Көздері қанталаған күннің қызыл өткір сəулесі бөлме ішіне ентелей кірді. Жанарын осқылаған жалқын сəуледен оянған бір жасар сəби көздері шарасынан шығып кеткен əкесінің кеу десіне шығып ойнай бастады. Құйтақандай, жып-жылы алақан суып үлгерген мойындағы алтын алқаны жұлқылап, былдырлаған бейкүнə күлкі бөлме ішін жаңғыртты. Сəби қанша тартқыласа да, сұлқ түскен əкесі ояна қоймады. Іле кілттің шықырлаған дыбысы естіліп, пəтердің темір есігі ашылды. Сырттан лекіген жалынды леппен бірге перзентханадағы түнгі ауысымнан шаршап оралған жас əйел кірді. Сəби анасының аяқ дыбысын сезіп, əкесінің денесінен сырғып түсті де, дəлізге қарай еңбектей жөнелді. Алдынан шыққан сəбиін көрген əйелдің жүзіне жылылық ұялап, шаршағаны басылып қалғандай сезілді. – Ой, балапаным! Оянып алғансың ба? Əкең қайда? – деп, күлімсірей сөмкесін сөреге қоя сала, баласын құшақтай берді. Бетінен шөлпілдетіп сүйіп алды да, қажап кеткен аяқ киімін асығыс шешті. Баланы көтерген күйі жатын бөлмеге беттеді. Əсия төсекте шалқасынан қимылсыз жатқан күйеуіне тесіле қарады. Сол мезетте тұла бойы мұздап, бір жамандықты сезгендей ділгіріп қалды. Нəзік саусақтары жел уілі шайқаған өрмектің арқауындай дірілдеп кетті. Отағасының бозарған жүзі, көгерген ерні мен бір нүктеге қарап, қатып қалған жанарынан өлім табы бірден анық сезілді. Ақ желең киіп, адам жанының арашасы болып жүрген дəрігер баланы еденге отырғыза салды да, жалма-жан ерінің мойындағы күре тамырға саусағын басты. Тіршілік белгісі еш білінбеді. Өз көзіне өзі сенбегендей қолайнасын алып, азуына тақады. Мөлдір айнаның беті буланбады. Қатты шошынған əйелдің тамағына өксік тығылып, жанарынан жас ыршып шықты. Ауа жетпей демігіп, бір мезет үнсіз қатып қалды да, сүйіп қосылған жарынан мəңгілік айырылып қалғанын түйсінген сəтте еңіреп жылап жіберді. Күңіренген жетім ботадай боздап қоя берді. Жалт қараған сəби оқыс шошынып қалып, анасымен қоса бақырып, пəтерді басына көтерді. Үміті үзілмеген əйелдің дірілдеген саусақтары ұялы телефон экранына əрең жабысып, жедел жəрдем көлігін шақырды. Тұтқаның ар жағынан диспетчердің елгезек дауысы естілді. Əйел мекенжайды айтып үлгеріп, есеңгіреп еденге тізерлей отыра кетті. Арада он бес минут өткенде кезекші дəрігер келіп, ер адамның көз қарашығына шам жарығын түсірді де, шарасыз басын шайқады. Бəрі тым кеш еді. Дəрігер мəйіттің жүзіндегі шексіз үрей мен ернінің ерекше көгергенін көріп, көңіліне күдік ұялап, дереу полицияның кезекші бөліміне хабар берді. Көп ұзамай он бірінші пəтердің табалдырығын жедел-тергеу тобын бастаған Абылай Қайсенов аттады. * * * Таң атқалы шөкім бұлтсыз аспан төсінен төмен қарай шақшия өртенген шағыр күннің екпіні əлі қайтар емес. Көпқабатты үйді құрсауына алған тымырсық ауа тіршілік біткенді деміктіріп жіберердей. Төрт қабырғада қамалып жатқан өлік бірер күн қалып қойса, қапырық жайлаған баспананың берекесі қашып, қолқаны қапқан иіс əлемге тарап кетер ме дерсің. Табалдырықтан сау етіп аттаған жедел-тергеу тобы білек сыбана іске кіріскен. Бірі фотоаппарат жарқылымен жатын бөлменің қабырғасын осқыласа, екіншісі мəйіттің маңайын айналшықтап, ұнтақ сеуіп саусақ іздерін таңбалаған. Мəйітке қатысты хаттаманы тастай қылған. Дəрігер қайтыс болған ер адамның спирттік ішімдік ішкенін анықтап, интоксикация өлімге əкеп соқтырған деген алғашқы қорытынды жасаған. Криминалистер мүрдені қара полиэтиллен қапқа салып, мөрлеп, мəйітханаға əкетуге асығып бара жатты. Абылай талай жылғы қызметінде небір аласапыран күй, аумалы-төкпелі сəттерді бастан кешірген. Ол бөлменің бұрышындағы үстелдің жанына келіп, қалт тоқтай қалды. Тергеуші үстел үстінде тұрған сəбидің сүт құтысына қадала қарады. Оң қолы тімсініп барып, қалтасындағы резеңке қолғапқа жармасты. Құтыдағы сүт əлі жылы екен. Бақса, жаңылыспаса керек. Сүт ақшамда емес, түнде жылытылған. Дəрігер ер адамның өлім сағаты түнгі екі мен үш шамасында орын алғанын айтып отыр. Демек, бөлмеде үшінші адам болған. Əйел түнгі ауысымда болса, түнде кім келуі мүмкін? Қырағы көзі байқаған маңызды дүние – мəйіттің үстіне ұқыпты жабылған жұқа жамылғы еді. «Қайтыс болған адам өзі үстін қымтай қоюы ақылға сыймайды. Жанында жауыз емес, жанашыр біреу болғаны ма?» деген сауал санасын сансаққа жүгіртті. Ас үйдегі дастарқан үстінде өткен түннің куəгеріндей бір ішімдік бөтелкесі, екі стақан мен нанның қиқымдары, сəбіз салатының қызғылт тамшылары сайрап жатты. Полковник жатын бөлмедегі тумбаның үстінде жартылай босаған бір жарты виски мен сыңар стақанға шұқшия қарап, жиегінен абайлап ұстады. – Мына шиша