынғандар да жазадан тыс қалмауы керек! Сондықтан, Хасанов қылмысын мойындап, сыбайластарын атағанша, ақпарат сырт қа тарап кетпесін! – деген Абылай бейнекамераны қосып, айыптының жауабын ресми құжаттауға кірісіп кетті. * * * – Отағасы, бір күнде батыр болып шыға келіпсіз ғой. Қай сайтты қарап, қай əлеуметтік желіні ашсаңыз да сіздің суретіңіз жарқ етіп шыға келеді, – деп күлді Айша Абылайға таңғы ас беріп жатып. – Сұлтан бастаған жігіттердің еңбегінің, сараптамадағы шынашақтай Лəззат деген қыздың ерлігінің арқасында күйеуің расында батыр боп жатыр. – Енді аудандық полицияның бастығы да, сараптама бөлігінің бастығы да Хасановпен бірге соттала ма? – Полиция бастығы біраздан бері Хасанның тобына қамқорлық танытқаны үшін ақша алып отырған. Хасанов та қу ғой. Кейін тайқып кетер деп, əр ақшаны берген сайын таспаға түсіріп отырыпты. Бердібектің де кінəсі осал емес. Былтыр есірткі дозасынан бала өлгенде де, бірнеше бала уланғанда да жалған сараптама берген болып шықты. Қайта Лəззат деген жас сарапшы көз алдында болып жатқан заңсыздыққа шыдамаған. Егер ол да өзгелер сияқты «сен тимесең, мен тимен» принципін ұстанса қайтер еді… – деген Абылай үндемей қалды. Шайды баппен ұрттағаннан кейін ғана: – Бердібек сараптама саласына бүкіл ғұмырын берген сыралғы жолдас еді. Əбден зейнетке шыққанда жаза басқаны дұрыс болмады, – деді күрсініп. – Еее қу ақша не істетпейді… – Рас, жалған сараптаманың кесірінен жедел топтың жігіттері үй көрмей екі күн аяқтарынан тозды. Сондықтан Бердібекке жанашырлық таныту артық. Қой, генералдың қабылдауына кешікпей барайын. Бүгін менің қырандарым департамент бастығының қолынан марапат алмақ, – деген Абылай орнынан ширақ көтерілді. – Еңбегіңді бағалайтын халық аман болсын! – деп тіледі Айша іштей.

Закира НҰРЛАНҚЫЗЫ



Оянбаған әке

Көздері қанталаған күннің қызыл өткір сəулесі бөлме ішіне ентелей...

ҚАЛАДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Анадан қалған жалғыз із Күләш пен Әлиханның бар байлығы -...

Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ...

БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған...

Көлеңкедегі тамыр

Алматыда күрең күз. Тау бөктерінен ескен ызғарлы жел көше...