мен стақанды абайлап орап, сараптамаға жіберіңдер, – деді криминалистке. – Ас бөлмеде екі адам ішімдік ішкен, мынау үшінші стақан. Сұйықтықтың құрамын анықтап қана қоймай, ернеуінен ДНК, қабырғасынан саусақ іздерін алуымыз керек. Тергеуші марқұм жатқан бөлмеден соңғы болып шықты да, есікті кілтпен бекітті. Есігінің жақтауы мен ортасына арнайы қағаз таспа жапсырылып, мөр басылды. Сыртқа шығып, көпқабатты үйдің кіре беріс темір есігі батырма түймелі, дабыл белгісі іске қосылатын кілтпен ашылатынын байқады. Шатырға шығатын қақпақтың ауызы берік, кілт салар ұяшығы тот басқан күйінде қалған. Қара құлып мызғымай тұр екен. Иə, сырттан бөтен біреу кіруі мүмкін емес. Көршілерден жауап алып, мəн-жайды анықтамақ болды. Оныншы пəтердің есігін қағып еді, ешкім тіл қатпады. Бесінші қабаттан түсіп келе жатқан оқушы қыз «Ағай, ол үйде ешкім тұрмайды» деді. Абылай көмекшісі, аға лейтенант Данияр Жандосқа: «Мына оныншы пəтердің иесі кім екенін базадан дереу анықтаңыз!» деп тапсырма берді. Тергеушінің ойы сан құбылды. Қылмыскер осы маңда болуы тиіс. Көңіл айтуға келген марқұмның туыстары мен таныстарын, көрші-қолаңды Əсия құрбысы, дəрігер Жаннетаның үйінде қабылдады. «Ой, бауырым-ай!» деп жылаған дауыстар адамның сау сүйегін сырқыратты. Үлкендер жағы қабірші жігіттерді тауып, қонақасына сойылатын жылқы мен ас беретін қатымхана жұмысын реттей бастады. Құран оқитын иманды да сайлап қойды. Айраттың сүйегін мəйітханадан əкелгенше бəрі əзір болсын деп шешкен. Өлім себебі анықталып жатқан соң, мəйітханадан адам мүрдесін жерлейтін күні бір-ақ беретіні белгілі болды. Жедел уəкіл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы мен сот істерінің электрондық мұрағатын тексеріп, бар мəліметті полковниктің алдына лезде əкелген. Абылай Қайсенов көмекшісіне бүкіл денесімен бұрылып, сабырлы кейіпте: – Көршілерді шақыр. Істі тергеуді бастаймыз, – деді. – Сіз сонда бұл кісіні біреу өлтірді деп ойлайсыз ба? – деп аға лейтенант таңдана сұрады. – Бəрі мүмкін. Дəрігердің сынамасын тезірек сараптамадан өткізу керек, бұл жерде бір гəп бар, – деген тергеуші ойын жүйелеу үшін терезе алдындағы жасыл желекке көз жүгіртті. Абылай пəтердің қонақ бөлмесін уақытша тергеу бөлмесіне айналдырды. Тосын істі тергеуді марқұм пəтерінің сол жақ іргелес көршісі, он екінші пəтерде тұратын студент жігіттен бастауды жөн көрген. Жас жігіт байыз таппай, мазасызданып тұр еді. – Есіміңіз – Санжар, мамандығыңыз бағдарламашы екен, дұрыс па? – Абылай бозбаланың жүзіне тура қарады. – Иə, аға… Ақпараттық технологиялар факультетінің үшінші курсында оқып жүрмін. – Студент ернін жымқырып, саусақтарын айқастырды. – Көршіңізді соңғы рет қашан көрдіңіз? – Кеше… Қолына бөтелке ұстап үйіне кіріп бара жатқан. – Санжар, шамамен түнгі сағат екі жарым шамасында осы қабаттағы бейнебақылау камерасы кенет сөніп қалған. Желілік бағдарламаға сырттан ешкім зақым келтірмеген. Техникадан хабарың бар ғой, өзің айтшы, құрылғыны жақсы білетін шығарсың? – Ағай, мен ол жағын білмеймін. Əлі оқып жүрмін. – Түнде қайда болдың? – Мен… Өз бөлмемде болдым. Кешке сабаққа дайындалдым. Сағат түнгі он екіге таман жатып қалдым. Көрші жайлы ештеңе білмеймін. – Студент сыр бермесе де, маңдайы тершіп кетті. Тергеушінің көзіне тура қарауға жүрегі дауаламады. Басы салбырап, сағатына қарады, тоғызға жиырма минут қалыпты. – Аға, сабағыма баруым керек, – деп міңгірледі. Абылай студентке сынай қарады. Сөзіне сенбеген кейіп танытқан. Өткір көзі өңменнен өтердей. Студенттің соңғы сөйлемді күмілжіп айтып, қобалжып кеткенін сезді. Жас жігітті қыспаққа алар дəлел əлі-ақ табыларын біліп: – Жақсы, бара бер. Сұрақ туындап жатса, тағы шақырамын, – деді. Санжардың өне бойын суық тер басып кетті. От пен судың ортасында қалғандай жаны күйзелген түрі мынау. Тұнығы шайқалған көңіл-күйдің куəсіндей, аяғы алға бастырмай оқу орнына көңілсіз келе жатты. Тергеуші сегізінші пəтердің иесі, мұрағатшы қариямен тілдеспек болды. Данияр Жандос сəлден соң үстіне шахмат тақтасындай шақпақ жейде киген, шынысы қалың көздірік таққан, еңсесі еңкіш тартқан Кəрім ақсақалды ертіп келді. Əжім торлаған жүзінен байсалдылық, өмірлік тəжірибе табы білінеді. Саналы ғұмырын мұрағатта қызмет атқаруға арнаған ол көршінің бөлмесіндегі кітап сөресіне қызықтай көз жүгіртті. – Ассалаумағалейкум, ақсақал! Қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің бастығы, полковник Абылай Қайсенов боламын. Сізге бірер қояр сұрағым бар еді… – деп қолын ұсына берді. – Əліксалам, балам. Ə, жөн, жөн. Жұмыстарың ғой, – деген қарт балдағын қойып, еппен орындыққа жайғасты. – Ақсақал, сіз төменгі үшінші қабатта тұрады екенсіз. Марқұмның пəтері дəл сіздің баспанаңыздың үстінде орналасқан. Түнде қандай да бір күмəнді дыбыс естімедіңіз бе? – Тергеуші қарияның сабыр тұнған жүзіне барлай қарады. Қария көзілдірігін асықпай түзеп алып, жөткірініп барып үн қатты: – Қарағым Абылай, жас келген соң түнде көп ұйықтай алмаймын. Кемпірім қайтыс болған соң уайым да жиілеп кетті. Дəрігер жазып берген дəріні ішкен соң тас қатып ұйықтаймын. – Көршіңізбен қалай едіңіз? Оғаш қылығын байқадыңыз ба? Мүмкін, жолдастары келіп, дабырлап түнде мазаңызды алды ма? Қария үнсіз қалды. Көзін жауып кеткен қайратты қастарын қолымен түзеп қойды. – Қайтыс болған адамның соңынан жаман сөз айтқым келмейді, шырағым! Ол жігіттің ломбардта істейтінін білетінмін. Өзін жөнді танымаймын. Кейде ішіп келіп, əйелін мазалайтыны бар еді. Кеше бір жолдасы келіп, екеуі біраз сілтеді-ау деймін. Төбемізді дүрсілдетіп, түннің бір уағына дейін жүрді. – Марқұмның үйінің жанындағы оныншы пəтерде ешкім тұрмайды екен. Ақсақал, бұл пəтер сіздің жақын туысыңызға тиесілі болғанын анықтадық. Ол кісі марқұм Айраттан көп мөлшерде қаражат алыпты. Кепілге пəтерін қойған. Қарызын өтей алмаған соң ломбардшы сот шешімімен баспанасын тартып алған екен. Сіздің бұдан хабарыңыз бар шығар? «Сөзі мірдің оғындай» – деп ойлады қария. – «Кісінің жан дүниесін босатады. Былайғы жұрт біле бермейтін мəліметті қалай ылдам-жылдам тауып алды, ə!». – Е, Абылай қарағым, ескі жараның аузын тырнағаннан не шығады? Жақыным Бекжанға өмір бойы қамқор болып келдім. Ол санасыз бауырым құмар ойынға салынып, пəтерінен де, отбасынан да айырылды. Сол пəтерді ауылдағы малды түгелдей сатып, əупірімдеп алып беріп едік. Қайтейін, қолда бардан айырылып қалды ғой, жүректі ауыртып оны несіне айта берейін. – Қария кейіп тұрса да, сабырлы тіл қатуға тырысты. Көкірегін кернеген күйікке ұқсас шарасыздық сезілді. Қайсенов одан əрі қарияны қинағысы келмеді. Ақсақал маңдайынан сорғалаған терін бет орамалмен сүртті де, теңселе басып, пəтеріне сүйретіліп бара жатты. Полковник Абылай Əзімханұлының алдына өзін барынша салқынқанды ұстаған ақ желеңді көрші дəрігер Жаннета кіріп келді. Ол тергеушінің сұрағын күтпестен, көсіле сөйлеп кетті. – Тергеуші мырза, мен кəсіби дəрігермін. Əсия таңертең жұмыстан келіп, күйеуінің өлімін көргенде зəресі ұшып, маған жүгіріп келді. Жедел жəрдем кезекшілері менің кəсіби тұжырымыммен келісті. Айраттың денесінде ешқандай соққы немесе зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Айрат соңғы кезде тоқтамай ішетін, оның үстіне қан қысымы жоғары еді. Шектен тыс ішімдік пайдалану салдарынан жүрегі тоқтап қалған. Мені не үшін куəгер ретінде тергеп жатырсыз? Абылай қаламын үстел үстіне қойып, дəрігердің бет-əлпетіне тура қарады. Шамына тиетіндей сөз айтып үлгерген жоқ еді. Оның спортпен айналысқанда шалт қимылды аңғарып қоятын қырағы көзі əйелдің саусақтарының болмашы дірілін байқап үлгерген. – Сіз марқұм Айраттың көршісі ғана емес, Əсияның да жақын құрбысы екенсіз, – деді тергеуші бəсең дауыспен. – Кеше түнде, екі мен үштің арасында қайда болдыңыз?
– Ол кезде мен пəтерімде ұйықтап жаттым. – Төменнен ешқандай шу естімедіңіз бе? – Шамамен сағат он бір жарымда Айраттың үйінен қатты айғай, ыдысаяқтың сылдыры естілді. Бірге ішетін досы екеуі сөзге келіп, ауыздарына келгендерін айтып жатты. Айратты соңғы көрген сол жігіт. Соны тергеп көріңіздер. Мен тек таңертең Əсия шақырған соң төменге түстім. Абылай үнсіз басын изеді. Көзге көрінбес кикілжіңмен басталған əңгіме арқауы қылмысты ашуға жол сілтерін іштей сезген. – Рақмет, дəрігер ханым! Əзірге боссыз, – деді полковник жымиып. Тергеуші ойға шомды. Сонда қалай, көршілер бір-бірімен оңашада келісіп алған ба? Жауаптары тым ұқсас болып тұр-ау! Полковник кеңсеге қайтып келіп, кеше марқұммен бөтелкелес болған азаматты шұғыл табуды бұйырған. Көп ұзамай Абылайдың алдына көздері қанталаған, мастығы тарқамаған Жанат жеткізілген. Есінеп, басы меңзең болып отырған күдіктіні басынан аяғына дейін сүзіле қарап шықты. Мұңсыз, қамсыз кейіпте еді. – Сонымен, Жанат Алмасұлы, – деді Қайсенов саусағымен үстелді тақылдатып. – Кеше Айрат екеуіңіз жақсылап іштіңіздер. Сосын сөзге келіп, керілдесіп қалдыңыздар, солай ма? – Иə, іштік. Бір мəселеге келіспей қалғанымыз да рас. Біз доспыз ғой, бүгін шекісеміз, ертең бекісеміз. – Қайдам, – деді тергеуші басын шайқап. – Бұдан былай бекісе қоюларыңыз екіталай. Бөлмедегі жиһаздардың астаң-кестеңі шыққан. Сіз оны диванға сұлатып, қашып кеттіңіз! Кінəңізді мойындаңыз, Айратты сіз өлтірдіңіз! Жанат сасып қалып, дереу есін жиып алғандай көздері бақырайып кетті. – Өлтіргені несі?… Айрат өліп қалды ма? Жоқ, мен оны өлтірген жоқпын. Ол менің ломбардқа өткізген бағалы затымды ақшасын əкелсем де қайтармай қойды. Мүмкін, сол күні көңіл-күйі болмай тұрды ма екен? Ол біздің отбасы үшін құнды зат еді. Мен ызаланып диванға итеріп жібергенім болмаса, оны ұрып-соққан жоқпын. Аяқ киімімді киіп жатқанда, мені балағаттап, қолына түскен затты маған лақтырып жатты. Досымның қиқар мінезін жақсы білетінмін, ашуы тарқаған соң ертең қайта келемін деп ойладым. Сосын есікті тарс жауып, кетіп қалдым. Егер өтірік айтсам, қарғыс атсын мені! – Сіз үйден шыққанда сағат неше еді? – Түнгі он екілер шамасы болатын. Аулаға шыққан соң қалалық таксопарк ке хабарласып, көлікке мініп, үйге кетіп қалдым. Сенбесеңіз, тексеріңіз! – деді күдікті орнынан бір көтеріліп, бір отырды. – Тексереміз, міндетті түрде тексереміз, – деді Абылай. – Бірақ есіңізде болсын, егер маған өтірік айтқан болсаңыз, мұның түбі жақсылыққа апармайды! Күдіктіні уақытша қамауға алып, мəліметтерді талдауға кіріскен. Аға лейтенант Данияр күдікті түнгі сағат он екіге жеті минут қалғанда өз телефонымен такси шақырғанын, көше камерасынан Жанаттың марқұмның үйінен шығып кеткенін растады. Сот-медициналық сарапшының алдын ала қорытындысы бойынша марқұмның өлімі түнгі екі мен үштің арасында орын алған. «Жанат түнгі он екіге таман пəтерден шыққан. Ол кезде Айрат тірі болған. Арада екі-үш сағаттық айырмашылық бар. Егер қылмыскер сырттан келсе, домофон мен құлып бұзылар еді. Бірақ есік бүтін, шатырға шығар қақпақ жабық. Үйдің кіреберісіндегі камера түнгі сағат екі отыз бесте сөніп қалған. Демек, марқұмның пəтерінде басқа бір адам болған», – деп ойлады Абылай Қайсенов. Полковник қылмысты ашуға ілік таппай, жұмыс бөлмесінде ұзақ ойланды. Көршілердің сөзі бір жерден шығып тұрғанымен, тəжірибелі тергеушінің түйсігі қауіпті нұсқаны да жоққа шығармады. Қалалық перзентханада дəрігер болып қызмет атқаратын Əсия əріптестерінің алдында сыйлы болғанымен, отбасында қадірсіз көрінеді. Үйде ұрыс-керіс жиі орын алып, күйеуінің жəбірлегенін көршілері талай естіген. Кім білсін, бəлкім өмірі тозаққа айналған жас келіншектің жұбайынан суып, жаны тыныштықты қалаған шығар? Күнделікті қорлыққа шыдамаған əйел ішімдікке дəрі тамызып, өзіне мінсіз алиби жасау үшін жұмысына асығып шығып кетуі мүмкін ғой? Абылай қайғыдан əлі есін жимаған Əсияны тергеу бөлмесіне шақыртты. Көздері жылай-жылай ісіп кеткен, қолындағы бір жасар сəбиін бауырына қысқан жас ана орындықтың шетіне жайғасты. – Əсия, сіз қалалық аурухананың білдей бір дəрігерісіз. Акушер-генеколог болып қызмет атқарады екенсіз. – Үстелге жақындай түсіп тергеуші түсін суытты. – Адам ағзасына қандай дəрі əсер ететінін, мөлшерден асып кетсе, жүрекке зиян тигізерін білетін шығарсыз? Келіншек басын көтеріп, тергеушіге таңырқай қарады. Жанарында үрей араласқан күмəн пайда болды. – Түсінбедім, Абылай Əзімханұлы. Нені меңзеп тұрсыз? – Ана дауысы дірілдеп шықты. Сəбиін бауырына қыса түскен. – Күйеуіңіз сізді үнемі ұрып-соғып, күн көрсетпепті. Соншама жыл қорлыққа қалай шыдап жүргенсіз? Тіпті, бір рет те құқық қорғау органдарына жүгінбепсіз. Бұл азаптан құтылудың жолын іздемедіңіз бе? Бəлкім, біреуге қосалқы кілт беріп, көзін жойғыңыз келген шығар? – Сұмдық-ай! Сіз не деп кеттіңіз? Сонда сіз мені өз күйеуін өлтірді деп ойлайсыз ба?! – Əсияның жанарынан жас ыршып шықты. – Иə, Айрат ішіп алғанда орынсыз қызғанып, айғай-шу шығарып, дөрекілік көрсететін. Үйленген алғаш жылдары біз сондай бақытты ғұмыр кештік. Білмеймін, түлен түртті ме, ақшаның буы ма, кейін қатты өзгере бастады. Көңілім əбден қалды. Тəубеге келіп, түзелер деп үміттеніп жүрдім. Баламның болашағы үшін, əкесіз өспесін, жетім қалмасын деп қорлықтың бəріне төзіп келдім. Қосалқы кілтті ешкімге бермедім, ол үйдегі серванттың тартпасында. Кеше мені жұмысқа шұғыл шақырған соң бардым. Босана алмай жаны қиналып жатқан əйелдердің жанынан табылғым келді. Таңертең ғана үйге оралдым. Менің жұмыста болғанымды бүкіл ұжым растай алады. – Кəсіби дəрігер үшін алиби жасау еш қиын емес. Сіз дəріні жұмысқа кетер алдында қосып кетуіңіз мүмкін. Дəрі ішімдікпен қанға баяу сіңіп, түнде жүрегі тоқтап қалған. Сіз бұл уақытта ауруханада ота жасап жаттыңыз. Керемет жоспар, солай емес пе? Əккі тергеуші əйелдің өзін қалай ұстайтынына, қимыл-қозғалысына, сөйлеу мақамына аса мəн беріп отырды. – Құдай ақы, мен сүйіп қосылған күйеуіме зəредей зиян тигізейін деп ойлаған емеспін. Мен жұмысқа кеткенде ол диванда мас болып ұйықтап жатқан. Кім білсін, жанында болғанымда күйеуімді өлімнен құтқарып қалар ма едім, – деп əйел еңкілдей жылап жіберді. Анасының аянышты дауысына қосылып, сəби қоса бақырып жылады. Қайсенов үстелдегі су құйылған стақанды əйелге жақындатып, дауысын бəсеңдетті: – Əсия, өзіңізді қолға алыңыз. Балаңызды да шошытып біттіңіз, – деді тергеуші басу айтып. – Мені түсініңіз, куəгерлерден жауап алып, мəн-жайды сұрау – менің жұмысым. Егер сіздің кінəңіз болмаса, ешкім сізді жазаламайды. Мен мұнда шындықты анықтау үшін отырмын. Оған жету үшін сіздің эмоцияңыз емес, нақты жауабыңыз қажет. Əсия орамалының шетімен көз жасын сүртіп, мөлдір стақандағы суды бір-екі рет шашала жұтып, өзіне-өзі келгендей болды. Терең тыныс алды да, сəбиіне күлімдей қарады. Өзін сабырға жеңдіріп: – Еш кінəм жоқ. Əріптестерімнен сұрап көріңіз. Басқа айтарым жоқ, – деді келіншек. – Жақсы. Бəрін тексеріп, анықтаймыз, – деді Қайсенов байыпты үнмен. – Қажет болса, сізді қайта шақыртамын. Əсия сəбиін құшағына қысқан күйі есікті тарс жауып шығып кетті. Тер геуші «Уəжі тым мінсіз. Бұл сенімділіктің артында бір шикілік бар» деп ойлады. Полковник ертеңінде перзентханадағы тіркеу журналын қолына алды. Əсия жұмысқа кешкі сегізге он минут қалғанда келіп, таңертең сегізде перзентхана ғимаратынан шығарда белгіленген болып шықты. Операциялық журналда бас хирург ретінде Əсия Тəуекелованың есімі жазылып, қолы қойылған екен. Медбикеден сұрастырғанда дəрігердің отадан соң түнгі бір мен үштің арасында бөлмесінде тынығып, дем алғанын айтты. «Бұл уақыт үйіне барып, күйеуін өлтіріп келуге жеткілікті» деп ойлады тергеуші. Бірақ перзентхананың кіреберісіндегі жəне ауладағы бейнекамера жазбалары Əсияның сөзі толық растаған. Дəрігердің кешкісін ғимаратқа кіріп, таңертең ғана шыққаны таспаға айқын түскен. Түнде ешқандай қозғалыс болмаған, бөлмеден тысқары шықпаған. Тергеуші кеңсеге оралып, қабырғаға сызылған күдіктілер тізімінен марқұмның əйелін шегеріп тастады. * * * Алматының ақшамы жамырап, аспанда алғашқы жұлдыздар жымың қақты. Күндізгі ыстықтан соң тіршілік атаулыға жан біткендей: самаладай жарқыраған көше шамдарына жынды көбелек, шыбын-шіркей, қоңыз үймелей бастады. Батар күннің қып-қызыл шұғыласына малынған қаланың əйнек үйлері жалтырай түсіп, батасын беріп, сəулесін батысқа ұзатып батып жатты. Абылайдың жұмыс десе, күн демей, түн демей, іске білек сыбана кірісіп кететінін бір кісідей білетін көмекші Данияр Жандос ғана емес. Əріптестері оның табандылығын, еңбекқорлығы мен кəсібилігін жоғары бағалайды. Өзі жанында көп дүниені үйрене жүріп, талай қылмысты ашқанына қанық болған. Кенет ұялы телефоны безек қақты. Жас жігіт қоңырауға жауап берерін, не бермесін білмей состиып тұрып қалды. «Қылмысты тезірек ашу үшін түнімен жұмыс істейміз» деген бастығының лепесінен соң сұлу бикешке жанассам деген ниеті əдіра қалды. Абылай көзімен «Жауап берсеңші» дегендей, қарағыштай берді. Аға лейтенант дəлізге шығып, əлдекімнің алдында ақталып жатты. – Жаным, ренжімеші! Бүгін сенімен кездесе алмайтын болдым. Жұмыс шығып қалды. – Əне, қит етсе, сөйтесің. Жұмыстан басқа маңызды шаруаң жоқ па? Кеш батты ғой, қашанғы төрт қабырғаға қамалып отыра бересің. Кафеге барамыз деп уəде беріп едің ғой. Жігіттің екі сөйлегені… – Түу, қойшы, алқымнан алмай. Қазір бастықтан сұранып көрейін. Жаным, сəл күте тұршы, – деп смартфонның бетіндегі қызыл түймешікті сырғыта салды. Екі оттың ортасында қалып қойған. Кабинетке қайтып келгенімен сүйгені Айзанамен кездесуге барудың есебін таппай, дегбірсінді. Рұқсат сұрап, сызылып тұратын уақыт па қазір? Өзінен лебіз күтіп отырған ғашығының көңілін де қалдырғысы келмейді. Бастығының алдында желкесін қасып, қысыр сөзді қалай сыздықтата қозғарын білмеді. Абылай оның ойын оқып қойғандай, «Бара бер, қалған істі өзім реттеймін» деп миығынан күлді. Көмекшісі риза кейіппен басын изеді де, көзді ашып-жұмғанша бөлмеден оқтай ұшты. «Ғашығының құлын денесін сипауға асығып бара жатыр-ау. Жастық желік не істетпейді, шіркін!» деп жұбайы Айшамен айлы түн астында қыдырған, бал ерінді өпкен баяғы, аяулы сəттерді есіне алды. Тергеуші көршілердің айтқандарын ой елегінен өткізді. Дəліздегі бейнекамераның қылмыс орын алғанда сөніп, қайта жанғанын анықтаған жедел топтың «Жиі орын алатын желілік ақау» дегеніне илана қоймады. Əрі марқұмның досы Жанаттың тайға таңба басқандай алибиінің болуы бұл істе бір кілтипан бар екенін аңғарған. Бұл тосын дерек қаншалықты ақылға сыйымсыз болса да, ақиқатқа апарарына сенді. Түн жер-жаһанды құшағына алған сəтте IT саласында қызмет атқаратын ұлы Медғатқа қоңырау шалды. – Медғат, ұйықтап қалған жоқсың ба? Бір кəсіби кеңесің керек болып тұр, – деді Абылай. – Бір қылмыс орнында бейнекамера бес минутқа сөніп қалған. Сымы кесілмеген, жарық өшпеген. Провайдер сырттан кибершабуыл болмағанын растап отыр. Демек, бұл хакерлердің ісі емес. Бұл ақау қалай болуы мүмкін? Тұтқаның ар жағынан пернетақтаны тарсылдатып отырған Медғаттың дауысы жарқын естілді. – Əке, егер сыртқы сервер таза болса, бұл ішкі локальді желіден жасалған шабуыл. Үйдің кіреберіс дəлізіндегі коммутаторға тікелей қосылу арқылы ішкі IP – желінің жұмысы бұзылған. Жүйеде қақтығыс пайда болып, роутер камераны желіден автоматты түрде өшіріп тастаған. – Күдікті осы үйдің ішіндегі, ақпараттық технологиядан хабары бар адам болып шықты ғой. – Əрине, оған еш күмəн жоқ. – Рақмет, балам. Өте маңызды ақпарат бердің, – деген Абылайдың жүзі жадырап сала берді. Тергеуші дəліздегі бейнебақылау камерасының сөнген уақыты мен үйдің жалпы жүйесіндегі кернеудің өзгеру сəтін салыстырған. Бейнекамера түнгі сағат екіден отыз бес минут кеткенде сөнген, дəл осы секундта он екінші пəтердің желілік жүйесінен серверге белгі кеткен. Бүгін ойға алған істі тындырғанына іші жылып қалды. Түн ортасы ауғанда үйіне оралған Қайсенов жастыққа бас қойған сəтте қалғып кетті. Ол шеті-шегі көрінбес тұман басқан дəлізде жүгіріп келеді.
Өзі сөйлескен əр күдікті мен куəгер сұлбасы қылаң беріп, тергеушіден бір ортақ дүниені жасырғандай, мұны мазақ қылғандай дарақылана күле береді. Көз алдында сорайып, кері айналған сағаттың тілі, стақаннан субұрқақша шашыраған судың қап-қара түске боялып кетуі, күйіп кеткен бейнежазба таспасынан шыққан беймəлім үрейлі дыбыстар құйқа-басын шымырлатып, марқұмның үстіндегі ақ жамылғы өршелене тап-тап беріп, айналасында айналсоқтап жүріп алды. Тергеуші шошып оянды. Жүрегі дүрсілдей соғып, өне бойын тер басып кетіпті. Ас бөлмеден жағымды иіс сезілді. Төсегінен тұрып, жылдам киінді де, жұпар аңқыған жаққа қарай бет алды. – Құймақ пісіріп жатырмысың? – Абылай теріс қарап тұрған жұбайының бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Кербез келіншегі бұрын сондай сұлу еді, жылдар өтсе де келісті келбеті өңін бермеген. Наздана күлгені бір əсем. – Иə, қазір шəй қойып қойдым. Ұйқың қанды ма, денсаулықты ойлап, ерте ұйықтауың керек қой. Жұмыс бітпейді, – деп күйеуі беті-қолын жуып келгенше үстелді жайнатып қойды. Екеуі бірге шүйіркелесіп шəй ішті. Сөз арасында Айша Еркеназдың мектепте тəуір бағамен оқып жүргенін, қабырға газетіне əдемі сурет салып, сынып жетекшісінен мақтау қағазын алғанын айтты. Бұл кезде тергеуші шəйді сораптап отырып, терең ойға батып кеткен еді. – Осы сен-ақ жұмысыңды ойлайсың да отырасың. – Не дедің? – деді Абылай əйеліне бажайлай қарап. – Қызыңның жетістігін айтып жатырмын! – А, иə, құтты болсын! Қызым маған тартқан ғой. Мықты. Медғат пен Қасым нағашыларына тартып кеткен, көңілшектеу ме, қалай? – деп əйеліне сынай қарады. – Ой, шіркін-ай, ə! Нағашылары жаман деп айтқың келіп тұр ма? – деп Айша жас балаша бұртиып қалды. – Əзілім ғой. Нағашылар да мықты. Медғат – жақсы программист. Грантпен оқуға түскен Қасым балам да осал емес, – деп Абылай «кінəсін» жуып-шайған болды. Сосын əңгіме ауанын басқа жаққа бұрды: – Айша, бір істі тергеп жатыр едім. Көмектесе аласың ба? – Медицинаға байланысты ма? – сəл өкпелеп қалған Айша немкеттілеу жауап қатты. – Иə, ішімдік ішкен бір адам үйінде кенеттен қайтыс болды. Ол ішкен стақанды зертханаға жібердік. Меніңше, марқұмды біреу улауы мүмкін. Бірақ мəйіттен ешқандай сыртқы улану белгілері табылмады. – Мұндай жағдай жиі болып тұрады. Адам шектен тыс арақ ішкенде немесе спирті таза емес болса уланып, жүріп кетуі мүмкін. Егер біреу əдейі өлтірмек болса, ол барбитураттар тобына жататын психотроптық заттарды қолдануы мүмкін. Мұндай жағдайда адамның дем алуы қиындап, жүрекке əсер етіп, өліп кетуі мүмкін. – Солай ма? – деді Абылай күрмеуі қиын жіптің бір ұшығын тапқанына іштей қуанып қалды. – Осы алтын əйелім болмаса, не істер едім! – Ой, қойшы! Сен де айтады екенсің, – деп күйеуінің мақтауына масайрап қалған Айша кəдімгідей ыңғайсызданып қалды. – Қой, жұмысыма барайын. Бүгін маңызды күн болайын деп тұр. – деген Абылай əйелінің маңдайынан сүйді де, сыртқа беттеді. * * * Таң бозынан көпқабатты үйдің айналасы құжынаған халыққа толды. Ер азаматтар алдыңғы қатарға сап түзеді.
Бұл кезде арнайы көлікпен мəйітханадан марқұмның сүйегі əкелінген. Сол жердегі арнайы бөлмеде жуындырылып, кебінделген мүрде кілемге оралып, зембілге жатқызылды. Шариғат үкіміне сай мəйіттің басын батысқа қаратты. Қалалық мешіт имамы Бердібек тамағын қырнай микрофонмен дауыстап: – Ағайын, марқұм қандай адам еді? – Жақсы адам. – Бұл кісі қандай адам еді? – Адамгершілігі мол адам еді.– Бұл пендеге ризасыздар ма? – Ризамыз, – деді жамағат бірауыздан. – Марқұмның қарызы бар болса айтыңыздар, мына Қайрат бауыры өтейді, – деді имам. Ешкім үндемеді. – Қане, сап түзейік. Жаназа намазын оқиық, – деді имам. Жұрт жиылып, құлақ қағып, құранға ұйыды. Мəйіт салынған көлік бейітке бет алып, қозғалып кеткенде əйелдер ұлардай шулап, жылап-сықтап қала берді. Кеңсай жақта жаңа қазылған қабірдің борпылдақ топырағын жел суырып, бетке ұрды. Қабірші жігіттер мəйітті оң жағымен жатқызып, жүзін құбылаға қаратты. Жамағатпен бірге марқұмның көршілері – Кəрім ақсақал мен Санжар, досы Жанат та қабірге топырақ салып, соңғы сапарға жөнелтті. Иман құран аяттарын жүректі елжірете оқып, көзге жас алғызды. Қабір азабынан аман болуын, қос періштенің сұрағынан мүдірмей өтуін тіледі. – Ағайын, бұл дүниеге бəріміз қонақпыз. «Қайғыны бөліссең жеңілдейді» деген, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қабырғамыз қайысып көңіл айтамыз, – деді дін өкілі. * * * Марқұмның пəтерінде еңсені басқан ауырлық сезілді. Айратты жер қойнауына тапсырғалы екінші күн болса да, үрей сейілмеген. Құдды аруақтың жаны тыншымай, пəтерді шарлап жүрген секілді. Үстел үстінде сəбидің сүт құтысы, отағасы виски ішкен стақан тұр еді. Полковник Абылай Қайсенов бөлмеге үш көршіні шақырған. Кең иықты, ақшаң жүзді тергеуші ортаға шығып, үстелге сүйенді. Байсалды жүзінен салқынқандылық пен тəртіптің нышаны аңғарылған. – Сіздерді неге шақыртқанымды білесіздер ме? – деді тергеуші көршілерге қырағылықпен көз жүгіртіп. Полковниктің сұңқардай саңқылдаған дауысы бөлме тыныштығын сілкіп жібергендей болды. Студент, мұрағатшы қария мен дəрігер ешнəрсе түсінбегендей сыңай танытып, бір-біріне қарады. – Марқұм Айраттың досы Жанат осы пəтерге кешкі он жарымда келіп, түнгі сағат он екіге таман шығып кеткен. Мұны көше камералары мен такси жүргізушісі растап отыр. Бірге ішкен досында мықты алиби бар. Ол бұл жерге қайтып келмеген. Есік бұзылмаған, шатыр құлыптаулы. Демек, бұл пəтерге осы үйдің бірінші кіреберісінде тұратын тұрғындар кірген. Күдіктілер үндемеді. Абылай күрделі түйінді тарқату үшін бағдарламашы студентке шұғыл бұрылды. – Санжар, сен ақпараттық технологиялар бөлімінің үшінші курсында оқисың, – Полковник студенттің көзіне сұқтана қарады. – Менің ұлым Медғат та бағдарламашы. Сондықтан бұл жұмбақты шешу маған қиын болмады. Түнгі сағат екіден отыз бес минут кеткенде дəліздің бейнекамерасын ішкі желіден бұзып, вертуалды шабуылмен бес минутқа сөндіріп тастадың! Осы сəтте сен тұратын пəтердің желілік жүйесіне сигнал жеткенін анықтадық. Сен бейнебақылау камерасын жойдың, сосын біреу Айраттың үйіне еш қиындықсыз кірді, солай емес пе? Неге үндемейсің?! Осы қылмысың үшін заң алдында жауапқа тартылып, жазаланасың! Студенттің қолдары діріл қақты. Үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей денесін бір суық тер шарпып өтті. Ол жасаған ісінің өзіне қарсы айғақ боларын еш күтпеген еді. Жүзі сұрланып, көмек күткендей жан-жағына жалтақтай берді. Тергеуші бұрын қозғаған пікірді алдынан көлденең тартар-ау деген пиғыл қаперіне кірмеген. Санжар жазадан құтыла алмасын біліп, қорғанысқа көшті: – Иə, камераны мен өшірдім! Бірақ біз оны өлтіргіміз келген жоқ. Ол ішіп алып, Əсия апайды ұрып-соғады деп ойладық. – Егер Айратты өлтіргілерің келмесе, камераны не үшін өшірдіңдер! Яғни, сендер қасақана кісі өлтірмек болдыңдар, солай ма? – деп, тергеуші бозбаланы тығырыққа тіреді. – Ағай, сіз ол кісіні білмейсіз ғой… Біздің пəтеріне кіргенімізді біліп қойса, бағалы заттарымды тонады деп бəле жабады. Полиция келіп тексерсе, мені оқудан шығарып жіберуі мүмкін. Мен сақтық үшін бейнекамераны өшіріп қойдым. – Жетер! – деді мұрағатшы шал. – Баланы қинама! Бəрін ұйымдастырған – мен. Санжардың еш кінəсі жоқ. Кəрім қария қолындағы балдағын еденге тіреп, орнынан атып тұрды. Тергеуші миығынан күліп жіберді: – Сіздің жалған балдақ айлаңыз іске аспады, ақсақал! Мен жас кезімнен күреспен айналыстым, спорт шеберімін. Адамның биомеханикасын жақсы білемін. Сіздің аяғыңыз да, тізеңіз де ауырмайды. Нағыз мүгедек адам салмақты аяққа емес, таяққа түсіреді. Бұл қылмысқа сіздің де қатысыңыз бар екенін білгенмін, – деді Қайсенов. – Сіздің үстіңіздегі киімнің талшығы марқұмның жанынан табылды. Айрат сіздің бауырыңыз Бекжанды құмар ойынға елітіп, пəтерін заңмен тартып алғанда, сіз бауырыңыздың құжаттарын ақтарып, бір шикілік таптыңыз. Бірақ заң алдында Айраттан пəтерді қайтарып ала алмаған соң, сіз оны өзінше жазаға тартпақ болдыңыз. Марқұмның үстіне ақ жамылғы жапқаныныңыз мені таң қалдырды. Тəрбиелі жан ғана мұндайды жасай алады. – Иə, полковник. Бəрін дəл таптың. Айрат біздің əулеттің шаңырағын ортасына түсірген хайуан еді. Бірақ оны өкпеге қисақ та, өлімге қимадық. Мен үстіне жамылғы жапқанда ол қорылдап ұйықтап жатқан. Тергеуші үстел үстіндегі стақанды көрсетіп: – Жанетта, сіз Əсияның ең жақын құрбысысыз. Ішімдікке дəрі қосу сіздің идеяңыз екенін білемін. Түнде оянған Айрат дəрі қосылған вискиді ішіп, тіл тартпай кетті. Нөмірі 462/Э сот-медициналық сараптама қорытындысына сəйкес, ішімдікке «Диазепам» ерітіндісі қосылғаны анықталды, – деді Қайсенов. Дəрігердің жүзі түтігіп кетті. Жаннета болған жайтты жасырудың еш мəні жоқ екенін түсінді. – Айрат ішіп келгенде Əсияны үнемі ұрып-соғатын, бет-аузын, денесін көгертіп қоятын. Үйінен қуып жібергенде, жазда да, қыста да біздің үйді паналайтын. Бір күні ұрып өлтіріп қойып, шиеттей баласы жетім қала ма деп ойладым. Құрбыма қатты жаным ашыды. – Сол күні Айраттың көзін жойғыңыз келді ме?! Үйге сол үшін кірдіңіз бе? – Біз оны өліп қалады деп ойламадық. Əсия перзентханаға шұғыл шақыртумен кетіп бара жатқанда «Айрат бүгін удай мас. Есін білмей ұйықтап жатыр. Таң атқанша тұрмайтын шығар. Балам түнде қарны ашып жылап жүре ме, тоңазытқышта тұрған сүтін жылытып бере салшы» деп тапсырып, маған үйдің қосалқы кілтін берді. Мен мас адам жатқан пəтерге жалғыз баруға қорқып, Санжарды ертіп алдым. Сəбиге сүт жылытып беріп, құмыраны үстел үстіне қойып кеттім. – Сосын ішімдік құйылған стақанға ұйқы шақыратын, жүйкені тыныштандыратын «Диапезамды» құйып жібердіңіз. Мұны ішсе, түске дейін ұйықтайды деп ойладыңыз. Бірақ ол досымен бірге көп мөлшерде ішімдік ішіп қойды. Дəрі спиртке қосылғанда оның жүрегі көтере алмай, кенет тоқтап қалды. Көршілердің жүзінен өкініш білінді. Бастары салбырап, тағдырға мойынсұнған. Абылайдың ішкі əлемі алайдүлей, арпалысқа толы еді. Қылмысты ашса да, қуана алмады. Тағдыр тəлкегіне түскен бейбақтарды жазалайтын жендеттей сезінді. Айрат… Ол отбасының ғана емес, айналасына сор болған айуан емес пе? Қазір алдында үлкен таңдау тұрғанын түйсігімен сезінді. Студенттің қолына кісен салса, болашағы құриды, дəрігердің де атына мəңгілік кір жамылып, түрмеге қамалады, ал ақсақал өмірінің соңғы күндерін құсалықпен қапаста өткізеді. – Барлық айғақ бұл істің абайсызда болған жазатайым оқиға екенін көрсетті. Кісі өліміне қатысты ешқандай қастандық белгісі жоқ. Абайсыздықтың арты орны толмас өкінішке ұласқан, – деді Абылай. Қабағы ашылып, маңдайы жазылып сала берді. Көршілер тергеушінің алғашқы айыптау сөзінен кейін əңгіме ауаны басқа арнаға ойысқанына таң қалып, бір-біріне қарады. Тергеуші терезе алдына барып, мөлдір əйнектен сыртқа көз тастады. Аулада аяғын апыл-тапыл басқан балдырғандар шаттанып алаңсыз ойнап жүр екен. Олар осы күндердің бақыт екенін де білмейді. Күдіктілер үшін бас бостандығынан асқан қандай бақыт бар? «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген Əлихан Бөкейхановтың нақыл сөзін есіне алды. Үстел үстіндегі ресми қағазды қолына алып, көз жүгіртті. «Шектен тыс алкаголь пайдалану салдарынан болған интоксикация. Марқұм өз ажалымен өлген». Полковник қалтасынан қаламын алып, анықтаманың астына «Бекітемін. Қалалық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің бастығы А. Қайсенов» деп қолын қойды. – Қылмыстық құрамның болмауына байланысты мен бұл істі жабамын. Ломбардшы Айрат шектен тыс ішімдік ішіп өлді. Бірақ сендерге бір айтарым: жетім қалған сəби мен Əсияға өмір бойы қарайласып өтіңдер! Сендердің жазаны өтеулерің осы болсын!» деді полковник терең тыныстап. «Қылмыс ашылды, бірақ əділдік заңнан жоғары тұруы керек» деп ойлаған тергеуші артына бұрылмастан бөлмеден шығып кетті. Алматының тағы бір арайлы таңы атты. Қайғы ұмытылып, мамыражай қалыпты күн қайтып оралған. Əсия көршілерді күйеуінің қырық күндік асына шақырған. Қонақ бөлмедегі кілем үстінде ойнап жүрген Əлижан əдеттегідей былдырл ап, диванға қарай еңбектей жөнелді. Сəлден соң диван артынан бір кездері құлап кеткен əкесінің шаң басқан жейдесін тауып алып, таныс иісті сезіп, сықылықтай күлді. Мұны көрген көршілердің жанарынан жас сорғалап, жүздері мұңға толды.
Асхат ӨМІРБАЕВ


